EN
KZ RU
03 August 2024 10:51
UBET LEAGUE

18-ші тур қорытындысы: «Қайрат» жастары екінші орынға көтерілді

03 August 2024 10:51

1-2 тамыз күндері өткен 1XBET QFL Бірінші лигасының 18-ші туры оқиғаға бай болды.

 

Қандай жайттар тіркелді:

- 7 ойында 30 гол соғылды.

- 32 сары қағаз көрсетіліп, 5 футболшы алаңнан қуылды.

- «Қайрат-Жастар» ең көп гол жіберген ТОП-5 команданың қатарына кіреді.

- «Қайрат-Жастар» 17 ойында ең көп 47 голмен оқ бойы озып тұр. Бұл команда 2023 жылы 28 матчта 58 гол соққан.

- «Жетісай» шабуылшысы Рамазан Абылайхан осы маусымда 9 гол соқты. Оның бесеуін «Қайрат-Жастарға» салды.

- «Арыс» клубы 9 матчқа жалғасқан жеңіліс сериясын тоқтатты.

 

«Алтай» - SD Family - 2:2

Голдар: Шадман Бакиров, 60 минут (0:1), Рустам Темірхан, 63 минут (1:1), Бауыржан Ахаев, 89 минут (1:2), Жаннұр Көкеев, 90+2 минут (2:2)

Алаңнан қуылған: Сұлтан Сағнаев, 90+2 минут (SD Family)

Командалар бірінші таймның өзінде тең есепке разы болмайтындығын көрсетіп, қақпаны нысанаға алумен болды. Бірақ матчтағы барлық голдар тек екінші таймда ғана соғылды. 60-шы минутта Шадман Бакиров есеп ашқанымен, алаң иелері айып добымен жылдам тараз басын теңестірді. Ал 89-шы минуттағы бұрыштама SD Family-ге жеңіс сыйлайтындай көрінген. Себебі, бұл голға тек алаңдағы ойыншылар ғана емес, қосалқы құрамдағы футболшылар да қатты қуанды. Алайда күтпеген жерден соңғы минутта Жаннұр Көкеев есепті теңестіріп кетті.

 

«Қайрат-Жастар» - «Жетісай» - 6:4

Голдар: Рамазан Бағдат, 3 минут (1:0), Әбілхайыр Абдрахманов, 20 минут (2:0), Рамазан Абылайхан, 32 минут (2:1), Рамазан Абылайхан, 34 минут (2:2), Рамазан Бағдат, 42 минут (3:2), Рамазан Абылайхан, 43 минут (3:3), Глеб Валгушев, 45+2 минут (4:3), Әбілхайыр Абдрахманов, 53 минут (5:3), Глеб Валгушев, 63 минут (6:3), Әділет Омарбек, 66 минут (6:4)

Бірінші айналымда командалар 8 гол соққан еді. Ал осы жолы көрсеткіш жаңарып, көрермендер 10 голдың куәсі болды. Алғашқы таймда-ақ алаң иелері жылдам 2 гол соққанымен, «Жетісай» ойынды тастамай, лайықты жауап берді. Осы кезекте алматылықтардың қорғанысында үлкен мәселе бар екенін мойындауымыз керек. Қонақтар дәл 5 соққы жұмсап, 4 рет саңылау тапты. Алайда бұл матчта «Қайрат-Жастарды» тоқтату мүмкін болмады. Рамазан Бағдат, Әбілхайыр Абдрахманов, Глеб Валгушев қос голдарымен жеңіс сыйлады. Бұл бірінші айналымдағы ірі жеңіліске лайықты жауап болды.

 

«Тараз» - «Қайсар Жас» - 1:0

Гол: Давранбек Сейітов, 10 минут (1:0)

Тараз қаласындағы матч өте тартысты өтті. 90 минутта 1 ғана гол соғылғанымен, кездесуде бір емес бірнеше гол соғатын мүмкіндіктер қолданылмады. 38 соққының біреуі ғана голға айналуы қос команданың шабуыл шебі мен қорғанысында қателіктер бар екенін білдіреді. Алайда осы жолы «Тараз» клубының пайдасына шешілді. Бірақ бұл ойыннан ұжымдар сабақ шығармаса, опық жейтіндері анық.

