EN
KZ RU
21 August 2024 14:07
UBET LEAGUE

21-ші тур аңдатпасы: «Каспий» қайта таласқа қосыла ма?

21 August 2024 14:07

22-23 тамыз күндері 1XBET QFL Бірінші лигасының 21-ші турында «Каспий» өз алаңында турнирдің басты сенсациясы саналып келе жатқан «Жетісайды» қабылдайды.

 

22 тамыз

 

«Алтай» - «Ұлытау»

Уақыты: 15:00

Тікелей эфир: Q Football телеарнасы, Q Football мобильді қосымшасы, QFootball.kz пен QFL.KZ сайттары

Өтетін жері: «Восток» (Өскемен)

Төрешілер: Никлевич Владимир (Петропавловск), Хамзин Дархан (Астана), Оразбеков Айдос (Алматы)

Қосалқы төреші: Қадыров Жалғас (Өскемен)

Инспектор: Сереков Аскар (Қызылорда)

Екі команда да дәл қазіргі сәтте бабында. «Алтай» 5 матч бойы жеңіліссіз сериямен келе жатыр. Соңғы рет өскемендіктер дәл осы қарсыластан Жезқазған төрінде жеңілген болатын. Оның өзінде соңғы минуттарда Шыңғыс Флюк жеңіс голын соққан еді. Енді кеткен есені қайтаратын керемет мүмкіндік. Алайда қонақтар да жақсы формада. Оның үстіне «Ұлытаудың» күнтізбесі өте қиын болып, «Хан-Тәңірі», «Оқжетпес» сынды өздерінен мықты клубтарды тізе бүктірді. ТОП-3-тен 1 ғана ұпай қалып тұрған жезқазғандықтардың мотивациясы жоғары екендігі айтпаса да түсінікті. Сергей Хижниченко кезекті рет өз алаңында жарқын жеңіс сыйлай ма екен? Әлде «Ұлытау» кезекті кедергіні сәтті өткере ме? Барлығын бейсенбі күні білетін боламыз.

 

«Қайрат-Жастар» - «Ақжайық»

Уақыты: 17:00

Тікелей эфир: Q Football телеарнасы, Q Football мобильді қосымшасы, QFootball.kz пен QFL.KZ сайттары

Өтетін жері: Тимур Сегізбаев атындағы академия стадионы (Алматы қ.)

Төрешілер: Жұмашев Нұржан (Қызылорда), Быков Антон (Атырау), Дышкант Дмитрий (Талдықорған)

Қосалқы төреші: Сержанұлы Біржан (Алматы)

Инспектор: Попов Андрей (Павлодар)

«Қайрат-Жастар» аталмыш матчқа 2 апталық үзілістен кейін оралмақ. Осынша уақытта олар қарсыластарын әбден зерттеп алған да болар. Өз алаңында жарқын ойын үлгісін көрсететін алматылықтар 6 матч бойы қонақтарды құр қол қайтарды. Тұрақтылықтың арқасында екінші орынға да көтерілді. Алда турнирдің басты аутсайдері – «Ақжайық». Кестеде төменгі орында келе жатқанымен, оралдықтар жанын салып күресуде. Тек қонақта өте сәтсіз ойнайды. Алаң иелерінің кезекті перфомансын көре аламыз ба? Дәл қазіргі сәтте «Ақжайықтың» қарсыласқа не ұсына алатындығы да белгісіз.

 

«Екібастұз» - «Қайсар Жас»

Уақыты: 17:00

Тікелей эфир: Q League телеарнасы, Q Football мобильді қосымшасы, QFootball.kz пен QFL.KZ сайттары

Өтетін жері: «Шахтер» стадионы (Екібастұз қ.)

Төрешілер: Бильдинов Михаил, Русяев Алексей (екеуі де Қарағанды), Шепелев Владимир (Сарань)

Қосалқы төреші: Будниченко Дмитрий (Екібастұз)

Инспектор: Мұхамедияров Шараф (Семей)

«Екібастұз» клубы үшін ащы жеңілістен арылуға керемет мүмкіндік. Ауыр ойындардағы сәтсіздіктен кейін голдарды топырлатып салып, жігерлерін көтеруге тырысатындығы анық. Оның үстіне «Қайсар Жас» өткен турда көш соңындағы «Арысқа» 3 ұпай ұстатқаннан соң, бұл жерде 3 ұпай тұрмақ, 1 ұпай алады дегенге де сену қиындау. Бірақ доп домалақ. Бәлкім, қызылордалықтар да айды аспанға шығарып қалар ма екен? Алайда кіл талантты футболшылар жиналған алаң иелерінің бәсі жоғары болып тұр. Турнирлік кесте жағынан да «Екібастұз» клубының жоғарғы орындарға таласқа түсуіне әлі кеш емес.

 

«Каспий» - «Жетісай»

Уақыты: 19:00

Тікелей эфир: Q Football телеарнасы, Q Football мобильді қосымшасы, QFootball.kz пен QFL.KZ сайттары

Өтетін жері: Әмин Тұяқов атындағы стадион (Жаңаөзен қ.)

