KZ
KZ RU
18 қыркүйек 2024 08:48
1XBET БІРІНШІ ЛИГА

25-ші тур аңдатпасы: «Жетісай» өз алаңында «Хан-Тәңірі» клубынан реванш ала ма?

18 қыркүйек 2024 08:48

19-20 қыркүйек күндері 1XBET QFL Бірінші лигасының 25-ші турында чемпиондыққа талас жүргізетін клубтардың саны азайып, айқын аутсайдер анықталуы әбден мүмкін.

 

19 қыркүйек

 

«Алтай» - «Оқжетпес»

Уақыты: 15:00

Тікелей эфир: Q Arena телеарнасы, Q Football мобильді қосымшасы, QFootball.kz пен QFL.KZ сайттары

Өтетін жері: «Восток» стадионы (Өскемен)

Төрешілер: Ысқақов Санжар (Қостанай), Субботин Максим (Талдықорған), Шепелев Владимир (Саран)

Қосалқы төреші: Қадыров Жалғас (Өскемен)

Инспектор: Мұхамедияров Шараф (Семей)

25 тур ойыны Өскемен қаласында басталады. Вахид Масудов баптайтын «Алтай» клубының осы маусымдағы QFL Екінші лигаға ұшып кетпеу жайлы мақсаты орындалды. Дәл қазіргі сәтте бұл команда SD Family ұжымымен тек 9-шы орынға ғана таласа алады. Өйткені алдағы командалармен ұпай аралығы өте алшақ. Әйтсе де, алаң иелері түрлі жоспарларды жүзеге асырып, OLIMPBET QFL Премьер-лигаға шығуы мүмкін айқын «Оқжетпеспен» де күшін тексеріп көруге жақсы мүмкіндік туындап тұр. Сырт алаңда сүреңсіздеу ойнайтын көкшетаулықтарға ұпайдан шашау шығаруға болмайды. Себебі, «Қайрат-Жастар», «Ұлытау», «Каспий» сынды клубтар да тоқтаусыз жеңіс сериясын жалғастыруда. Кездесу тағдыры 1-2 доппен шешілуі әбден мүмкін.

 

«Ақжайық» - «Қайсар Жас» 

Уақыты: 16:00

Тікелей эфир: Q Football телеарнасы, Q Football мобильді қосымшасы, QFootball.kz пен QFL.KZ сайттары

Өтетін жері: «Ақжайық» стадионы (Орал қ.) 

Төрешілер: Сержанұлы Біржан, Арынханов Нұрдәулет (екеуі де Алматы), Арыстанбай Шыңғысхан (Шымкент)

Қосалқы төреші: Аманкельдин Бекарыс (Орал)

Инспектор: Кистер Игорь (Ақтөбе)

«Ақжайық» клубы ұшу аймағына өте жақын тұрғанымен, кейінгі 3 матчта 1 ғана доп айырмашылығымен жеңіліп жүр. Жергілікті жастардың алға ұмтылысы да көңіл қуантады. Әттеген-айы кездесулердегі басымдықтарын пайдалана алмайды. Бірақ алдағы ойында алаң иелері міндетті түрде жеңуі тиіс. Оған бірнеше себеп бар. Біріншіден, «Қайсар Жас» түзде өте сәтсіз ойнайды. Екіншіден, бірінші айналымда қызылордалықтар 3 ұпай еншілеген. Реванш қайтаруға жақсы мүмкіндік. Үшіншіден, QFL Екінші лигаға ұшамыз демесе, деңгейі жағынан шамалас ұжымнан басым түсуі керек. Алдағы ойындағы 3 ұпай келесі жылы 1XBET QFL Бірінші лигасында доп тебуге 60-70 пайыз мүмкіндік береді.

 

«Каспий» - «Қайрат-Жастар»

Уақыты: 18:00

Тікелей эфир: Q Football телеарнасы, Q Football мобильді қосымшасы, QFootball.kz пен QFL.KZ сайттары

Өтетін жері: Әмин Тұяқов атындағы стадион (Жаңаөзен қ.)

Төрешілер: Ысқақов Марат (Астана), Ахметов Азамат (Қызылорда), Әліқұлов Ержан (Түркістан обл.)

Қосалқы төреші: Ыдырысов Сагадат (Ақтау)

Инспектор: Ходин Анатолий (Атырау) 

Көшбасшылар арасындағы нағыз тартысты матч болмақ. Өйткені қос команда да 8 матч бойы жеңілмей келе жатыр. Ал алматылықтар тіпті 8 ойын қатарынан жеңіске жетуде. Бірінші айналымда «Каспий» бір доп айырмашылығымен басым түскен. Футболшылар сапасы жағынан ақтаулықтардың пайдасында. Алайда «Қайрат-Жастар» командасындағы жас ойыншылардың жеңіске деген жігерлігі таңғалдырмай қоймайды. Шабуыл шебінде Рамазан Бағдат, Сағди Смайылбек, Глеб Валгушев және талантты Дастан Сатпаев сынды футболшылары бар қонақтардың да гол соқпай кетпейтініне сену қиын. Жаңаөзен қаласындағы матч жанкүйерлерге керемет эмоция сыйлайды деп сенеміз. Бұл теке-тіресте алаң иелері ұпай жоғалтса, OLIMPBET QFL Премьер-лигаға шығу мүмкіндігі азаймақ. Ал қонақтар жеңілсе, тарихи чемпиондық мақсатпен қоштасып, турнир кестесінде 3-орынға түсіп кетуі де ықтимал.

