KZ
KZ RU
02 мамыр 2024 14:52
ЕКІНШІ ЛИГА

4-ші тур қорытындысы: «Шахтер» жастары ұпай жоғалтпай келеді

02 мамыр 2024 14:52

30 сәуір – 1 мамыр күндері QFL Екінші лиганың 4-ші туры аясында «Шахтер Ж» кезекті жеңісін тойласа, «Оңтүстік-Батыс» конференциясында «Мақтаарал» көш басындағы орнын нығайта түсті.


Қандай жайттар тіркелді:

- 12 ойында 38 соғылды;

-  57 сары қағаз көрсетіліп, 3 ойыншы қуылды;

- «Ертіс» – «Жетісу Ж» матчында ешқандай ескерту болмады;

- «Іле-Алатау» - «Тұран Ж» ойынында ең көп 10 сары қағаз көрсетілді;

- «Шахтер Ж» ғана 100% ұпай жоғалтпады;

- «Тұран Ж» маусымдағы бірінші ұпайын алды.


«Оңтүстік-Батыс» Конференциясы


«Қайсар-Шиелі» - AKAS - 2:4

Голдар: Дамир Битүсіпов, 38 минут (1:0), Мақсат Жетпісбай, 56 минут (1:1), Сергей Гридин, 57 минут (1:2), Даниил Колядин, 67 минут (1:3), Сергей Гридин, 79 минут (1:4), Данияр Назар, 90+3 минут (2:4)

Тәжірибелі AKAS бірінші таймда жүйелі ойын өрнегін көрсетсе, алаң иелерінің қорғанысы сыр беріп, жиі қателесті. Салдарынан 1 гол жіберіп алды. Екінші таймда «Қайсар-Шиелі» өзінен мықты қарсыласынан қаймықпай, шабуылға шықты. Тіпті есепті теңестірді. Алайда ұлттық құрама сапында ойын өткізген Сергей Гридин сынды футболшылар «Қайсар-Шиелінің» қателіктерін кешірмеді. Соңғы минутта Данияр Назар есепті қысқартқанымен, барлығы кеш еді.


«Ордабасы Ж» - «Талас» - 5:0

Голдар: Әлібек Халдар, 38 минут (1:0), Диас Алтынбеков, 60 минут (1:1), Агман Тамалов, 72 минут (3:0), Бақдәулет Нұралы, 81 минут (4:0), Шерхан Асанбек, 85 минут (5:0)

Алаңнан қуылған: Аман Нышанов («Талас»), 48 минут

Әдеттегідей «Талас» командасы ойын тізгінін қолға алуға ұмтылғанымен, алаң иелерінің стандарттық шабуылдары қауіпті болды. Теңдей өрбіп жатқан матчта қорғаушының аяғынан қайтқан допты Әлібек Халдар сәтті пайдаланып, есеп ашты. Екінші тайм бастала сала, қонақтардан Мәди Батырхан есепті теңестіруге жақын болғанымен, соққысы әлсіз болды. Ал 48-ші минутта Аман Нышанов екінші рет сары қағаз алып, алаңнан қуылды. 10 ойыншымен қалған қонақтардың қалған уақытта қорғанысы сыр беріп, тағы жауапсыз 4 гол жіберді. «Ордабасы Ж» екінші рет қатарынан өз алаңында 3 ұпай иеленді. Есеп: 5:0


«Жас Қыран» - «Оңтүстік» - 1:0

Гол: Тимур Мұхаметжанов, 44 минут (1:0)

Деңгейлес командалар болғанымен, алғашқы таймда «Жас Қыранның» сәл басымдығы байқалды. Бастапқыда капитан Абылай Жайсанбектің қауіпті соққысын қонақтардың қақпашысы қайтарғанымен, 44-ші минутта Тимурдың жойқын добына тосқауыл бола алмады. Бұл матчтағы жалғыз әрі жеңіс голы болды. Екінші таймда қос команда да бірнеше қауіпті алма-кезек шабуылдар ұйымдастырғанымен, есеп өзгермеді.


