EN
KZ RU
14 July 2024 21:00
OLIMPBET PREMIER LEAGUE

14-ші тур қорытындысы: «Қайсар» жоғарыға ұмтылып келеді

14 July 2024 21:00

13-14 шілде күндері аралығында OLIMPBET QFL Премьер-лигасының екінші айналымы күтпеген нәтижелерге толы болды.

 

Қандай жайттар тіркелді:

- 3 ойында 5 гол соғылды.

- 10 сары қағаз көрсетіліп, 1 футболшы алаңнан қуылды.

- «Елімай» сырт алаңда екінші рет бір футболшыға артық ойнаса да, жеңіске жете алмады.

- Трансфер ауысымында жаңадан қосылған Лукаш Будински «Жеңіс» сапында бірінші голын соқты.

 

«Шахтер» - «Жетісу» - 0:0

«Шахтер» мен «Жетісу» бір апта бұрын ғана Қарағандыда кездесіп, есеп алаң иелерінің пайдасына шешілген болатын. Сол жеңіліс талдықорғандықтардың жаңа турнирде плей-оффқа шығу мүмкіндігін азайтқан еді. Енді қос ұжым OLIMPBET QFL Премьер-лигасында қайта жолдары түйісті. Қонақтар өткен есені қайтару үшін, бірінші таймда басымдық танытты. Алайда талай жылдар бойы «Жетісу» қақпасын қорғаған Андрей Шабанов енді қарағандылықтар сапында ойнап, қателік жібермеді. Екінші таймда қос команда да табандылық танытқанымен, «Шахтерға» дәлдік, ал қонақтарға сәттілік жетіспеді. Бірақ бірде-бір гол соғылмағанымен, матч көрермендердің көңілінен шықты.

 

«Қайсар» - «Елімай» - 2:1

Голдар: Шина, 13 минут (0:1), Айбар Жақсылықов, 55 минутта пенальти (1:1), Горан Милойко, 90+5 минут (2:1)

Алаңнан қуылған: Тоқтар Жанқылышбай, 63 минут («Қайсар»)

Еурокубоктағы матчтарға байланысты бірнеше клуб өз кездесулерін кейінге қалдыруға мәжбүр болды. Сондықтан кей мамандар бұл сәтті «Елімай» өз пайдасына пайдаланып кетуі мүмкін деген еді. Себебі, құрамы мықты, ешкімге оңайлықпен есе жібермейді. Қызылордадағы матч та солай секілді көрінген. Жарақатынан айыққан Шина 13 минутта жылдам гол соғып, «Елімайды» алға шығарды. Қызылордалықтар лайықты жауап қайтаруға тырысқанымен, семейліктердің есепті еселеуге деген мүмкіндіктері біршама болды. Алайда қолдана алмады. Екінші таймның басындағы пенальти алаң иелеріне ойынға оралуына әсер етті. Тіпті Тоқтар Жанқылышбайдың қуылуы да, «Қайсарға» қатты кесірін тигізбеді. Иә, семейліктер сапынан Никита Корзунның жеңіс голын соғатындай соққысы болғанымен, дәлдік жетіспеді. Ал соңғы минуттағы қарымта шабуыл «Қайсарға» жеңіс сыйлап, мінезі бар екендігін кезекті рет дәлелдей алды. Өкінішке қарай, «Елімай» сырт алаңда екінші рет бір футболшыға артық ойнағанымен, 3 ұпай бұйырмады.

 

«Қайрат» - «Жеңіс» - 1:1

Голдар: Жоау Пауло, 49 минут (1:0), Лукаш Будински, 83 минут (1:1)

«Қайрат» клубы өз алаңында аутсайдерді қабылдап, бірінші таймда ойын тағдырын шешіп тастауға тырысты. Тіпті гол да соқты. Бірақ есептелмеді. Екінші таймда сұрмерген Жоау Пауло жеке шеберлігінің арқасында «Жеңістің» тасқамал қорғанысын бұзып, есеп ашты. Артынша есепті еселеуге тырысқанымен, Офри Арадтың тепкен добы қақпа маңдайшасынан қайтты. Қонақтар өзгерістер жасап, қосалқы құрамнан енді ғана қатарға қосылған футболшыларын қосты. Бұл өз нәтижесін берді де... Оң қапталда соңына дейін жүгірген Адильо допты қарсыласынан тартып алып, Лукаш Будинскидің аяғына салып берді. Футболшының тепкен добы «Қайрат» ойыншысына жанасып, бағытын өзгертті. Есеп: 1:1. Бұл қонақтардың матчтағы бір ғана дәл соққысы еді. Қалған уақытта алаң иелерінің қайта алға шығуға мүмкіндіктері болмады.

 

Айта кетейік, еурокубок ойындарына байланысты 14-ші турдағы «Ордабасы» - «Тұран», «Атырау» - «Ақтөбе», «Тобыл» - «Қызылжар» матчтары кейінге шегерілген болатын. OLIMPBET QFL Премьер-лигасының 15-ші тур ойындары 27-28 шілде күндері өтеді.