EN
KZ RU
08 July 2024 15:52
ЖЕНСКАЯ ЛИГА

Әр матч тартысқа толы - «Ақтөбе» ӘФК бас бапкері Александр Семенов

08 July 2024 15:52

«Ақтөбе» QFL Әйелдер лигасында жақсы нәтиже көрсетіп келеді. 8 турдың қорытындысы бойынша, команда 18 ұпаймен турнир кестесінің 2-ші орынында тұр. Клуб 6 мәрте жеңіске жетіп, 2 рет ұпай берді. Жалпы саны 24 рет қарсылас қақпасынан саңылау тапты. Осы орайда «Ақтөбе» ӘФК бас бапкері Александр Семенов QFL.KZ сайтына команданың осы маусымдағы мақсатымен бөлісті.

 

- Клуб басшылығына осы маусымда қандай мақсат қойылды? «Ақтөбеге» жаңа футболшыларды шақыру жайлы жоспарларыңыз бар ма?

- Бірінші кезекте біз барынша жоғары мақсатты қоямыз. Сәйкесінше, «Ақтөбе» клубы басшылығының да талабы жоғары. Әрине, әрқашан жеңіс күтетін жанкүйерлерді де тыс қалдыра алмаймыз. Трансфер кезеңінде күшейту болады. Жаңалықтарымызды бақылай жүріңіздер.

 

- QFL Әйелдер лигасының биылғы маусымындағы бәсекелестікті қалай бағалайсыз?

- Небәрі 5 команда қатысып жатса да, әр матч тартысқа толы. Жүлделі орын мен чемпиондық атақ үшін әр кездесу оңайға соқпайды. Әр клуб Чемпиондар лигасына қатысқысы келеді. Сондықтан маусым соңында турнир кестесін көру барлығына қызық болады деп ойлаймын.

 

- Сіздің ойыңызша, осы маусымда қай қарсылас ең қиын болды және неліктен?

- Әр қарсыласты сыйлаймыз және барлығына бірдей дайындаламыз. Әрине, «БИІК-Шымкент» клубы басты фаворит. Бұл ұжым бірнеше мәрте Қазақстан чемпионы атанып, Чемпиондар лигасына тұрақты түрде қатысады. Мықты футболшылары мен тәжірибелері жетерлік.

 

- «Ақтөбе» осы жылы QFL Әйелдер кубогының күміс жүлдесін алды. Жаңа турнир әйелдер футболын дамытуға қаншалықты өз әсерін тигізеді?

- Түрлі турнирлердің ұйымдастырылуы демеушілерді де көбейтеді. Әйелдер футболының дамуы, танылуы үшін – жақсы бастама. Ойын көп болса, қызығушылық артады.

 

- Биыл QFL Әйелдер лигасында 5 қана команда бақ сынап жатыр. Сіздің ойыңызша, неге Қазақстанның өзге клубтарында әйелдер командасы жоқ?

- Танымалдылық жоқ. «Қайрат», «Астана», «Тобыл» секілді клубтарда әйелдер командасы болуы тиіс деп санаймын. Бәлкім, келесі маусымда жақсы легионерлері, талантты жергілікті футболшылары бар кемінде 10 команда болатын шығар. Қазірдің өзінде клубтар тәжірибелі, сапалы ойыншыларға деген ұсыныстарын білдіруде.

 

Айта кетейік, QFL Әйелдер лигасының 9-шы турында «Ақтөбе» өз алаңында «Ордабасыны» қабылдайды. Матч 1 тамыз күні ОМБЖОРСМ стадионында өтеді.