Атбасар қаласының 300-ге жуық баласы ҚФФ салған жаңа алаңда футболмен айналысады
ҚФФ ALAÑ жобасы аясында 12-ші алаңды қолданысқа берді. Кезекті ауқымды жұмыс Атбасар қаласындағы «Локомотив» стадионында жүргізілді. Енді 300-ге жуық бала халықаралық талаптарға сай жаңа футбол алаңыңда доп тебетін болады.
Жаңа төсеніштің сапасын тексеруге облыс әкімдігі мен Қазақстан футбол федерациясының өкіллері қатысты. Сонымен қатар іс-шарада жобаның амбассадоры - ұлттық құраманың экс-капитаны Самат Смақов балалармен ашық жаттығу өткізіп, қолтаңба берді. Өңделген алаң жергілікті стадионның 70 жылдығына орай тамаша сый болды.
«Біздің ауданда тұрғындардың 40%-ы спортпен шұғылданады. Біз Атбасарда алаңның өңделгеніне қуаныштымыз. Футбол алаңын қайта жаңартуға 190 миллион теңге кетіп, бюджеттің қаржысынан бірде-бір тиын жұмсалмады. Барлығы Қазақстан футбол федерациясы, УЕФА және 1XBET компаниясының қолдауы арқасында жүзеге асты. Жаңа алаңның сапалығының жоғары болғаны соншалықты, алаңда аудандық, облыстық жарыстар ғана емес, халықаралық деңгейдегі турнирлерді өткізуге болады. ALAÑ жобасының жүзеге асуына үлес қосқан барша жандарға алғысымды айтамын», - деді Ақмола облысы, Атбасар ауданының әкімі Аманбек Қалжанов.
Футбол алаңдарын реновациялау аясындағы ҚФФ-ның ALAÑ жобасы 2023 жылы басталған болатын. Бұқаралық спортты дамытуға бағытталған Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Қазақстан футбол федерациясы елімізде футбол алаңдарын қайта жаңартатын ALAÑ бағдарламасын енгізді. Үш жылға арналған бағдарлама УЕФА-ның қолдауымен жүзеге асырылады. Жобаның басты серіктесі - 1XBET букмекерлік компаниясы, ал мақсаты - футбол инфрақұрылымын дамытып, бұқаралық футболды дамытуға жағдай жасау.
«Бұқаралық футболды дамытуға бағытталған жобамыз қарқын алып келеді. Біз моноқалалардағы инфрақұрылымын жақсартуға айрықша көңіл бөлеміз және өскелең ұрпақ заманауи, сапалы, қауіпсіз алаңда футболмен айналысқанын қалаймыз. Атбасар танымал спортшыларымен мақтана алады. Болашақта біз халықаралық дәрежеде доп тебе алатын футболшыларды көреміз деп сенемін», - деді Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов.
Айта кетейік, жалпы ALAÑ жобасы бойынша 2023-2025 жылдары республикамыздағы 20 футбол алаңын жаңарту жоспарда бар. Бұған дейін елімізде Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Петропавл, Өскемен, Аягөз, Ақсу, Балқаш, Жезқазған, Қызылорда қалалалары мен Жетісу облысындағы 11 алаң қолданысқа берілген болатын. Жақын арада Саран қаласында кезекті алаң берілу жоспарда бар.