EN
KZ RU
10 August 2024 19:27
UBET LEAGUE

19-шы тур қорытындысы: «Оқжетпес» 10 матч қатарынан жеңіске жетті

10 August 2024 19:27

8-9 тамыз күндері өткен 1XBET QFL Бірінші лигасының 19-ші турында көш басындағы «Оқжетпес» тағы да жеңіске жетті.

Қандай жайттар тіркелді?

-          7 ойында 27 гол соғылды.

-          27 сары қағаз көрсетіліп, 1 футболшы алаңнан қуылды.

-          «Оқжетпес» 10 матч қатарынан жеңіске жетті.

-          «Ұлытау» футболшысы Шыңғыс Флюк осы маусымда QFL Екінші лига мен 1XBET QFL Бірінші лигасында покер жасап үлгерді.

-          «Қайрат-Жастар» кейінгі 4 матчта қарсылас қақпасына 20 гол соқты.

-          «Қайсар Жас» өз алаңында екінші мәрте есе жіберді.

 

«Түркістан» - «Каспий» - 2:2

Голдар: Бекзат Қабылан, 50 минутта пенальти (0:1), Бейбарыс Әбділхай, 75 минут (1:1), Артем Литош, 88 минут (2:1), Муроджон Халматов, 90+2 минут (2:2)

Бірінші таймда қонақтар «Түркістан» қақпасын қысымға алғанымен, қорғаушылар мен қақпашы белсенділік танытып, гол өткізбеді. Ал үзілістен кейін белгіленген пенальти бұл ойындағы голдарға жол ашты. Бұған дейін «Түркістан» клубы есепті теңестіруге, гол соғуға қиналатын еді. Міне, трансфер кезеңі сол мәселені шешіп берген секілді. Әсіресе «Арыстан» ауысып келген Бейбарыс Әбділхай екінші матч қатарынан ғажап соққысымен өз командасын құтқарды. Тіпті Артем Литош камбэк жасағандай көрінген. Бірақ абырой болғанда Муроджон Халматов ақтаулықтарды сенсациялық жеңілістен аман сақтап қалды.

 

«Жетісай» - «Ақжайық» - 3:0

Голдар: Рамазан Абылайхан, 37 минут (1:0), Әділет Омарбек, 43 минут (2:0), Асылжан Асатулла, 63 минут (3:0)

Өз алаңында өте мықты ойын өрнегін көрсететін «Жетісай» клубы алғашқы минуттарда қонақтарға мүмкіндік берді. Трансфер кезеңінде команданы толықтырған Виктор Грабко өте қауіпті соққысымен көзге түсті. Тек алғашқы жарты сағаттан кейін ғана «Жетісайды» жоспары жүзеге аса бастады. Дәл қазіргі сәтте ойыны жүріп тұрған шабуылшы Рамазан Абылайхан керемет соққысымен алаң иелерін алға шығарды. Артынша клубтың тағы бірі жаңа ойыншысы Әділет Омарбек көзге түсті. Бұл оның жетісайлықтар сапындағы үшінші голы. Екінші таймда Асылжан Асатулла таблоны 3:0 есебіне жеткізсе де, қос тараптың да шабуылдары ысқырық шалынғанша бәсеңдемеді.

 

«Тараз» - «Арыс» - 3:0

Голдар: Нұрдәулет Байбосынов, 6 минут (1:0), Мүслім Жұмат, 90 минут (2:0), Нұрдәулет Байбосынов, 90+3 минут (3:0)

Алаңнан қуылған: Ерсайын Бегалы, 90+2 минут («Арыс»)

Алаң иелері айқын фаворит екендігін алғашқы минуттарда дәлелдеп, жылдам есеп ашты. Бірақ бұл матчта «Арыс» ұжымы да қарап қалмады. Футболшылар деңгейі төмен болса да, қонақтар өз мүмкіндіктерін мүлт жібермеуге тырысты. Әсіресе екінші таймда қосалқы құрамнан шыққан Думан Тұрсынбай бағыттаған добы қақпаның маңдайшасынан қайтты. Жамбылдықтар тек соңғы минуттарда ғана есепті арттырып, 3:0 есебімен жеңіске жетті. Бір ерекшелігі – «Тараз» клубына кейінгі 3 матчта 39 соққы бағытталса да, қақпаларына тек 1 ғана гол жіберді.

