EN
KZ RU
15 August 2024 14:28
SECOND LEAGUE

17-ші тур: «Оқжетпес Ж» маусымдағы екінші жеңісін тіркеді

15 August 2024 14:28

13-14 тамыз күндері өткен QFL Екінші лигасының 17-ші тур аясында турнир көшбасшылары ұпай жоғалтпады.

 

Қандай нәтижелер тіркелді?

- 11 ойында 46 гол соғылды.

- 56 сары қағаз көрсетіліп, 2 ойыншы алаңнан қуылды.

- «Атырау Ж» командасы ғана шілде айынан бергі барлық 6 матчында жеңіске жетті.

- «Оқжетпес Ж» маусымдағы екінші жеңісіне қол жеткізді.

 

«Оңтүстік-Батыс» конференциясы              

13 тамыз

 

«Мақтаарал» - «Қайсар-Шиелі» - 4:0

Голдар: Рамазан Әли-Оғлы, 16 минут (1:0), Диержон Арипов, 71 минут (2:0), Орал Орынбасар, 84 минут (3:0), Мырзабек Асан, 85 минут (4:0)

Жоғары мақсатты көздейтін «Мақтаарал» клубы тамыз айындағы матчтарын сәтті өткізуде. Өткен турда олар басты фаворит AKAS-тан басым түскен еді. Сол жеңіс футболшыларға сенімділік беріп, екінші кездесу қатарынан 3 ұпай алды. Алайда ойынның басындағы алғашқы қауіпті соққыны «Қайсар-Шиелі» жасады. Қақпашымен бірге-бір шыққан қонақтар ашық тұрған футболшыға пас берудің орнына өзі теуіп, 100 пайыздық мүмкіндікті мүлт жіберді. Бұл «Қайсар-Шиелі» командасының осы кездесудегі 1 ғана дәл соққысы болды. Қалған уақытта алаң иелері толық тізгінді алып, көптеген шабуылдар жасады. Нәтижесі: 4:0.

 

«Талас» - «Ордабасы Ж» - 2:1

Голдар: Нұрбақыт Дәнехан, 36 минут (0:1), Рамиль Насибов, автогол, 41 минут (1:1), Санжар Абдуваитов, 62 минут (2:1)

Қаратаудағы ойынның алғашқы таймында «Ордабасы Ж» басымдыққа ие болып, Нұрбақыт Дәнехан керемет дриблингімен есеп ашты. «Талас» клубы есепті теңестіретіндей 100 пайыздық мүмкіндікке ие болмаса да, 41-ші минутта сол қапталдан асырылған доп Рамиль Насибовтың аяғына тиіп, автоголға айналып кетті. Шымкенттіктердік пенальтимен қайта алға шығатын мүмкіндігі болғанымен, «Талас» қақпашысы допты қайтара білді. Екінші таймда алаң иелері қонақтар қақпашысының мазасын алумен болды. Нәтижесінде Санжар Абдуваитов кезекті мүмкіндікті голға айналдырып кетті. Артынша есепті арттыруға ға көптеген сәттер туындатты. Алайда қалған уақытта гол соғылмай, «Талас» осы маусымда бірінші мәрте камбэк жасап кетті.

 

«Атырау Ж» - KazAST - 5:1

Голдар: Ербұлан Қанат, 15 минут (1:0), Бейбіт Кереев, 36 минут (2:0), Бейбіт Кереев, 68 минут (3:0), Абзал Сатыбалды, 82 минут (3:1), Темірлан Жиеналиев, 88 минут (4:1), Қошали Измуллаев, 89 минут (5:1)

Екінші айналым басталғалы «Атырау» жастарын тоқтату мүмкін емес болып тұр. Кезекті өз алаңында кездесуде де олар KazAST-ты ірі есеппен жеңді. Әсіресе көп голдар алыстан кірді. Алматылықтардың қақпашысы сол күйі алыстан бағытталған соққыларға қарсы еш амал таба алмады. Осылайша атыраулықтар 6 матч бойы қарсыласынан басым түсіп, турнир кестесінде ТОП-5 ұжымның қатарына қосылды. Бұл команда әр ойын сайын кемінде 2-3 голдан соғып жатыр.

