EN
KZ RU
22 August 2024 12:03
UBET LEAGUE

Қуаныш Қабдолов: Әр тур сайын жеңіспен қуантамыз деп сенемін

22 August 2024 12:03

«Каспий» клубы 1ХВЕТ QFL Бірінші лигасында жоғары мақсатты көздейтін ұжымдардың бірі. Маңғыстаулық команда бірінші айналымда ұзақ уақыт бойы турнир кестесінде көш бастап тұрса да, басымдығын жіберіп алды. Бірақ, жаңа бапкер Қуаныш Қабдоловтың жетекшілігімен соңғы екі ойында маңызды ұпайларды жинады. Бүгін «Каспий» Жаңаөзенде «Жетісай» командасына қарсы маңызды матчты өткізеді. 21-ші турдың орталық ойыны алдында Қуаныш Қабдолов QFL.KZ сайтына сұхбат берді.


- Қуаныш Кенжалыұлы, сіз команданы нағыз қиын-қыстау кезінде қабылдауға келістіңіз. Маусым ортасында «Каспий» клубын қабылдауға не әсер етті?

 - Клуб басшылығынан ұсыныс түсті. Команданың сонғы нәтижелеріне қарамастан, OLIMPBET QFL Премьер-лигасына шығу ниеті бар екендігі және бұл жоспарды орындауға барлық мүмкіндікті жасайтындығы менің бапкерлік мақсаттарыммен сәйкес келді. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол деп, көздеген жерімізге жұмыла жетеміз деп ойлаймын.


- Клубқа келгелі трансфер кезеңінде ойыншылар алып, жаттығу, тактикалық жағынан өзгеріс енгіздіңіз бе?

- Біз командаға келген кезде, жазғы трансферлік терезе жабылуға жақын болды. Бұрынғы бапкерлік штаб Айманов, Зулфикаров, Шәмші, Кәрімов сияқты білікті футболшыларды ұжым сапына қосуға шешім қабылдапты. Клубта бар ойыншылармен бірге негізгі мақсатты шешуге тырысамыз деп шештік. Ал жаттығу мен тактика жағынан енді өзгеріс енгіздік. Бұл бұрынғы жасап кеткен бапкерлердің жаман жұмыс жасады деген сөз емес. Тек әр бапкердің өзінің ойын стилі мен ойын үлгісі болатындығын меңзегім келеді.


- Бүгін кешке сіздерді «Жетісайға» қарсы өте маңызды ойын күтіп тұр. Бұл матчтың сіздер үшін құны қаншалықты жоғары? Жалпы дайындық жұмысы қалай жүруде? Барлық мықты футболшыларыңыз алаңға шығуға дайын бола ма?

- «Жетісайдың» мықты қарсылас, қайтпас, қайсар команда екенін білеміз. Олардың үшінші орында келе жатқаны бекер емес. Біз қонақтардың жақсы және әлсіз жақтарын ойыншылармен талқыладық. Бұл ойынға өзіміздің жоспарымыз бар, барлық футболшылар оң нәтиже көрсетуге дайын. Бізге қазір тек жеңіс керек. 3 ұпай алуға барымызды саламыз.


- Сіз «Каспийден» бұрын да «Тұран» командасын Жоғары лигаға шығарған тәжірибеңіз бар. 1XBET QFL Бірінші лигада жоғары орындарға таласу үшін не маңызды деп ойлайсыз? «Каспий» үшін басты қарсыластар кімдер болмақ?

- Жоғары орындарға таласу үшін, қаржылық және ойын тұрақтылығы қажет. Жалпы, OLIMPBET QFL Премьер-лигасының жолдамасына таласуға клубымызда барлығы бар деп есептеймін. Кішкене ұпай жоғалтқанымыз болмаса, ойынымызды әр тур сайын жақсартуға тырысып жатырмыз. Абыздар мен әулиелердің отаны болған маңғаз мекен, маң дала киелі Маңғыстау өнірінің командасы Премьер-лигада ойнауы үшін, соңына дейін күресеміз. Ал басты қарсыластарға келсек, турнирлік кестеде бізден жоғары тұрған ұжымдарды басты қарсыластар деп ойлаймын. Барлығының жоғары орындарға таласу мүмкіндігі бар.


- 1ХВЕТ QFL Лига кубогы аясында ақтаулықтар осы маусымда OLIMPBET QFL Премьер-лиганың ұжымдарын жеңіп те үлгерді. Алайда сол жарқын жеңістер ішкі біріншілікте айтарлықтай көмегі тимеді ме?

- Әрине, футболшыларымыздың Премьер-лиганың командаларына қарсы жақсы ойын өрнегін көрсеткені қуантады. Жақсы тәжірибе алды деп санаймын. Ішкі біріншілікте аз ойнаған ойыншыларымыз өз мүмкіндігін алды. Бұл жеңістер біздің мықты команда екенімізді дәлелдеді және ішкі біріншіліктегі ойын сапасын жақсартуға көмегін тигізді.


- «Каспий» осы маусымдағы кездесулерін Жаңаөзендегі Әмин Тұяқов атындағы стадионда өткізіп жатыр. Өзге қалада да сіздерді қолдайтын жанкүйерлердің қарасы көп пе? Жалпы жергілікті тұрғындарға 1XBET QFL Бірінші лига футболы әсер етті ме?

- Бапкерлік міндетіме кіріскеннен кейін, кеше осы стадионда алғашқы жаттығуымызды өткіздік. Бәрі жоспарлағандай болды. Бүгін бас бапкер ретінде бірінші рет Жаңаөзен қаласында «Жетісай» клубына қарсы ойнаймын. Жанкүйерлер стадионға көп жиналады деп естідім. Жергілікті тұрғындарға 1XBET QFL Бірінші лига ойындары жақсы әсер қалдыруда деп ойлаймын. Өз тарапымыздан көрермендерді әр тур сайын жеңіспен қуантамыз деп сенемін.


Айта кетейік, бүгін 1ХВЕТ QFL Бірінші лигасының 21-ші турында «Каспий» өз алаңында «Жетісай» командасын қабылдайды. Матч Жаңаөзен қаласында кешкі 19:00-де Әмин Тұяқов атындағы стадионда өтеді. Кездесуді Q Football телеарнасы, QFootball.kz, QFL.KZ сайттары және Q Football мобильді қосымшасынан көре аласыздар.