 

«Ұлытау» - «Ақтөбе Ж» - 6:0

Голдар: Шыңғыс Флюк, 15 минут (1:0), Азамат Қалымбетов, 17 минут (2:0), Шыңғыс Флюк, 45 минут (3:0), Шыңғыс Флюк, 62 минут (4:0), Шыңғыс Флюк, 72 минут (5:0), Ерасыл Сәрсенбай, 89 минут (6:0)

Жезқазғанда өткен матчтың алғашқы секундтарында-ақ «Ұлытау» клубының жеңіске деген құлшынысы байқалды. Нәтижесі де көп күттірмеді. Бірінші таймның өзінде алаң иелері жауапсыз 3 гол соқты. Екінші таймда да алаң иелері босаңсымай, жеңісті есепті одан әрі ұлғайтты. Ал 90 минут бойы «Ақтөбе Ж» бірде-бір дәл соққы жасай алмады. Трансфер кезеңінде клубты толықтырған Шыңғыс Флюк покер авторы атанып, 7 матчта 7 гол соқты. Жақсы қарқында келе жатқан жезқазғандықтардың шама-шарқы келесі аптада Көкшетауда белгілі болады.

 

«Екібастұз» - «Қайрат-Жастар» - 1:4

Голдар: Мирас Тұрлыбек, 31 минут (1:0), Олжас Байбек, 45+4 минутта пенальти (1:1), Олжас Байбек, 50 минутта пенальти (1:2), Глеб Валгушев, 65 минут (1:3), Сағди Смайылбек, 70 минут (1:4)

«Екібастұз» клубы сапынан бірінші таймда команданы енді ғана толықтырған Диас Орынбасар белсенділік танытып, шабуылға белсене араласса, алматылықтар алыстан допты бағыттап отырды. Нәтижесінде есепті «Екібастұз» ашты. Бірақ бұл гол қонақтардың көңіл-күйін түсірмеді. Тек алға ұмтыла берді. Осылайша бірінші таймның бітіуне санаулы секунд қалғанда «Қайрат-Жастар» тараз басын теңестіріп кетті. Екінші таймдағы жылдам гол да қонақтардың сенімділігін арттырып, одан әрі қарсылас қақпасын торуылдаумен болды. Командаға қосылғалы барлық матчтарда жеңген Диас Орынбасар қайта кездесуді шиеленістіруге тырысты. Бірақ оның тепкен добын алматылықтардың қорғаушысы дәл сызықтан алып шықты. Осылайша, «Қайрат-Жастар» тағы бір мықты ұжымды қапы қалдырып, 2-орынға нық жайғасты.

 

«Қайсар Жас» - SD Family - 1:2

Голдар: Ибрагим Дадаев, 15 минут (0:1), Дінмұхаммед Рүстемұлы, 83 минут (1:1), Диас Аңдырмаш, 90+4 минут (1:2)

Қызылордадағы матч тартысты өтті. Алдымен қонақтар сапынан Ибрагим Дадаев қорғаушының өрескел қателігін тиімді пайдаланып, есеп ашты. Қалған уақыттарда да астаналықтардың есепті еселейтін бірнеше сәттер болғанымен, шабуылды түйіндейтін сұрмерген жетіспей жатты. Өз алаңын қамалға айналдырған «Қайсар Жас» та қарап қалмады. Арасында шабуылдап, лайықты жауап беруге тырысты. Нәтижесінде 83-ші минутта есепті теңестіріп кетті. Бірақ тең есеп SD Family-ді қанағаттандырмай, жеңіс үшін барын салды. Нәтижесінде Диас Аңдырмаштың шебер тепкен добы қақпа торынан табылды. Осылайша, «Қайсар Жас» өз алаңында екінші мәрте жеңілсе, SD Family қонақта небары 3-ші мәрте ғана жеңісті тойлады. Оның екеуі қосымша минутта ғана өздерінің пайдасына шешілді.

 

«Хан-Тәңірі» - «Оқжетпес» - 0:3

Голдар: Дәурен Жұмат, 38 минут (0:1), Елисей Горшунов, 47 минут (0:2), Әлихан Серікбай, 72 минут (0:3)

Осы турдағы орталық матчқа «Оқжетпес» 9 матч бойы жеңіспен келген еді. Ал бұл жеңісті серияны тоқтатын ұжымдардың бірі «Хан-Тәңірі» саналған. Себебі, олар Көкшетау жерінде тең тарқасқан болатын. Енді өз жанкүйерлерінің алдында оңайшылықпен есе жібермей әрі турнир кестесіндегі жағдайын түзеуге талпынуға тиіс еді. Бірақ қонақтар өз мүмкіндіктерін өте шебер пайдаланып кетті. Аз шабуылдаса да, 5 дәл соққының үшеуін голға айналдырды. Алматылықтар алға қанша ұмтылғанымен, сол күйі 100 пайыздық мүмкіндікке ие бола алмады. Бұл жеңілістің салдарынан «Хан-Тәңірі» турнир кестесінде 6-орынға құлдырады.

 

Айта кетейік, 1XBET QFL Бірінші лигасының 20-шы тур ойындары 15-16 тамыз күндері болады.