EN
KZ RU
10 October 2024 12:35
UBET LEAGUE

28-ші тур аңдатпасы: «Ұлытау» көш басындағы орнын сақтап қалуға тырысады

10 October 2024 12:35

10-11 қазан күндері 1XBET QFL Бірінші лигасының 28-ші тур ойындары өтеді.

 

10 қазан

 

«Оқжетпес» - «Түркістан»

Уақыты: 14:00

Тікелей эфир: Q Football телеарнасы, Q Football мобильді қосымшасы, QFootball.kz пен QFL.KZ сайттары

Өтетін жері: «Оқжетпес» стадионы (Көкшетау қ.)

Төрешілер: Ахметов Алмаз (Алматы), Навроцкий Иван (Астана), Вахитов Ернар (Қостанай)

Қосалқы төреші: Горда Данил (Көкшетау)

Инспектор: Попов Андрей (Павлодар)

Өткен турда турнир кестесіндегі бірінші орынынан айырылған «Оқжетпес» кезекті рет чемпиондық атағын қайтарып алуға тырысады. Көкшетаулықтар екінші орында тұрғанымен, «Ұлытаумен» ұпайы бірдей. Тек доп айырмашылығы жағынан жезқазғандықтарда басымдық бар. Бірақ алдағы 3 турда «Оқжетпестің» күнтізбесі жеңілдеу. Неге? Өйткені қарсыластары ең көп гол жіберетін ұжымдардың қатарына кіреді. «Түркістан» клубы 10-нан астам матч бойы қарсылас қақпасына гол соққанымен, алдағы турда Артем Литош, Шерзод Примбердиев сынды көшбасшы футболшыларын алаңға шығара алмайды. Турнирлік кестедегі барлық мәселесін шешіп қойған қонақтарда ешқандай қысым жоқ. Міне осы сәтті пайдаланып, «Оқжетпес» ірі жеңіске жетуге талпынатындары анық.

 

«Алтай» - «Каспий»

Уақыты: 14:00

Тікелей эфир: Q League телеарнасы, Q Football мобильді қосымшасы, QFootball.kz пен QFL.KZ сайттары

Өтетін жері: «Восток» стадионы (Өскемен қ.)

Төрешілер: Чеховский Георгий (Астана), Үсенбаев Нұрхат (Түркістан обл.) Ходотчук Андрей (Павлодар)

Қосалқы төреші: Мейірбаев Аслан (Өскемен)

Инспектор: Ибрагимов Құрбан (Шымкент)

«Каспийдің» OLIMPBET QFL Премьер-лигаға шығу мүмкіндігі төмен болса да, алдағы қарсыластары ұпай жоғалтып қалуы мүмкін. Сондықтан олар ешнәрсеге алаңдамай, жеңісті жолын жалғастыра беруі тиіс. Қалғанын турнир кестесі көрсете жатар. Алдағы қарсыласы да қатты азулы деп айта алмайсың. Иә, маусым барысында бірнеше матч бойы фавориттерден ұпай алды. Алайда маусым соңында ешқандай мотивациясы жоқ «Алтай» кейінгі 2 турда басымдықтарын пайдалана алмай, «Түркістан» мен «Хан-Тәңіріне» жол беріп қойды. Өткенде өскемендіктер «Оқжетпесті» жеңіп, сенсация жасағаны бар. Бірақ ақтаулықтар сырт алаңда да, өз алаңында сәтті доп тебе алады. Қуаныш Қабдоловтың шәкірттері тең түскен жағдайда да OLIMPBET QFL Премьер-лига жолдамасынан бірден қағылады. Сондықтан қонақтар қалай да жеңістің амалын жасары анық.

 

«Арыс» - «Қайрат-Жастар»

Уақыты: 14:00

Тікелей эфир: Q Arena телеарнасы, Q Football мобильді қосымшасы, QFootball.kz пен QFL.KZ сайттары

Өтетін жері: Орталық стадион (Арыс қ.)

