18-ші тур: «Шахтер» жастары көш басында
20-22 тамыз күндері өткен QFL Екінші лигасының 18-ші тур аясында «Оңтүстік-Батыс» конференциясында жеңімпаз анықталуға жақын болса, «Солтүстік-Шығыс» конференциясында әлі де ешнәрсе белгісіз.
Қандай нәтижелер тіркелді?
- 11 ойында 28 гол соғылды.
- 53 сары қағаз көрсетіліп, 3 ойыншы алаңнан қуылды.
- «Атырау Ж» клубының шілде айынан бергі 6 жеңіс сериясы тоқтады.
- AKAS-тың чемпион атануы үшін қалған 4 турда бір ғана жеңіс жеткілікті.
- «Солтүстік-Шығыс» конференциясында топ бастап тұрған «Шахтер» жастары 12 матч бойы жеңіліссіз келеді.
- Әзірше «Ертіс» клубы ғана 5 жеңіс сериясымен жалғастыруда.
- KazAST ұжымы қатарынан 4 ойын жеңілген соң, осы турда басты фавориттердің бірімен тең түсті.
«Оңтүстік-Батыс» конференциясы
20 тамыз
KazAST – «Жас Қыран» - 0:0
«Жас Қыран» осы конференцияның басты фавориттерінің қатарына кіргенімен, дәл KazAST-қа қарсы ойнау ыңғайсыз. Бірінші айналымда «Жас Қыран» есепте алда тұрғанымен, соңғы сәтте 3:4 есебімен есе жіберген еді. Осы жолы да алаң иелері батыл ойнап, 90 минут бойы қарсыластан еш кем түспеді. Қос тарап та 15 соққыдан жасағанымен, қорғаушылар мен қақпашы сауатты ойнай білді. Енді осы тең ұпайдың кесірінен «Жас Қыран» ұжымы топ басындағы AKAS-ты 10 ұпайға ұзатып, 3-ші орындағы «Оңтүстікті» қуып жетуге мүмкіндік беріп қойды.
«Тұран Ж» - «Оңтүстік» - 0:2
Голдар: Мағжан Тоқтыбай, 45+1 минутта пенальти (0:1), Жавланбек Бабаназаров, 54 минут (0:2)
Екінші орын үшін талас «Жас Қыран» мен «Оңтүстіктің» арасында қызу жүруде. Себебі, қос ұжым да қарсыластарын қоғадай жапырып, ұпай алуын жалғастырып жатыр. Осы ойында қонақтардың әуел бастан жеңетіндігі белгілі болды. Өйткені, «Оңтүстік» клубы бірінші айналымда түркістандықтарды 7:1 есебімен тас-талқан қылған еді. Оның үстіне турнирлік кестедегі арақашықтық та алшақ. Дегенмен, бірінші таймда шымкенттіктер қарсылас қақпасын біраз уақыт ала алмады. Тек ең соңғы минутта ғана қақпашының ереже бұзуының арқасында ғана Мағжан Тоқтыбай пенальти сәтті орындады. Тіпті пенальтидің өзін қақпашы дәл тауып, ұстаған добын уысынан жіберіп алды. Ал екінші таймда Жавланбек Бабаназаров есепті арттырып, қалған уақытта алаң иелеріне еш мүмкіндік жасатпады.
«Қайсар-Шиелі» - «Талас» - 2:1
Голдар: Аман Нышанов, 15 минутта пенальти (0:1), Батырбек Шатан, 37 минут (1:1), Мақсат Жетпісбай, 49 минут (1:2)
«Талас» клубы бұл кездесуге екі жеңіс сериясымен келгендіктен, ұпайды оңай бермейтіні анық еді. Сондықтан қонақтар алғашқы минуттан тек қорғанысқа ғана емес, алдыңғы шепте де мүмкіндіктерді қарастырды. Нәтиже ұзақ күттірмеді. 15-ші минутта белгіленген пенальтиден кейін Аман Нышанов «Таласты» алға шығарды. Бұл голдан кейін алаң иелері де қарап қалмай, үзіліске дейін есепті теңестіріп үлгерді. Өкінішке қарай, қонақтар «Қайсар-Шиелінің» стандарттарына қарсы шара таба алмай, екі сәтте де көз жазып қалды. Бұл 2 гол алаң иелерінің жеңіске жетуіне жеткілікті болды. Осы жеңістің арқасында қызылордалықтар қайта ТОП-5-ке оралды.
