EN
KZ RU
05 July 2024 20:41
UBET LEAGUE

14-ші тур қорытындысы: «Ақтөбе Ж» сенсациялық жеңіске жетті

05 July 2024 20:41

3-5 шілде күндері өткен 1XBET QFL Бірінші лигасының кезекті турында басты фавориттер саналған «Каспий» мен «Жетісай» клубтары соңғы минуттарда жеңіліске ұшырады.

 

Қандай жайттар тіркелді?

- 7 ойында 28 гол соғылды;

- 26 сары қағаз көрсетілді;

- «Оқжетпес» 5 ойын бойы қақпасына гол жібермей келеді;

- «Жетісай» осы маусымда екінші рет соңғы минуттарда SD Family ұжымына есе жіберді;

- «Жетісай» бірінші рет өз алаңында жол берді;

- «Ақтөбе Ж» 8 матчқа созылған жеңілісіне нүкте қойды;

- «Хан-Тәңірі» көш басына шықты.

 

«Ақтөбе Ж» - «Каспий» - 3:1

Голдар: Бекзат Қабылан, 2 минут (0:1), Бейбарыс Иманқұл, 38 минут (1:1), Бейбарыс Иманқұл, 88 минут (2:1), Мирам Кикбаев, 90+7 минут (3:1)

«Каспий» 1XBET QFL Лига кубогы атты турнирге қатысатындықтан, 1XBET QFL Бірінші лигадағы матчын сәрсенбі күні ойнауына тура келді. Олар көш соңындағы әрі 8 матч бойы жеңіліп келе жатқан «Ақтөбе Ж» командасына қонаққа барды. Анық фаворит саналған «Каспий» 2-ші минутта-ақ гол соқты. Бұл гол ақтаулықтардың босаңсуына әкеліп соқты ма, әлде қарсыласты менсінбеді ме, әйтеуір одан кейінгі уақытта «Каспий» есепті еселей алмады. Керісінше «Ақтөбе Ж» өздерінен әлдеқайда тәжірибелі «Каспиймен» батыл ойнады. Өз кезегінде 16 жастағы қақпашы Саятхан Құсайыновтың да ерлігін айта кеткен жөн. Ол осы матчта 9 соққыны қайтарды. Кездесу соңына дейін жеңіске ұмтылған «Каспийді» ақыры алаң иелері қарымта шабуылмен жазалап, өз алаңында бірінші рет жеңіске жетті.

 

«Ақжайық» - «Қайрат-Жастар» - 2:3

Голдар: Сэйф Попов, 17 минут (0:1), Иван Антипов, 26 минут (1:1), Олжас Байбек, 31 минут (1:2), Бекзат Иманғазиев, 73 минут (2:2), Аруп Саутов, 86 минут (2:3)

Орал қаласындағы матч көрермендер үшін өте тартысты өтті. Қос ұжым да кездесу бойы жеңіс үшін барын салып, соққы жасаудан аянып қалмады. Алдымен бірінші таймда Сэйф Попов қақпашымен бірге-бір шығып, допты бойынан асырып кетсе, артынша Иван Антипов бос қақпаға гол соқты. 5 минут өткен соң, Олжас Байбек қайта «Қайрат-Жастарды» алға шығарды. Екінші таймда қонақтар есепті одан әрі ұлғайтуға тырысқанымен, 73-ші минутта Бекзат Иманғазиев тараз басын теңестірді. Бұл гол «Ақжайықты» одан әрі шабыттандырып, бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Алайда 86-шы минутта Аруп Саутов шалқалай теуіп, алматылықтарға жеңіс сыйлады. Осылайша, «Қайрат-Жастар» бірінші рет «Ақжайық» клубынан басым түсті.

 

«Хан-Тәңірі» - «Қайсар Жас» - 4:2

Голдар: Павел Кривенцев, 4 минут (1:0), Павел Кривенцев, 9 минут (2:0), Бекзат Құрманбекұлы, 43 минут (2:1), Нұрдәулет Ағзамбаев, 48 минут (3:1), Павел Кривенцев, 66 минут (4:1), Темірлан Мурзагалиев, 70 минут (4:2)

Өткен турда Астана қаласына барып, ірі есеппен жеңіліске ұшыраған «Хан-Тәңірі» клубы өз жерінде бірден шабуылға ұмтылды. Нәтижесінде 9 минуттың ішінде 2 гол соғып тастады. Осы орайда қызылордалықтардың түздегі барлық матчтарында («Түркістанмен» ғана 0:0 есебі тіркелді) бірінші таймда гол жіберетінін де ескерейік. Жылдам голдар «Қайсар-Жастың» сағын сындырмады. Сирек болса да, қарсылас қақпасына соққы жасап, бірінші таймның соңында алыстан әдемі соққымен есепті қысқартты. Алайда екінші таймда «Хан-Тәңірі» тағы да 2 гол тоғытып, кездесудің тағдырын шешті.

