EN
KZ RU
20 July 2024 14:00
1XBET КУБОК ЛИГИ

Әр матчта жеңіске жеткіміз келеді – «Атырау» клубының бас бапкері Виталий Жуковский

20 July 2024 14:00

«Атырау» осы маусымда QFL-дің барлық жарыстарында сәтті өнер көрсетіп келеді. 1ХВЕТ QFL Лига кубогында атыраулықтар ел чемпионы «Ордабасымен» тең түсіп, сырт алаңда «Тұранды» қапы қалдырған соң, жартылай финалға шығуға жақын. Бірақ «мұнайшыларға» Семей жерінде «Елімайды» тек қана жеңуі керек. Осы маңызды ойынның алдында «Атырау» клубының бас бапкері Виталий Жуковский QFL.KZ сайтына команданың қазіргі жағдайына тоқталды.

 

- Виталий Леонидович, «Атырау» 1ХВЕТ QFL Лига кубогында чемпион атануына мүмкіндік бар. 15 жылдан бері ешқандай кубокты алмағандарыңызды ескерсек, клуб үшін бұл турнирде жеңіске жету мақсаты тұр ма?

- Клуб үшін кез келген кубок – үлкен оқиға. Әрине, қандай да бір турнирде топ жару көңілді көтереді. Біз өзіміз қатысып жатқан турнирлердің әр матчында жеңіске жеткіміз келеді.

 

- 1ХВЕТ QFL Лига кубогы атты жаңа турнирдің ұйымдастырылуы мен матчтар санының артуы отандық футболдың дамуына әсер етті деп ойлайсыз ба?

- Турнирге деген көзқарасым оң. Қазақстанда матчтардың саны көп болса деймін. Мысалы, біз чемпионатта бір айдан астам уақыт ойнамай, тек қана жаттығамыз. Салыстырмалы түрде Беларусьте қызмет еткен кезімде бір маусымда ресми 40 кездесу өткізген болатынбыз. Ал халықаралық үзіліс сәтінде Жоғарғы лиганың өзге клубтарымен доп тебетін едік. Бұл шара футболшыларды қалыпта ұстауға көмектеседі. Қазақстанда 1 айда 6 матч, ал келесі айда тек 2 ойын ғана өткізуің мүмкін. Тұрақсыздық дайындыққа да әсер етеді.

 

- 1ХВЕТ QFL Лига кубогында кей клубтар аралас құрамын алаңға шығарады. «Атырау» да екінші турда біршама өзгерістер жасады. Турнир жас футболшылардың да шеберлік деңгейін көрсетуге мүмкіндік бере ме?

- «Ордабасы» мен «Тұранға» қарсы кездесулерге ойын уақыты аз футболшылар доп тепті. Біз бұл турнирге қатысқанымызға қуаныштымыз. Себебі, бұл қарапайым жолдастық ойындар емес, ресми матчтар. Сондай-ақ біз жергілікті жас футболшыларға мүмкіндік беріп, кей ойыншыларды басқа позицияға қойып та көрдік. Қанша жаттыққанымен, футболшы үшін ойын ешнәрсені алмастыра алмайды.

 

- OLIMPBET QFL Премьер-лигасында сіздердің қорғаныстарыңыз ең мығым саналады. 14 турда небары 7 доп қана жібердіңіздер. Қарсыласты қақпаға жақындатпаудың қандай да бір амалы бар ма және трансфер кезінде құрамды күшейтуді жоспарлайсыздар ма?

- Ақпарат беттерінде біз аз гол жібереміз – яғни, «автобус» тактикасын қолданамыз деген жазбаны оқыдым. Бұл менің күлкімді келтірді. Себебі, біз көп ойындарда қарсыластан қарағанда шабуылды көп ұйымдастырамыз. Бәлкім, 1-2 матча өзге клубтарға статистикалық жағынан кем түскен шығармыз. Бірақ біз әр кездесуде допты айып алаңына дейін жеткізуге тырысамыз. Жаттығуда да шабуылға қатты көңіл бөлеміз. Чемпионатта жеті гол жіберу – бұл жақсы көрсеткіш. Тіпті соңғы ойындарда доп рикошеттің кесірінен кіріп кетті. OLIMPBET QFL Қазақстан кубогында да 13 гол салып, 2 доп өткіздік. Біз осы арқылы тек қана гол жібермеу ғана емес, қарсыластан қарағанда 1 гол артық салуға тырысатындығымызды көрсетеміз. Ал трансферге тоқталатын болсақ, жазғы ауысым сәтінде 1-2 футболшы қатарымызға қосылып, құрамдағы бәсекелестікті арттырады деп сенемін.

 

- OLIMPBET QFL Премьер-лигасы сенсациялық нәтижелермен таңғалдырып келеді. Мысалы, «Атырау» мен топ басындағы клубтың арасын 8 ғана ұпай бөліп тұр. Осы орайда «мұнайшыларды» ТОП-5-ке таласады деп айтуға бола ма?

- ТОП-5-ке кіру ештеңе бермейді. Ал үштікке кірген және 4-орын алған команда еурокубокқа жолдама алуы мүмкін. Командалардың қазіргі жағдайына қарап, ТОП-5-ке ену өте қиын. Себебі, екінші айналымда көп фавориттер сапалы трансферлер жасап, ойын қарқынын арттырады. Біздің басты мақсат – алаңға шығу, турнир кестесіне қарамау және әр матчта жеңіске жету.

 

- Араға 5 жыл салып, OLIMPBET QFL Қазақстан кубогында тағы да финалға шықтыңыздар. Сіздер үшін осы маусымда осы кубокты жеңіп алу басты мақсаттарыңыз ба?

- Финалдық ойын 29 қыркүйекте өтеді. Біз алысқа барғымыз келмейді. Ең алдымен жақын күндері өтетін матчтарға дайындалуымыз керек. Финалға бір апта қалғанда ғана көңіл бөліп, барлық күшіміз бен эмоциямызды жұмсайтын боламыз. Сол кезде ғана финалдық матч бойынша сұхбат бере аламын.

 

Айта кетейік, 1ХВЕТ QFL Лига кубогының 3-ші турында «Атырау» сырт алаңда «Елімаймен» күш сынасады. Ойын 20 шілде күні кешкі 20:00-де Семей қаласындағы «Спартак» стадиоында өтеді. Матчты Q Football, Q Arena телеарналары мен QFootball.kz, QFL.KZ сайтынан тікелей эфирде көре аласыздар.