EN
KZ RU
21 October 2024 13:14
OLIMPBET PREMIER LEAGUE

23-ші тур қорытындысы: «Шахтер» алғаш рет жоғары дивизионмен қоштасса, «Елімай» өз алаңында есе жіберді

21 October 2024 13:14

19-20 қазан күндері аралығында OLIMPBET QFL Премьер-лигасының 23-ші тур ойындары өтті.

 

Қандай жайттар тіркелді?

- 6 матчта 22 гол соғылды.

- 14 сары қағаз көрсетіліп, 1 футболшы алаңнан қуылды.

- «Қайрат» клубының шабуылшысы Жоао Пауло хет-трик авторы атанып қана қоймай, сұрмергендер тізімінде 10 голмен бірінші орынға шықты.

- «Қайсар» футболшысы Айбар Жақсылықов өз мансабында алғаш рет хет-триктің авторы атанды.

- Екі жыл бойы өз алаңында ешкімге есе жібермеген «Елімай» клубы осы турда қонақтарға ұпай сыйлады.

- «Шахтер» клубы өз тарихында алғаш рет Жоғары дивизионмен қоштасты.

- «Қызылжар» клубы 5 матчқа жалғасқан жеңіліс сериясын тоқтатты.

-   «Атырау» клубы турнир аясындағы ойындарда бірінші рет 3 гол өткізіп алды.

 

«Жеңіс» - «Жетісу» - 1:0

Гол: Зураб Тевзадзе, 55 минут (1:0)

Қарағандының стадионы «Жетісу» үшін өте қолайсыз болды. Бірінші таймда қонақтар басым түскендей көрінген. Тіпті Абылайхан Жұмабек белсенділік танытты. Бірақ гол есепке алынбады. Ал таймның соңында қақпашы Арсен Сиукаев жарақатына байланысты алмасуына тура келді. Екінші таймда алаң иелері санаулы мүмкіндіктерін сәтті қолданып, қорғаушы Зураб Тевзадзе жеңіс голын соқты. Қонақтар қанша тырысқанымен, сол күйі лайықты жауап қайтара алмады. Осы жеңістің арқасында «Жеңіс» ресми түрде OLIMPBET QFL Премьер-лигасының келесі маусымында өнер көрсетуге мүмкіндік алды.

 

«Қайрат» - «Тұран» - 5:1

Голдар: Гиорги Зариа, 18 минут (1:0), Иван Хомуха, автогол, 29 минут (2:0), Жоао Пауло, 34 минут (3:0), Жоао Пауло, 74 минут (4:0), Никола Цуцкич, 86 минут (4:1), Жоао Пауло, 90+4 минут (5:1)

Сырт алаңда жеңілістен көз ашпайтын «Тұран» клубы кезекті рет есе жіберді. Чемпиондыққа үмітті алматылықтар алғашқы таймда-ақ кездесу тағдырын шешіп тастады. Екінші таймда өзгеріс жасаған қонақтар ойын тізгінін қолға алғандай көрінген. Бірақ шабуылға тым әуестеніп кеткен түркістандықтар қарымта шабуылды өткізіп, Жоао Паулоның көзге түсуіне мүмкіндік беріп қойды. Қанша гол жіберсе де, қонақтардың шабуылдағы белсенділігін ерекше атап өткен жөн. Себебі, олар 90 минутта 9 мәрте тура соққы жасады. Нәтижесінде жұбаныш голын соға алды. Бірақ Орталық стадионда «Қайратты» тоқтату мүмкін емес еді. Әсіресе жанкүйерлердің наразылығына ілігіп жүрген Жоао Пауло хет-трик авторы атанып қана қоймай, сұрмергендер тізімінде көш бастады.

 

«Тобыл» - «Ордабасы» - 1:0

Гол: Еркін Тапалов, 32 минут (1:0)

Алаңнан қуылған: Жасур Яхшибоев, 86 минут («Ордабасы»)

Еурокубокқа шығу мүмкіндігін төмендетіп алған «Тобыл» клубы өз алаңында ешкімге дес берер емес. Егер сырт алаңда сәтті ойнағанда Нұрбол Жұмасқалиевтің шәкірттері чемпиондыққа да араласып қалар ма еді. Қазіргі сәтте бұл ұжым жүлдеге таласып жатқан «Ақтөбе», ел чемпионы «Ордабасыдан» да айласын асырып кетті. Бірінші таймда командалар алма-кезек шабуылмен алмасқанымен, қос ұжым да қорғанысты сақ ойнауға тырысты. Нәтижесінде қорғаныста Игорь Пластунның допты тебемін деп, тепе-теңдікті жоғалтуын Еркін Тапалов сәтті пайдаланып кетті. Чемпиондыққа басты фаворит саналған шымкенттіктердің ойыны еш жүрмей қойды. Ал екінші таймда қосалқы құрамнан шыққан Шахбоз Умаров қақпашының өрескел қателігінен кейін тараз басын теңестіруге жақын болған. Бірақ қырсық шалғанда доп қақпа маңдайшасынан қайтты. Матч соңында тіпті «Ордабасының» көшбасшы ойыншыларының бірі – Жасур Яхшибоев спорттық қағиданы бұзғаны үшін, қызыл қағазбен жазаланды. Алдағы шешуші матчтарда бұл футболшының орны білінері анық.