 

«Түркістан» - «Оқжетпес» - 0:2

Голдар: Жалғас Жақсылықов, 39 минут (0:1), Игорь Гагаев, 90+3 минут (0:2)

Осы маусым «Оқжетпес» үшін оңтүстік сапарлары сәтсіз болып келіп еді. Алдымен «Жетісайға» жол берсе, кейін турнир кестесінің төменгі бөлігіндегі «Арыс» клубына қауқар көрсете алмады. Сондықтан көкшетаулықтар үшін бұл кездесу қиынға соғатыны белгілі болған. Солай болды да... «Түркістан» футболшылары барынша есеп ашуға тырысты. Әсіресе Шерзад Примбердиевтің құлшынысы қарсылас қақпашысының мазасын алды. «Оқжетпес» бірінші таймның аяғында гол соққанымен, ысқырық шалынғанша, алаң иелері есепті теңестіруге жақын болды. Өкінішке қарай, бірнеше сәтте қақпаны дәл көздей алмау «Түркістанның» ащы жеңілісіне себеп болды.

«Ұлытау» - «Алтай» - 2:1

Голдар: Максим Чалкин, 33 минут (1:0), Асылбек Сейітқалиев, 63 минут (1:1), Шыңғыс Флюк, 86 минут (2:1)

«Ұлытау» мен «Алтайдың» матчы осы турдағы басты кездесулердің бірі саналды. Өйткені «Ұлытау» маусымды жақсы өткізіп жатса, «Алтай» 6 ойын бойы жеңілмей келген еді. Сондықтан бұл матчтағы жеңімпазды анықтау қиынға соғатыны түсінікті болды. Әйтсе де, жезқазғандықтар бірінші таймда ойын тізгінінін қолдарына алып, бұрыштамадан есеп ашты. Қонақтар да шабуыл ұйымдастырғанымен, таза гол соғатындай сәттері аз болды. Тек 63-ші минутта Асылбек Сейітқалиевтің алаң ортасынан күтпеген жерден соққы бағыттап, есепті теңестіріп кетті. Артынша жеңісті жұлып алатындай да мүмкіндігі болды. Бірақ пайдаланбады. Сен соқпасаң, саған соғады дегендей, кездесудің соңында QFL Екінші лиганың сұрмергені болып келген Шыңғыс Флюк көзге түсіп, «Ұлытауға» 3 ұпай сыйлады.

 

«Жетісай» - SD Family - 2:3

Голдар: Ринат Серікқұл, 2 минут (1:0), Самат Мәжит, 4 минут (1:1), Тимур Зуфтаров, 16 минут (2:1), Диас Усеинов, 72 минут (2:2), Сұлтан Шымырхан, 90+2 минут (2:2)

«Жетісайдың» бұл қарсыласқа деген көзқарасы ерекше еді. Өйткені OLIMPBET QFL Қазақстан кубогының плей-оффында дәл осы астаналықтарға соңғы минутта жеңіс сыйлаған болатын. Сондықтан алаң иелері алғашқы минуттан шабуылға шығып, жылдам есеп ашты. Қонақтар да қарап қалмады. Бірден бұрыштамадан көтерілген допты Самат Мәжит нәтижеге айналдыра білдірді. Көп жағдайда ойын тағдырын бірінші таймда шешіп тастайтын «Жетісай» дамылсыз соққы жасап, бірінші таймда тек 1 доп айырмашылығымен есепте алға кетті. Екінші таймда қонақтар өзгерістер енгізді. Бұл өзгерістер көп ұзамай нәтижесін де берді. Диас Үсейінов тараз басын қайта теңестірді. Голдан кейін ғана «Жетісай» тың футболшыларын шығарғанымен, екінші гол психологиялық соққы болып, соңғы минуттарда тең есептен де құр қалды. Есеп: 2:3.

 

«Екібастұз» - «Арыс» - 3:0

Голдар: Амал Сейітов, 34 минут (1:0), Мирас Тұрлыбек, 54 минут (2:0), Карам Сұлтанов, 59 минут (3:0)

Өткен турда қайтадан Алматыда жеңіліске ұшыраған «Екібастұз» енді өз алаңында ойнаса да, букмекерлер олардың 3 ұпай алатынына қатты сенімді болмады. Өйткені «Екібастұз» маусым айындағы 4 матчтың 1-уінде ғана басым түскен еді. Бірақ алаң иелері алғаш минуттан бастап, тек қана жеңіс қанағаттандыратынын білдіріп, «Арыс» қақпасын нысанаға алды. Нәтижесінде 10 дәл соққының 3-уі голға айналды. Бәлкім, қонақтардың қақпашысы болмағанда бұдан да көп гол кірер ме еді. Бұған қорғаныстағы футболшылардың дұрыс позиция таңдамауы да кері әсерін тигізді.

 

Айта кетейік, 1XBET QFL Бірінші лиганың 15-ші тур ойындары 11-12 шілде күндері өтеді.