EN
KZ RU
11 August 2024 23:28
1XBET КУБОК ЛИГИ

Жартылай финал: «Жеңістің» жеңістері жалғасуда

11 August 2024 23:28

10-11 тамыз күндері аралығында 1XBET QFL Лига кубогының алғашқы жартылай финалдық ойындары өтті.

 

Қандай жайттар тіркелді?

- «Жеңіс» өз алаңындағы матчтарында гол өткізбей, сенімді түрде басым түсіп келе жатыр.

- Марин Беланчич Қарағанды стадионында топтық кезең және жартылай финалдағы бірінші голдың авторы атанды.

- «Жеңіс» - «Қайрат» арасындағы кейінгі 2 матчта алматылықтар 40 соққы бағыттағанымен, 1 ғана гол соға алды.

- «Астана» клубы бірінші рет сырт алаңда гол кіргізбеді.

- «Елімай» клубы ғана әзірше осы турнирде бірде-бір мәрте жеңілмеді.

 

«Жеңіс» - «Қайрат» - 2:0

Голдар: Марин Беланчич, 13 минут (1:0), Гиорги Панцулая, 22 минут (2:0)

Алаңнан қуылған: Джоа Рибейро де Оливейра, 45+3 минут («Жеңіс»)

«Қайрат» клубының топтық кезеңдегі ірі жеңістері осы турнирдегі басты фавориттердің қатарына қосқан еді. Сондықтан алғашқы матч Қарағандыда өткеніне қарамастан, қонақтар айқын фаворит саналды. Бірақ оқиға басқаша өрбіді. Алғашқы минуттарда-ақ «Жеңістің» айып добы сәтті орындалып, Марин Беланчич шабуылды керемет түйіндеді. Бұл футболшы осы турнирдегі алғашқы голды соққан еді. Енді плей-офф сатысындағы бірінші гол да тиесілі. Ал араға 9 минут салып, қонақтар қақпашысының допты қате қосуын алаң иелері кешірмеді. Есеп: 2:0. «Қайрат» та қарап қалмады. Бірден 30-шы минутта Иброхимхалил Юлдошев пен Георгий Зарияны жасыл алаңға шығарды. Осылайша олар қауіп төндіре бастады. Ал бірінші таймның соңғы минуттарында Джоа Рибейро де Оливейра алаңнан қуылып кетті.

Екінші таймда «Қайрат» бір футболшыға артық ойнағанымен, есепті сол күйі қысқарта алмады. Осы орайда астаналықтар сапында екінші ғана матчын өткізген Мирослав Лобанцевтің де сенімді ойнағанын айтпай кетуге болмас. Қонақтардан Гиоргий Зарияның соққылары айтарлықтай қауіп төндіргенімен, гол кіргізуге тосқауыл болды. Ең көп 8 соққы бағыттаған Жоау Паулоға әдеттегідей дәлдік жетіспеді. Алаң иелері 2 доп басымдығымен жеңіске жеткенімен, барлығы Алматы қаласындағы жауапты ойында шешіледі.

 

«Елімай» - «Астана» - 0:0

Алаңнан қуылған: Дмитрий Яшин, 70 минут («Елімай»)

Қарсыластың деңгейі шамалас болғанымен, букмекерлер алаң иелерінің жеңіске жететініне сенімді болды. Біріншіден, «Астана» клубы бейсенбі күні Конференция лигасы аясында 5 мыңнан астам шақырымды құрайтын Румыния жерінде доп тепті. Екіншіден, елордалықтар бұл ойынға бірде-бір негізгі футболшысын жібермеді. Тіпті бас бапкер Григорий Бабаянның орнына Александр Москаленко барды. Үшіншіден, «Елімай» өз жасыл алаңында қарсыластың осы жағдайын пайдалануға тиіс еді. Алайда семейліктер тарапынан гол соғатын сұрмерген жетіспеді. Команданың шабуылшысы Шина сары қағаздың санына байланысты ойынды өткізуге мәжбүр болды. Оның орнына трансфер кезеңінде жаңадан қосылған Ислам Машуков алаңға шықты.

Бірінші таймда қос ұжым да қақпаны көздеуге тырысқанымен, 1 ғана дәл соққы бағытталды. Әсіресе қонақтар сапынан Рамазан Кәрімов ыңғайлы позициялардан допты әуеге тепті. Екінші тайм басталысымен, «Елімай» қарсыласты қыспаққа алып, есепте алға шығуға тырысты. Бірақ осы маусымда небары екінші ойынына шыққан әрі бұған дейін ұлттық құрамаға шақырту алып жүрген Мұхамеджан Сейсен өз шеберлігін паш етті. Ол 2 мәрте өте қауіпті соққыны қайтара білді. Жартылай қорғаушы Барнс Осей де қақпаға кіріп бара жатқан допты аман сақтап қалды. 70-ші минутта алаң иелері сапынан Дмитрий Яшинның қуылуы шабуылды бәсеңдеткенімен, соңғы минутқа дейін гол соғуға деген құлшыныстарын тоқтатпады. «Астана» сол күйі 90 минутта бірде-бір дәл соққы жасамады. Бұл нәтиже қонақтар үшін әзірше өте ыңғайлы деуге болады.

 

1XBET QFL Лига кубогы жартылай финалының қарымта ойындарының күні кейінірек белгілі болады.