AKAS – «Атырау Ж» - 2:0
Голдар: Дархан Меделхан, 33 минут (1:0), Рақымжан Розыбакиев, 82 минут (2:0)
Осы турда асыға күткен кездесулердің бірі. AKAS сенімді түрде бірінші орында келе жатқанымен, мәреге жетер тұста қарсыластарын әупірімдеп жеңуде. «Атырау Ж» болса, 6 матч қатарынан жеңіске жетіп, кездесуге тас-түйін болып келген еді. Ысқырық шалынған сәттен бастап, қонақтардың алға деген ұмтылысы AKAS-тан еш қорықпайтындығын аңғартты. Батыл түрде шабуыл жасап, бірнеше ұрымтал сәттерді мүлт жіберді. Алдымен бұрыштамадан көтерілген доп қақпа бағанасынан қайтса, артынша қақпашымен бірге-бір шыққан сәтте доп қақпаға енбей қалды. Алаң иелері «Атырау Ж» қақпашысының ойын барысындағы қате пасын сәтті пайдаланып, есеп ашып кетті. Екінші таймда да «мұнайшылар» тараз басын теңестіруге ұмтылды. Қауіпті айып соққысы қақпа бағанына тиді. Тағы да керемет мүмкіндіктер қолданылмады. Тек 81-ші минутта капитандық міндетті алған Рақымжан Розыбакиев допты қақпаға сүңгітіп, кездесудің тағдырын шешіп тастады. Осы жеңістен кейін алматылықтардың чемпиондық атаққа жақындауына бір ғана қадам қалды.
21 тамыз
«Ордабасы Ж» - «Мақтаарал» - 2:2
Голдар: Атахан Темірбек, 63 минутта пенальти (1:0), Нұрдәулет Серік, 67 минут (1:1), Хансұлтан Айту, 69 минут (2:1), Диербек Муллажанов, 70 минут (2:2)
Соғылмаған пенальти: Мейрамбек Серікбай, 79 минут («Мақтаарал»)
Қос команданың осы маусымдағы 2 ойыны да 2:2 есебімен аяқталып, керемет қойылым сыйлады. Екінші айналымда қайтадан жинақталып, жақсы ойын өрнегін көрсетіп жүрген «Мақтаарал» ұжымы кейінгі 2 турда да 3 ұпай еншілеп, теориялық жағынан әлі де 1XBET QFL Бірінші лигасына шығуға үмітті еді. Алайда бірнеше кездесудегі тең нәтижелер бұл мақсатқа кедергісін тигізді. Осы матчта барлық қызықты жағдайлар тек соңғы жарты сағатта тіркелді. 1 сағат бойы бір-бірін ала алмаған командаларға қосалқы құрамнан шыққан футболшылар қан жүгіртіп, 4 голдың үшеуін екінші таймда шыққан ойыншылар соқты. Одан кейін де қонақтардың жеңісті жұлып алуға мүмкіндігі болғанымен, қақпашы доптың бағытын дәл тапты.
«Іле-Алатау» - «Тараз Ж» - 0:2
Голдар: Қанағат Айдархан, 34 минут (0:1), Әли Әбіш, 90+1 минут (0:2)
Алаңнан қуылған: Ақнұр-Би Исатілла, 77 минут («Тараз Ж»)
Жарты айдан астам уақыт бойы доп теппеген «Іле-Алатау» клубы ақыры өз алаңында «Тараз» жастарын қабылдады. Бірінші таймда-ақ командалар жеңіске ұмтылатындығын аңғартып, алдыңғы шептегі футболшылар белсенділік танытты. Жалпы 90 минут бойы қос ұжым 46 мәрте соққы алмасты. Тек жамбылдықтар өз сәттерін голға айналдыра алды. Екінші таймда «Іле-Алатау» 15-20 минуттай бір футболшыға артық ойнағанымен, жеңілістен қашып құтыла алмады. Керісінше қонақтар қарымта шабуылды тиімді пайдаланып, қосымша минутта есепті арттырып кетті.
