EN
KZ RU
31 August 2024 10:00
OLIMPBET PREMIER LEAGUE

19-шы тур аңдатпасы: «Қайрат» пен «Астана» теке-тіресі

31 August 2024 10:00

31 тамыз - 1 қыркүйек күндері аралығында OLIMPBET QFL Премьер-лигасының 19-шы тур ойындары өтеді.

 

31 тамыз

 

«Тобыл» - «Атырау»

Уақыты: 18:00

Тікелей эфир: Sport+ Qazaqstan телеарнасы, Q Football мобильді қосымшасы, QFootball.kz пен QFL.KZ сайттары

Өтетін жері: Орталық стадион (Қостанай қ.)

Төрешілер: Омаров Рустам (Алматы), Тұрсымбаев Тимур (Астана), Павлов Александр (Алматы)

VAR төреші: Байымбет Сакен (Тараз)

АVAR төреші: Жүнісов Нұржан (Астана)

Қосалқы төреші: Ысқақов Санжар (Қостанай)

Инспектор: Хисамутдинов Игорь (Павлодар)

«Тобыл» мен «Атырау» клубтары осы маусымда 3 мәрте жолдары түйісті. OLIMPBET QFL Премьер-лигадан бөлек, ұжымдар OLIMPBET QFL Қазақстан кубогының жартылай финалында да мықтыларды анықтаған еді. Ал Премьер-лига аясындағы кейінгі кездесуде тіпті есеп ашылмады. Жалпы Қостанайдағы ойындар «Атырау» үшін өте сәтсіз аяқталуда. Себебі, 2023 жылдан бергі 3 кездесуде «Тобыл» 1:0 есебімен басым түскен. Жалпы өткен турларға көз жүгіртсек, «Тобыл» қайта қалыпқа келіп, қарсыластарына қолайсыздық тудырып жатқанын көреміз. Тіпті Алматыда «Қайратқа» қарсы ойында соңғы минутқа дейін 1 гол басымдығымен жеңіп тұрған еді. Осы факторларды ескере отырып, алаң иелерін фаворит деуге келеді. Ал ең аз гол жіберетін «Атыраудың» қорғанысынан саңылау табылып жатыр. Сол себепті оларға гол соғудан бөлек, қорғаныста да қырағы болғандары жөн.

 

«Қайсар» - «Ордабасы»

Уақыты: 20:00

Тікелей эфир: Q Football телеарнасы, Q Football мобильді қосымшасы, QFootball.kz пен QFL.KZ сайттары

Стадион: Ғани Мұратбаев атындағы стадион (Қызылорда қ.)

Төрешілер: Измайлов Денис (Талдықорған), Мыңбаев Әлішер (Қаратау), Филатов Иван (Қарағанды)

VAR төреші: Тасыбаев Айдын (Астана)

АVAR төреші: Панин Максим (Қостанай)

Қосалқы төреші: Айжігітов Ғалымжан (Қызылорда)

Инспектор: Гриджан Юрий (Алматы)

Алғашқы айналымда «Қайсар» клубы Шымкентке аутсайдер ретінде барса да, 90 минут бойы лайықты қарсылық көрсетіп, 1:2 есебімен есе жіберген еді. Енді Қызылорда төрінде алаң иелері аянып қалмасы түсінікті. Фавориттерге қарсы мықты ойнайтын «Қайсардың» ел чемпиондарына қолайсыздық тудыратыны түсінікті. Оған қызылордалықтардың өткен турдағы нәтижелері де мысал бола алады. Олар сырт алаңда «Атырау» мен «Ақтөбеден» ұпай ала алды. Еурокубоктағы сәтсіздікке байланысты бас бапкерін ауыстырған «Ордабасы» ішкі біріншілікте әзірше білгенінен жаңылар емес. Турнир кестесінде 3-ші орында тұрғанымен, ойын саны аз. Бірінші орынға шығу да тікелей өз қолдарында. Кирилл Кекер ресми бірінші матчында қарсылас кім болса да, оңайлықпен ұпай бере қоймас. «Ақтөбеге» қарсы кездесу шымкенттіктердің чемпиондыққа таласа алатындығын көрсетті. Алдағы ойында қос тарапқа да ұпай алу қиынға соғатын түрі бар.

 

«Ақтөбе» - «Елімай»

Уақыты: 20:00

Тікелей эфир: Qazsport телеарнасы, Q Football мобильді қосымшасы, QFootball.kz пен QFL.KZ сайттары

Өтетін жері: Қобыланды батыр атындағы орталық стадион (Ақтөбе)

Төрешілер: Қарабаев Саят (Астана), Дауанов Ардақ (Алматы), Филипчук Евгений (Шымкент)

VAR төреші: Чеховский Георгий (Астана)

АVAR төреші: Бейжанов Рустам (Петропавл)

Қосалқы төреші: Тихонюк Юрий (Ақтөбе)

Инспектор: Бақберген Исағали (Шымкент)

Андрей Карповичтің Ақтөбе стадионына келуі ерекше оқиға болғанымен, «Елімайға» ұпай алу қиынға соғуы мүмкін. Иә, семейліктер өткен 2 турда да жеңіске жетті. Бірақ ол матчтардың Семей қаласында өткенін ескерейік. Қобыланды батыр атындағы стадионда атмосфера алаң иелеріне қосымша күш сыйлайды. Бұған OLIMPBET QFL Қазақстан кубогы аясында қос үжымның кездесуінде куә болдық. Бірақ «Ақтөбе» командасының туындайтын мәселесі - Максим Самородовтың жоқтығы. Дәл осы футболшы осы маусымда командалардың 3 матчында да көзге түскен. Бірақ «Елімайдың» сырт алаңда мамыр айынан бері жеңіске жете алмай келе жатқандығы, «Ақтөбенің» чемпиондыққа таласуы сынды себептер ақтөбеліктерді фаворит қылмақ.