 

«Арыс» - «Түркістан» - 1:1

Голдар: Бейбарыс Әбділхай, 82 минут (0:1), Ерболат Құралбаев, 89 минут (1:1)

Соғылмаған пенальти: Ерболат Құралбаев, 89 минут («Арыс»)

Алаңнан қуылған: Жасұлан Ержігіт, 9 минут («Түркістан»)

Турнирдің аутсайдерлерінің кездесуінде қос команда да ұпай алу үшін жанталасты. Себебі, «Арыс» клубы жеңіске жетсе, «Түркістанды» басып озатын еді. Матчтың басында-ақ қонақтар сапынан ойыншы қуылып, 80 минут бойы 1 футболшыға кем доп тепті. Бірақ қолында басымдығы болғанымен, «Арыс» толық деңгейде пайдалана алмады. Ал трансфер кезінде «Арыс» командасынан «Түркістан» ұжымына ауысқан Бейбарыс Әбділхай қонақтарды алға шығарды. Бұл футболшы осы маусымда «Арысқа» жалғыз жеңісті сыйлағанын да айта кетейік. Алайда алаң иелері де пенальтидің арқасында кезекті жеңілісінен аман қалды. Осылайша, «Арыстың» 9 матчқа жалғасқан жеңіліс сериясы тоқтады.

 

«Ақтөбе Ж» - «Екібастұз» - 2:4

Голдар: Мирас Тұрлыбек, 5 минут (0:1), Диас Орынбасар, 45 минут (0:2), Бейбарыс Иманқұл, 45+2 минут (1:2), Мирас Тұрлыбек, 52 минут (1:3), Диас Орынбасар, 56 минут (1:4), Ислам Әбілқасов, 75 минут (2:4)

Алаңнан қуылғандар: Бекет Шамшеден, 87 минут, Әскербек Байдалинов, 90+3 минут (екеуі де «Ақтөбе Ж»), Бауыржан Рахмет, 87 минут («Екібастұз»)

Бірінші айналымда «Екібастұз» клубына шабуыл шебін аяқтайтын ойыншылар жетіспеп еді. Енді трансферлік кезеңде құрамды толықтырған Диас Орынбасар командаға жақсы кіріп кетті. «Ақтөбе Ж» ұжымына қарсы кездесуде бұл футболшының айы оңынан туып, дубль авторы атанды және пенальти әперді. Алаң иелері де намысқа тырысқанымен, барлығын футболшылардың шеберлігі шешіп кетті. Көрермендер тек 6 голдың куәсі болып қана қоймай, ең көп 3 футболшының алаңнан қуылып кеткенін де көрді.

 

«Оқжетпес» - «Ақжайық» - 2:0

Голдар: Руди Порох, 26 минут (1:0), Виктор Зябко, 55 минут (2:0)

Көш басындағы «Оқжетпес» клубы өз алаңында басты аутсайдерді қабылдап, сенімді түрде жеңді. Алғашқы минуттан-ақ алаң иелері матчқа жауапкершілікпен қарап, 90 минут бойы еш босаңсымады. Нәтижесінде жауапсыз 2 гол соғып, қонақтарға бірде-бір дәл соққы бағыттауға мүмкіндік бермеді. Ал арттағы қарсыластардың ұпай жоғалтқанын ескерсек, бұл тур «Оқжетпес» үшін өте сәтті аяқталды.

 

«Хан-Тәңірі» - «Ұлытау» - 2:3

Голдар: Мәди Жақыпбаев, 14 минут (1:1), Нұрбол Әнуарбеков, 41 минут (1:1), Жасұлан Молдақараев, 84 минут (1:2), Абзал Таубай, 90+5 минут (1:3), Нұрдәулет Ағзамбаев, 90+8 минутта пенальти (2:3)

Алаңнан қуылған: Мәди Жақыпбаев, 73 минут («Хан-Тәңірі»)

Жоғарғы дивизионға ұмтылатын қос ұжымның арасында «Ұлытауға» ұпай ауадай қажет болды. Себебі, бұл ойындағы жеңіліс тек 3 ұпайдан айырылу ғана емес, сондай-ақ OLIMPBET QFL Премьер-лигасына шығу мақсатын одан әрі қиындататын еді. Алайда матчта алаң иелері жылдам есеп ашты. Қонақтар бірінші таймның соңында есепте теңестіргенмен, «Хан-Тәңірінің» қайта алға шығуына мүмкіндіктері біршама болды. Бірақ доп ғажайыптан кірмей, қақпа бағанасы құтқарды. Ал 73-ші минутта Мәди Жақыпбаевтың қуылуы қонақтарға басымдық беріп, Жасұлан Молдақараев көзге түссе, қосымша минутта алматылықтардың экс-футболшысы Абзал Таубай үшінші голды соғып, кездесу тағдырын шешті.

 

Айта кетейік, 1XBET QFL Бірінші лигасының 19-шы тур ойындары 8-9 тамыз күндері болады.