 

20 қыркүйек

 

«Түркістан» - SD Family 

Уақыты: 16:00

Тікелей эфир: Q League телеарнасы, Q Football мобильді қосымшасы, QFootball.kz пен QFL.KZ сайттары

Өтетін жері: Октябрь Жарылғапов атындағы стадион (Түркістан)

Төрешілер: Халилов Муродбек, Сәрсен Нұрлан (екеуі де Шымкент), Ахмедов Ахмет (Қаратау)

Қосалқы төреші: Мұсалы Сейітмағзұм (Түркістан обл.)

Инспектор: Исаев Кеңес (Қызылорда)

Турнирлік кесте тұрғысынан «Түркістанға» жеңіс ауадай қажет. Астаналықтар ендігісі OLIMPBET QFL Премьер-лигаға шыға алмайтындықтан, мотивация табу қиындау болар. Оған кейінгі 5 ойынның біреуінде ғана жеңіске жетуі дәлел. Алаң иелерінің бір басымдығы – 8 ойын қатарынан қарсылас қақпасынан саңылау тауып келеді. Артем Литош, Бейбарыс Әбділхай т.б футболшылардың алға деген ұмтылысы «Түркістанның» жеңіске жетуіне көмектесе алар ма екен? Бірінші айналымда астаналықтар 5:0 есебімен басым түскен. Реваншты күтеміз бе?

 

«Жетісай» - «Хан-Тәңірі»

Уақыты: 16:00

Тікелей эфир: Q Football телеарнасы, Q Football мобильді қосымшасы, QFootball.kz пен QFL.KZ сайттары

Өтетін жері: Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадион (Жетісай қ.)

Төрешілер: Жантуғанов Еркен, Айжігітов Ғалымжан (екеуі де Қызылорда), Бисекенов Әлім (Ақтөбе)

Қосалқы төреші: Үсенбаев Нұрхат (Түркістан обл.)

Инспектор: Оспанов Серғали (Шымкент)

1ХВЕТ QFL Бірінші лигасының 25-ші турының орталық ойынында «Жетісай» мен «Хан-Тәңірі» жолығады. Алаң иелері үшін бұл матчтың құны жоғары. Себебі, олар тең түсіп немесе жеңілсе, жүлдеге таласу мүмкіндігі одан сайын төмендейді. «Жетісай» алғашқы айналымды керемет өткізіп, сенсация жасағанымен, екінші айналымда білгендерінен жаңылды. Тіпті өз алаңында да қарсыласқа 3 ұпай беретін болды. Ал «Хан-Тәңірі» клубы кейінгі 5 матчта 4 мәрте жеңісті тойлады. Өз тарихында қос клуб OLIMPBET QFL Қазақстан кубогы  мен алғашқы турда жолығып, екеуінде де алматылықтар басым түсті. Жетісайлықтар әлі гол соға да алмай келеді. Алдағы кездесуде алаң иелері осы олқылықтардың орнын толтырады деп сенеміз. Бірақ «Хан-Тәңіріне» де 3 ұпай алу өте маңызды болып тұр. Өйткені жоғары тұрған клбутар тұрақты түрде жеңіске жетіп келеді.

 

«Екібастұз» - «Тараз»

Уақыты: 16:00

Тікелей эфир: Q Arena телеарнасы, Q Football мобильді қосымшасы, QFootball.kz пен QFL.KZ сайттары

Өтетін жері: «Шахтер» стадионы (Екібастұз қ.)

Төрешілер: Сейдахметов Жақсылық (Талдықорған), Сайдулаев Мансұр, Русяев Алексей (барлығы Қарағанды)

Қосалқы төреші: Будниченко Дмитрий (Екібастұз)

Инспектор: Попов Андрей (Павлодар)

Екібастұз қаласындағы кездесуде «Тараз» сапында доп тепкен Диас Орынбасардың өз командасына қарсы доп тебетіндігін бақылау өте қызық болғалы тұр. Ұпайы төмен болса да, «Екібастұз» қарсыластарынан қарағанда аз өткізген. Әр матчқа тыңғылықты дайындалатын «Екібастұздың» жеңіске жету ықтималдығы жоғары. Жеке шеберлік жағынан түрлі футболшылар жинақталған қос ұжымда көп гол соғылмайтын секілді. Екібастұз қаласындағы статистикаға тоқталсақ, «Тараз» өз тарихында әлі жеңіске жетпепті. Бүл үрдіс тағы да жалғаса ма?

 

«Ақтөбе Ж» - «Арыс»                   

Уақыты: 16:00

Тікелей эфир: Q Football мобильді қосымшасы, QFootball.kz пен QFL.KZ сайттары

Өтетін жері: ОМБЖОРСМ стадионы (Ақтөбе қ.)

Төрешілер: Талапкеров Нариман, Авакянц Данила, Шыңғысов Ерболат (барлығы Орал)

Қосалқы төреші: Мортин Никита (Ақтөбе)

Инспектор: Мұрзабеков Мейрамбек (Қызылорда) 

Турнирдің басты аутсайдерлерінің кездесуі жан алысып, жан берісетіндей болуы тиіс. Естеріңізде болса, бірінші айналымда «Ақтөбе Ж» командасы соңғы минутта қақпашының нәтижелі пасының арқасында жеңісті жұлып алып еді. Енді сол тартыстың жалғасын күтеміз. Турнирлік кесте жағынан да көршілес тұр. Егер «Арыс» бұл матчта жеңіске жетсе, ұшу аймағынан 5 ұпай озып кетеді және қарсыласынан қарағанда 2 кездесу аз өткізген. «Ақтөбе» жастары өз алаңында доп тебетіндіктен, сәл басымдығы бар. Алайда олардың жеңіліс сериясы 9 матчты құрады. Бірақ осы ойын болашаққа тікелей әсер ететіндіктен, ақтөбеліктер ойынның маңыздылығын түсінеді.