Төрешілер: Талапкеров Нариман, Шыңғысов Ерболат, Авакянц Данила (бәрі Орал)

Қосалқы төреші: Ыдырысов Сағадат (Ақтау)

Инспектор: Исаев Кеңес (Қызылорда)

Бірінші айналымда командалар 0:0 есебімен тең тарқасқан еді. Енді тең есеп қос тарапты да қанағаттандырмайды. Клубтардың жеңіс үшін барын салатындығы түсінікті. Ақтаулықтар бірнеше жеңіссіз сериядан кейін турнир кестесінде құлдилап кетті. OLIMPBET QFL Премьер-лигаға ұмтылатын ұжым үшін басты бәсекелесті ұту маңызды әрі тиімді болмақ. Клубқа жаңадан келген Қуаныш Қабдоловтың тек жоғарғы орындардан үмітті екенін бұған дейінгі маусымдарда көрген едік. Ал «Жетісай» ТОП-3-тек тұр. Бірақ алдағы ойындағы жеңіліс төменге түсуіне әсер етеді. Бір кемшілігі – жетісайлықтар кейінгі түздегі 4 матчта жеңіске жете алмады. Бұл фактор «Каспийді» осы теке-тіресте кішігірім фаворит қылмақ.

 

23 тамыз

 

SD Family – «Тараз»

Уақыты: 17:00

Тікелей эфир: Q Football мобильді қосымшасы, QFootball.kz пен QFL.KZ сайттары

Өтетін жері: Sydykbek Arena стадионы (Астана)

Төрешілер: Ысқақов Санжар (Қостанай), Ходотчук Андрей (Павлодар), Құсайынов Исламхан (Атырау)

Қосалқы төреші: Попов Сергей (Астана)

Инспектор: Ходин Анатолий (Атырау)

Командалар өткен турда 1:2 есебімен қарсыластарына жол берді. Жеңіліс әсіресе «Таразға» кері әсерін тигізіп, 6-шы орынға түсуіне ықпал етті. Бірақ ешнәрсе де кеш емес. Өйткені жамбылдықтар мен 2-ші орындағы «Қайрат-Жастардың» арасын небәрі 4 ұпай бөліп тұр. Оларға алдағы матчтарда ұпай жоғалтпаса болғаны. Алайда SD Family-дың өз жерінде ең көп гол соғатын ұжымдардың қатарына кіретіндігін де естен шығармауымыз керекпіз. «Sydykbek Arena-дағы» 2 ойын қатарынан жеңілістен кейін әйтеуір сәтсіздіктің бір тоқтайтыны түсінікті. Бәлкім, осы кездесуде астаналықтар 3 ұпай алып қалар? Бірінші айналымда командалар 0:0 есебімен тең ойнаған. Алдын ала фаворит деп ешқайсысын айта алмаймыз.

 

«Түркістан» - «Ақтөбе Ж»

Уақыты: 17:00

Тікелей эфир: Q Football телеарнасы, Q Football мобильді қосымшасы, QFootball.kz пен QFL.KZ сайттары

Өтетін жері: Октябрь Жарылғапов атындағы стадион (Түркістан)

Төрешілер: Сейдахметов Жақсылық (Талдықорған), Сәрсен Нұрлан, Идрисова Динара (екеуі де Шымкент)

Қосалқы төреші: Халилов Муродбек (Шымкент)

Инспектор: Мурзабеков Мирамбек (Қызылорда)

Турнирлік кесте жағынан төменгі орындарда тұрса да, бұл кездесудегі жеңістің немесе жеңілістің құны өте жоғары. Неге? Біріншіден, турнир кестесіндегі орындары шамалас. Егер «Түркістан» 3 ұпай алса, ақтөбеліктерден 5 ұпайға ұзап кетеді. Ал «Ақтөбе» жастары басым түссе, нағыз интрига басталатындығы түсінікті. Өзге командалардан ұпай алу өте қиын болғандықтан, деңгейлері шамалас командалар жеңіс үшін аянып қалмасы анық. Әзірше қағаз жүзінде «Түркістан» фаворит. Себебі, трансфер кезеңінде құрамын бірқатар талантты футболшылармен толықтырды. Оның үстіне түркістандықтар осы маусымдағы шамамен барлық ұпайларын тек өз стадионында алып келеді.

 

«Хан-Тәңірі» - «Арыс»

Уақыты: 19:00

Тікелей эфир: Q Football телеарнасы, Q Football мобильді қосымшасы, QFootball.kz пен QFL.KZ сайттары

Өтетін жері: «Хан Тәңірі» стадионы (Алматы қ.)

Төрешілер: Вишняков Дмитрий (Семей), Субботин Максим (Талдықорған), Нұрлан Әділет (Қаратау)

Қосалқы төреші: Дауанов Ардақ (Алматы)

Инспектор: Хуснутдинов Рашит (Орал)

Бірінші айналымда аутсайдер саналған «Арыс» алматылықтарды біршама састырып, жеңіске жетуге шақ қалған еді. Тек Андрей Пасеченконың 11 метрлік айып соққысын сәтті қайтаруының арқасында ғана «Хан-Тәңірі» 1 ұпаймен қайтты. Егер жоғарғы лиғаға үмітті болса, алматылықтардың ұпай жоғалтуға еш құқығы жоқ. Сол секілді «Арыс» та төменгі дивизионға ұшуды қаламаса, әр матчта ұпай алуға тиісті. Өйткені көш соңындағы ұжымдардың ұпайы бірдей және олар да әр кездесуде жандарын салып жатыр. Шеберлік басым түсе ме екен? Әлде жанкештілік марапаттала ма?