1ХВЕТ QFL ЛИГА КУБОГЫ БАСТАЛДЫ: ҚОБЫЛАНДЫ БАТЫР СТАДИОНЫНДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ЖЕҢІС1ХВЕТ QFL Лига Кубогы басталды: Қобыланды батыр стадионындағы алғашқы жеңіс
Футболдан 25-26 мамыр күндері өткен 1ХВЕТ QFL Лига кубогы атты жаңа турнирде «Ақтөбе» клубы бірінші рет осы маусымда Қобыланды батыр атындағы стадионда жанкүйерлерін қуантты.
Қандай жайттар тіркелді?
- 8 ойында 23 гол соғылды;
- «Жеңіс» қорғаушысы Марин Беланчич 1XBET QFL Лига кубогының бірінші голының авторы атанды;
- Бразилия футболшысы Жоау Пауло хет-триктің авторы атанды;
- 36 сары қағаз көрсетіліп, 5 ойыншы алаңнан қуылды;
- «Каспий» - «Шахтер» матчында 6 сары қағаз және 2 қызыл қағаз көрсетілді;
- «Қайрат» - «Ақжайық» матчында бірде-бір ескерту тіркелмеді;
«Жеңіс» - «Тобыл» - 2:0
Голдар: Марин Беланчич, 27 минут (1:0), Владислав Прокопенко, 83 минут (2:0)
Дәл соққылар статистикасы: 7:2
Қазақстанда бастауын алған жаңа турнирдің бірінші голының авторы – 23 жастағы хорват Марин Беланчич. Расын айту керек, негізгі құрам белгілі болғанда-ақ «Жеңістің» жеңетіндігі айқын болды. Себебі, алаң иелері негізгі құрамның ойыншыларына сенім артса, қостанайлықтар Екінші лигадағы жастарына тәжірибе жинауына мүмкіндік берді. Нәтижесінде астаналық команда «Тобылдың» қателіктерін ұтымды пайдаланып, бірінші жеңісін тойлады.
«Атырау» - «Ордабасы» - 0:0
Алаңнан қуылған: Ринат Жұматов, 76 минут («Атырау»)
Дәл соққылар статистикасы: 3:3
«Атырау» клубы бұл ойынға «Тұрмыстық зорлыққа жол жоқ» деген ерекше формамен ойнап шықты. Қос ұжым жартылай қосалқы құраммен алаңға шықты. Себебі, «Атырау» үшін ең маңызды кездесу 29 мамыр күні OLIMPBET QFL Қазақстан кубогының жартылай финалы болмақ. Матч барысында командалар бірнеше соққы жасағанымен, дәл соққылар аз тіркелді. Ал 76-шы минутта алаң иелерінен Ринат Жұматов ұлттық құрамаға шақырылған Айбол Әбікенге қарсы қауіпті ойнағаны үшін алаңнан қуылып кетті. Десе де қалған уақытта шымкенттіктер гол соғатындай сәттері онша бола қоймады.
«Елімай» - «Тұран» - 3:0
Голдар: Иван Свиридов, 20 минут (1:0), Жан Али Пайруз, 55 минут (2:0), Сада Тиуб, 82 минут (3:0)
Алаңнан қуылған: Артем Архипов, 33 минут («Тұран»)
Дәл соққылар статистикасы: 7:1
Қандай матч болмасын, семейлік жанкүйерлер стадионды лық толтырады. Осы жолы да солай болды. «Елімай» бұл ойынға біршама өзгерістер енгізді. Себебі, оларды 29 мамыр күні сырт алаңда «Ақтөбеге» қарсы өте ауыр матч күтіп тұр. Сондықтан негізгі құрамда қақпашы Рахат Мавликеев бірінші рет шықса, ал маусымда қосалқы құрамнан шығып жүрген Дмитрий Шомко, Сади Тиуб, Жан Али Пайруз т.б футболшылар бірінші минуттан бастап доп тепті. Дәл осы Жан Али Пайруз 1 гол және 1 нәтижелі пас шығарып, басты қаһарман атанды. Кездесу бірден жоғары қарқында басталып, гол ұзақ күттірмеді. Алаң иелерінің прессингі «Тұранның» қателесуіне жол беріп, Иван Свиридов есеп ашты. Жанкүйерлердің қолдауы, алаң қожайындарының алға ұмтылуымен бірге «Тұранның» шабуылшысы Артем Архиповтың төрешіге айтқан сөзі қонақтарды одан әрі қиын жағдайға қалдырды. Бұған дейін де гол соға алмаған түркістандықтар қалған уақытта одан әрі қақпаларына гол жіберіп, ұпайсыз қалды. Айтпақшы, соңғы секундқа дейін жанкүйерлерін ұстайтын «Елімай» осы жолы 80 минутта кездесу тағдырын шешті.
