EN
KZ RU
05 August 2024 08:54
OLIMPBET PREMIER LEAGUE

16-шы тур қорытындысы: «Ақтөбе» мен «Қайрат» көшбасында тұр

05 August 2024 08:54

3-4 тамыз күндері аралығында өткен OLIMPBET QFL Премьер-лигасының 16-шы тур ойындарының қорытындысы бойынша, қос команда турнир кестесінің басына жайғасты.

 

Қандай жайттар тіркелді:

- 5 ойында 18 гол соғылды.

- 23 сары қағаз көрсетіліп, 1 футболшы алаңнан қуылды.

- «Жетісу» 9 матч бойы «Қызылжарды» жеңе алмай келеді.

- «Атырау» өз алаңында бірінші рет 2 гол жіберді.

- «Астана» клубы 5 айдан кейін ғана өз алаңында жеңіске жетті.

 

«Қызылжар» - «Жетісу» - 2:1

Голдар: Сенин Себай, 82 минут (1:0), Рафаил Оспанов, 90+2 минут (2:0), Антон Шрамченко, 90+6 минутта пенальти (2:1)

Трансферлік кезең ақыры «Қызылжарға» өз жемісін берді. Бірінші айналымда бұл команда бірнеше матч соға алмай, ұпайдан қағылған еді. Осы жолы да алаң иелері бір сағаттан астам уақыт бойы қарсылас қақпасын нысанаға алғанымен, саңылау таба алмады. Тек 82-ші минутта қатарға енді ғана қосылған Сенин Себай гол соқты. Артынша бұл футболшы нәтижелі пас шығарып, жеңісті нықтады. Ал соңғы секундтағы пенальти мүлдем ойын тағдырына әсерін тигізбеді.

 

«Атырау» - «Қайсар» - 2:2

Голдар: Игорь Стасевич, 59 минут (1:0), Николай Сигневич, 79 минут (2:0), Руслан Юденков, 81 минут (2:1), Дмитрий Бородин, 90+7 минутта пенальти (2:2)

Алаңнан қуылған: Йован Пайович, 90+2 минут («Қайсар»)

Қос ұжым да алғашқы таймда өте қауіпті шабуылдармен алмасқанымен, голдардың барлығы екінші таймда салынды. Алаң иелері сапынан Игорь Стасевич пен Николай Сигневичтің голдары «Атырауға» сенімді жеңіс сыйлағандай көрінген. Неге? Өйткені, бұл клуб сонау мамыр айының басында «Қайратқа» қарсы ойында ғана 1 гол жіберген. Ал қалған 10 минутта қызылордалықтардың теңестіруі ғажайып еді. Бірақ бұл «Қайсардың» қолынан келді. Алдымен алаң иелерінің босаңсығанын Руслан Юденков тиімді пайдаланса, соңғы минуттарда Дмитрий Бородин пенальтимен тараз басын теңестіріп кетті.

 

«Қайрат» - «Елімай» - 4:1

Голдар: Александр Мартынович, 3 минут (1:0), Лука Гадрани, 14 минут (2:0), Андрей Ульшин, 51 минут (3:0), Егор Сорокин, 65 минут (4:0), Жан Али Пайруз, 80 минутта пенальти (4:1)

Осы турдағы орталық матч саналғанымен, «Қайрат» айқын басымдықпен жеңіп кетті. Кездесудің алғашқы минуттарында-ақ «Елімай» қақпашысының сенімсіз өнер көрсетуінің арқасында алматылықтар 2 гол соғып алды. Екінші таймда алаң иелері тіпті есепті ұлғайтып жіберді. Ал 3 голды орталық қорғаушының салғанын да ескере кеткен жөн. Сонымен қатар, маусымның бірінші бөлігін «Елімайда» өткізген Егор Сорокин екінші айналымда семейліктерге қарсы ойында көзге түсті. Бұл футболшының ел чемпионатындағы бірінші голы. Қонақтар тек 80-ші минутта пенальтимен жұбаныш голын соққанымен, турнир кестесінде басты қарсыластарын ұзатып алды.

 

«Жеңіс» - «Ақтөбе» - 1:2

Голдар: Уче Агбо, 28 минут (0:1), Бруно Силва, 40 минут (1:1), Идрис Умаев, 87 минут (1:2)

Чемпиондыққа басты үміткер «Ақтөбе» аутсайдерлерге қарсы матчтарда қиындыққа ұшырауда. Бұған дейін «Шахтер» мен «Тұранды» әупірімдеп жеңіп еді. Осы жолы да сол сценарий қайталанды. Алғашқы таймда командалар гол алмасты. Ал екінші таймда құрамын бірнеше жаңа футболшымен толықтырған «Жеңіс» қонақтардан кем түспеді. Тек 87-ші минутта Идрис Умаевтың алыстан бағыттаған шебер соққысының арқасында ақтөбеліктер өте қиын 3 ұпай алды. Бұл жеңістің арқасында «Ақтөбе» мен «Қайрат» 28 ұпаймен қатар тұр.

 

«Астана» - «Тұран» - 2:1

Голдар: Ннамди Франклин Аханону, 34 минут (1:0), Никола Цуцкич, 70 минут (1:1), Назми Грипши, 90+1 минутта пенальти (2:1)

Еурокубок жорығын жалғастырып жатқан «Астана» клубы бұл ойынға біршама өзгерістер жасады. Әйтсе де алаң иелері ойын тізгінін қолдарына ұстап, бірінші таймда Ннамди Аханону чемпионаттағы бірінші голын соқты. Екінші таймда да астанлықтар басымдыққа ие болғанымен, 70-ші минутта Никола Цуцкич айып добын керемет орындап, есепті теңестірді. Мықтыларын екінші таймда қосқана «Астана» жеңіс үшін тырмысып, қосымша минуттағы пенальтидің арқасында әрең дегенде 3 ұпайға ие болды.

 

Айта кетейік, «Тобыл» - «Шахтер» арасындағы кездесу қостанайлықтардың еурокубокқа қатысуына байланысты 28 қыркүйекке шегерілді. 11 тамыз күні 14-ші тур аясында «Атырау» - «Ақтөбе» және «Тобыл» - «Қызылжар» матчтары өтеді. Ал OLIMPBET QFL Премьер-лигасының 17-ші туры 17-18 тамызға жоспарланған.