EN
KZ RU
12 October 2024 11:00
UBET LEAGUE

28-ші тур қорытындысы: Көшбасшы қайта ауысты

12 October 2024 11:00

10-11 қазан күндері өткен 1XBET QFL Бірінші лигасының 28-ші тур ойындары қызықты нәтижелерге толы болды.

 

Қандай жайттар тіркелді?


- 7 матчта 28 гол соғылды.

- 30 сары қағаз көрсетіліп, 1 футболшы алаңнан қуылды.  

- «Ұлытау» сұрмергені Жасұлан Молдақараев 7 ойын қатарынан гол соқты.

- «Ұлытаудың» 9 матчқа жалғасқан жеңіс сериясы Екібастұз қаласында тоқтады.

- «Оқжетпес» клубы осы маусымдағы ең ірі жеңісін тіркеді.

- «Ақжайық» ұжымы өз алаңында кейінгі 4 матчта да жеңіске жетті.

 

«Оқжетпес» - «Түркістан» - 7:0

Голдар: Нияз Ыдырысов, 17 минут (1:0), Дмитрий Мирошниченко, 43 минут (2:0), Дәурен Жұмат, 55 минут (3:0), Алияр Мұхаммед, 56 минут (4:0), Дмитрий Мирошниченко, 64 минут (5:0), Алияр Мұхаммед, 72 минут (6:0), Зикрилло Сұлтаниязов, 88 минут (7:0)

Турнирдің аяқталуына 3 тур ғана қалды. Осы орайда «Оқжетпес» клубы турнир кестесіндегі бірінші орынынан айырылып қалды. Алайда көш басындағы «Ұлытау» тек доп айырмашылығы бойынша алда тұр. Сондықтан көкшетаулықтарға тек ірі жеңістерге жету өте маңызды. Оның үстіне қарсылас сапында бірнеше көшбасшы футболшылар қызыл қағазға байланысты кездесуді өткізуге мәжбүр болды. Бірнеше артықшылықтардың арқасында алаң иелері 90 минут бойы қарсыластың қақпасын дамылсыз соққының астына алды. Алғашқы таймда түркістандықтар шабуылға шабуылмен жауап берсе, екінші таймда қорғаныс жағында өрескел қателіктер тіркелді. Қонақтар қақпашысы бірнеше керемет соққыларды қайтарса да, «Оқжетпес» жауапсыз 7 гол соқты. Чемпиондық атақ үшін талас одан әрі шиеленісе түсті.

 

«Алтай» - «Каспий» - 0:3

Голдар: Дамир Марат, 25 минут (0:1), Никита Стрижков, 41 минут (0:2), Амандық Нәбиханов, 53 минут (0:3)

Өскемен қаласындағы ойын «Алтай» клубының бас бапкері, қазақ футболының аңызы Вахид Масудовтың 65 жасқа толуымен тұспа-тұс келді. Алайда жергілікті ойыншылар айтулы күнде жаттықтырушыны оң нәтижемен қуанта алмады. OLIMPBET QFL Премьер-лиганың жолдамасы үшін соңына дейін күрес жүргізіп жатқан «Каспий» командасы осы жолы да қарсыласына еш мүмкіндік бермей, бір сағаттың ішінде жеңімпазды анықтап тастады. Маусым ортасында сыртта да, түзде де ыңғайсыз қарсылас болған өскемендіктер кейінгі турларда ұпай ауадай қажет ұжымдарға еш әлдері келмеуде.

 

«Арыс» - «Қайрат-Жастар» - 1:2 

Голдар: Рамазан Бағдат, 30 минут (0:1), Азамат Тұяқбаев, 73 минут (0:2), Думан Тұрсынбай, 86 минут (1:2)

Алаңнан қуылған: Аслан Ахмедов, 43 минут («Қайрат-Жастар»)

Алматылықтар сапына Рамазан Бағдат, Глеб Валгушев, Әнуар Абдрахманов және т.б көшбасшы футболшылар қайта оралды. Бұл сырт алаңда турнир аутсайдеріне қарсы матчта өз жемісін берді. Бірінші таймда-ақ қонақтар сұрмерген Рамазан Бағдаттың баспен бағыттаған дәл соққысынан кейін алға шықты. Алайда қуаныш ұзаққа бармады. Бірінші таймның соңында өрескел ойнағаны үшін команда капитаны Аслан Ахмедов алаңнан қуылып кетті. Бірақ бұл басымдықты «Арыс» футболшылары пайдалана алмады. Иә, Ерсайын Бегалы сынды ойыншылар қауіпті соққылар жасады. Алайда осы маусымда көп гол соғуымен ерекшеленген «Қайрат-Жастар» қорғаныс шебінде де сауатты тойтарыс бере алды. 86-шы минутта Думан Тұрсынбай есеп айырмасын қысқартқанымен, тараз басын теңестіруге шамалары жетпеді.