«Ақтөбе» - «Қайсар» - 2:0
Голдар: Хосе Севальос, 29 минут (1:0), Максим Самородов, 68 минут (2:0)
Дәл соққылар статистикасы: 7:5
Бұған дейін Қобыланды батыр стадионында 12 мыңнан астам жанкүйердің көз алдында «Астана» мен «Ордабасымен» тең тарқасқан «Ақтөбе» ақыры жеңіске жетті. 90 минут бойы ойын тізгінін ұстаған алаң иелері сапынан Хосе Севальостың керемет ойыны мен Максим Самородовтың сұрапыл голы барлық көрермендерді тәнті етті. Екінші қабатта жақсы допқа таласатын «Қайсар» бірнеше рет баспен соққы жасауға мүмкіндік алғанымен, бағыттаған соққылары қақпадан биік кетті. Есеп 2:0.
«Жетісу» - «Астана» - 2:1
Голдар: Серікжан Мужиков, 7 минут (1:0), Ннамди Франклин Аханону, 11 минут (1:1), Антон Шрамченко, 74 минут (2:1)
Дәл соққылар статистикасы: 2:3
Талдықорғандағы матчқа қос команда да негізгі құрамын шығарды. Тек «Астана» сапынан Ян Вороговский, Усман Камара секілді футболшылар қосалқы құрамда қалды. Осы маусымда OLIMPBET QFL Премьер-лигада «Жетісудің» бірінші голын соққан Серікжан Мужиков осы жолы да жаңа турнирде белсенді. Оның керемет орындаған айып соққысына қақпашы тек көз қиығымен ғана шығарып салды. Бірақ қонақтар тез арада есепті теңестіріп кетті. Командаға жаңадан қосылған Ннамди Аханонудың күтпеген жерден допты теуіп, Арсен Сиукаевқа секіруге де мұрша бермеді. Екінші таймда «Астана» бұрыштамадан көтерілген допты сүңгітуге жақын қалған. Бірақ OLIMPBET QFL Премьер-лигада 2 мәрте «үздік ойыншы» номинациясын жеңіп алған Арсен Сиукаев керемет сейвімен командасын құтқарып қалды. Артынша алаң иелері сапынан қосалқы құрамнан шыққан Антон Шрамченко мен Абылайхан Жұмабекті алдыңғы шепті кәдімгідей күшейтіп, гол соғып кетті. Бірақ осы жерде төреші біршама уақыт VAR-ға жүгініп, Марат Быстровқа қарсы ереже бұзылғанын-бұзылмағанын ақылдасып, ақыры голды есептеді. Қалған уақытта астаналықтар нәтижелі шабуылдар ұйымдастыра алмады. Есеп: 2:1.
