EN
KZ RU
30 July 2024 10:57
SECOND LEAGUE

Менің философиям – шабуылға басымдық беретін футбол – «Ертіс» ФК Бас бапкері Николай Гавриш

30 July 2024 10:57

Павлодардың «Ертіс» клубы «Солтүстік-Шығыс» конференциясында алтыннан үмітті бірден-бір ұжым. Алайда қазіргі сәтте олар «Шахтер Ж» командасынан еш оза алмай жатыр. Осы орайда клубтың бас бапкері Николай Гавриш кезекті турдың алдында QFL.KZ сайтына өз ойымен бөлісті.

 

- Николай Николаевич, футбол маусымы басталмай тұрып, көптеген сарапшылар «Ертісті» QFL Екінші лигасының «Солтүстік-Шығыс» конференциясында басты фаворит деп таныды. Алайда 14 турдың қорытындысы бойынша, клуб әлі «Шахтер Ж» командасының алдына шыға алмай тұр. 1XBET QFL Бірінші лигасына бір ғана ұжымның шығатынын ескерсек, «Ертіс» топ басына шыға ала ма?

-   Әлі маусымның жартысы бар. Бізге өз ұпайымызды алу қажет және бұл басты мақсатымыз. Ақырындап алға қадам басудамыз. Барлығы алда деп ойлаймын.

 

- «Ертістің» жаңғыруын футбол сүйер қауым үлкен қуанышпен қабылдады. Қазақстанның бес дүркін чемпионы үшін өз атағын қайтарып алу қолынан келе ме? Клуб басшылығы осы маусымға қандай мақсат қойды?

-   Мақсатымыз жайлы бірнеше рет айтылды. Бұл – келесі лигаға өтіп, одан әрі жалғастыру. Жаңғыруға келетін болсақ, мен қаланың футболды сүйетініне және «Ертістің» қандай бағалы әлеуметтік жоба екеніне көз жеткіздім. Бұл өте керемет. Қаншама адам келіп жатыр. Біздің қолымыздан келетінімізге, оны жүзеге асыратынымызға сенімдіміз.

 

- QFL Екінші лигасындағы ең үлкен әрі тәжірибелі футболшылар сіздің клубқа жиналған. Кей позицияларды әлі де күшейту жайлы жоспарыңыз бар ма?

-   Біз құрамды толық жасақтадық. Команданы күшейту жайлы айтудың қажеті жоқ. 5-6 тәжірибелі футболшымыз бар. Бұл адамдар бізге көмектескісі келеді. Олар қаланың абыройы үшін клубтың бір бөлігі болды. Біздің бас тартуға құқығымыз жоқ еді.

 

- QFL Екінші лигасында «Шахтер Ж» командасынан бөлек, кімдерді басты қарсылас ретінде санайсыз?

-   «Астана Ж» жақсы футбол ойын үлгісін көрсетеді. Олар былтыр Бірінші лигада доп тепкен. «Тобыл Ж» ұжымы да жергілікті түлектерден жасақталған. Осы командаларды тұрақты деп ойлаймын.

 

- Клубтың әр матчында жанкүйерлердің көп жиналғаны қуантады. Бұған не себеп болды? Осы маусымдағы бәсекелестік деңгейін қалай бағалар едіңіз?

-   Тұрғындар футболды сағынып қалған. «Ертісті» бекерден-бекер қаланың басты бренді деп айтпайды ғой. Павлодар футболмен байланысы өте тығыз. Жанкүйерлер көп жиналады. Атмосфера керемет. Футболшылар бұны көреді және бағалайды. Тіпті сырт көзбен қарайтын болсаң да, жағымды әсер аласың. Қала футболды, команданы жақсы көріп, әр матчты асыға күтеді. 1-2 жылдан кейін QFL Екінші лигасындағы қазіргі футболшылар 1XBET QFL Бірінші лигасы және OLIMPBET QFL Премьер-лигасында ойнайтын болады. Екінші лиганың деңгейі төмен деп айта алмаймыз. Жастар өседі. Арасында қателеседі. Бірақ бұлар біздің болашағымыз. Оларды әлсіз деп нұқып айтуға құқығымыз жоқ.

 

- QFL Екінші лигасында «Ертіс» және «Астана Ж» командасының қорғанысы берік саналады. Осы орайда команда қорғаушылардың әрекетіне басымдық бере ме? Жаңғырған «Ертіске» қандай ойын стилі үйлеседі?

-   Біз қорғаныс пен шабуылға бірдей мән береміз. Стильге келетін болсақ. Жеке өзімнің ойым, менің философиям – шабуылға басымдық беретін футбол. Команда шабуылға басымдық беріп, ойын тізгінін қолға алғаны жанкүйерлерге ұнайтынын білемін. Маған осы нұсқа тартымдырақ көрінеді.

 

- Сіз бұған дейін «Елімай», «Екібастұз», Литваның «Жальгирис» сынды клубтарында бас бапкердің көмекшісі болдыңыз. Ал «Ертістің» бас бапкері ретіндегі бірінші қызметіңіз. Бұл үлкен жауапкершілік пе? Қалаған нәтижеге қол жеткізу үшін, сіз үшін не маңызды?

-   Кез келген клубта, өзге жерде 100% бар күшімді саламын. Қазір жауапкершілік жоғары. Бірақ қорықпаймын. «Ләззат алмайтын жердегі көрсеткіш қызық емес» деген сөз бар ғой. Сондықтан әр нәтиже, жаттығу барысы, команда, жігіттермен әңгімелесіп, олардың жетілгенін көру мен үшін маңызды.

 

Айта кетейік, QFL Екінші лигасының «Солтүстік-Шығыс» конференциясындағы 15-ші турында «Ертіс» өз алаңында «Оқжетпес Ж» командасын қабылдайды. Ойын бүгін кешкі 19:00-де Павлодар қаласының орталық стадионында өтеді. Матчты Q Arena телеарнасы, QFootball.kz, QFL.KZ сайттары және Q Football мобильді қосымшасынан көре аласыз.