EN
KZ RU
02 September 2024 14:11
OLIMPBET PREMIER LEAGUE

19-шы тур қорытындысы: «Елімай» үшінші орынға көтерілді

02 September 2024 14:11

31 тамыз – 1 қыркүйек күндері аралығында өткен OLIMPBET QFL Премьер-лигасының 19-шы турында «Елімай» сырт алаңда «Ақтөбені» жеңіп, турнирлік кестеде үшінші орынға көтерілді.

 

Қандай жайттар тіркелді:

- 6 ойында 10 гол соғылды.

- 33 сары қағаз көрсетілді.

- «Жетісу» клубы 3 ойын қатарынан гол соға алмай келеді.

- Осы турдың қорытындысы бойынша, «Ақтөбе» клубының бас бапкері Дмитрий Парфенов қызметінен кетті.

- Осы турдың алдында ғана турнир кестесінде жоғары орында тұрған ТОП-3 командалар жеңіліске ұшыраса, көш соңындағы 3 клуб та тең ойнады.

 

«Тобыл» - «Атырау» - 1:1

Голдар: Николай Сигневич, 12 минут (0:1), Ислам Чесноков, 71 минут (1:1)

Букмекерлер «Тобылды» жеңіске жетеді деп бағалады. Оған бірнеше себеп бар еді. Қостанайда өткен кейінгі 3 матчта да алаң иелері 1:0 есебімен жеңген. Екіншіден, «Тобыл» тек үштікке кірсе ғана еурокубокқа шығады. Сондықтан оларға жеңіс қажет еді. Үшіншіден, құрамы жағынан мықты әрі қарсыластарымен өте жақсы ойнап жатыр. Әйтсе де есепті қонақтар ашты. 12-ші минутта оң қапталдан асырылған допқа ешкім кедергі болмай, Николай Сигневич емін-еркін допты бағыттады. Бұл футболшы OLIMPBET QFL Қазақстан кубогы аясындағы матчта да «Тобыл» қақпасына дубль жасаған болатын. Жалпы кездесу оқиғаға толы болды деп айта алмаймыз. Екінші таймда алаң иелері жинақталып, клубтың жарқын ойыншысы Ислам Чесноковтың белсенділігі арқасында тараз басын теңестірді. Қалған уақытта қос команда бірлі-екілі мүмкіндіктер туындатқанымен, табло өзгермеді. Бұл есеп «Тобылды» қанағаттандырмайтыны анық.

 

«Қайсар» - «Ордабасы» - 2:1

Голдар: Игорь Пластун, 16 минут (0:1), Думан Нәрзілдаев, 65 минут (1:1), Виталий Приндета, 70 минут (2:1)

Қызылорда қаласындағы матчтың тартысты өтетіні әуеліден түсінікті еді. Өйткені «Қайсар» мықты ұжымдарға қарсы өте сәтті ойнайды. Сондықтан да букмекерлер мен спорт сарапшылары ел чемпионын фаворит ретінде танудан бас тартты. Қонақтар бірінші таймда-ақ мәселені шешіп тастайтын мүмкіндігі болып еді. Игорь Пластунның голынан кейін, Всеволод Садовский есепті арттыратын сәтін мүлт жіберді. «Ордабасы» допқа көп уақыт бойы иелік еткенімен, «Қайсар» да жоқ жерден есепті теңестіріп кетті. Виктор Кумыковтың басты қаруы – ауттан допты алысқа лақтыру әдісінен кейін қорғаушылар допты алысқа тебе алмай, Думан Нәрзілдаевтың аяғына салып берді. «Қайсар» капитаны жойқын соққысымен есепті теңестірді. Бұл футболшының өткен маусымда «Ордабасы» сапында доп тепкенін айта кетейік. Сондықтан ол голды тойлаудан бас тартты. Ал араға 5 минут салып, Думан Нәрзілдаев айып соққысын сәтті орындап, нәтижесінде Виталий Приндета алаң иелерін алға шығарды. Қонақтар қанша жанталасқанымен, қалған уақытта қызылордалықтар жеңісті есепті ұстап қалды. Естеріңізге сала кетейік, 27 сәуір күні «Қайсар» соңғы минутта «Қайрат» қақпасына гол соққан еді. Салдарынан 29 сәуір күні сол кездегі алматылықтардың бас бапкері Кирилл Кекер орнын босатқан. Енді «Ордабасы» сапындағы алғашқы матчында тағы да Қызылордадан құр қол қайтты.