«Каспий» - «Шахтер» - 1:0
Гол: Антон Толордава, 88 минутта автогол (1:0)
Алаңнан қуылғандар: Санат Жұмаханов, 66 минут («Каспий»), Алмас Төлібай, 85 минут («Шахтер»)
Дәл соққылар статистикасы: 5:4
Қос лиганың айырмашылығы үлкен болғанымен, «Каспий» мен «Шахтердің» деңгейі шамалас еді. Қарағандылықтардың легионерлері көп болса да, гол соғудан қиналып жүргені және турнир кестесіндені төменгі орны әсер еткен еді. Мамандар топшылағандай, бұл матч өте тартысты өтті. Жаңаөзенге жиналған жанкүйерлер пенальтиден басқасының барлығына куә болды. Екінші таймда Санат Жұмаханов «Каспийді» қиын жағдайға қалдырғанымен, «Шахтер» керемет мүмкіндіктерін голға айналдыра алмады. Тіпті қақпашымен жеке дара қалса да, тебе алмай қалған сәттер болды. Ал қарымта шабуылға жүгінген алаң иелерінің кезекті ұмтылысын Алмас Төлібай тоқтатып, алаңдағы футболшылар санын теңестіріп берді. Ал ауттан лақтырылған доп кездейсоқ «Шахтер» қорғаушысы Антон Толордаваның басына тиіп, күтпеген жерден ақтаулықтар гол соқты. Қалған уақытта да есепті еселейтін мүмкіндіктер болғанымен, «Каспий» есепті еселей алмады. Есеп: 1:0.
«Тараз» - «Қызылжар» - 1:2
Голдар: Абзал Мұқанбетжанов, 13 минут (1:0), Борис Цмилянич, 58 минут (1:1), Ұлар Жақсыбаев, 90 минут (1:2)
Дәл соққылар статистикасы: 2:9
Алаңнан қуылған : Мирас Жақсымбетов, 90+1 минут («Тараз»)
Бес матч бойы қарсыласына гол соға алмай келе жатқан «Қызылжар» осы кездесуде қолдан келгеннің барлығын жасады. Алаң иелері сапынан Абзал Мұқанбетжанов гол соғып, қарсыластар қақпасына қауіп туындатқанымен, тәжірибелі «Қызылжар» 90 минут бойы шабуылдаудан тынбады. Егер «Тараз» қақпашысының керемет сейвтері болмағанда, бәлкім қонақтар ірі есеппен де жеңіп кетер ме еді. Тек соңғы минуттағы бұрыштамадан соғылған гол жамбылдықтарды ұпайсыз қалдырды. «Қызылжар» бұған дейін жеңісі OLIMPBET QFL Қазақстан кубогының 1/8 финалында «Оңтүстікке» қарсы тіркелген болатын.
«Қайрат» - «Ақжайық» - 9:0
Дәл соққылар статистикасы: 13:1
Голдар: Александр Широбоков, 13 минут (1:0), Иброхимхалил Юлдошев, 28 минут (2:0), Вячеслав Швырев, 33 минут (3:0), Жоау Пауло, 38 минут (4:0), Жоау Пауло, 43 минут (5:0), Элдер Сантана, 51 минут (6:0), Әділет Садыбеков, 58 минутта пенальти (7:0), Жоау Пауло, 74 минут (8:0), Гиорги Зариа, 79 минут (9:0)
«Қайрат» клубы OLIMPBET QFL Премьер-лигада көптеген мүмкіндіктерін голға айналдыра алмай, ұпай жоғалтып жүр еді. Міне осы кездесуде олар 1XBET QFL Бірінші лиганың ұжымымен кездессе де, мықты құрамын алаңға шығарды. 1XBET QFL Бірінші лиганың өзінде сәтсіз өнер көрсетіп жүрген оралдықтар азулы «Қайратқа» қалай тұрсын... Бірінші таймның өзінде алаң иелері 7 дәл соққы жасап, 5 гол соқты. Екінші таймда Элдер Сантана өз ойындағы керемет голын салса, артынша туған күн иесі Әділет Садыбеков те пенальтиден мергендік танытты. Жоау Пауло хет-триктің авторы атанса, Гиорги Зария «Қайрат» сапындағы екінші голын соқты. Бұл голдар алдағы уақытта ойыншылардың сенімдерін арттырады деген ойдамыз.
Енді 1XBET QFL Лига кубогының екінші туры 6-7 шілде күндері өтеді.