Төрешілер: Халилов Муродбек, Арыстанбай Шыңғысхан, Сәрсен Нұрлан (барлығы Шымкент)

Қосалқы төреші: Жарылқасынов Самат (Шымкент)

Инспектор: Сереков Асқар (Қызылорда)

ҚФФ Регламенті ережелерін орындамағаны үшін 9 ұпайы шегерілген «Арыс» клубы 1XBET QFL Бірінші лиганың басты аутсайдеріне шыға келді. Бірақ олардың бір жеңісі қайта ұшу аймағынан шығарады. Міне, осы үміт алаң иелерінде бар. Маусым барысында да «Хан-Тәңірі», «Оқжетпестен» ұпай ала алды. Сондықтан «Арыс» футболшылары мен қорғанысы өз үміттерін үзбейді. «Қайрат-Жастар» болса, кейінгі турда бірінші орында тұрған «Оқжетпесті» жеңіп кетіп, ұпай арақашықтығын 1 ұпайға дейін қысқартып алды. Турнир кестесінде 3-ші орында тұрғанымен, қалған 3 турда «Ұлытау» мен «Оқжетпес» ұпай жоғалтса, алматылықтардың тарихи чемпиондық алып қалуы да мүмкін. Жалпы, бұл кездесуде тең есеп қос тарапты да қанағаттандырмасы белгілі.

 

«Қайсар Жас» - «Хан-Тәңірі»

Уақыты: 16:00

Тікелей эфир: Q Football телеарнасы, Q Football мобильді қосымшасы, QFootball.kz пен QFL.KZ сайттары

Өтетін жері: Ғани Мұратбаев атындағы стадион (Қызылорда қ.)

Төрешілер: Ысқақов Санжар (Қостанай), Шыңғысов Ерболат, Авакянц Данила (екеуі де Орал)

Қосалқы төреші: Жантуғанов Еркен (Қызылорда)

Инспектор: Кистер Игорь (Ақтөбе)

«Қайсар Жас» ең маңызды матчын өткен турда өткізіп, сырт алаңда «Ақтөбе» жастарынан басым түскен еді. Сол жеңіс қызылордалықтарды 1XBET QFL Бірінші лигада келесі жылы да жалғастыруға мүмкіндік береді. Алдағы матч алаң иелеріне ешнәрсе бермесі анық. Тек өз көрермендерінің алдында фаворитке қарсы жақсы ойын көрсетіп қалуы мүмкін. Себебі, кез келген оңайшылықпен жеңіле салғысы келмейді. «Хан-Тәңірі» сапынан бұл кездесуде үздік сұрмергені Диас Қалыбаев көмектесе алмайды. Алайда онсыз да команда да гол соғатын футболшылар жеткілікті. Алматылықтар да 5-ші орында келе жатқанымен, теориялық тұрғыдан әлі де OLIMPBET QFL Премьер-лиганың жолдамасын иеленіп кетуі мүмкін. Сондықтан олар ұпай жоғалта қоймасы анық.

 

11 қазан

 

«Ақжайық» - «Ақтөбе Ж»

Уақыты: 14:00

Тікелей эфир: Q League телеарнасы, Q Football мобильді қосымшасы, QFootball.kz пен QFL.KZ сайттары

Өтетін жері: «Ақжайық» стадионы (Орал қ.)

