EN
KZ RU
04 December 2024 14:45
OLIMPBET PREMIER LEAGUE

Айдын Қожахмет: Елордалық футбол түлектерімен доп тебуді армандаймыз

04 December 2024 14:45

Араға 16 жыл салып, отандық футболдың жоғары дивизионына оралған «Жеңіс» клубы OLIMPBET QFL Премьер-лигасындағы өз орнын сақтап қалып, 1XBET QFL Лига кубогының күміс жүлдегері атанды. Осы орайда клубтың бас директоры Айдын Қожахмет аталмыш маусымды қорытындылап, QFL.KZ сайтына өз ойымен бөлісті.

 

- Маусымды 1XBET QFL Лига кубогының финалымен және OLIMPBET QFL Премьер-лигасында орындарыңызды сақтап қалуыңызбен аяқтадыңыздар. Жалпы маусымға көңілдеріңіз тола ма? Әттеген-ай дейтін тұстарыңыз бар ма?

- Қайта жаңғырған клуб OLIMPBET QFL Премьер-лигасында алғашқы маусымын өткізгендіктен, маңызды қадамдарымыздың бірі – Жоғары дивизионда өз орнымызды сақтап қалу болды. Оның үстіне өз үйімізде, жанкүйерлеріміздің алдында доп тебе алмағандықтан, міндетіміз одан сайын қиындады. Кез-келген футболшы стадионда еш қолдаусыз ойнау жаман әсер беретінін айтады. Сондықтан, турнир кестесіндегі орынымызды қанағаттандырарлық деп айтуымызға болады. Кей матчтарды еске алсақ, сәл ғана сәттілік жетіспеді. Әйтпесе қорытынды бұдан да жақсы болар еді. Команданың потенциалы маусымның соңында байқала бастады. Егер өз ойынымызды бастапқыда тауып алғанда, не болатынын елестете аласыз ба?

 

- Осы маусымда 1XBET QFL Лига кубогы атты турнир енгізілді. Бұндай турнирлер қазақ футболына қаншалықты маңызды? Қандай пайдасы бар деп ойлайсыз?

- Сөзсіз, бұл турнир бізге майдай жақты. Мысалы, командамыз жеңіске жеткеннің арқасында өздеріне деген сенімділіктерін арттырып, чемпионаттағы нәтижесін жақсарта алды. Бапкерлік штаб та ойын уақыты аз футболшыларға мүмкіндік беріп, деңгейлерін тексеріп алды. Қаржылық жағын да айтпай кетуге болмас. Сыйақы мен турнирге қатысқаны үшін берілген бонустар одан сайын жақсы көңіл-күй сыйлады.

 

- Биылғы маусымда тарихы бар командалар жоғары дивизионға шыққанымен, легионерлердің көмегімен алып шықты. Футболдағы өзгерістер «Жеңіс» сапында отандық ойыншылардың деңгейі өсуіне қаншалықты ықпал етті?

- Барлығы қарапайым. Қазақстанда жоғарғы деңгейдегі футболшылар аса көп емес. Сол себепті легионерлердің көмегіне жүгінеді. Біз оларды жақсы әрі сапалы түрде баулып, бәсекелестік ортаны қалыптастыруымыз қажет. Егер мықты футболшылармен жаттығып, бірге ойнасаң, деңгейдің жоғарлайтыны анық. Біз және «Елімай» командасы отандық футбол картасында біраз жыл болмады. «Қайрат» сынды өзіндік академиямыз, мектебіміз жоқ. Бірден жастарымызға иек арта алмаймыз. Өз шәкірттерімізді шығаруға уақыт қажет. Сондықтан басқа қалаға, елдерге қарауға мәжбүрміз. Мәжбүрлі шешім. Сөзімізге сеніңіз, біз елордалық футбол түлектерімен доп тебуді армандаймыз. Астана қаласының тұрғындары да бұл өз командасы екенін біліп, жергілікті түлектердің ойнайтынын білсе екен деймін. Болашақта солай болады.

 

- Екінші трансферлік терезеде ойыншылардың көпшілігін жаңарттыңыздар. Осы тұрғыдан көктемдегі күшейтулерді сәтсіз деп айтуға бола ма?

- Футболшылармен сәтті немесе сәтсіз келісім-шартқа отырдық деп айта алмас едім. Иә, қателіктер болды. Бірақ бірінші кезекте өзгерістер бапкердің ауысуына байланысты болды. Оның футболдағы көзқарасына байланысты күшейтулер қажет еді.

 

- Осы жылы «Жеңіс» клубының бас директоры қызметіндесіз. Сіз үшін бұл үлкен тәжірибе болған шығар? Клубқа бапкер, футболшыларды таңдау қаншалықты қиынға соқты?

- Тәжірибелі әріптестерімнен қарағанда, білімім әлі таяздау. Әрине, өткен жылғымен салыстырар болсақ, тәжірибем артты. Бапкер немесе футболшыны таңдаған сәтте, сараптама мен қандай мақсатты көздейтініңді білуің қажет. Жұмыс стратегияның негізінде жүзеге асады. Футбол командалық спорт түрі болғандықтан, ұжыммен сіңісіп кету маңызды.

 

- «Жеңіс» клубы осы маусымда өз алаңындағы матчтарын Павлодар мен Қарағанды қаласында өткізуге мәжбүр болды. Бұл қорытынды нәтижеге қолдау тұрғысынан әсерін тигізді ме? Келесі маусымда Астанада доп тебетін шығарсыздар?

- Жоғарыда айтқанымдай, егер біз жанкүйерлердің қолдауын сезінгенде, бұдан да мықтырақ болар едік. Өткен жылы Бірінші лигадағы барлық матчтарымызға орташа есеппен 3000-5000 жанкүйер келді. Ал OLIMPBET QFL Премьер-лигасында көрсеткішіміздің өсетіні айдан анық. Осы тұрғыдан жұмыс істейміз.

 

- Маусым басында шамамен басты қарсыластарыңызды білген шығарсыздар. Осы орайда қай ұжымның футболы сіздің көңіліңізден шықты? Қарағандылық «Шахтердің» басты аутсайдер екендігін бастапқыда болжанды ма?

- «Шахтер», «Жетісу», «Тұран» - бізбен деңгейлес және басты бәсекелестер болады деп санадық. Себебі, қаржылық жағынан командалардың мүмкіндігі шамалас еді. Бірінші айналымда «Жетісу» жақсы қырынан көрсете білді. Екінші айналымда үздік команда атағына біз лайықты болдық. Әрине, «Шахтерді» OLIMPBET QFL Премьер-лигасынан ұшып кететін мүлдем елестете алмадым.

 

- 2024 жылғы футбол маусымында чемпиондықтың соңғы турда шешілуі, барлық матчтардың тікелей эфирде ұсынылуы, түрлі статистикалық деректердің қолжетімділігі отандық футболдың алға жылжуына септігін тигізді деп айтсақ бола ма?

- Біздің чемпионат осылай болуы қажет. Ол бәсекелестікке толы, қызық әрі заманауи талаптарға сай бейімделуі тиіс. Лиганың осы маусымдағы атқарған жұмыстары одан әрі жалғасып, дамығаны жөн. Біз қолдан келгенше, көмектесеміз. Бастысы, барлық мәселелер алаңда шешіліп, нәтижеге өзге тұлғалар әсер етпеуі керек. Әйтпесе, еңбек еш кетеді.