«Іле-Алатау» - «Тұран Ж» - 1:1

Голдар: Шейхислам Құлахметов, 19 минутта пенальти (1:0), Аман Байораз, 90+3 минут (1:1)

Алаң иелері сапынан 20 жастағы Әмір Темірғали алғашқы минуттан-ақ қауіпті соққысымен көзге түсті. Абырой болғанда, қақпашы допқа үлгеріп, қайтарды. Одан кейін де Артур Пискун айып алаңы сыртынан бағыттаған соққылар қақпа маңдайшасы мен бағанасы құтқарды. Дегенмен бәрібір де алаң иелері пенальти арқылы есеп ашты. Екінші таймда қонақтар біртіндеп шабуылға шыға бастады. Әсіресе Қайрат Әбдімүтәліповтың жеке шеберлігі көзге көрініп тұрды. Ал соңғы минуттарда оң қапталдан әуелете берілген пасқа Аман Байораз жетіп, баспен гол соғып кетті. Қанша жерден тәжірибелі болса да, 37 жастағы қақпашы Андрей Шабанов жеңісті есепті сақтап қала алмады. Күтпеген нәтиже. Есеп: 1:1


KazAST – «Атырау Ж» - 1:1

Голдар: Олег Солтанов, 68 минут (0:1), Шахдияр Ботантаев, 90+6 минут (1:1)

Бұл ойынның алғашқы таймында бір-бірімен аңдысып, аса көп шабуылды көре алмадық. Ал екінші таймда командалар өзара 15-тен аса соққы алмасты. Тәжірибелі «Атырау Ж» есеп ашып, жеңісті сақтап қалуға тырысқан. Дегенмен соңғы секундтарда Шахдир Ботантаев әуедегі допқа бірінші жетіп, командасын жеңілістен сақтап қалды. Осылайша KazAST өткізген барлық матчтарында қарсылас қақпасынан саңылау тауып келеді.


«Мақтарал» - «Тараз Ж» - 2:1

Голдар: Әділжан Мұсаев, 27 минут (1:0), Дәурен Нұрмаханов, 61 минут (1:1), Мейрамбек Серікбай, 90+3 минут (2:1)

Көшбасында келе жатса да, «Мақтарал» 90 минут бойы өз басымдығын көрсетті. Толассыз шабуылдады. Қонақтар тек 61-ші минутта Дәурен Нұрмахановтың алыстан жасаған соққысын есепке алмағанда, басқа лайықты қарсылық көрсете алмады. Тек соңғы секундтарда Мейрамбек Серікбай әділдікті орнатып, командасына лайықты 3 ұпайын сыйлады.


«Солтүстік-Шығыс» конференциясы


«Астана Ж» - «Жеңіс Жас» - 2:1

Голдар: Батыржан Мустафин, 9 минут (1:0), Николай Горобченко, 42 минут (1:1), Аслан Ғабиден, 85 минут (2:1)

«Жеңіс Жас» өзге кездесулерден қарағанда сенімдірек ойнады. Әсіресе Николай Горобченконың алыстан асықпай, сол аяқпен тепкен добы қақпаға әдемі кірді. Тек номинальды қонақтардың қақпашысы 2 голда да қателікке бой алдырып, алғашқы ұпайын ала алмады.


«Алтай Ж» - «Ақсу» - 1:1

Голдар: Родион Моисеев, 62 минут (0:1), Ислам Мухаметжанов, 90 минутта пенальти (1:1)

3 ұпайды қолдан берген «Ақсудың» өздері кінәлі. Бірінші таймның өзінде шабуылшы Замир Нұрғалиев 2 рет бірге-бір шығып, тепкен тобы жоғары кетті. Одан кейін де бос қақпаға гол соға алмады. Екінші таймда Родион Моисеев көп шабуылдардың бірін нәтижеге айналдыра алды. Бұл футболшы үшін осы маусымдағы екінші голы. Қалған уақытта «Ақсу» жеңісті есепті ұстауға ұмтылды. «Алтай Ж» командасының соққы да қақпаға дарымаған еді. Тек соңғы минуттарда жоқ жерден пенальти белгіленіп, Ислам Мұхаметжанов 11 метрден қателеспеді. Есеп: 1:1


