EN
KZ RU
28 August 2024 09:00
UBET LEAGUE

22-ші тур аңдатпасы: «Тараз» ТОП-5-ке кіре ме?

28 August 2024 09:00

29-30 тамыз күндері 1XBET QFL Бірінші лигасының 22-ші турында Тараз қаласында жергілікті клуб қарқыны өте жоғары «Қайрат-Жастар» командасын осы маусымда екінші рет жеңуге тырысады.

 

29 тамыз

 

«Жетісай» - «Алтай»

Уақыт: 17:00

Тікелей эфир: Q Football телеарнасы, Q Football мобильді қосымшасы, QFootball.kz пен QFL.KZ сайттары

Стадион: Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадион (Жетісай қ.)

Төрешілер: Жұмашев Нұржан, Жалғас Кенжебек, Тәңірбергенұлы Нұрсат (барлығы Қызылорда)

Қосалқы төреші: Халилов Муродбек (Шымкент)

Инспектор: Қошқаров Серік (Тараз)

22-ші турдың алғашқы ойыны Жетісай қаласында басталады. Бір қарағанда алаң иелерінің жеңісіне ешкім шүбә келтірмесі анық. Себебі, «Жетісай» қандай қарсылас болмасын, қыспаққа алып, ыңғайсыздық тудырады. Өз стадионында өткізген матчтардың статистикасы бойынша «Жетісайдың» бірінші орында тұрғаны бекерден бекер емес. Өткен турда жеңіліске ұшыраған алаң иелері қайта ТОП-3-ке кіру үшін, барын салатыны сөзсіз. Алайда «Алтай» да оңай шағылатын жаңғақ емес. Өскемендіктер түзде өте сәтті доп тебеді. Кейінгі 2 кездесудегі жеңіс соның айқын дәлелі. Осымен де алдағы матч көрермендер үшін тартысты болмақ.

 

«Ұлытау» - «Түркістан»

Уақыт: 17:00

Тікелей эфир: Q Arena телеарнасы, Q Football мобильді қосымшасы, QFootball.kz пен QFL.KZ сайттары

Стадион: «Металлург» (Жезқазған)

Төрешілер: Дышкант Николай, Стасенко Виктор, Бектұров Әлібек (барлығы Талдықорған)

Қосалқы төреші: Бильдинов Михаил (Қарағанды)

Инспектор: Жаппасбаев Серік (Қызылорда)

«Ұлытаудың» қарқыны өте күшті. Кейінгі 4 турда басты бәсекелестері саналатын «Оқжетпес», «Хан-Тәңірін» жеңіп, шабуыл шебі мықты «Каспийден» қақпасын аман сақтады. Маңызды жеңістердің арқасында бірден 3-ші орынға шықты. Енді бастысы осы қалыптарын жоғалтып алмаса болғаны. Өз алаңдарында «Түркістанды» жеңуге барлық мүмкіншілігі бар. Өйткені түркістандықтар сырт алаңда бірде-бір жеңіске жетпей, ең көп гол жібергендердің қатарында тұр. Қонақтар аутсайдер саналғанымен, 6 матч қатарынан қарсылас қақпасынан саңылау тауып келеді. 11 шілдеде Түркістан қаласында өткен ойында «Ұлытау» тек соңғы минуттарда ғана жеңілістен аман қалған еді. Енді жағдай мүлдем бөлек.

 

«Тараз» - «Қайрат-Жастар»

Уақыт: 19:00

Тікелей эфир: Q Football телеарнасы, Q Football мобильді қосымшасы, QFootball.kz пен QFL.KZ сайттары

Өтетін жері: Орталық стадион (Тараз қ.)

Төрешілер: Аманкелдин Бекарыс (Орал), Әліқұлов Ержан, Үсенбаев Нұрхат (екеуі де Түркістан обл.)

Қосалқы төреші: Нурдинов Рамазан (Тараз)

Инспектор: Дюсенов Абай (Түркістан)

Осы турдағы басты матч Тараз қаласында өтеді. Турнир кестесінің екінші сатысындағы «Қайрат-Жастар» трансфер кезеңінде бірнеше белді футболшысын өзге клубқа жібергенімен, шабуыл шебі күшеймесе, әлсірегені байқалмайды. Алматылықтар кейінгі 5 матчта 21 гол соғып, барлығында қарсыласынан басым болды. Бірақ «Таразбен» теке-тірес оңайға соқпайтыны анық. «Қайрат-Жастар» өз стадионында 2 рет қана жеңілген болса, соның бірі – осы «Тараз». Турнир кестесіндегі жоғарғы орынын сақтаудан бөлек, реванш та маңызды. Талантты футболшылардан жасақталған алаң иелері де трансфер кезінде ойыншыларын өзге командаға жібергенімен, кейінгі 5 кездесудің 4-уінде жеңісті тойлады. Жамбылдықтар да дәл қазіргі сәтте көшбасшыларды өкшелеп, қуып келеді. Қос команданың арасын небәрі 4 қана ұпай бөліп тұр. Қай клубтың жастары басым түсері екен?

 

30 тамыз

 

«Арыс» - «Екібастұз»

Уақыт: 17:00

Тікелей эфир: Q Arena телеарнасы, Q Football мобильді қосымшасы, QFootball.kz пен QFL.KZ сайттары

Өтетін жері: Орталық стадион (Арыс қ.)

Төрешілер: Сержанұлы Біржан, Жанпейіс Ермек (екеуі де Алматы), Алмасқызы Мадина (Шымкент)

Қосалқы төреші: Мұсалы Сейітмағзұм (Түркістан обл.)

