EN
KZ RU
25 August 2024 13:15
UBET LEAGUE

21-ші тур қорытындысы: «Каспий» маңызды 3 ұпайға иелік етті

25 August 2024 13:15

22-23 тамыз күндері 1XBET QFL Бірінші лигасының 21-ші турында «Каспий» өз алаңында турнирдің басты сенсациясы саналып келе жатқан «Жетісайдан» басым түсті.


Қандай жайттар тіркелді:

- 7 матчта 25 гол соғылды.

- 26 сары қағаз көрсетіліп, 1 ойыншы алаңнан қуылды.

- «Алтай» клубы осы маусымдағы ең ірі жеңілісіне ұшырады.

- «Ұлытау» клубы 3 матч қатарынан гол жібермей, қарсылас қақпасына 12 гол соқты.

- «Қайрат-Жастар» командасы өз жасыл алаңында 7 матч қатарынан жеңіске жетіп, 27 гол салды.

- «Ақжайық» ұжымы осы маусымда 4 мәрте бір ойыншысы артық болса да, тек біреуінде ғана жеңіске жете алды.

- «Каспий» шамамен 2 айдай уақыттан соң, өз стадионында 3 ұпайды еншіледі.

- «Түркістан» ұжымы 11 матчтан кейін ғана қарсыластан басым түсті.

- SD Family өз алаңында 3 мәрте қатарынан ұпай ала алмады.

 

«Алтай» - «Ұлытау» - 0:4

Голдар: Жасұлан Молдақараев, 62 минут (0:1), Виктор Гунченко, 66 минут (0:2), Қуандық Нұрсұлтанов, 70 минут (0:3), Азамат Қалымбетов, 79 минут (0:4)

Соғылмаған пенальти: Жасұлан Молдақараев, 66 минут («Ұлытау»)

21-ші турдың алғашқы ойыны Өскемен қаласында басталып, бірнеше матч бойы жеңіліссіз келе жатқан ұжымдар жолықты. Алайда алаң иелері сапынан негізгі құрамдағы Сергей Иванов, Рустам Темірхан сынды қорғаушылар қатыса алмады. Бұндай кездесуде әр қателіктің құны жоғары болғандықтан, алғашқы таймда командалар барынша қателікке бой алдырмай, сауатты ойнауға тырысты. Десе де қонақтар кішігірім басымдыққа ие болды. Екінші таймда өскемендіктер батыл түрде алға ұмтылып, бірнеше қауіпті сәттерді туындатты. Бірақ гол соғылмады. Ал 62-ші минутта «Ұлытаудың» сұрмергені Жасұлан Молдарақараев допты шиыра теуіп, жезқазғандықтарды алға шығарды. Араға 3 минут салып, пенальти белгіленді. Бұл пенальти кездесудің тағдырына тікелей әсерін тигізіп, қонақтар одан әрі басымдығын арттырып кетті. Осылайща, «Алтай» ұжымы лайықты қарсылық көрсеткенімен, 3,5 айдан кейін өз жанкүйерлерінің алдында есе жіберуге мәжбүр болды.


«Қайрат-Жастар» - «Ақжайық» - 3:2

Голдар: Рамазан Бағдат, 16 минут (1:0), Сағди Смайылбек, 45+2 минут (2:0), Иван Геронимус, 52 минут (2:1), Роман Чирков, 74 минут (2:2), Рамазан Бағдат, 82 минут (3:2)

Алаңнан қуылған: Әбілхайыр Әбдірахманов, 10 минут («Қайрат-Жастар»)

Осы турда букмекерлер жеңіске жететіндердің арасынан басты фаворит ретінде «Қайрат-Жастар» командасын атады. Оған себеп те жеткілікті: алматылықтар 4 матч қатарынан жеңіске жетіп келеді, турнир кестесінде екінші орында тұр, «Ақжайық» клубына сырт алаңда ұпай алу тұрмақ, гол соғу өте қиын. Бірақ матчтың басында күтпеген жағдай орын алып, алаң иелері сапындағы үздік ассистент Әбілхайыр Әбдірахманов дөрекілігі үшін қуылып кетті. Бұл сәт қонақтарға басымдық бергенімен, «Қайрат-Жастар» ойын тізгінін қолдарынан шығармады. Тіпті бірінші таймның қорытындысы бойынша, 2:0 есебімен үзіліске кетті. Екінші таймда қонақтардың да шабуылдары нәтиже беріп, негізгі құрамда бірінші рет шыққан Иван Геронимус алдымен есепті қысқартса, артынша Роман Чирков тараз басын теңестірді. Бірақ алматылықтар сапынан жас сұрмерген Рамазан Бағдат қорғаушының қателігін ұтымды пайдаланып, жеңісті жұлып алды. Осылайша, «Қайрат-Жастар» осы маусымда өткізген өзара 2 матчта да соңғы минуттарда 3:2 есебімен басым түсті.

 

«Екібастұз» - «Қайсар Жас» - 3:0

Голдар: Фархат Абаев, 30 минут (1:0), Максим Галкин, 55 минут (2:0), Максим Галкин, 64 минут (3:0)

Қатарынан кейінгі 2 турда ұпай жоғалтқан «Екібастұз» клубының өз жанкүйерлерінің алдында қателесуге еш құқы жоқ еді. Қарсылас әлсіз, сырт алаңда нашар өнер көрсетеді. Алайда дәл қонақтар кездесудің басында есепті ашып кетуге жақын қалып, абырой болғанда қақпашы допты алып шықты. Қалған уақытта екібастұздықтар толыққанды кездесуді бақылауда ұстады. Бірінші таймда Фархат Абаев бірінші голды соқса, екінші таймда шабуыл шебінде белсенді қимылдаған Максим Галкинның әрекеттері өз жемісін беріп, дубль авторы атанды. Алаң иелерінің сенімді жеңісі.


