EN
KZ RU
29 July 2024 08:47
OLIMPBET PREMIER LEAGUE

15-ші тур қорытындысы: «Ордабасының» жеңісті сериясы тоқтады

29 July 2024 08:47

27-28 шілде күндері аралығында OLIMPBET QFL Премьер-лигасының 15-туры өтті.

 

Қандай жайттар тіркелді?

- 4 ойында 8 гол соғылды.

- 17 сары қағаз көрсетілді.

- «Ордабасы» клубының 4 матчқа созылған жеңіс сериясы тоқтады.

- «Жетісу» 5 жылдан кейін өз алаңында «Ордабасыдан» ұпай алды.

- «Елімай» клубы 2,5 айдан кейін жеңіске жетті.

 

«Шахтер» - «Қайрат» - 0:3

Голдар: Гиорги Зария, 30 минут (0:1), Жоау Пауло, 49 минут (0:2), Вячеслав Швырев, 90+7 минут (0:3)

«Шахтер» клубы шілде айындағы барлық матчтарын Қарағанды стадионында өткізді. Алайда өз алаңында ғана жақсы ойнайтын ұжым басқа турнирде «Жетісуді» жеңгені болмаса, OLIMPBET QFL Премьер-лигада 3 ұпай ала алмады. Ойынды тәп-тәуір бастаған «Шахтер» бастапқы минуттарда қонақтардан еш кем түспеді. Тіпті гол да соқты. Алайда есептелмеді. Уақыт өте келе «Қайрат» қарсыласқа бейімделіп, ойын тізгінін өз қолдарына ала бастады. Гол ұзақ күттірмеді. 30 минутта қорғаушылар Гиорги Зариядан көз жазып, емін-еркін баспен соққы жасауға мүмкіндік беріп қойды. «Шахтер» клубында есепті теңестіруге мүмкіндік болды. Бірақ бірде қақпашы құтқарса, бірде өздері допты қисық тепті. Ал екінші таймда Жоау Пауло есепті арттырып, алматылықтардың жеңісін нығайтты. Ал 87-ші минутта қосалқы құрамнан шыққан Вячеслав Швырев соңғы минуттарда ойын нүктесін қойды. 23 жастағы футболшы осымен екінші рет қосымша минутта Қарағанды стадионында гол соқты.

 

«Елімай» - «Жеңіс» - 1:0

Гол: Никита Корзун, 71 минут (1:0)

OLIMPBET QFL Премьер-лигада 2,5 ай бойы жеңістің дәмін татпаған «Елімай» клубы ақыры 3 ұпайға ие болды. Бірақ оңай болды деп айта алмаймыз. «Жеңіс» сырт алаңда ойнағанына қарамастан, қарсыластан еш кем түспеді. Тек дәлдік жетіспеді. Ал екінші таймда семейліктердің ұтымды жасалған ауыстырулары, ойынға жан бітіріп, Никита Корзун командасына жеңіс әперді. Бұл футболшы бұған дейін осы стадионда «Шахтер» мен «Қызылжарға» қарсы кездесулерде де жеңіс голын соққан еді. Астаналықтарға ұпай бұйырмағанымен, трансферлік кезең оларға пайдасын тигізгенін байқау қиын емес.

 

«Жетісу» - «Ордабасы» - 1:1

Голдар: Сағадат Тұрсынбай, 31 минут (1:1), Абылайхан Жұмабек, 83 минут (1:1)

«Ордабасы» клубы үшін бұл қарсылас өте ыңғайлы болғанымен, букмекерлер шымкенттіктерге қатты сенбеді. Неге? Себебі, Александр Седнев баптайтын шәкірттер еурокубокта өте сәтсіз өнер көрсетіп жатыр еді. Оған қоса алдағы жауапты матч та бар болатын. Матчтың алғашқы бөлігінде командалар теңдей ойнағанымен, уақыт өте келе қонақтар тізгінді өз қолдарына алды. Нәтижесінде Сағадат Тұрсынбай баспен есеп ашты. Ал екінші таймның басында Дембо Дарбо есепті арттырып еді. Алайда төреші қолға тиді деп, голды есептемеді. Одан кейін де «Ордабасы» бірнеше рет қауіпті шабуылдар ұйымдастырды. Бірақ басымдықты арттыра алмады. Ал 83-ші минутта «Жетісу» шабуылшысы Абылайхан Жұмабектің алыстан бағыттаған соққысын қақпашы Бекхан Шайзада қайтаруға қауқары жетпеді. Есеп: 1:1.

 

«Ақтөбе» - «Қызылжар» - 2:0

Голдар: Уче Агбо, 34 минут (1:0), Жан Жайро, 76 минут (2:0)

Еурокубок, жаңа турнирлерге байланысты «Ақтөбе» клубы шілде айында ішкі біріншілікте бір ғана ойын өткізді. Алайда осы ай команда үшін сәтсіз деуге болады. Бүгінгі матчта алаң иелері басымдық танытып, Уче Агбоның құлшынысы арқасында есеп ашты. Қонақтар да қорғаныста жатпай, «Ақтөбеге» қарсылық көрсеткенімен, лайықты жауап беруге шамалары келмеді. Екінші таймда команданың көшбасшысы Максим Самородов алаңнан кеткенімен, оны алмастырған Жан Жайро тағы да есепті арттырып, 3 ұпайға ие болды. Бұл жеңістің арқасында «Ақтөбе» шымкенттіктерден ұпай арасын қысқарта алды.

 

Айта кетейік, OLIMPBET QFL Премьер-лигасының 16-шы тур ойындары 3-4 тамыз күндері өтеді.