 

«Қайсар Жас» - «Хан-Тәңірі» - 1:4

Голдар: Әлішер Рақымжанов, 24 минут (0:1), Нұрдәулет Ағзамбаев, 32 минут (0:2), Павел Кривенцев, 45 минут (0:3), Дінмұхаммед Рүстемұлы, 84 минут (1:3), Сэйф Попов, 89 минут (1:4)

Қызылордалықтардың өз алаңында кімге де болса, жалынды қарсылық көрсететінін барлығы біледі. Оның үстіне «Хан-Тәңірі» сапынан сұрмерген Диас Қалыбаев көмектесе алмаған еді. Алайда ол жоқ болса да, алматылықтар матч тағдырын бірінші таймда шешіп тастады. Жауапсыз 3 голдан кейін алаң иелері тек кездесу соңында жұбаныш голын ғана соға алды. Міне, осы маңызды ұпайдан кейін алматылықтар «Каспийден» қалыс қалмай, 52 ұпаймен қайта теңесті.

 

«Ақжайық» - «Ақтөбе Ж» - 1:0

 Гол: Ерасыл Мұрат, 51 минут (1:0)

«Ақжайық» клубы 1XBET QFL Бірінші лигада келесі жылы да өнер көрсету құқығын алдын-ала шешіп қойғандықтан, бұл матч айтарлықтай маңызға ие болмады. Оралдықтар үшін келесі маусымдағы тағдыры өте өзекті болмақ. Өйткені команда алғашқы айналымда Ақтөбеге баруға қаражат таппай, техникалық жеңіліс алған болатын. Ендігісі алаң иелеріне қалған турларды аман-есен ұйымдастырса болғаны. Қағаз жүзінде фаворит саналған «Ақжайық» осы жолы «Ақтөбе» жастарымен терезесі теңдей ойнап, бір ғана гол матчтың жеңімпазын анықтауға жеткілікті болды.

 

«Екібастұз» - «Ұлытау» - 4:3

Голдар: Жасұлан Молдақараев, 35 минутта пенальти (0:1), Максим Галкин, 43 минут (1:1), Максим Галкин, 57 минут (2:1), Абзал Таубай, 61 минут (2:2), Абзал Таубай, 68 минут (2:3), Амал Сейітов, 75 минут (3:3), Даниал Какенов, 79 минут (4:3)

Осы турдың орталық матчы голдарға бай болып, көрермендерге тамаша спектакль сыйлады. Бірінші минутта-ақ алаң иелері сапынан Даниал Какенов гол соғатын мүмкіндікке ие болса да, есепті қонақтар ашты. «Ұлытау» сұрмергені Жасұлан Молдақараев пенальтиден мүлт кетпеді. Бұл футболшы 7 ойын қатарынан көзге түсті. Алайда жезқазғандықтарды кездесуде танымай қалдық. Шабуыл шебі бабында болғанымен, қорғаныста капитан Демият Сламбеков бастаған футболшылар қайта-қайта қарсыластардан көз жазып қалды. Кім қателікті тиімді қолданды, сол ұжым жеңіске жетті. Осылайша, «Ұлытау» турнир кестесінде бір ғана тур көш бастап, артынша 3-ші сатыға құлдилады.

 

«Жетісай» - «Тараз» - 2:0 

Голдар: Тимур Зуфтаров, 69 минут (1:0), Бақыт Қалыбай, 89 минут (2:0)

Қос клуб та санаулы турлар бұрын OLIMPBET QFL Премьер-лиганың жолдамасына таласушылардың қатарында болса да, шешуші ойындарда ұпай жоғалтып алды. Енді командалар тең маусымды аяқтаса жеткілікті. Осы орайда «Жетісайдың» бағы жанып кетті. Жетісайлықтар кейінгі 3 матч бойы қарсыластарын жайпап келеді. Өз кезегінде жамбылдықтар 1,5 айдан астам уақыт жеңіске жете алмай жүр.

 

Айта кетейік, 1ХВЕТ QFL Бірінші лигасының 29-шы тур ойындары 17-18 қазан күндері өтеді.