«Каспий» - «Жетісай» - 2:0

Голдар: Бақдәулет Көңлімқос, 3 минут (1:0), Бекзат Қабылан, 57 минутта пенальти (2:0)

«Жетісай» клубының сырт алаңда 4 тур қатарынан жеңіске жете алмауы оларды аталмыш матчта аутсайдер ретінде санады. Оның үстіне «Каспий» сапына келген жаңа бас бапкер Қуаныш Қабдоловтың тек OLIMPBET QFL Премьер-лигаға ұмтылатындығы түсінікті еді. Кездесудің алғашқы минуттарында-ақ жетісайлықтардың капитаны Дәурен Мажитов пас беруде қателесіп, «Каспийдің» жылдам гол соғуына мүмкіндік беріп қойды. Жылдам гол жібергенімен, қонақтар абдырап қалмай, ақтаулықтарға лайықты қарсылық көрсете білді. Әсіресе 1XBET QFL Бірінші лигасының басты сұрмергені Рамазан Абылайхан қарсылас қақпаның кілтін іздеумен болды. Екінші таймның басында белгіленген пенальти алаң қожайындарының жеңіске жететіндігін аңғартты. Өкінішке қарай, «Жетісай» жұбаныш голына да шамасы жетпей, 0:2 есебімен жол беруіне тура келді.

 

SD Family – «Тараз» - 1:2

Голдар: Эмин Мұсаев, 43 минут (1:0), Асылбек Асан, 52 минут (1:1), Асылбек Асан, 78 минут (1:2)

Астанадағы матчтың да нәтижесі қос тарапқа әсер ететін еді. «Тараз» әр жеңіс сайын жоғары топтағы тартыстан қалмауға тырысса, SD Family өз алаңында 2 мәрте жеңіліп, көрермендердің сенімін ақтай алмай келе жатқан еді. Есепті бірінші таймның соңында алаң иелері ашты. Бірақ екінші таймда қонақтар шабуылдарын үдетіп, қорғаушы Асылбек Асан тек қана артқы шепте емес, шабуыл шебінде де нәтижелі қимылдап, қос голдың авторы атанды. Жалпы жамбылдықтар қарсылас қақпасына дәл соққы жағынан басымдылық танытып, лайықты түрде 3 ұпайға иелік етті.

 

«Түркістан» - «Ақтөбе Ж» - 2:1

Голдар: Артем Литош, 19 минут (1:0), Бейбарыс Иманқұл, 50 минут (1:1), Артем Литош, 90+3 минут (2:1)

Көш соңындағы «Түркістан» мен «Ақтөбе» жастарының кездесуі нағыз жан берісіп, жан алысқан ойын болды. Себебі, бұл матчтағы 3 ұпайдың турнирлік кестедегі маңызы өте құнды еді. «Түркістан» бірінші айналымда көп ұпайларын мүмкіндіктерін қолдана алмағаннан кейін айырылып еді. Трансферлік кезеңде осы мәселені ескерген түркістандықтар «Қайрат-Жастар» сапында жасындай жарқылдаған Артем Литошты алған еді. Бұл футболшы толық кәдеге жарады. Себебі, дәл осы футболшы фаворит «Каспийден» 1 ұпай алуға көмектессе, бүгінгі ойында дубль жасап, соңғы минутта жеңісті жұлып алды. Қонақтар сапынан Бекзат Иманқұл ерекше белсенділік танытып, өз командасының жеңіске жетуіне бар күшін салды. Дәл осы футбодшының жойқын соққыларын қарсылас қақпасына айтарлықтай қауіп төндірді. Бірақ соңғы сәтте жеңіс алаң иелеріне бұйырып кетті.

 

«Хан-Тәңірі» - «Арыс» - 3:2

Голдар: Дінмұхаммед Қашкен, 3 минут (1:0), Тимур Құрбанов, 9 минут (2:0), Әбілқайыр Зулфикаров, 11 минутта пенальти (2:1), Сэйф Попов, 68 минут (3:1), Ерсайын Бегалы, 78 минут (3:2)

Турдың соңғы ойыны Алматыдағы «Хан-Тәңірі» стадионында өтіп, алаң иелері турнирдің басты аутсайдерінің бірін қабылдады. Әйтсе де, букмекерлер бұл ойында «Арыстың» қарсылық көрсететіндігін болжады. Себебі, бірінші айналымда «Арыс» өз алаңында алматылықтарды біршама састырған еді. Былайша айтқанда, «Хан-Тәңірі» үшін ыңғайсыз қарсылас. Бірақ алғашқы ысқырық шалынысымен, алаң қожайындары алғашқы шабуылдан кейін-ақ есеп ашты. Ал 8-ші минутта тіпті табло 2:0-ге жетті. Жылдам голдар кейін «Хан-Тәңірі» ірі есепті тіркейді деп ойлап едік. Алайда қонақтар тез арада есеп айырмасын қысқарта алды. Одан кейін нәтижелі шабуылдар күрт азайып, келесі голды тек 68-ші минутта ғана көре алдық. Әрине, оған дейін де қос команда қарап қалмады.«Хан-Тәңірі» сапын толықтырған жас шабуылшы Сэйф Попов команда сапындағы алғашқы голын соғып, өз клубына маңызды 3 ұпай сыйлады. «Арыстың» тағы да 1 гол соғуға шамасы келгенімен, тең нәтижеге жете алмады. Есеп: 3:2.


Айта кетейік, 1XBET QFL Бірінші лигасының 22-ші тур ойындары 29-30 тамыз күндері өтеді.