 

«Қызылжар» - «Атырау» - 3:2

Голдар: Рафаэль Сабино, 16 минут (1:0), Александр Нойок, 30 минут (1:1), Рубен Брижиду, 66 минут (2:1), Евгений Березкин, 79 минут (3:1), Александр Нойок, 88 минут (3:2)

Турнир кестесінде ешқандай мотивациясы болмаса да, Әли Әлиевтің шәкірттері 5 матчқа жалғасқан жеңіліс сериясын тоқтатуға мүдделі болды. «Қызылжар» жеңіске жету мәселесінен бөлек, гол соғу жағынан да айтарлықтай қиындыққа тап болған еді. Оның үстіне олар өз алаңында қақпаларына ең аз гол жіберген «Атырауды» қабылдады. Бірінші таймның өзінде клубтар алма-кезек голмен алмасып үлгерді. Екінші таймда да белгілі бір ұжым басымдыққа ие болмаса да, «Қызылжар» мүмкіндігін сәтті пайдаланып, 2 доп басымдығымен алға шықты. Бұл голдар жеңімпазды анықтап тастады. Тіпті Александр Нойок дубль жасағанымен, голдары тең есепке жетпеді. Айта кетейік, Әли Әлиевтің футболшылары осы маусымда үшінші мәрте ғана 2 доптан артық гол соға алды. Күтпеген нәтиже.

 

«Елімай» - «Астана» - 0:3

Голдар: Усман Камара, 33 минут (0:1), Марин Томасов, 36 минут (0:2), Рамазан Кәрімов, 82 минут (0:3)

Осы турдың орталық матчы көп нәрсені шешетін еді. Өйткені «Ордабасының» жеңілісінен кейін, теориялық жағынан «Астананың» чемпион болу мүмкіндігі артты. Ол үшін ешкімге қарамай, барлық қарсыластарды жеңуге тиіс. Семей қаласында матчта елордалықтар фаворит саналғанымен, алдын-ала 3 ұпай алады деп айтуға қиын еді. Өйткені «Елімай» өз стадионын тас қамалға айналдырып, 2 жыл бойы ешкімге жол бермеген еді. Одан бөлек, Андрей Карповичтің шәкірттері де еурокубокқа таласып жатқан. Алғашқы таймның басында стадионға лық толы жанкүйерлердің көмегімен алаң иелері сәл ғана басымдыққа ие болған. Бірақ уақыт өте келе ойын барысы теңесті. Ал 30-шы минуттан кейін «Елімай» қорғанысының сыр беруін қонақтар кешірмеді. Алдымен Усман Камара ешқандай тосқауылсыз допты сүңгітсе, артынша ыңғайлы позицияда тұрған Марин Томасовқа екінші гол соқты. Екінші таймда елордалықтар қолда бар басымдықты жібермеуге тырысты. Қосалқы құрамнан ойынды күшейтетін футболшылар алаңға шыққанымен, тағы да қонақтардың бағы жанып, Рамазан Кәрімов матч нүктесін қойды. Ысқырық шалынғанға дейін Усман Камараның дубльге де мүмкіндігі болғанымен, доп қақпа бағанынан қайтты. Есеп: 0:3. «Астана» чемпиондық таласқа қосылады.

 

«Қайсар» - «Шахтер» - 5:1

Гол: Айбар Жақсылықов, 27 минут (1:0), Айбар Жақсылықов, 33 минут (2:0), Айбар Жақсылықов, 47 минут (3:0), Руслан Юденков, 54 минут (4:0), Джуниор Камени, 73 минут (5:0), Аңсар Алтынхан, 86 минут (5:1)

Турдың соңғы ойыны Қызылорда қаласында өтті. Алайда бұған дейінгі матчтардың қорытындысы бойынша, «Шахтер» клубының алғаш рет OLIMPBET QFL Премьер-лигасынан ұшып кеткендігі белгілі болған еді. Сондықтан бұл матч ешқандай маңыздылыққа ие болмады. Тек «Қайсар» футболшылары өз жанкүйерлерінің алдында барынша белсенді ойнап, қуантуға тырысты. Бұл әрекеттері бірінші таймда-ақ жүзеге асып, Айбар Жақсылықов қолда бар мүмкіндіктерін оң пайдаланды. Екінші таймда ұлттық құраманың шабуылшысы тіпті хет-триктің авторы атанды. Қонақтар сапынан тек Аңсар Алтынхан бір гол соққанымен, бәрібір де ірі жеңілістен құтылып кете алмады.

 

Айта кетейік, 23 қазан күні «Тұран» мен «Тобыл» арасындағы OLIMPBET QFL Премьер-лигасының кейінге шегерілген 15-ші тур ойыны өтеді. Ал, 24-ші тур ойындары 26-27 қазан күндеріне жоспарланған.