EN
KZ RU
14 August 2024 13:48
UBET LEAGUE

20-шы тур аңдатпасы: «Ұлытау» көшбасшыға тосқауыл бола ма?

14 August 2024 13:48

15-16 тамыз күндері 1XBET QFL Бірінші лигасының 20-шы турында «Ұлытау» клубы өз алаңында «Оқжетпесті» тоқтатуға тырысады.

 

15 тамыз

 

«Алтай» - «Тараз»

Уақыты: 15:00

Тікелей эфир: Q Football телеарнасы, Q Football мобильді қосымшасы, QFootball.kz пен QFL.KZ сайттары

Өтетін жері: «Восток» (Өскемен)

Төрешілер: Попов Сергей (Астана), Стасенко Виктор, Бектұров Әлібек (екеуі де Талдықорған)

Қосалқы төреші: Затула Александр (Өскемен)

Инспектор: Уфимцев Сергей (Алматы)

Бұл жұпта анық фаворит жоқ. Себебі, «Алтай» клубы 4 матч бойы жеңілмей келе жатса, «Тараз» үш жеңіс сериясының арқасында ТОП-5 команданың қатарына кірді. Алайда жамбылдықтарды 3-орындағы «Жетісайдан» 1 ғана ұпай бөліп тұр. Өскемендіктер өз алаңында көп ұпай ала бермейтін ұжым. Олар 6 кездесуде небары 6 ғана ұпай алған. Өткен турда SD Family-ден соңғы минуттарда ғана 1 ұпай ала алды. «Тараз» болса, сырт алаңда өткізген кейінгі 2 ойында да жеңіспен оралды. Осы жолы да бәсекелестерінен қалмау үшін, 3 ұпай алуға тырысады.

 

«Ақжайық» - «Түркістан»

Уақыты: 17:00

Тікелей эфир: Q Arena телеарнасы, Q Football мобильді қосымшасы, QFootball.kz пен QFL.KZ сайттары

Өтетін жері: «Ақжайық» стадионы (Орал қ.) 

Төрешілер: Ысқақов Марат (Астана), Мортин Никита (Ақтөбе), Ташметов Фарходжан (Астана)

Қосалқы төреші: Талапкеров Нариман (Орал)

Инспектор: Қызылбаев Бақыт (Ақтөбе)

Турнир кестесінің төменгі сатыларында тұрғанымен, ұжымдардың теке-тіресі тартысты өтетіні даусыз. Біріншіден, клубтардың арасын небары 3 ұпай ғана бөліп тұр. Егер «Ақжайық» 3 ұпай алса, ұшу аймағынан алыстайды. Оралдықтар тура бір ай бұрын SD Family-ды жеңіп, сенсация жасап еді. Астаналықтардан басым түскен олардың «Түркістанға» да шамасы жетуге тиіс. Бірақ қонақтарды да ескермей қалуға болмайды. Трансфер кезеңінде құрамына көптеген өзгерістер жасаған «Түркістан» клубы өткен турда «Каспиймен» ұпай бөлісіп, бәсекелестікке де қауқарлы екенін дәлелдей алды.

 

«Ұлытау» - «Оқжетпес»

Уақыты: 17:00

Тікелей эфир: Q Football телеарнасы, Q Football мобильді қосымшасы, QFootball.kz пен QFL.KZ сайттары

Стадион: «Металлург» (Жезқазған)

Төрешілер: Қарабаев Саят (Астана), Конивец Артем, Быстров Дмитрий (барлығы Қарағанды)

Қосалқы төреші: Бильдинов Михаил (Қарағанды)

Инспектор: Вишниченко Анатолий (Қостанай)

Турдың орталық ойынында «Ұлытау» мен «Оқжетпес» өзара кездеседі. Жезқазғандық ұжым кейінгі матчтарында қарқынын арттырып, ТОП-5 команданың қатарына кірді. Ал көкшетаулықтар қарсыластарынан оқ бойы озып тұр. Қазіргі сәтте «Оқжетпес» 42 ұпаймен турнир кестесінде бірінші, ал «Ұлытау» 33 ұпаймен төртінші орында тұр. Көкшетаулықтар кейінгі 10 ойында 1 ғана гол өткізген. Жетістіктерінің басты артықшылығы да қорғаныстың мықтылығында болып тұр. Алайда трансфер кезеңінде «Ұлытауды» толықтырған Шыңғыс Флюк 7 матчта 7 гол соғып, нағыз сұрмерген екенін көрсетуде. Алдағы маңызды ойында бұл футболшы командасына ұпай сыйлай ала ма екен?

 

16 тамыз

 

«Ақтөбе Ж» - «Хан-Тәңірі»

Уақыты: 17:00

Тікелей эфир: Q Arena телеарнасы, Q Football мобильді қосымшасы, QFootball.kz пен QFL.KZ сайттары

Өтетін жері: ОМБЖОРСМ стадионы (Ақтөбе қ.)