«Солтүстік-Шығыс» конференциясы
20 тамыз
«Қызылжар Ж» - «Ақсу» - 1:2
Голдар: Владислав Богданов, 28 минут (0:1), Рахат Ағыбай, 53 минут (0:2), Роман Гамазин, 88 минут (1:2)
Бірінші айналымда «Қызылжар» жастары «Ақсуды» 4:1 есебімен оңай жеңгенімен, осы кездесуде толыққанды фаворит саналмады. Иә, алаң иелері турнир кестесінде жоғары келе жатыр. Оның үстіне өткен турда «Ақсу» басты аутсайдерден есе жіберді. Әйтсе де, павлодарлықтардың екінші айналымдағы қарқыны өте жақсы еді. Шілде айының қорытындысы бойынша, «Ақсу» бас бапкері Рахман Асухановтың үздік деп танылуы соның айқын дәлелі. Бірінші таймда петропавлдықтар үстемдік байқатқанымен, Владислав Богданов қонақтардың сирек шабуылын нәтижеге айналдыра білді. Екінші таймда Рахат Ағыбайдың алыстан бағыттаған соққысына қақпашы еш бөгет бола алмады. Тек кездесудің соңына қарай Роман Гамазин жұбаныш голын соқты. Ал қосымша минуттағы алаң иелерінің жанталасы жемісін бермеді. Есеп: 1:2.
«Шахтер Ж» - «Тобыл Ж» - 1:0
Гол: Данил Блохин, 59 минут (1:0)
OLIMPBET QFL Премьер-лигасында «Шахтердің» жағдайы мүшкіл болса, QFL Екінші лигасында «Шахтер Ж» өте жоғарғы қарқынын ұстап келе жатыр. Маусым басында Шыңғыс Флюк командасын алға сүйресе, енді ол футболшысыз да қарағандылықтар ұпай алуын жалғастыруда. «Солтүстік-Шығыс» конференциясында басты фаворит Ertis саналғанымен, «Шахтер Ж» әлі де топ басында келе жатыр. Ал чемпионаттың бітуіне небәрі 4 тур ғана қалды. Әр жеңіс алтынмен пара-пар. Сондықтан қандай қарсыласпен ойнаса да, «Шахтер» жастарына ұпай жоғалтуға болмайды. Осы жолы олар турнир кестесінде 4-орында келе жатқан «Тобыл» жастарын қабылдап, екінші таймда Данил Блохинның жойқын соққысы ғана алаң иелеріне жеңіс сыйлады. Осылайша, қарағандылықтар 2 матч қатарынан 1:0 есебімен қарсыласынан басым түсті.
21 тамыз
«Алтай Ж» - «Астана Ж» - 1:1
Голдар: Мақсат Талғатов, 65 минут (1:0), Әлихан Омарғазин, 87 минут (1:1)
Алаңнан қуылған: Артем Троеглазов, 90 минут («Алтай Ж»)
Өткен турда ғана «Алтай Ж» өз алаңында «Тобыл» жастарымен тартысты ойын өткізіп, 3:3 есебімен тең тарқасқан еді. Осы турда да олар турнир кестесінде үшінші орында келе жатқан «Астана» жастарын қабылдады. Бұл ұжым да шабуыл шебі мықты және гол соғу көрсеткіші бойынша ТОП-3 команданың қатарына кіретін еді. Сондықтан қонақтар алғашқы минуттан өздерінің мықты тұстарын пайдаланып, өскемендіктердің қақпасын толассыз соққының астына алды. Әттегені-айы, «Астана Ж» 90 минут бойы 24 соққы жасағанымен, тек 4-уі ғана дәл бағытталды. Әйтпесе астаналықтардың бір емес, бірнеше гол соғатын мүмкіндікке ие болды. Екінші таймда да «Астана» жастары басымдыққа ие болғанымен, 65-ші минутта қорғаныстың алаңсыздығын Мақсат Талғатов пайдаланып кетті. Бұл гол қонақтардың одан әрі алға жылжуына әсер етіп, тек 87-ші минутта ғана Әлихан Омарғазинның алыстан тепкен добы голға айналды. Бұнымен де тоқтап қалмады. Ақтық ысқырық шалынғанша, жеңіс үшін барын салды. Бірақ табло өзгеріссіз қалды. Есеп: 1:1.
