EN
KZ RU
18 August 2024 08:51
UBET LEAGUE

20-шы тур қорытындысы: «Ұлытау» сенсациялық жеңіске жетті

18 August 2024 08:51

15-16 тамыз күндері өткен 1XBET QFL Бірінші лигасының 20-шы турында «Ұлытау» клубы өз алаңында «Оқжетпестің» 11 матчқа жалғасқан жеңіліссіз сериясын тоқтатты.

 

Қандай жайттар тіркелді:

- 7 ойында 22 гол соғылды.

- 30 сары қағаз көрсетіліп, 4 футболшы алаңнан қуылды.

«Арыс» 3 айдан кейін жеңіске жетті.

- «Алтай» клубы Сергей Хижниченко соққан матчтарда жеңіске жетіп келеді.

- «Каспий» жаңа бас бапкерімен 1,5 айдан кейін 3 ұпай алды.

- «Оқжетпестің» 11 матчқа созылған жеңіліссіз сериясы тоқтады.

 

«Алтай» - «Тараз» - 2:1

Голдар: Димаш Серікұлы, 11 минут (0:1), Сергей Хижниченко, 14 минут (1:1), Гаврил Кан, 68 минутта пенальти (2:1)

«Тараз» клубы қатарынан 3 жеңіске қол жеткізген соң, жоғарғы бөлікте таласқа араласты. «Алтай» ұжымы ұшу аймағынан алыстап алған соң, биылғы маусымда айтарлықтай қауіп жоқ. Алдағы клубтар да біршама ұпай ұзап кеткен. Кездесудің алғашқы минуттарында «Алтай» футболшылары қорғаныста өрескел қателік жіберіп, Димаш Серікұлының белсенуіне мүмкіндік берді. Қонақтардың басымдығы көпке бармады. 3 минуттан кейін жарақаттан оралған Сергей Хижниченко тараз басын теңестірді. Бір қызығы, бұл футболшы гол соқса, команда міндетті түрде жеңіске жетеді. Осы жолы да солай болды. Екінші таймда қонақтар өз айып алаңында ереже бұзып, Гаврил Кан пенальтиді сәтті орындады. Қалған уақытта гол соғылмай, өскемендіктер камбэк жасап кетті. Бұл «Алтай» клубының осы маусымда өз алаңында тіркеген небары екінші жеңісі.

 

«Ақжайық» - «Түркістан» - 3:1

Голдар: Иван Антипов, 9 минут (1:0), Автогол, 47 минут (1:1), Тимур Реджепов, 80 минут (2:1), Айбар Ахмет, 90+6 минут (3:1)

Алаңнан қуылған: Санжар Батырханов, 65 минут («Түркістан»)

Турнир кестесінде көршілес орналасқандықтан, бұл матчтың маңыздылығы жоғары болды. Осындай ойындарда «Ақжайық» жеңіске жетпесе, QFL Екінші лигасының да ауылы алыс емес еді. Сондықтан бастапқы минуттарда алаң қожайындары басымдықты алып, жылдам есеп ашты. Әсіресе «Ақжайық» екінші қабатта айтарлықтай қауіп төндірді. «Түркістан» клубы да қорғаныстың қателігін қолдануға тырысқанымен, белсене алмады. Екінші таймның алғашқы минутында күтпеген жерден алаң ортасында Тимур Реджепов шабуылдың екпінін қайтару үшін өз қақпасына тепкен еді. Бірақ қақпашы соққыға дайын болмай шықты. Одан кейін ойын барысы саябырсыды. Тек 65-ші минутта «Түркістан» футболшысы қуылып, «Ақжайық» қайта басымдыққа ие болды. Нәтижесінде 80-ші минутта Тимур Реджепов өз қателігін түзеп, бұрыштамадан гол соқты. Ал соңғы минутта 18 жастағы Айбар Ахмет алыстан мергендік танытып, ойын нүктесін қойды.

 

«Ұлытау» - «Оқжетпес» - 2:0

Голдар: Абзал Таубай, 9 минут (1:0), Демият Сламбеков, 35 минут (2:0)

«Оқжетпестің» 3 айға жалғасқан жеңіліссіз сериясы ақыр тоқтады. Осы аралықта көкшетаулықтар 10 жеңіс, 1 тең көрсеткіш тіркеген болатын. Ал осы матчта алаң иелерінің жеңіске деген құлшыныстары бірінші таймда-ақ байқалды. Абзал Таубай 9-шы минутта «Ұлытауды» алға шығарды. Фаворит саналған «Оқжетпес» те саспай, айтарлықтай қарымта шабуыл ұйымдастырған. Бірақ нақты 100% гол соғатындай сәт туындамады. 35-ші минутта Демият есепті еселеген соң, жезқазғандықтар қорғаныста жатпай, одан әрі гол басымдығын ұлғайтуға тырысты. Бірақ одан кейін есеп өзгермеді. Есеп: 2:0. «Ұлытау» 1XBET QFL Бірінші лигасындағы интриганы қайта жаңғыртты.