Инспектор: Оспанов Серғали (Шымкент)

Маусым соңы жақындағалы бері көш соңындағы клубтар әр ұпай үшін жанталасуда. Соның бірі - «Арыс» клубы. Бұл клуб 9 матчқа созылған жеңіліс сериясын тоқтатқанымен, ұшу аймағынан небәрі 2 ұпай ғана ұзап тұр. Өткен турда олар Алматы төріне айқын аутсайдер ретінде барғанымен, «Хан-Тәңіріне» лайықты қарсылық көрсете білді. Бұл жұпта «Екібастұз» фаворит. Максим Галкин, Диас Орынбасар, Тамерлан Ағыманов және т.б футболшылар жиналған клуб шеберлік жағынан басым. Бірақ доп домалақ. Мықты әрдайым жеңіске жете бермейді. Бәлкім, жеңіс ауадай қажет «Арыс» соңғы минутқа дейін аянып қалмас.

 

«Ақтөбе Ж» - «Оқжетпес»

Уақыт: 17:00

Тікелей эфир: Q Football телеарнасы, Q Football мобильді қосымшасы, QFootball.kz пен QFL.KZ сайттары

Өтетін жері: ОМБЖОРСМ стадионы (Ақтөбе қ.)

Төрешілер: Ысқақов Марат (Астана), Ахметов Азамат, Жақсылық Төребек (екеуі де Қызылорда)

Қосалқы төреші: Тихонюк Юрий (Ақтөбе)

Инспектор: Қарлыбаев Болат (Орал)

10 мәрте қатарынан жеңіске жеткен «Оқжетпес» турнир кестесінің бірінші орынында тұр. Алайда әлі де бұл клуты әлі де айқын фавориттердің қатарына қосуға ерте. Себебі, енді ұпай жоғалтса, көшбасшылық орынынан айырылып қалуы әбден мүмкін. Қос ұжымның алғашқы айналымдағы кездесуінде көкшетаулықтар әрең дегенде 80-ші минутта гол соғып, әупірімдеп 3 ұпай алған болатын. Яғни, қонақтар айқын фаворит болса да, алаң иелерінің сенсация жасап кетуі ғажап емес. Бұған дейін олар топ басындағы «Каспийді» жеңіп еді. Енді бірінші орындағы «Оқжетпесті» де тізе бүктіруге шамасы келе ме екен? Бұл ойынға алаң иелері 6 жеңіліс сериясымен келеді.

 

«Хан-Тәңірі» - SD Family

Уақыт: 17:00

Тікелей эфир: Q League телеарнасы, Q Football мобильді қосымшасы, QFootball.kz пен QFL.KZ сайттары

Өтетін жері: «Хан Тәңірі» стадионы (Алматы қ.)

Төрешілер: Ноженко Сергей (Талдықорған), Мейірбаев Аслан, Проскуряков Илья (екеуі де Өскемен)

Қосалқы төреші: Сәрсенбаев Нұрлан (Алматы)

Инспектор: Ибрагимов Құрбан (Шымкент)

2 ай бұрын ғана Астанада өткен матчта «Хан-Тәңірі» айқын фаворит саналып, күтпеген жерден 0:3 есебімен жеңіліп қалған еді. Алайда осы уақыт аралығында біршама дүние өзгеріп, SD Family маңызды кездесулерде есе жіберіп қойды. Дәл қазіргі сәтте OLIMPBET QFL Премьер-лигаға шығуға ұмтылған астаналықтар 5-орыннан 10 ұпайға қалып тұр. Бұл дегеніміз, көшбасшылармен таласқа үміттің азайғаны деген сөз. Алаң иелері болса, әлі де Жоғарғы лиганың жолдамасы үшін күресті жүргізуде. Әр ойында жеңіске жету оңай болмаса да, 3 ұпайларын қолдан келгенше алуын жалғастырып жатыр. SD Family-дың сырт алаңдағы кейінгі 2 ойында жеңілмегендігін ескерсек, қарсылық көрсететіндігіне сенеміз.

 

«Қайсар Жас» - «Каспий»

Уақыт: 19:00

Тікелей эфир: Q Football телеарнасы, Q Football мобильді қосымшасы, QFootball.kz пен QFL.KZ сайттары

Өтетін жері: Ғани Мұратбаев атындағы стадион (Қызылорда)

Төрешілер: Құмашев Тимур (Астана), Арынханов Нұрдәулет (Алматы), Бисекенов Әлім (Ақтөбе)

Қосалқы төреші: Әбдікеров Марал (Қызылорда)

Инспектор: Камчатный Геннадий (Алматы)

Өткен турда ғана маңызды 3 ұпайды алған «Каспий» клубы Премьер-лиганың жолдамасына таласатын үміткерлердің қатарына кірді. Жаңа бас бапкер Қуаныш Қабдоловтың алдында қиын жолдар күтіп тұрғанымен, әзірше SD Family мен «Жетісайдан» мықты екенін көрсете білді. Турнир кестесінде төменгі орында тұрғанымен, «Қайсар Жас» командасының алаңында ұпай алу өте қиын. Осы маусымда Қызылордадан тек «Тараз» бен SD Family ұжымдары ғана 3 ұпай еншілей алды. Тіпті турнир кестесінің жоғарғы сатысында тұрған «Оқжетпес», «Жетісай» клубтары 1 ұпайды қанағат тұтуға мәжбүр болды. «Қайсар Жас» осы маусымда ең көп гол жіберген ТОП-5 клубтың қатарына кірсе де, өз алаңында гол өткізу көрсеткіші бойынша тек «Оқжетпеске» ғана жол беріп тұр.