 

«Ақтөбе» - «Елімай» - 1:3

Голдар: Әлібек Қасым, 3 минутта пенальти (1:0), Самэль Одеоибо, 31 минут (1:1), Аслан Дарабаев, 53 минут (1:2), Роман Мұртазаев, 90+4 минут (1:3)

Қобыланды батыр атындағы стадионда қашанда «Ақтөбенің» фаворит болатыны түсінікті. Алаң иелері соны дәлелдегендей небәрі 3-ші минутта алға шықты. Қонақтар бұл голдан кейін жасқанып қалмай, керісінше оларды алға ұмтылуына әсер етті. Трансферлік кезеңде біршама футболшысы кеткенімен, Самэль Одеоибо, Аслан Дарабаев сынды жаңа ойыншылардың осы матчта айтарлықтай көмегі тиді. Себебі, қос футболшы да мергендік танытты. Ақтөбеліктер есепті ашқаны болмаса, 90 минут бойы тек 1 ғана дәл соққымен шектелді. Ал Андрей Карпович шәкірттері тактикалық тұрғыдан қарсыласын сан соқтырып, ойын тұрғысынан да басым түсті. Жалынды жанкүйерлердің арқасында «Ақтөбе» есепті теңестіреді деп үміттенген едік. Алайда керісінше «Елімай» шабуылшысы Роман Мұртазаев есепті 1:3-ке ұлғайтты. Қонақтардың күтпеген жеңісі... Семейліктер мамыр айынан кейін енді ғана қонақта 3 ұпай алды. Осы жеңіліс Дмитрий Парфеновтың отставкаға кетуіне әсер етті.

 

«Жетісу» - «Тұран» - 0:0

Талдықорғандағы матчта «Жетісу» клубы фаворит саналды. Әйтсе де бұған дейінгі турларды ескерсек, қос клубта да гол соғатын футболшылардың тапшылығын анық байқауға болатын еді. Дәл солай болды да... Алаң иелері 90 минут бойы 17 соққы бағыттағанымен, оның үшеуі ғана нысанаға дәл барды. Ал екінші таймда Серікжан Мужиковтың алыстан асырылған керемет пасын Дінмұхамед Қараман жақсы қабылдап, қақпашыдан өте алғанымен, голға айналдыра алмады. Қонақтар тіпті бірде-бір дәл соққы жасай алмады. Екі апталық үзілістен кейін түркістандықтардың ойын ырғағын жоғалтып алғаны көрінді. Сондықтан олар үшін 1 ұпайдың өзі үлкен олжа.

 

«Қайрат» - «Астана» - 0:1

Голдар: Марин Томасов, 84 минут (0:1)

«Ел-класико» атын иелеген бұл матч қашанда футбол жанкүйерлерінің назарын аудартатыны анық. Алайда астаналықтар бейсенбі күні ғана дәл осы стадионда Конференциялар лигасының плей-офф раундында «Бранн» командасын 3:0 есебімен жеңіп, көпшілікті таңғалдырған болатын. Эмоциялық жағынан да қиынға түскен еді. Араға 3 күн салып, «Астана» қайта осы турдағы орталық ойында «Қайратқа» қарсы тұру керек болды. Сондықтан да букмекерлер «Қайратты» фаворит ретінде санады. Оның үстіне өзара кездесулерде алматылықтардың мерейі үстем болып келген. График жағынан қиын болғанымен, қонақтарға да жеңіске жету маңызды болды. Себебі, олар еурокубокта сәтті өнер көрсеткенімен, ел чемпионатында 10-орында тұрған. Яғни, енді жинақталмаса, келесі жылы кәрі құрлықтың додасына қатыспай қалу қаупі өте жоғары. Матч шабуылдарға толы болды деп айта алмаймыз. Бірақ бірінші таймда алаң иелері сапынан Лука Гадранидің баспен бағыттаған соққысы қақпа бағанынан қайтты. Ал Жоао Паулоның тепкен доптары қақпадан мүлт кетіп жатты. Шабуыл аз болғанымен, қос тарап та әр допқа талас жүргізді. Нәтижесінде екінші таймның соңында Марин Томасовтың шеберлігінің арқасында «Астана» өте маңызды 3 ұпай еншілеп, турнир кестесінде 8-ші орынға көтерілді.

 

«Шахтер» - «Жеңіс» - 0:0

Бұл матч қос клубқа да өте маңызды әрі турнир кестесіне тікелей әсер ететін. Сондықтан кездесуде шабуылшылардан қарағанда қорғаныс шебіндегі футболшылар қырағылық танытты. Қос клуб сапынан да мүмкін болар қауіпті соққыларды қақпашы емес, қорғаушылар алдын алды. Әйтсе де екінші таймда «Жеңістің» 3 ұпай алатын 100 пайыздық мүмкіндігі болғанымен, сол қапталдан Гиорги Панцулаяның керемет асырылған пасын бразилиялық шабуылшы Адильо бос қақпаға сала алмады. Ал соңғы минуттағы қонақтардың голы ойыннан тыс қалуына байланысты саналмады. Есеп: 0:0. Көш соңындағы шиеленіс әлі де сақталады.

 

Енді ұлттық құрамалардың матчтарына байланысты OLIMPBET QFL Премьер-лигасының 20 тур ойындары 14-15 қыркүйекте өтеді.