EN
KZ RU
24 August 2024 12:13
OLIMPBET PREMIER LEAGUE

18-ші тур аңдатпасы: Шымкент төрінде кімнің бағы жанады?

24 August 2024 12:13

24-25 тамыз күндері аралығында OLIMPBET QFL Премьер-лигасының 18-ші тур ойындары өтіп, Шымкентте «Ордабасы» мен «Ақтөбе» күш сынасады.

 

24 тамыз

 

«Елімай» - «Қызылжар»

Уақыты: 18:00

Тікелей эфир: Q Football телеарнасы, Q Football мобильді қосымшасы, QFootball.kz пен QFL.KZ сайттары

Өтетін жері: «Спартак» стадионы (Семей)

Төрешілер: Ноженко Сергей (Талдықорған), Жақсылық Төребек, Айжігітов Ғалымжан (екеуі де Қызылорда)

VAR төреші: Кучма Антон (Көкшетау)

АVAR төреші: Васютин Сергей (Алматы)

Қосалқы төреші: Лесив Станислав (Семей)

Инспектор: Доскеев Нұржан (Алматы)

«Елімай» клубы өткен турда маусымдағы ең ірі жеңісіне қол жеткізген соң, психологиялық жағынан өте жақсы көңіл-күйде жүр. Өз алаңында мүлдем жеңілмеген семейліктер кім-келсе де, аутсайдер саналмайтындығы түсінікті. Шамалары деңгейлес ұжымдар осы маусымда екі мәрте жолығып, OLIMPBET QFL Қазақстан кубогының ширек финалында Никита Корзун соңғы минуттарда жеңіс голын соғып, «Елімайды» жартылай финалға шығарса, ішкі біріншіліктегі матч 1:1 есебімен тең аяқталған. Алдағы кездесуде де нақты кімнің жеңіске жететіндігін дөп басып айту қиын.

 

«Атырау» - «Шахтер»

Уақыты: 18:00

Тікелей эфир: Sport+ Qazaqstan телеарнасы, Q Football мобильді қосымшасы, QFootball.kz пен QFL.KZ сайттары

Өтетін жері: «Мұнайшы» стадионы (Атырау)

Төрешілер: Затула Александр (Өскемен), Бельский Евгений (Тараз), Тихонюк Юрий (Ақтөбе)

VAR төреші: Московченко Григорий (Павлодар)

АVAR төреші: Искаков Санжар (Қостанай)

Қосалқы төреші: Мұхат Айбек (Атырау)

Инспектор: Қызылбаев Бақыт (Ақтөбе)

Ең аз гол жіберетін «Атыраудың» жеңістің дәмін татпағанына 2 айдан астам уақыт. Олар соңғы рет 15 маусым күні Қарағанды төрінде «Шахтерға» еш мүмкіндік қалдырмай, 0:3 есебімен жеңіске жеткен болатын. Алайда одан бері тең нәтижелерге ғана көңіл жұбатып келеді. Әйтсе де алаң иелері сөзсіз фаворит ретінде қала бермек. Неге? Себебі, «Шахтердің» жағдайы одан да мүшкіл. Турнир кестесінде соңғы орынын айтудан бөлек, қарағандылықтар 11 ай бұрын ғана Алматыда «Қайратпен» тең тарқасқан. Одан бері мүлдем нәтиже көрсете алмай келеді. Бапкер де ауысты. Алайда құрдымнан шыға алар емес. Бұл кездесуде қонақтардың үміті өте аз.

 

«Қайсар» - «Жетісу»

Уақыты: 20:00

Тікелей эфир: Qazsport телеарнасы, Q Football мобильді қосымшасы, QFootball.kz пен QFL.KZ сайттары

Стадион: Ғани Мұратбаев атындағы стадион (Қызылорда қ.)

