ҚФФ Қызылорданың орталық стадионында жаңа алаң салып берді
ALAÑ жобасы аясында тағы бір жаңа алаң қолданысқа берілді. Кезекті ауқымды жұмыс Қызылорда қаласындағы Ғани Мұратбаев атындағы орталық стадионында жүргізілді. Бүгін «Қайсар» футбол орталығының тәрбиеленушілері жаттығатын жерде қосалқы алаңның салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Салтанатты ашылуға облыс әкімшілігінің өкілдері, Қазақстан футбол федерациясының басшылығы, ұлттық құраманың ойыншылары, спорт журналистері мен жоба демеушілері қатысты. Сонымен қатар іс-шарада жобаның амбассадорлары - ұлттық құраманың бас бапкері Станислав Черчесов пен аңыз футболшы Самат Смақов балалармен ашық жаттығу өткізіп, қолтаңба берді. Сондай-ақ, жаңа алаңда жасөспірімдер арасында қазақ футболының ардагері Әбіл Қалымбетовты еске алуға арналған Республикалық турнир өтті.
«Бұқаралық футболға арналған алаңдарды әр қалада салып жатырмыз және Қызылордаға келгенімізге қуаныштымыз. Бұл қасиетті жер қазақ футболына талай талантты футболшыларды берді. Әлі де әлемді таңғалдыратын жұлдыздар шығады деп сенеміз. Футбол ойнаймын деген балаларға жағдай жасау біздің міндетіміз. Барлықтарынызды футбол мерекесімен құттықтаймын!», - деді Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов.
Футбол алаңдарын реновациялау аясындағы ҚФФ-ның ALAÑ жобасы 2023 жылы басталған болатын. Бұқаралық спортты дамытуға бағытталған Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Қазақстан футбол федерациясы елімізде футбол алаңдарын қайта жаңартатын ALAÑ бағдарламасын енгізді. Үш жылға арналған бағдарлама УЕФА-ның қолдауымен жүзеге асырылады. Жобаның басты серіктесі - 1XBET букмекерлік компаниясы, ал мақсаты - футбол инфрақұрылымын дамытып, бұқаралық футболды дамытуға жағдай жасау.
«2023-2024 жылдары облыс көлемінде 15 спорт кешені пайдалануға берілді. Өткен жылы ғана облыс әкімі сол жағалаудан 10 мың адамдық стадионның кірпіші қалаған болатын. Біз ALAÑ жобасы арқылы ұтатынымыз анық. Кеше ғана құрылысы басталған алаңымыз небәрі бір айдың ішінде пайдалануға берілді. Болашақ чемпиондар доп теуіп, әлемдік ареналарда Сыр елінің, Қазақстан Республикасының атын әлемге танытады деген сенімдеміз. Қазақстан футбол федерациясына және оның президенті Әділет Назарбайұлына алғысымызды білдіремін. Осындай ел ағалары бар кезде қазақ спорты өлмейді деп ойлаймыз», - деді Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының орынбасары Жігер Айекешов.
Айта кетейік, жалпы ALAÑ жобасы бойынша 2023-2025 жылдары республикамыздағы 20 футбол алаңын жаңарту жоспарда бар. Бұған дейін елімізде Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Петропавл, Өскемен, Аягөз, Ақсу, Балқаш, Жезқазған қалалалары мен Жетісу облысындағы алаңдар қолданысқа берілген болатын. Осы аптада Атбасар мен Саранқалаларында кезекті алаң берілу жоспарда бар.