Бір ғана мақсатымыз бар – элиталық дивизионға жолдама алу - Иван Азовский, «Ұлытау» ФК бас бапкері
Шілде айының ортасында ғана «Ұлытау» клубының тізгінін ұстаған Иван Азовский 9 матч өткізіп, 8 жеңіс, 1 тең нәтиже тіркеді. Екі айдан астам уақыт бойы команда қалай тұрақты түрде өнер көрсетіп келе жатыр? Клубтың алдағы мақсаты қандай? Алдағы турда «Арысқа» қарсы ойынға дайындық қалай өтуде? Міне осы сұрақтар бойынша бас бапкер QFL.KZ сайтына сұхбат берді.
- Иван Геннадьевич, сізді 60-жылдық мерейтойынызбен шын жүректен құттықтаймыз. Көптеген сарапшылар «Ұлытау» клубы 1XBET QFL Бірінші лигасын сәтсіз бастаса да, басты фавориттердің қатарына қосып еді. Сіздің ойыңызша, жезқазғандықтардың өзге клубтардан қандай артықшылығы бар?
- Өзге клубтардан артықшылығымды айтқым келмейді. Алайда «Ұлытау» құрылған сәттен бастап, облыс басшылығы, демеушіміз – «Қазақмыс» корпорациясы, бапкерлік штабтың бір ғана мақсаты бар. Ол – элиталық дивизионға жолдама алу.
- 1XBET QFL Бірінші лигасының аяқталуына 4 тур ғана қалды. Енді осы аптада турнирдің аутсайдерлерінің бірі «Арысты» қабылдайсыздар. Қарсылас жайлы не айта аласыз? Дайындық қалай өтуде?
- Қарсыластарды әлсіз және мықты деп бөлмеймін. Әр ойынға өте тыңғылықты дайындалып, жауапкершілікпен қараймыз. Біз әрқашан өз матчымызға назар аударып, әр ойын сайын қосуға тырысамыз.
- 8 тур бойы жеңіске жетіп келесіздер. Сәтті серияның жалғасуына не әсер етуде? Командаға келгелі қандай өзгеріс енгіздіңіз?
- Футболшыларымды ойын идеясы, стилі тұрғысынан қызықтыра алдым және біздің философиямызды тезірек түсінгені үшін оларды бағалаймын.
- «Ұлытаудың» 37 жастағы шабуылшысы Жасұлан Молдақараев әр матч сайын көзге түсіп, жеңіске үлкен үлес қосуда. Командада шабуыл шебі қаншалықты тұрақты жолға қойылған?
- Мен футболшылардың құжаттарына назар аудармаймын. Оның ойындағы қасиеттерін білгендіктен, клуб өз мақсатына жету үшін қатарға қосты. Қазіргі сәтте футболшы өз міндетін жақсы орындауда. Шабуыл шебінде ешкімді бөліп-жарып айтқым келмейді. Барлық футболшы шабуылда да, қорғаныс барысында да өзіндік үлестерін қосады.
- Жезқазған қаласында футбол клубының құрылғанына көп болмады. 2-3 жыл ішінде өңірдегі футболдың даму қарқынын қалай бағалайсыз? Жергілікті тұрғындар клубты қаншалықты қолдайды?
- Біздің облыстың және клубымыздың құрылғанына 2 жыл ғана уақыт болды. Оған дейін 10 жылдай үлкен футбол болмады десем, артық айтпас едім. 2 жылда көп шаруалар атқарылды: Екінші лигадан бастап, сенімді түрде бірінші орын алдық. 100-ге жуық жергілікті балалар жаттыға алатын футбол орталығы ашылды. Бірінші рет тәрбиеленушілеріміз жасөспірімдер арасындағы чемпионатқа қатысты. Жезқазғандағы футболдың байырдан келе жатқан дәстүрі бар. Өңіріміздегі тұрғындардың футболға деген сағынышы сезіледі. Әр матч сайын жанкүйерлердің қатары артып жатқанын көрудемін.
- OLIMPBET QFL Премьер-лигаға шығуға өте жақын тұрсыздар. Осы орайда клуб жоғарғы дивизионда өнер көрсетуге қаншалықты дайын? Кей өзгерісті ескеретін болсақ, талаптарды орындай аласыздар ма?
- Жолдама алу бойынша тек маусым аяқталған соң ғана айта аламын. Өңірімізде футболға деген қызығушылық өте жоғары. Алдағы уақытта клубтың одан әрі дамуы үшін облыс басшылығы, демеушілер барын салады деген сенімдемін.
- 1XBET QFL Бірінші лигасының биылдағы басты ерекшелігі – тек қана отандық футболшылардың алаңға шығуы және бүкіл матчтардың отандық телеарналардың тікелей эфирден көрсетілуі. Бұл өзгерістер турнирге қаншалықты әсер етті?
- Легионерлерге шектеу қою арқылы отандық футболшыларға деген жанкүйерлердің қызығушылығы артты. Біз маман ретінде жергілікті ойыншылардың дамуына белсенді түрде атсалысамыз. Тікелей трансляцияның арқасында әр жанкүйер өзінің клубының матчын қалт жібермей, көру мүмкіндігіне ие болды.
Айта кетейік, ертең 1ХВЕТ QFL Бірінші лигасының 27-ші турында «Ұлытау» клубы өз алаңында «Арыс» командасымен кездеседі. Матч түскі 15:00-де Сәтбаев қаласындағы Спорт-сауықтыру кешенінде өтеді. Тікелей эфирді Q Arena телеарнасы, QFootball.kz, QFL.KZ сайттары және Q Football мобильді қосымшасынан көре аласыз.