 

«Ақтөбе Ж» - «Хан-Тәңірі» - 0:2

Голдар: Диас Төлеу, 52 минут (0:1), Нұрдәулет Ағзамбаев, 89 минут (0:2)

Алаңнан қуылған: Рүстем Габдрахманов, 76 минут («Ақтөбе Ж»)

Турнирдің басты аутсайдері алғашқы минутта азулы қарсыласынан еш қорықпай, батыл түрде шабуыл жасады. Алғашында қонақтарды қақпа бағаны құтқарса, екінші сәтте тәжірибелі қақпашы Андрей Пасеченко өте керемет сейвтің авторы атанды. Екінші таймда «Хан-Тәңірі» алдыңғы шепте жинақылық танытып, алға шықты. Одан кейін де қонақтардың ірі есеппен жеңетіндей мүмкіндігі болғанымен, Евгений Ситдиков та жанкештілікпен командасын қорғаумен болды. Тек 89-шы минутта ғана қосалқы құрамнан шыққан Нұрдәулет Ағзамбаев матчтың нүктесін қойды.

 

SD Family – «Каспий» - 1:2

Голдар: Қасымжан Таипов, 28 минут (0:1), Шадман Бакиров, 79 минут (1:1), Ерлан Қадырбаев, 90+2 минут (1:2)

«Каспийге» қайта ТОП-5-тегі орынын сақтау үшін, міндетті түрде жеңіске жету керек еді. Бірақ қарсылас оңай болмады. SD Family бірінші таймда оңайшылықпен ұпай бермейтіндігін көрсетіп, бірнеше шабуыл ұйымдастырды. Ал «Каспий» санаулы бірақ стандартты жағдайды оң пайдаланып, гол соқты. Екінші таймда астаналықтар бірнеше өзгеріс жасағанымен, 79 минутта ғана тараз басын теіестіре алды. Бірақ қонақтар тең есепке көңілдері толмай, ақыры негізгі уақытқа қосылған екінші минутта жеңісті жұлып алды.

 

«Жетісай» - «Екібастұз» - 3:2

Голдар: Ернар Қоспайев, 16 минут (1:0), Рамазан Абылайхан, 54 минут (2:0), Даниал Какенов, 58 минут (2:1), Әділет Омарбек, 61 минут (3:1), Карам Сұлтанов, 74 минут (3:2)

Жетісай қаласындағы ойын тартысқа толы болатындығы әбден түсінікті еді. Өйткені командалар алдыңғы шепте доп тепкенді ұнатады. Осы жолы қонақтар сапынан Диас Орынбасар белсеніп, қауіпті соққыларымен есте қалды. Алайда бірінші голды Ернар Қоспайев соқты. Бұл голдан кейін «Жетісай» толық басымдыққа ие болып, бірінші таймның өзінде қақпашының бірнеше рет мазасын алды. Екінші таймда жанкүйерлер тағы 4 голдың куәсі болды. Жетусайлықтар сапында үнемі гол соғып жүрген Рамазан Абылайхан мен Әділет Омарбек 3 ойын қатарынан көзге түсті. Бұл голдар алаң иелерінің жеңісіне жеткілікті болып, ТОП-3-тегі орындарын сақтап қалды.

 

«Арыс» - «Қайсар Жас» - 2:1

Голдар: Әділет Мыңбай, 20 минут (1:0), Нұрдәулет Әмірбек, 48 минут (1:1), Думан Тұрсынбай, 90+2 минут (2:1)

Алаңнан қуылғандар: Асылжан Аббас, 55 минут («Арыс»), Темірлан Мурзагалиев, 61 минут («Қайсар Жас»)

Арыс қаласындағы матч тартысқа толы болды. Себебі, ұшу аймағындағы «Арыс» клубының қатарластары ұпай алған болатын. Сондықтан алаң иелеріне қалай дегенде де намысқа тырысу қажет еді. Алғашқы минуттарда қонақтар басымдық танытқанымен, «Арыс» қорғаныстағы қателікті пайдаланып есеп ашты. Әділет Мыңбай бұған дейін Қызылордадағы матчта да көзге түскен болатын. Екінші таймда Нұрдәулет Әмірбектің айып алаңынан бағыттаған жойқын соққсына ешкім тосқауыл бола алмады. Есеп: 1:1. Артынша қос команда сапынан да футболшылар өрескел ойнағаны үшін алаңнан қуылып кетті. Осы орайда 2 ұжымның да жеңіске жететін мүмкіндіктері болды. «Қайсар-Жастың» шабуылына қақпашы тосқауыл болса, «Арыстың» шабуылына қақпашы ерте шығып, гол кіргізуге мәжбүр болды. Міне, осылайша «Арыс» 3 айдан кейін ғана өз алаңында 3 ұпай ала алды.

 

Айта кетейік, 1XBET QFL Бірінші лигасының 21-ші тур ойындары 22-23 тамызда өткізіледі.