EN
KZ RU
18 August 2024 23:32
OLIMPBET PREMIER LEAGUE

17-ші тур қорытындысы: «Қайрат» топ бастады

18 August 2024 23:32

17-18 тамыз күндері аралығында өткен OLIMPBET QFL Премьер-лигасының 17-ші тур қорытындысы бойынша, алматылық «Қайрат» жеке дара көш бастады.

 

Қандай жайттар тіркелді:

- 6 ойында 17 гол кірді.

- 20 сары қағаз көрсетіліп, 2 футболшы алаңнан қуылды.

- «Елімай» осы маусымдағы ең ірі жеңісті тіркеді.

- Осы турда ең көп 14 дәл соққыны «Ақтөбе» бағыттағанымен, жеңіске жете алмады.

- «Тобыл» 1,5 айдан кейін 3 ұпай алды.

- «Ордабасы» клубының бас бапкері Александр Седнев ресми соңғы ойынын өткізді.

 

«Қызылжар» - «Қайрат» - 0:1

Гол: Андрей Ульшин, 40 минут (0:1)

Алаңнан қуылған: Зоран Нижич, 90+1 минут («Қызылжар»)

Букмекерлер бұл ойында жеңімпазды анықтау қиынға соғады деп бағалады. Себебі, трансфер кезеңінде құрамын күшейткен командалар кейінгі екі матчта да жеңіске жеткен еді. Алдымен есеп ашу мүмкіндігі «Қызылжар» тарапында болды. Прессингтің нәтижесінде қорғаушыдан допты тартып алған Рафаэль Сабино қақпашымен бірге-бір шықса да, доп қақпадан қисық тепті. Ал қонақтар өз сәттерін тиімді пайдаланып, Андрей Ульшин гол соқты. Екінші таймда «Қайрат» кездесуді бақылауда ұстауға тырысып, қауіпті соққыларымен көзге түсті. «Қызылжар» айтарлықтай басымдыққа ие болмаса да, айып соққысын қақпа бағанына тигізді. Осылайша, қонақтар өте маңызды 3 ұпайды алып, қайта турнир кестесінің басына шықты.

 

«Елімай» - «Тұран» - 6:0

Голдар: Едарлин Рейес, 15 минут (1:0), Никита Корзун, 18 минут (2:0), Ислам Машуков, 26 минут (3:0), Едарлин Рейес, 45+3 минут (4:0), Шина, 72 минут (5:0), Иван Свиридов, 86 минут (6:0)

«Елімай» ұжымы осы маусымдағы ең көп 3 голын дәл осы «Тұранға» соққан еді. Осы жолы да семейліктер барлық мүмкіндіктерін өте тиімді пайдаланды. «Тұран» қорғанысының, қақпашысының өрескел қателіктері салдарынан 6 доп кіргізуге мәжбүр болды. Бірінші таймның өзінде 4 гол салған «Елімай» екінші таймда да еш босаңсымай, Иван Свиридов тіпті ойынның нүктесін Дель Пьеро стиліндей қойды. Бұл осы маусымда тіркелген ең ірі жеңіс. Бірінші айналымда гол соғу көрсеткіші жағынан мәселе бар деген алаң иелері сапынан трансфер кезінде құрамды толықтырған Едарлин Рейес пен Ислам Машуков мергендігімен танылды.

 

«Жетісу» - «Тобыл» - 0:3

Голдар: Руй Кошта, 2 минут (0:1), Ислам Чесноков, 40 минутта пенальти (0:2), Ислам Чесноков, 51 минут (0:3)

Жеңістің дәмін татпай жүрген қос ұжымның арасында тартысты ойын күтілген еді. Себебі, «Жетісу» осы маусымда өз алаңында «Астана», «Ордабасы» сынды әлдеқайда мықты қарсыластарға әжептеуір қарсылық көрсеткен еді. Алайда матч ойдағыдай болмады. Қонақтар жылдам гол соғып кетті. Бірінші таймның аяғында Ислам Чесноков пенальтимен есепті де арттырып кетті. Өкінішке қарай, трансфер кезеңінде құрамадан кеткен біршама көшбасшылардың орны білініп, «Жетісу» мардымды жауап қата алмады. Ал 49-шы минуттағы Исламның голы ойын тағдырын шешті деуге болады. Осылайша, «Тобыл» 1,5 айдан кейін ғана сырт алаңда 3 ұпайға қол жеткізіп, ТОП-5-ке кірді. Бір ерекшелігі - «Жетісу» 8 жылдан бері өз алаңында қостанайлықтарды жеңе алмай келеді.

 

«Шахтер» - «Ордабасы» - 2:3

Голдар: Жасур Яхшибоев, 35 минут (0:1), Милан Джокич, 51 минут (1:1), Артем Беседин, 58 минут (1:2), Жасур Яхшибоев, 61 минут (1:3),Дмитрий Лисакович, 77 минут (2:3)

Алаңнан қуылған: Сергей Малый, 15 минут («Ордабасы»)

Еурокубоктағы сәтсіздік, бас бапкер Александр Седневтың соңғы матчы және ойын басындағы Сергей Малыйдың қуылуы секілді факторлар «Шахтерді» 3 ұпай алады деген сенім болған. Оның үстіне соңғы орында тұрған қарағандылықтарға әр кездесу финал іспеттес. Бірақ барлығы ойдағыдай болмады. Бірінші таймда «Ордабасы» кем болса да, бірінші нөмірде ойнап, 0:1 есеп басымдылығымен үзіліске кетті. Екінші таймда алаң иелері ақыры гол соғып, жеңісті тартып алатындай көрінген. Алайда қонақтардың шеберлігі, қорғаныс пен қақпашының осалдығынан тағы 2 гол өткізуге мәжбүр болды. Нәтижесінде «Шахтер» жеңіс тұрмақ, тең нәтижеге де қол жеткізе алмай, есе жіберді.

 

«Ақтөбе» - «Қайсар» - 1:1

Голдар: Арман Кеңесов, 22 минут (1:0), Горан Милойко, 60 минут (1:1)

Алаң иелері бұл ойында айқын фаворит саналып, бірінші таймда есеп ашты. Кездесуде «Ақтөбе» айқын басымдыққа ие болғанымен, есепті еш арттыра алмады. Ақтөбеліктер 90 минутта 14 дәл соққы жасағанымен, Стефан Сикач ерекше жанкештілік танытып, барлық қауіпті шабуылдарға тосқауыл болды. Ал екінші таймда Горан Милойко санаулы ғана мүмкіндікті тиімді пайдаланып, тараз басын теңестіріп кетті. Осылайша, «Ақтөбе» турнир кестесіндегі көшбасшы орынынан айырылып қалды.

 

Айта кетейік, осы тур аясында жоспарланған «Астана» - «Атырау» матчы елордалық клубтың Конференциялар лигасының іріктеу кезеңіне қатысуына байланысты кейінге шегерілді. OLIMPBET QFL Премьер-лигасының 18-ші тур ойындары 24-25 тамызда өтеді.