 

1 қыркүйек

 

«Жетісу» - «Тұран»

Уақыты: 18:00

Тікелей эфир: Sport+ Qazaqstan телеарнасы, Q Football мобильді қосымшасы, QFootball.kz пен QFL.KZ сайттары

Өтетін жері: «Жетісу» стадионы (Талдықорған)

Төрешілер: Горда Данил (Көкшетау), Серікболов Данияр (Семей), Виноградов Денис (Петропавл)

VAR төреші: Суликанов Саят (Ақтөбе)

АVAR төреші: Магау Наргис (Алматы)

Қосалқы төреші: Сейдахметов Жаксылық (Талдықорған)

Инспектор: Дузмамбетов Руслан (Өскемен)

Маусым басында Қайрат Нұрдәулетовтың шәкірттері жақсы өнер көрсетіп, біршама ұпай жинап алған еді. Нәтижесінде қауіпті аймақтан ұпайларын ұзатып алды. Қазіргі сәтте олардың еурокубокқа таласу мүмкіндіктері де аз. Өкінішке қарай, талдықорғандықтар кейінгі 11 матч бойы бірде-бір қарсыласын жеңе алмады. Оған әрине кадрлық мәселелер де кедергісін тигізді. Енді сол сәтсіздік сериясын тоқтатуға жақсы мүмкіндік туындап тұр. Себебі, «Тұранның» сапынан да мықты футболшылар кетті. Сонымен қатар түркістандықтар осы айда небәрі үшінші кездесуін ғана өткізбек. Семейдегі 0:6 есебімен жеңіліс қонақтардың ойын ырғағын жоғалтып алғандығын аңғартады. Бірінші айналымда қос ұжым 5 гол соғып, 2:3 есебімен «Жетісу» басым түскен.

 

«Қайрат» - «Астана»

Уақыты: 18:00

Тікелей эфир: Qazsport телеарнасы, Q Football мобильді қосымшасы, QFootball.kz пен QFL.KZ сайттары

Өтетін жері: Орталық стадион (Алматы)

Төрешілер: Абдуллаев Бағдат (Қаратау), Карлов Евгений, Долгих Алексей (екеуі де Павлодар)

VAR төреші: Сариев Болат (Орал)

АVAR төреші: Сұлтанғалиев Руслан (Атырау)

Қосалқы төреші: Васютин Сергей (Алматы)

Инспектор: Борисов Александр (Семей)

Қос астананың дербиі қашанда тартысты, шиеленіске толы өтеді. Бірақ алдағы ойында «Астана» физикалық тұрғыдан сәл шаршаңқы болуы мүмкін. Өйткені олар еурокубокта Норвегияның «Бранн» клубына қарсы ауыр ойын өткізіп, Конференциялар лигасының жалпы кезеңіне жолдама алды. Алаң иелері бұл жағынан кедергіге тап болмаса да, өткен турда тек соңғы секундта ғана «Тобылдан» 1 ұпай алды. Бас бапкер Александр Кержаков көңілі толмайтындығын айтып, қателіктен сабақ шығаруға уәде берген. Бір аптаның ішінде «Қайрат» футболшылары қандай жұмыс жасады екен? Оны осы демалыс күні көретін боламыз. Әзірше «сары-қаралар» кейінгі 3 ойында да жеңіске жеткен. «Астана» клубының еурокубоктағы жарқын кездесулерін көріп, бұл матч та көрермендерге керемет спектакль сыйлайды деп сенеміз.

 

«Шахтер» - «Жеңіс»

Уақыты: 20:00

Тікелей эфир: Sport+ Qazaqstan телеарнасы, Q Football мобильді қосымшасы, QFootball.kz пен QFL.KZ сайттары

Өтетін жері: «Шахтер» стадионы (Қарағанды)

Төрешілер: Сахи Данияр (Қызылорда), Жолдас Бақытжан (Алматы), Мортин Никита (Ақтөбе)

VAR төреші: Затула Александр (Өскемен)

АVAR төреші: Филоненко Дмитрий (Тараз)

Қосалқы төреші: Быстров Дмитрий (Қарағанды)

Инспектор: Сламбеков Қайрат (Алматы)

Турдың соңғы ойыны турнирдің аутсайдерлерінің кездесуімен аяқталады. Турнир кестесінде көш соңында тұрса да, аталмыш кездесудің маңыздылығы өте жоғары. Себебі, OLIMPBET QFL Премьер-лигасынан әлі бірде-бір рет ұшып көрмеген «Шахтер» сәтсіздігін тоқтатқысы келсе, дәл осы турда басты бәсекелесін жеңуі керек. Өз жанкүйерлерінің алдында жергілікті футболшылар барын салса, кімді болса да, жеңетіндігіне бірнеше куә болдық. Осы фактор «Шахтерді» сәл фаворит қылуы мүмкін. Бірақ «Жеңіс» клубы да өз үйіндегі ойындарын осы стадионда өткізетіндігін ескерейік. Премьер-лигада сәтсіз өнер көрсетіп жүргенімен, 1XBET QFL Лига кубогының жартылай финалында «Қайраттан» 2:0 есебімен басым түскенін естен шығармаған жөн. Трансферлік кезеңде бірнеше жаңа футболшылармен қатарын толықтырған «Жеңістің» сапалық жағынан басымдығы бар. Кездесу кімнің пайдасына аяқталар екен?