EN
KZ RU
03 September 2024 09:00
ЖЕНСКАЯ ЛИГА

Әйелдер клубтарының саны артқаны жақсы – «Ордабасы» ӘФК бас бапкері Әуелбек Дербісбаев

03 September 2024 09:00

Биыл жаңадан құрылған «Ордабасы» әйелдер клубы QFL Әйелдер лигасында турнир кестесінің қақ ортасында келе жатыр. 12 ойын өткізіп үлгерген ұжым 15 ұпай жинап, 3-ші орында тұр. Осы орайда «Ордабасы» ӘФК бас бапкері Әуелбек Дербісбаев QFL.KZ сайтына команданың қазіргі жағдайымен бөлісті.

 

- QFL Әйелдер лигасында үшінші орында келе жатырсыздар. Биылғы біріншіліктегі бәсекелестікке тоқтала кетсеңіз?

- Біз біріншілікке қатысып жатқан жаңа клубтың біріміз. Жоспарымыз ауқымды болды. Тәжірибелі футболшылар, легионерлер мен жастардың басын қосып, алғашқы жылды бейімделуге арнадық. Негізгі жоспарымыз – келесі жыл. Биылғы біріншілік тартысқа толы болып жатыр. Бірақ «БИІК-Шымкент» пен «Ақтөбені» өзгелермен салыстыруға болмайтын шығар. Себебі, оларға жету үшін біршама уақыт қажет. Себебі, олар тәжірибесі мол, ойыншылар сапасы жағынан жоғары, өздерін танытып үлгерген. Трансфер кезеңінде де біз, «Оқжетпес», «Томирис-Тұран» - сол командаларға қосылмаған футболшыларға үміт артуға мәжбүр болдық. «БИІК-Шымкент» клубына қарсы тұру қиындау. Өйткені бұл ұжым жыл сайын дәстүрлі түрде кәрі құрлықтың басты додасында азулы «Лион», «Барселона» сында командалармен иық тірестіріп жүр. Тек жігерімізді ғана салмасақ, физика, техника, тактикалық тұрғыдан есе жібереміз. Екіншіден, футболшыларымыз жас. Атақты клубқа қарсы шыққанда психология да рөл ойнап кетеді. Ал ұлттық құрама сапында бірнеше ойыншысы бар «Ақтөбеге» қарсы еш қорқыныш болмады. Жасыл алаңда барымызды салып, сәл ғана шамамыз жетпей қалды. Қалғандарымен күштеріміз шамалас.

 

- Биылғы маусымдағы бір ерекшелік - тең есеп мүлдем тіркелмеді. Бұндай жайтқа не әсер етеді деп ойлайсыз?

- «Ақтөбемен» тең түсуге мүмкіншіліктерімізз болды. Бірақ ойын ырғағын жоғалтып алып жатырмыз. Қыздарымыз психологиялық жағынан кемшіл болғанымен, қарсыластан еш кем түспей, аянып қалмады. Айырмашылығы – шеберлік деңгейлерінде. Кім өз сәтін тиімді қолданады - сол жеңіске жетеді. Өкінішке қарай, бұл жағынан «Ақтөбе» басым болды. Сондықтан, бірінші себеп – футболшылардың шеберлігі, екінші себеп – клубтардың тек жеңіске ұмтылуында деп білемін. Әзірше бірде-бір команданың уақыт созып, тең нәтижені қанағат тұтқанын жасыл алаңда байқамадым.

 

- QFL Әйелдер кубогы мен QFL Әйелдер лигасының осы маусымынан бастап тікелей эфирде көрсетіле бастады. Сіздер үшін бұл қандай да артықшылық берді ме?

- Тікелей эфирден көрсету идеясы өте қатты ұнады. Бұл футболшыларымызға жақсы мотивация береді. Стадиондағы матчты Қазақстанның өзге өңірлерінен де тамашалап жатқанда, қыздар да, бапкерлер де толық жауапкершіліктерін сезінеді. Барын салып, этикалық жағынан да дұрыс көрсетуге тырысады. Кездесуден кейін әр сәттегі қателіктерімізді талдап, сараптауға таптырмас құрал екеніне көзім жетті.

 

- Биыл бірінші рет QFL Әйелдер кубогы да сарапқа салынды. Матчтар салыстырмалы түрде көбейді деуге келе ме?