«Елімай Ж» - «Оқжетпес Ж» - 0:0

Алаңнан қуылған: Шахмарз Арсамаков («Оқжетпес»), 28 минут

Абай облысының ұжымы үшін алғашқы жеңісін тойлауға өте жақсы мүмкіндік болып еді. Біріншіден, қарсыласы маусымдағы ең әлсіз команда. Екіншіден, 28-ші минутта қонақтардың бір футболшысы қуылып кетті. Бірақ алаң иелері 19 шабуыл ұйымдастырса да, «Оқжетпес Ж» командасының қақпа құлпын бұза алмады. Екі ұжым да әзірше жеңіске жете алмай келеді.


«Ертіс» – «Жетісу Ж» - 4:1

Голдар: Арман Смаилов, 56 минутта пенальти (1:0), Мақсұт Тагирұлы, 63 минут (1:1), Айхан Ержанов, 70 минут (2:1), Руслан Есімов, 76 минут (3:1), Бахтияр Төлеуов, 81 минут (4:1)

Алаң иелері әдеттегідей қарсыласын қыспаққа алып, бірінші таймда 17 соққы жасап үлгерді. Алайда қорғаныста сауатты ойнайтын «Жетісу Ж» сыр бермеді. Екінші таймның басындағы пенальтиден Ertis есеп ашып, енді мүмкіндігін жібере қоймас деп үміттенгенбіз. Алайда Мақсұт айып алаңы сыртынан сирек шабуылдарын тиімді пайдаланды. Артынша тағы да қонақтар есепте алға шығуға жақын болған. Бірақ соққының қуаты аздау болды. Кейін алаң иелерінің әр шабуылдары өз жемістерін беріп, ойын соңында 3 гол соғып кетті. Десе де, «Жетісу Ж» командасының қайсарлығын ерекше атап өткен жөн.


«Шахтер Ж» - SD Family Ж - 2:1

Голдар: Егор Алишаукас, 26 минутта пенальти (1:0), Аңсар Алтынхан, 53 минут (2:0), Тимур Ғазиз, 71 минут (2:1)

Алаңнан қуылған: Егор Алишаукас («Шахтер Ж»), 90+3 минут

«Солтүстік-Шығыс» конференциясындағы ең тартысты кездесу Қарағанды стадионында өтті. Енді ғана құрылса да, SD Family Ж өздерінің қуаттылығын дәлелдеп келеді. Өз алаңында Ertis-ті жеңгенде, бір матчтағы сәттілік қана шығар деп едік. Жоқ, сырт алаңда ойнаса да, көшбасшыға лайықты қарсылық көрсетті. Әсіресе айып соққыларын керемет орындап, 2 рет қақпа бағанына тигізді. Тіпті есепті теңестіруге жақын болған. Алайда мүлт кетті. Ал алаң иелері 22 мәрте шабуыл ұйымдастырып, тек 2 ғана гол соға алды. Айтпақшы, бұл ойынға Екінші лиганың ең үздік сұрмергені Шыңғыс Флюк қатыспады.


«Тобыл Ж» - «Қызылжар Ж» - 6:0

Голдар: Нұрбол Жұмаделов, 7 минут (1:0), Бейбіт Ғалым, 11 минут (2:0), Нұрислам Нұргелдинов, 26 минут (3:0), Бекзат Минайдаров, 45+1 минутта пенальти (4:0), Бейбіт Ғалым, 64 минут (5:0), Бекзат Минайдаров, 90+1 минут (6:0)

Алаң иелері кездесудің басында-ақ жылдам 2 гол соғып үлгерді. Бұл голдар қонақтарды есеңгіретіп тастады. Нәтижесінде «Тобыл Ж» бірінші таймда-ақ жауапсыз 4 гол салып, ойын тағдырын шешті.

QFL Екінші лиганың 5-ші тур ойындары 7-8 мамыр күндері өтеді.