Төрешілер: Құмашев Тимур (Астана), Бектұров Әлібек, Стасенко Виктор (екеуі де Талдықорған)

Қосалқы төреші: Аманкельдин Бекарыс (Орал)

Инспектор: Уфимцев Сергей (Алматы)

«Ақжайық» клубы маусым соңын өте сәтті өткізуде. Иә, өткен турда «Каспийден» таза жеңілді. Бірақ қос команда мүлдем басқа деңгейде екенін ескерейік. Ал «Ақтөбе» жастары турнир кестесінің төменгі бөлігінде келе жатқан ұжым. Оралдықтардың өз алаңында 3 жеңіс сериясы бар екендігін ескерсек және қорғаныста да жұмыла кірісетіндігін ескере келе, фаворит ретінде саналмақ. Бірақ алға ғана ұмтылудан басқа қадамы қалмаған ақтөбеліктер қалайда болмасын, ұпай алуға жанын салады. Сырт алаңда сәттілік серік болып, «Қайрат-Жастар» мен «Арыстан» ұпай алған «Ақтөбе» жастарының бәлкім, тағы да жолы болып қалар...

 

«Екібастұз» – «Ұлытау»

Уақыты: 14:00

Тікелей эфир: Q Football телеарнасы, Q Football мобильді қосымшасы, QFootball.kz пен QFL.KZ сайттары

Өтетін жері: «Шахтер» стадионы (Екібастұз қ.)

Төрешілер: Ысқақов Марат (Астана), Арынханов Нұрдәулет (Алматы), Проскуряков Илья (Өскемен)

Қосалқы төреші: Будниченко Дмитрий (Екібастұз)

Инспектор: Богданов Олег (Семей)

Осы турдағы орталық ойын. «Екібастұздың» фавориттерге қарсы ерекше құлшыныспен шығатынын байқап жүрміз. Футболшылар сапасынан да мықтылардан кем түспейді. Иә, екібастұздықтар OLIMPBET QFL Премьер-лигаға шықпайды. Бірақ бейне әр матчына финал іспеттес шығып жүр. Тіпті мотивациясы жоғары деген «Каспийді» тоқтата алды. Ендігі кезек «Ұлытауға» келе ме екен? 9 жеңіс сериясы бар «Ұлытау» дәл қазір OLIMPBET QFL Премьер-лиганың тарихи жолдамасынан бөлек, чемпиондық атақты да жеңіп алуына керемет мүмкіндік туып тұр. Ол үшін қалған 3 турда ұпайдан шашау шығармаса болғаны. Әрине, айтуға оңай. Бірақ жасыл алаңда қос клуб та оңайшылықпен беріле қоймас. Өз голдарымен жеңіс сыйлап жүрген Жасұлан Молдақараев тағы да көмекке келе қояр ма екен? Әлде алаң иелері кезекті сенсацияны жасай ма?

 

«Жетісай» - «Тараз»

Уақыты: 16:00

Тікелей эфир: Q Football телеарнасы, Q Football мобильді қосымшасы, QFootball.kz пен QFL.KZ сайттары

Өтетін жері: Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадион (Жетісай қ.)

Төрешілер: Жұмашев Нұржан, Жалғас Кенжебек, Тәңірбергенұлы Нұрсат (екеуі де Қызылорда)

Қосалқы төреші: Мұсалы Сейітмағзұм (Түркістан обл.)

Инспектор: Исаев Кеңес (Қызылорда)

Турнир кестесінде барлық үміттерінен айырылса да, «Жетісай» қатарынан 2 матчта 3 ұпай еншілеп кетті. Түркістанда 3 футболшыға артық ойнаса да, әрең дегенде 1:2 есебімен жеңіске жетті. Бірақ сол нәтиже жетісайлықтардың бұрынғыдай жалындап тұрмағанын байқатты. Иә, өз алаңында жанкүйерлері қолдай жатар. Алайда турнир кестесінде бір ғана саты ғана жоғары бітіру ғана қалып тұр. Қонақтарда да сондай көрсеткіш. Гол соғу жағынан мәселесі бар «Тараз» турнирдің фавориті «Оқжетпестен» басым ойнағанымен, сырт алаңда тіпті 1 ұпай да ала алмады. Алдағы кездесу Жетісай қаласында өткенімен, «Тараздың» да жеңіске жетіп кету мүмкіндігін жоққа шығара алмаймыз.