Төрешілер: Аманкелдин Бекарыс, Ысқақов Темірбек, Равдель Вячеслав (барлығы Орал)

Қосалқы төреші: Оңғарбаев Рустам (Ақтөбе)

Инспектор: Мельников Максим (Ақтау)

Күнтізбелері ауыр болған командалар 3-4 реттен жеңіліс сериясын тіркеді. Салдарынан турнир кестесінде 2-орында тұрған «Хан-Тәңірі» бірден 6-орынға сырғыды. Олар үшін алдағы матчта жеңісті жолға түсуге жақсы мүмкіндік. Себебі, бірінші айналымда алматылықтар 6:2 есебімен сенімді түрде қарсыласын ұтқан болатын. «Ақтөбе» жастарының қорғанысын да тасқамал деуге келмейді. Әзірше ақтөбеліктер 13-орында тұрғанымен ең көп 49 гол жіберді. Диас Қалыбаев сынды сұрмергені бар «Хан-Тәңірі» ұжымы міндетті түрде қарсылас қақпасының саңылауын табары анық.

 

SD Family – «Каспий»

Уақыты: 17:00

Тікелей эфир: Q Football мобильді қосымшасы, QFootball.kz пен QFL.KZ сайттары

Өтетін жері: Sydykbek Arena стадионы (Астана)

Төрешілер: Нурмустафина Эльвира (Алматы), Әліқұлов Ержан, Үсенбаев Нұрхат (екеуі де Түркістан обл.)

Қосалқы төреші: Хамзин Дархан (Астана)

Инспектор: Богданов Олег (Семей)

Астаналықтар кейінгі турларда соңғы минутқа дейін жанталасып, жеңісті жұлып алатындығын көрсетті. SD Family өз алаңында жеңілмейді деген «Жетісай», «Қайсар Жас» ұжымдарынан 3 ұпайды олжалады. Sydykbek Arena стадионындағы кейінгі 4 кездесуде 17 мәрте қарсылас қақпашысын қапы қалдырған. Осыдан-ақ бұл матчтың тартысты өтетіндігін аңғаруға болады. Оның үстіне «Каспий» әлі де дағдарыстан шыға алмай, турнир кестесінде құлдилап барады. Егер ақтаулықтар алдағы турда ұпай жоғалтса, астаналықтардың басып озуына мүмкіндік бермек. Жоғары лигада ойын тәжірибесі бар, трансфер кезінде «Каспийді» күшейткен Бақдәулет Зұлфықаровтың алдағы матчта өзін көрсететін сәті де туындап тұр.

 

«Жетісай» - «Екібастұз»

Уақыты: 17:00

Тікелей эфир: Q Football телеарнасы, Q Football мобильді қосымшасы, QFootball.kz пен QFL.KZ сайттары

Стадион: Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадион (Жетісай қ.)

Төрешілер: Жантуғанов Еркен (Кызылорда), Арыстанбай Шыңғысхан, Ташметов Сардар (екеуі де Шымкент)

Қосалқы төреші: Мұсалы Сейітмағзұм (Түркістан обл.)

Инспектор: Көпжасар Бейбіт (Қызылорда)

Бірінші айналымдағы қос ұжымның матчы драмаға толы болып, «Екібастұз» бір футболшыға кем ойнаса да, жеңісті жұлып алған еді. Алайда мамыр айынан бері қонақтардың құрамы айтарлықтай өзгеріске ұшырады. Енді өз алаңдарында ғана емес, сырт жерде де ұпай алуға қауқарлы. Оның айқын бір дәлелі – кейінгі 2 матчта «Каспий» мен «Ақтөбе Ж» командасын жеңуі. Өткен турда өз алаңдарында жеңілді демесеңіз, «Екібастұздың» 4 жеңіс сериясы болған. «Жетісайдың» өз алаңында басымдықты бермейтіндігі түсінікті. Әзірше бұл ұжым өз алаңындағы матчтардың қорытындысы бойынша 2-орында тұр. Жалпы турнир кестесінде де жоғары сатыларда тұрған жетісайлықтар OLIMPBET QFL Премьер-лигаға үмітті болса, міндетті түрде 3 ұпай алуы тиіс.


«Арыс» - «Қайсар Жас»

Уақыты: 17:00

Тікелей эфир: Q League телеарнасы, Q Football мобильді қосымшасы, QFootball.kz пен QFL.KZ сайттары

Өтетін жері: Орталық стадион (Арыс қ.)

Төрешілер: Халилов Муродбек (Шымкент), Мыңбаев Әлішер (Қаратау), Арынханов Нұрдәулет (Алматы)

Қосалқы төреші: Филипчук Евгений (Шымкент)

Инспектор: Абданбаев Асхат (Тараз)

«Арыс» 11 матч бойы жеңіске жете алмай келе жатса, «Қайсар-Жас» осы маусымда түзде өткізген 9 ойында да 3 ұпай бұйырмады. Алаң иелерінің бір кемшілігі – өте аз гол соғады әрі сұрмерген табылмай тұр. Бірінші айналымда алыстан допты шиыра тебетін Бейбарыс Әбділхай да командадан ауысып кетті. Бір ғана мысал, «Арыстың» кейінгі 3 голының екеуін қорғаушылар соққан. Әрине, өз жанкүйерлерінің алдында намысқа тырысатыны сөзсіз. Бірақ ол жеткілікті ме? Өйткені, қызылордалықтар кейінгі сырт алаңдағы ойындарында қарсыластарынан кем түсіп жүрген жоқ. «Таразға» қарсы кездесуде 18 соққы бағыттады. Тек дәлдік жетіспеді. Сондықтан қонақтардың сәл басымдығы бар.