Төрешілер: Сұлтанғалиев Рустам (Атырау), Сәрсенбаев Нұрлан, Шабанов Алексей (екеуі де Алматы)

VAR төреші: Байымбет Сәкен (Тараз)

АVAR төреші: Ысқақов Марат (Астана)

Қосалқы төреші: Ахметов Азамат (Қызылорда)

Инспектор: Заякин Виктор (Семей)

Кейінгі 3 ойында фаворит саналмаса да, «Қайсар» сырт алаңда «Атырау», «Ақтөбеден» ұпай алып, өз алаңында «Елімайдан» жеңісті тартып алды. Осы нәтижелер қызылордалықтарды фаворит қылатыны түсінікті. Алайда «Жетісу» кейінгі 3 ойында да Қызылорда стадионында жеңілмеген. Оның үстіне алаң иелері өздерінен мықты ұжымдарға лайықты қарсылық көрсеткенімен, «Тұран», «Жеңіс» сынды клубтармен әрең дегенде ұпай алды. Сондықтан «Жетісуді» ерте бастан аутсайдер деуге келмес. Иә, құрамы нашарлады, сырт алаңда бірнеше кездесуде жеңіске жете алмай жатыр. Алайда Қайрат Нұрдәулетов те жеңіліске мойынұсынатын бапкерлердің қатарынан емес.

 

25 тамыз

 

«Қайрат» - «Тобыл»

Уақыты: 18:00

Тікелей эфир: Qazsport телеарнасы, Q Football мобильді қосымшасы, QFootball.kz пен QFL.KZ сайттары

Өтетін жері: Орталық стадион (Алматы)

Төрешілер: Сахи Данияр (Қызылорда), Лабашов Денис, Калачев Сергей (екеуі де Атырау)

VAR төреші: Тасыбаев Айдын (Астана)

АVAR төреші: Орынбаев Илашбек (Шымкент)

Қосалқы төреші: Павлов Александр (Алматы)

Инспектор: Құсайынов Елеш (Астана)

Александр Кержаков «Қайрат» клубын тізгіндеген сәтте алғашқы түздегі матчын Қостанайда өткізіп, минималды есеппен есе жіберген еді. Алдағы Алматы төріндегі матч сол жеңіліске лайықты жауап беруі керек. Тек қана реванш емес. Топ басындағы орынын сақтап қалу үшін, алматылықтар міндетті түрде 3 ұпай алуы тиіс. Әзірше қос ұжымның бабы да жақсы. Біршама матчтан кейін өткен турда жеңіске жеткен қостанайлықтар қайта бәсекеге араласа алатындығын көрсетті. Құрамы жағынан ешкімнен кем түспеді. Орталық стадионда қос тарап та беріспейтін қызу ойын болады деп сенеміз.

 

«Ордабасы» - «Ақтөбе»

Уақыты: 20:00

Тікелей эфир: Qazsport телеарнасы, Q Football мобильді қосымшасы, QFootball.kz пен QFL.KZ сайттары

Өтетін жері: Қажымұқан атындағы орталық стадион (Шымкент)

Төрешілер: Абдуллаев Бағдат (Қаратау), Долгих Алексей (Павлодар), Якбаров Ринат (Семей)

VAR төреші: Измайлов Денис (Талдықорған)

АVAR төреші: Мағау Наргис (Алматы)

Қосалқы төреші: Жарылқасынов Самат (Шымкент)

Инспектор: Антонов Виктор (Павлодар)

«Ордабасы» еурокубок ойындарында біршама бөгелгендіктен, топ басындағы «Қайрат» пен «Ақтөбеден» қарағанда 2 матч кем өткізген. Алайда чемпиондыққа тікелей бақталас болғандықтан, шымкенттіктерге жеңіске жету керек. Бас бапкер қызметінен кеткенімен, «Ордабасының» құрамы жағынан чемпиондық атақты қорғауға қауқары жетеді. «Ақтөбе» клубы Максим Самородов кеткелі креативті шабуыл ұйымдастырып, керек сәтінде гол соға алатын ойыншыға тапшы болып тұр. Оны өткен турда байқадық. Команда қанша шабуылдағанымен, «Қайсарға» 1 ұпай берді. Осы маусымда ұжымдар 2 мәрте кездесіп, 90 минутта бір-бірін ала алмаған. OLIMPBET QFL Қазақстан кубогы аясындағы ойынның тағдыры тек драмаға толы овертаймда ақтөбеліктердің пайдасына шешілген.

 

Айта кетейік, осы турда жоспарланған «Жеңіс» - «Астана» матчы «Астана» клубының УЕФА Конференциялар лигасының іріктеу кезеңіне қатысуына байланысты 29 қыркүйекке шегерілді.