EN
KZ RU
17 September 2024 10:45
SECOND LEAGUE

Басты мотивациямыз - алтын жүлде – «Шахтер Ж» командасының бас бапкері Максим Самченко

17 September 2024 10:45

QFL Екінші лигасының «Солтүстік-Шығыс» конференциясында алтын жүлде үшін тартыс әлі жалғасуда. 1ХВЕТ QFL Бірінші лигасының бір жолдамасының тағдыры қалған үш турда «Шахтер Ж» мен «Ертіс» клубтарының арасында шешіледі. Қазіргі сәтте қарағандылықтар турнирде көш бастап, павлодарлық ұжымнан 1 ұпай алда тұр. «Шахтер» жастары бірінші орынды сақтап, ең жоғарғы нәтижені тіркей ме? Осы орайда бас бапкер Максим Самченко QFL.KZ сайтына сұхбат берді.


- Максим Николаевич, «Шахтер Ж» мен «Ертіс» QFL Екінші лигасының «Солтүстік-Шығыс» конференциясында өзара бәсекені жалғастыруда. Қазіргі таңда сіздер павлодарлықтардан 1 ғана ұпаймен алда тұрсыздар. Енді SD Family Ж, «Астана Ж» және «Оқжетпес» жастарына қарсы доп тебесіздер. Бірінші орынға деген мүмкіндіктеріңізді қалай бағалайсыздар? 1ХВЕТ QFL Бірінші лигасының жолдамасы үшін «Ертіс» клубына кедергі бола аласыздар ма?

- Ешкімге кедергі келтірмейміз. Спорттық қағидаға сәйкес, турнир кестесі бар. Мүмкіндік қашан да болады. Барлығы өзімізге байланысты. Үш ойында жеңіске жетсек, чемпион атанамыз. Бірінші орында қалу үшін, барлығын жасаймыз.

 

- «Шахтер» жастары QFL Екінші лигасында 4 мәрте қола жүлдеге ие болса да, әлі 1ХВЕТ QFL Бірінші лигасында өнер көрсетпеді. Осы маусымдағы басты мақсаттарыңыз – алтын медаль мен жоғарыға көтерілу ме? 

- Мақсатымыз - футболшыларымызды техникалық және тактикалық тұрғыдан барынша жетілдіру. Одан кейін былтырғыдан қарағанда төмен орын алмау. Себебі, жігіттеріміз бірінші айналымда көшбасшы болып, чемпиондыққа таласуға болатындығына көз жеткізді.

 

- «Шахтердің» негізгі құрамасынан қарағанда сіздер өте жақсы нәтиже көрсетіп жатырсыздар. Қорғаныстарыңыз берік және турнирде 50 гол соқтыңыздар. Сондай-ақ сіздер қарсылас қақпасына ең көп соққы жасайтын ТОП-3 ұжымның қатарына кіресіздер. Жетістіктің сыры неде? Футболшыларыңызды қалай жігерлендіресіз? 

- Біздің жетістігіміздің сыры? Біз жаттығу мен ойында барымызды саламыз. Әр матчта жеңіске деген жігерімізді көрсетеміз. Әркім өз ісімен айналысады. Қақпашы гол жібермесе, шабуылшы гол соғуы тиіс. Жақсы қорғанып, сәтті шабуылдауға тиістіміз. Мотивациямыз бірдей. Мотивациямыз - алтын жүлде алу. Жігіттеріміз жақын қалғанын түсінеді және өздеріне сенеді.

 

- «Шахтердің» негізгі құрамында ойнай алатын футболшылар бар ма? Мысалы, команданың көшбасшысы Шыңғыс Флюк негізгі құрамда доп тепсе де, артынша «Ұлытауға» ауысып кетті. Осы орайда футболшыларды айта аласыз ба? Флюктің кетуі командаға қаншалықты әсер етті? 

- Иә, бізде болашағынан үміт күттірер футболшылар бар.Олар маусым бойы негізгі құрамның жаттығуына тартылады. Аты-жөндерін айтпаймын. Бұл жігіттерімізге деген әділетсіздік болушы еді. Ең бастысы, олар одан әрі дамып, алға деген ұмтылыстарын жалғастырады. Шыдамдылық танытып, еңбектене беру қажет. Шыңғыс бастапқыда көмегін тигізіп, 4-5 тур бойы қатарымызда болды. Оның сұрмергендік қабілеті оң әсерін тигізді. «Ұлытау» клубына ауысып кеткен соң, біраз өзгерістер жасадық. Гол соғатын шабуылшы жетіспеді. Қазір де бұл мәселе өзекті. Бірақ команда бар. Футболшыларымыз Флюктің жоқтығын сезініп, өз мүмкіндіктерін қолдануы тиіс екендігін түсінеді.

 

- QFL Екінші лигасының осы маусымындағы бәсекелестікті қалай бағалар едіңіз? 

- Үш тур қалса да, чемпиондықтың тағдыры әлі шешілмеді. Талас соңғы турға дейін жалғасады деп ойлаймын. Бұл біздің және «Ертістің» арасында өрбиді. Өкінішке қарай, «Астана Ж» таластан шығып қалды. Олардың мақсаты - үшінші орынды сақтап қалу. Төртінші орынға да үмітті 3-4 команда бар.

 

- Осы жылдан бастап, QFL Екінші лигасы отандық телеарналарда тікелей эфирден көрсетіліп жатыр. Статистикалық мәліметтердің берілуі де біршама жақсарды. Бапкер ретінде сізге бұл қаншалықты көмегін тигізуде? 

- Трансляцияның болуы кезекті қарсыласты танып-білуге өте жақсы көмегін тигізді. Бұған дейін біреулерн, ойынның көшірмесін сұрастырып, іздеуші едік. Қазір барлығы анағұрлым жеңілдеді. Жауап - иә.

 

Айта кетейік, 18 қыркүйек күні QFL Екінші лигасының 20-шы турында «Солтүстік-Шығыс» конференциясындағы «Шахтер Ж» командасы сырт алаңда SD Family жастарымен кездеседі. Ойын Астана қаласындағы Sydykbek Arena стадионында сағат 16:00-де өтеді. Тікелей эфирді QFootball.kz, QFL.KZ сайттары мен Q Football мобильді қосымшасынан көре аласыз.