 

AKAS - «Тараз Ж» - 2:1

Голдар: Дамир Сыдық, 36 минут (0:1), Дархан Меделхан, 69 минут (1:1), Мұхтархан Сабдиров, 70 минут (2:1)

Алғашқы минуттарда AKAS клубы жылдам есеп ашуға ұмтылғанымен, жамбылдықтар шабуылдың алғашқы толқынын тоқтата алды. Артынша өздері де лайықты жауап қайтарып, тіпті бірінші таймда 1 гол басымдығымен үзіліске кетті. Екінші таймда алматылықтар басымдыққа ие болғанымен, біршама уақыт қорғанысты бұза алмады. Тек 69 және 70 минутта «Тараз Ж» командасының қорғаныстағы қателігі кешірілмеді. Алаң иелері осы голдан кейін жеңісті ұстауға тырысып, қонақтардың алға деген ұмтылысын тежей алды. Осылайша жамбылдықтардың 4 матчқа жалғасқан жеңіліссіз сериясы тоқтады.

 

14 тамыз

 

«Оңтүстік» - «Жас Қыран» - 2:2

Голдар: Қадырбек Асқар, 26 минут (1:0), Жансұлтан Мұхаметханов, 30 минут (1:1), Санжар Кабиров, 37 минут (1:2), Аслан Кеңес, 66 минут (2:2)

Осы турдағы басты матчтың бірі болды. Себебі, турнир кестесінің 2 және 3-орындарында келе жатқан қос ұжымның бірі жеңіске жетсе, айтарлықтай басымдыққа ие болатын еді. Бұған дейінгі турларда «Оңтүстік» 2-орында сенімді тұрғанымен, біршама ұпай жоғалтып, алматылықтарды алға шығарып алған болатын. Ал «Жас Қыран» 6 ойын жеңісті сериясымен Шымкентке келгендіктен, оңайлықпен беріспейтіндігі анық еді. Шынында солай болды. Өз алаңында өте көп гол соғатын «Оңтүстік» алғаш болып есеп ашқанымен, қонақтар бірінші таймда 2 голмен жауап қайтарып, алға шықты. Тек екінші таймда шымкенттіктердің барын салуының арқасында ғана Аслан Кеңес өз командасын жеңілістен сақтап қалды.

 

«Солтүстік-Шығыс» конференциясы

13 тамыз

 

«Жетісу Ж» - «Қызылжар Ж» - 2:2

Голдар: Руслан Пунько, 8 минутта пенальти (0:1), Сәкен Ибадулла, 16 минут (0:2), Сабыржан Сүйіндік, 39 минут (1:2), Сұлтан Сейітқан, 60 минутта пенальти (2:2)

Турнир кестесінде 4-орында тұрған «Қызылжар» жастары алғашқы минуттан-ақ діттеген жоспары орындалып, 16 минуттың қорытындысы бойынша 2 доп алға шықты. Одан кейін де есепті еселеуге мүмкіндіктері болды. Бірақ бұл голдар «Жетісу» жастарының меселін қайтармады. Өз сәттерін күтіп жүрді. Нәтижесінде 39-шы минутта Сабыржан Сүйіндік үзіліске дейін 1 гол соға алды. Екінші таймның ортасындағы пенальти тіпті алаң иелерінің сенімділіктерін арттырып жіберді. Енді олар тең есепті де қанағат тұтпай, жеңіске жету үшін бар күштерін салды. Алайда бірде қақпашы, бірде сызықтан қорғаушылар құтқарып қалды. Есеп: 2:2. Тең нәтиже қос тарапты да қанағаттандырмады.

 

14 тамыз

 

«Алтай Ж» - «Тобыл Ж» - 3:3

Голдар: Еламан Оспанғали, 6 минут (0:1), Нұргелді Төлеуханов, 15 минут (1:1), Аманжол Бақытжанов, 30 минут (1:2), Олжас Тоқтасынов, 52 минут (2:2), Әлібек Жәрдемов, 61 минут (3:2), Бекзат Мыңайдаров, 82 минутта пенальти (3:3)

Алаңнан қуылған: Максим Кононенко, 90+1 минут («Тобыл Ж»)

Қостанайлықтар турнир кестесінің 4-ші орынында тұрғанымен, сырт алаңда сәтсіз ойнайтын ұжымдардың қатарына кіреді. Олар тек сәуір айында Көкшетау жерінде «Оқжетпес Ж» командасынан ғана басым түсе алған. Одан бері жеңістің дәмін татпады. Ал «Алтай Ж» өз алаңында ешкімге оңайшлықпен ұстата бермейді. Оған «Шахтер Ж» командасын жеңіп, «Ертіске» лайықты қарсылық көрсете алуы дәлел. Осы матчта да қос ұжым аянып қалмады. Алма-кезек гол алмасып, ақыры 1 ұпаймен тарқасты.