SD Family Ж – «Оқжетпес Ж» - 5:0
Голдар: Тимур Қуантаев, 10 минут (1:0), Тимур Қуантаев, 50 минут (2:0), Нұрәділ Әділов, 54 минут (3:0), Нұрәділ Әділов, 74 минут (4:0), Нұрәділ Әділов, 90 минут (5:0)
Алаңнан қуылған: Александр Воронин, 85 минут («Оқжетпес Ж»)
Sydykbek Arena стадионында өткен кездесудің алғашқы таймы өте тартысты өтті. Алғашқы минутта-ақ айқын аутсайдер саналған «Оқжетпес» жастары жылдам есеп ашты. Алайда бас төреші бұл сәтте футболшының ойыннан тыс қалғанын анықтады. Алаң қожайындары да ұзақ күттірмеді. 10-шы минутта Тимур Қуантаев көзге түсті. Осылайша бірінші тайм аяқталғанға дейін қос тарап алма-кезек шабуылдармен алмасып, терезесі теңдей өнер көрсетті. Осы орайда қонақтардың кезекті мүмкіндігінде доптың қақпа бағанасынан қайтқандығын айтқан жөн. Екінші таймда SD Family жастарының барлық ойлаған жоспары жүзеге асып, қонақтар қақпасына жасаған барлық дерлік шабуылдары нәтижелі болды. Көкшетаулықтар тағы да гол соққанымен, есепке алынбады. Ал 85-ші минутта жүйкесі сыр берген Александр Воронин матчтан қуылып кетті. Есеп: 5:0. Осылайша астаналықтар 1 айдан кейін ғана 3 ұпайға қол жеткізе алды.
«Ертіс» – «Жеңіс Жас» - 2:0
Голдар: Руслан Есімов, 49 минут (1:0), Тимур Байжанов, 86 минутта пенальти (2:0)
Кейінгі 2 турда турнир кестесіндегі көшбасшыларымен кездескен астаналықтар небәрі 3 ғана гол жіберді. Бұл «Жеңіс Жас» командасының қорғанысының мықтылығын білдіре ме екен? Әлде «Шахтер Ж» мен Ertis-тің барынша күш сақтап, алдағы шешуші турларға дайындалып жатқанын аңғарта ма? Павлодар қаласында өткен кездесуде алаң иелері бұрынғыдай бас-көзсіз толассыз шабуылдамады. Әр мүмкіндігін тиімді қолдануға тырысты. Әйтсе де бірінші таймда есеп ашылмады. Тек екінші таймның басында қорғаушының допты дұрыс қабылдамауын Руслан Есімов сәтті пайдаланып кетті. Одан кейін тек 86-шы минутта белгіленген пенальти арқылы ғана павлодарлықтар ойын нүктесін қойды.
22 тамыз
«Елімай Ж» - «Жетісу Ж» - 1:1
Голдар: Бақберген Құдайберген, 47 минут (0:1), Қуаныш Шаймарданов, 50 минут (1:1)
Осы турда ең кеш Өскеменде өткен ойында жеңімпаз анықталмады. Бірінші таймда «Елімай» жастары алыстан соққы жасауға шешім қабылдағанымен, бірде-бір соққысы айтарлықтай қауіп төндірмеді. Өз мүмкіндігін күткен «Жетісу» жастары екінші таймның басында оң қапталдан ұйымдастырылған шабуылды керемет түйіндеді. Қонақтардың есептегі басымдығы ұзаққа созылмай, араға 3 минут салып, Қуаныш Шаймарданов тараз басын теңестірді. Одан кейін де гол кіретін мүмкіндіктер болды. Бірақ матч барысында 4 доп қақпа бағанынан қайтты. Алаң иелері көп соққымен нәтижеге жеткісі келсе, талдықорғандықтар аз ғана шабуылдарын нәтижеге айналдыруға тырысты. Дегенмен бір-бірін ала алмады.
Айта кетейік, QFL Екінші лигасының 19-шы тур ойындары 27-28 тамыз күндері өтеді.