EN
KZ RU
09 October 2024 08:49
ЖЕНСКАЯ ЛИГА

Әйелдер лигасының 2024 жылғы маусымы мәресіне жетті

09 October 2024 08:49
17 мамыр мен 4 қазан аралығында жалғасқан QFL Әйелдер лигасының алғашқы маусымы аяқталып, басты фаворит саналған «БИІК-Шымкент» клубы чемпион атанды. Күміс жүлдені «Ақтөбе» командасы иеленсе, «Ордабасы» футболшылары қола жүлдегер атанды. Айта кетейік, «Ақтөбе» мен «Ордабасы» клубтары өздерінің алғашқы маусымын өткізді.

4 айналым бойынша 20 тур өткен биылғы бәсекеде «Ақтөбе», «БИІК-Шымкент», «Оқжетпес», «Ордабасы», «Томирис-Тұран» әйелдер футбол клубтары талас жүргізді. QFL Әйелдер лигасының чемпионын марапаттау шарасы Шымкент қаласында ұйымдастырылды. Жеңімпаздарға жаңа жүлде мен медальдарды Qazaqstan Football League президенті Ғани Қайназаров табыстады.

«Біз әйелдер футболына көңіл бөліп, дамитынына сенеміз. Осы жылдың мамыр айында QFL Әйелдер кубогы сәтті ұйымдастырылып, ал 4 қазанда алғаш рет QFL Әйелдер лигасы форматындағы ел чемпионаты өз мәресіне жетті. Сонымен қатар барлық матчтар отандық телеарналарда тікелей эфирден көрсетілді. Турнирлерге 5 команда қатысты және келесі жылы тағы да қатысушылардың саны өседі деп күтілуде. ҚР футбол клубтарын лицензиялаудың ережелеріндегі өзгерістерге сәйкес, келесі жылдан бастап Премьер-лигадағы әр қатысушының әйелдер командасы болуға тиіс. Біздің футбол клубтарымыз бәсекелестікті арттырып, еліміздегі әйелдер футболының дамуына үлкен үлес қосады деп сенеміз. Ал, отандық әйелдер клубтарына еурокубок турнирлерінде сәттілік тілеймін!», - деді Ғани Қайназаров.

Айта кетейік, маусым қорытындысы бойынша «БИІК-Шымкент» пен «Ақтөбе» командалары 2025 жылғы Әйелдер арасындағы УЕФА чемпиондар лигасының іріктеу кезеңіне қатысады.