- Ішкі біріншілікте бес клуб 16 ғана матч өткізеді. Ал QFL Әйелдер кубогының ұйымдастырылуы ойындардың санын арттырды. Бұл өз кезегінде онсыз да көп уақытын жаттығуға арнайтын аруларымызға жақсы тәжірибе. Қанша жаттығу жасағанымен, бәрібір бір кездесудің орынын алмастыра алмайды. Тек бір мәселе, матчтардың арасы жақын болып кетті. Бұл футболшылардың дайындығына тікелей әсерін тигізеді. 1-2 күннің ішінде қайта толық формаға келу қиындау. Енді чемпионатымыз қазан айында бітеді. Келісім-шарт бойынша біршама футболшылар жыл соңына дейін ойнауы тиіс. Осы орайда тағы да бір кубок болса деген ниетіміз бар.

 

- Шымкент қаласынан 2 бірдей әйелдер клубы бар. «БИІК-Шымкент» сынды ұжымға қарсы тұру үшін өзге командаларға не жетіспейді деп ойлайсыз?

- Бұл жерде басты ерекшелік – футболшыларды сұрыптау. Алдын ала қыс мезгілінде жақсы футболшыларды жинақтаса, «БИІК-Шымкентке» де қарсы тойтарыс беруге болады. Барлығы осыған келіп тіреледі. Чемпиондардың құрамына да көз жүгіртсеңіз, ұлттық құраманың белді футболшылары, жақсы легионерлер жинақталғанын анық байқайсыз.

 

- Алғашқы айналымға көңілдеріңіз тола ма? Тіпті сіздер екінші орындағы «Ақтөбе» командасынан 1 ғана доппен есе жіберудесіздер? Сәтсіздікке не себеп болуда? Трансфер кезінде құрамды күшейте алдыңыздар ма?

- Көңіліміз толып жатыр. Уақыт өткен сайын құрамамыздағы жас ойыншыларымыздың тәжірибесі артып, жасыл алаңда еш қысылмай, ақырындап ашылып келе жатыр. Бастапқыда мүлдем ойын ритміне ілесе алмай, қиналған аруларымыздың қазіргі көріністеріне қарап, қуанып жатырмыз. «Ақтөбемен» өткен 4 кездесудің үшеуінде 1 ғана доп айырмашылығымен жеңілдік. Барлығын футболшылардың орындау шеберлігі шешіп кетті. Шеберлік деген бір күнде, бір матчта келе салатын дүние емес. Оған уақыт пен тынымсыз еңбек қажет. Қыздардың физиологиясы да ерекше. Ерлер секілді бірден ақ-қарасын ажырата алмайсың. Иә, талантты футболшылар бар. Бірақ олардың саны аз. «Ордабасы» клубының орташа жасы – 19-20 ғана жасты құрайды. Командамыз қолдан келгенінше тырысып жатыр. Бірақ барлығына уақыт керек. Трансфер кезеңінде тек қақпашы позициясын күшейте алдық. Өзге шептерге ойыншыларды алмауымыздың себептері бар.

 

- Әйелдер клубтарының саны артқаны қаншалықты тиімді?

- Әйелдер клубтарының саны артқаны жақсы. Бірақ сапалы футболшыларды табу өте қиын болмақ. Өйткені ондай мәселемен біз тікелей кездестік. Футбол орталықтарынан шығып жатқан түлектер баршылық. Алайда ересектерге тез бейімделіп кете алмайды. Ол үшін уақыт пен қосалқы құрамда тәжірибелерін шыңдауы керек. Бірақ бұл жерде қыздардың физиологиясы рөл ойнайды. Одан кейін көпшілігі кәсіпқой футболды емес, оқуды және т.б жөн көреді. Ол үшін әйелдер футболына жағдай жасалуы керек. Дегенмен бұл салаға ақырындап көңіл бөлініп келеді. Барлығын алдағы уақытта көре жатармыз.

 

Айта кетейік, «Ордабасы» клубы QFL Әйелдер лигасының 17-ші туры аясында сырт алаңда «БИІК-Шымкент» командасымен кездеседі. Ойын 12 қыркүйек күні Шымкент қаласында өтеді.