ҚФФ Саранның 70 жылдығына орай жаңа футбол алаңын сыйлады
ALAÑ жобасы аясында тағы бір жаңа алаң Саран қаласында қолданысқа берілді. Кезекті ауқымды жұмыс «Сұңқар» стадионында сәтті аяқталды. Жаңартылған алаң Қазақстан футбол федерациясының қаланың 70 жылдығына арнаған тартуы болды.
Жаңа төсеніштің сапасын ҚФФ әкімшілігінің өкілдері, жергілікті футбол ассоциациясы басшылығы мен спортшылартексерді. Сонымен қатар іс-шарада жобаның амбассадоры - ұлттық құраманың экс-капитаны Самат Смақов балалармен ашық жаттығу өткізіп, қолтаңба берді. Айта кетейік, соңғы рет 4 мың жанкүйерге арналған стадионда жөндеу жұмысы 15 жыл бұрын ғана жүргізіліп еді.
«Біз Саран қаласындағы футбол алаңын ауыстыру үшін ҚФФ-ке өтінім бердік. Берген тапсырысымыз барлық талаптарға сай келіп, армандауға тұрарлық италиялық сападағы алаң салынды. Бұл жерде футболмен 300-ге жуық бала айналысатын болады. Стадионға жөндеу жұмысын жасап берген ҚФФ президенті Әділет Барменқұлов пен қала әкімшілігіне алғысымды айтамын. Біз бұл жерде тек қалалық, облыстық жарыспен шектелмей, Республикалық деңгейге шықсақ дейміз», - деді Қарағанды облысының футбол ассоциациясының төрағасы Николай Бублинский.
Футбол алаңдарын реновациялау аясындағы ҚФФ-ның ALAÑ жобасы 2023 жылы басталған болатын. Бұқаралық спортты дамытуға бағытталған Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Қазақстан футбол федерациясы елімізде футбол алаңдарын қайта жаңартатын ALAÑ бағдарламасын енгізді. Үш жылға арналған бағдарлама УЕФА-ның қолдауымен жүзеге асырылады. Жобаның басты серіктесі - 1XBET букмекерлік компаниясы, ал мақсаты - футбол инфрақұрылымын дамытып, бұқаралық футболды дамытуға жағдай жасау.
«2009 жылдан бері футболмен айналысам және менің жолым Сараннан басталып еді. Кішігірім қалада осындай керемет алаң соғып бергені үшін Қазақстан футбол федерациясына алғысым шексіз. Бұндай жоғары сапа біраздан бері болмап еді. ALAÑ жобасы Қазақстанның барлық өңірінде жалғасып, балалардың жаттығып, халықаралық аренада бақтарын сынағанын қалаймын. Бұл балалар, жасөспірімдер және ересектер футболының дамуы үшін үлкен үлес», - деп футболдан әйелдер ұлттық құрамасының ойыншысы Анастасия Низамутдинова пікірін білдірді.
Айта кетейік, жалпы ALAÑ жобасының жүзеге асуы 2023-2025 жылдарға жоспарланған. Бұған дейін елімізде Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Петропавл, Өскемен, Аягөз, Ақсу, Балқаш, Жезқазған, Қызылорда, Атбасар қалалалары мен Жетісу облысындағы 12 алаң қолданысқа берілген болатын. Жалпы жоба аясында Қазақстанның 20 футбол алаңын жөндеу жоспарда бар.