 

«Оқжетпес Ж» - «Ақсу» - 3:1

Голдар: Әлихан Ынтықбаев, 6 минут (0:1), Диас Есетов, 27 минут (1:1), Хақназар Қабиев, 56 минут (2:1), Игорь Гагаев, 81 минут (3:1)

Алаңнан қуылған: Муслим Закария, 71 минут («Ақсу»)

Турнирдің басты аутсайдері «Оқжетпес Ж» бұл ойында да ұпай береді деп күтілген еді. Себебі, «Ақсу» кейінгі 5 матчта да жеңілмей, 4 жеңіс, 1 тең көрсеткішті тіркеген болатын. Алғашқы минуттарда да қонақтар жылдам есеп ашып, 3 ұпай алатындай қауқар танытқан. Алайда күтпеген жерден көкшетаулықтар бірінші таймда тараз басын теңестірген еді. Ал екінші таймда тіпті алға шықты. Бұл таңғаларлық жайт еді. Өйткені «Оқжетпес» кейінгі 4 турда мүлдем гол соқпаған болатын. 81-ші минутта тіпті Игорь Гагаев есепті тағы да арттырып, жеңімпаздың тағдырын шешіп тастады. Бұған дейін 16 турда 6 ғана гол соққан көкшетаулықтар бір матчта 3 рет саңылау тауып, көпшілікті таңғалдырды.

 

«Астана Ж» - SD Family Ж - 3:1

Голдар: Нұрали Жақсылық, 9 минут (1:0), Тимур Қуантаев, 13 минут (1:1), Аслан Ғабиден, 57 минут (2:1), Батыржан Мұстафин, 59 минут (3:1)

Өткен турда 2 доп басымдығымен алда тұрса да, «Астана Ж» қолда тұрған 3 ұпайдан айырылып қалып еді. Сол ащы жеңілістен кейін алаң иелері сабақ шығара алды. Команданың шабуыл шебіндегі Нұрали Жақсылық, Аслан Ғабиден, Батыржан Мұстафин кезекті рет мергендігімен танылып, сенімді түрде жеңіске жетті. Дәл қазіргі бұл ұжым 2-орындағы Ertis-тен 7 ұпай қалып тұрса, 4-ші орындағы «Тобыл» жастарынан 7 ұпайға озып тұр.

 

«Елімай Ж» - «Ертіс» - 2:5

Голдар: Асан Байғалиев, 10 минут (1:0), Мейрамбек Еренғайып, 26 минут (1:1), Павел Баркунов, 49 минут (1:2), Александр Бовкун, 56 минут (1:3), Нұрсұлтан Рауанұлы, 70 минут (2:3), Руслан Есімов, 90 минут (2:4), Автогол, 90+5 минут (2:5)

Алаңнан қуылған: Артем Попов, 75 минут (Ertis)

Бірінші айналымдағы матчта «Елімай Ж» атақты қарсыласын жеңіп, сенсация жасаған еді. Осы жолы да семейліктер өздерінен әлдеқайда мықты Ertis-тен еш сескенбей, жылдам гол соқты. Маусымның соңғы жағы болғандықтан, павлодарлықтарға енді ұпай жоғалтуға болмайтын еді. Сондықтан олар 15 минут салып, жауап қайтарды. Екінші таймның алғашқы 10 минутында қонақтар жылдам 2 гол соғып, жеңімпаз тағдырын шешкендей көрінген. Бірақ 70-ші минутта Нұрсұлтан Рауанұлының голы мен 75-ші минуттa «Ертіс» футболшысының қуылуы кездесудегі шиеленісті арттырды. Тек 90-шы минутта ғана тәжірибелі, команданың сұрмергені Руслан Есімов көзге түсіп, қонақтардың 3 ұпаймен қайтатындығын анықтады.

 

«Жеңіс Жас» - «Шахтер Ж» - 0:1

Гол: Александр Мигунов, 20 минут (0:1)

«Жеңіс Жас» өз алаңындағы матчтарын өзге стадионға ауыстырғалы қарсыластарына айтарлықтай қарсылық танытуда. Себебі, жабық кешендегі төсеніш көп клубтарға ыңғайсыздық тудыртатын. Бұл қарағандылықтарды да айналып өтпеді. 90 минут бойы «Шахтер Ж» ойын тізгінін ұстап, алаң иелеріне бірде-бір тура соққы жасауға мүмкіндік бермегенімен, қауіпті 1:0 есебімен ғана жеңіске жетті. Тіпті соңғы минуттарда «Жеңіс Жас» бұрыштамадан есепті теңестіруге де жақын қалды.

 

Айта кетейік, «Тұран Ж» мен «Іле-Алатау» арасындағы ойын өткізілген жоқ. QFL Екінші лигасының 18-ші тур ойындары 20-21 тамызға жоспарланған.