EN
KZ RU
07 July 2024 22:27
1XBET КУБОК ЛИГИ

2-ші тур қорытындысы: «Жеңіс» жартылай финалға шығуға жақын

07 July 2024 22:27

5-7 шілде күндері аралығында 1XBET QFL Лига Кубогының 2-ші тур ойындары өтіп, «Жеңіс» клубы екінші рет қарсыласынан басым түсті.

 

Қандай жайттар тіркелді?

- 8 ойында 22 гол соғылды;

- 31 сары қағаз көрсетілді;

- «Жеңіс» пен «Атырау» клубтары ғана әзірше қақпаларына гол жібермеді;

- «Қайсар» мен «Тұран» әзірше қарсылас қақпасынан саңылау таба алмай келеді;

- «Тараз» шабуылшысы Абзал Мұқанбетжанов екінші тур қатарынан есеп ашты.

 

«Тұран» - «Атырау» - 0:2

Голдар: Едіге Оралбай, 38 минут (0:1), Наурызбек Жагоров, 90+6 минут (0:2)

3 күн бұрын OLIMPBET QFL Премьер-лигасында «Тұран» 2:1 есебімен жеңіске жеткен еді. Осы жолғы матчта қос клуб та құрамдарына 60-70% өзгерістер енгізді. Алғашқы турдың қорытындысы бойынша, «Атырау» әлі де плей-оффқа шығуға үмітті еді. Сондықтан қонақтарға жеңіс ауадай қажет болатын. Солай болды да. Бірінші таймның соңыңда қонақтар есеп ашты. Екінші таймда «Тұран» есепті теңестіруге ұмтылғанымен, Марко Николич пен Феди Бен Чугқа сәттілік жетіспеді. Ал соңғы минуттарда Наурызбек Жагоров «Тұран» қақпашысының алға шығып кеткенін байқап, алыстан допты тоғытты. Есеп: 0:2.

 

«Тобыл» - «Ақтөбе» - 2:0

Голдар: Радослав Цонев, 29 минут (1:0), Нұрбол Жұмаделов, 47 минут (2:0)

Ақтөбедегі «триллерден» кейін клубтар бұл кездесуге 100% құрамын өзгертті. Командалар басымдықты жергілікті футболшыларға берді. «Тобыл» сапынан 2 легионер шығып, матч тағдырын дәл сол Радослав Цонев шешуге атсалысты. 1XBET QFL Бірінші лиганың басты фаворитін жеңген ақтөбеліктер де оңайшылықпен берілмеді. Әйтсе де бағыттаған соққылары қақпа маңдайшасынан қайтты. Екінші бастала сала, Нұрбол Жұмаделов қорғаушыларды сытылып өтіп, екінші әрі шешуші голды соқты. Осылайша, бұл топтағы жағдай одан әрі шиеленісе түсті.

 

«Қайсар» - «Жеңіс» - 0:1

Гол: Ғалымжан Кенжебек, 53 минут (0:1)

«Жеңіс» клубы 1XBET QFL Лига кубогына деген үлкен мақсаты барын бірінші турда-ақ көрсетіп, біршама негізгі футболшыларын шығарған болатын. Нәтижесінде «Тобылды» жеңді. Осы жолы да дәл солай болды. Нәтижесі де көп күттірмеді. Екінші таймда Ғалымжан Кенжебек алыстан допты ширата теуіп, астаналықтарға 3 ұпай сыйлады. «Қайсар» болса, қақпаға 10 соққы жасағанымен, сол күйі бірде-бір дәл соққы бағыттай алмай, заңды жеңілісіне ұшырады. Дәл қазіргі сәтте «Жеңіс» плей-оффқа шығуға өте жақын тұр.

 

«Ордабасы» - «Елімай» - 2:2

Голдар: Еркебұлан Нұрғалиев, 54 минут (0:1), Сағадат Тұрсынбай, 72 минут (1:1), Жан Али Пайруз, 79 минут (1:2), Сағадат Тұрсынбай, 88 минут (2:2)

Келесі аптада алғаш рет чемпиондар лигасында ойнайтын «Ордабасы» клубы бұл матчқа жартылай қосалқы құрамын шығарса, «Елімай» сырт алаңда тек қана 3 ұпай алуға келгенін құрамынан қарап-ақ байқауға болушы еді. Себебі, семейліктер кейінгі матчтардың барлығында тең тарқасып жүрген болатын. Бірақ дәл сол аз уақыт ойнап жүрген Сағадат Тұрсынбай «Ордабасыны» алға сүйреп, жеңілістен құтқарып қалды. Қорғаушы болса да, Сағадат шабуылдарға араласып, жай ғана емес, қайшылап гол соқты. Қонақтар сапынан әсіресе қақпашы көп сәттерде командасын құтқарып, тең нәтиже әперді. Енді топтың тағдыры Семейде «Елімай» мен «Атыраудың» арасында шешілуі әбден мүмкін.

 

«Ақжайық» - «Тараз» - 1:2

Голдар: Абзал Мұқанбетжанов, 26 минут (0:1), Иван Антипов, 35 минут (1:1), Ұлықбек Хайтмұратов, 55 минут (1:2)

1XBET QFL Бірінші лигасының ұжымдарының теке-тіресі өте тартысты өтті. Бірінші турдағыдай осы жолы да Абзал Мұқанбетжанов «Таразды» алға шығарды. Бұл голдан кейін алаң иелері прессингті арттырды. Нәтижесінде жамбылдықтардың қақпашысы қателікке жол беріп, жылдам есепті теңестіруге жол берді. Артынша «Тараз» капитаны Еркебұлан Тойбеков өз айып алаңында автогол соғып ала жаздады. Абырой болғанда қақпашы дер кезінде үлгеріп қалды. Ал екінші таймда «Тараз» өздерінің көзірі алыс соққы мен айып добын пайдаланып, қайта алға шықты. «Ақжайық» ысқырық шалынғанша, қауіпті шабуылдар ұйымдастырғанымен, матч қонақтардың пайдасына шешілді.

 

«Қызылжар» - «Қайрат» - 1:1

Голдар: Еркебұлан Сейдахмет, 17 минут (0:1), Лука Имнадзе, 36 минут (1:1)

Командалар бұл ойынға өте жауапкершілік танытып, барлық мықтыларын тізімге қосты. Себебі, бұл кездесудің жеңімпазы плей-оффқа өтетін еді. Алғашқы минуттан алматылықтар ойын басымдығына ие болып, 17-ші минутта Еркебұлан Сейдахмет есеп ашты. «Қызылжар» гол соғатындай шабуыл жасамағанымен, 36 минутта «Қайрат» қақпашысы оң қапталдан көтерілген допты ұстаймын деп, уысынан шығарып алды. Салдарынан Лука Имнадзе қателікті кешірмеді. Екінші таймда командалар бірнеше шабуыл алмасқанымен, есеп сол күйі өзгеріссіз қалды. Енді командалардың тағдыры 3-ші турда доп айырмашылығымен шешілуі әбден мүмкін.

 

«Шахтер» - «Жетісу» - 2:1

Голдар: Милан Джокич, 4 минут (1:0), Абылайхан Жұмабек, 10 минут (1:1), Рохер Каньяс, 38 минут (2:1)

Матч Қарағандыда өтсе де, «Жетісу» фаворит саналған болатын. Тіпті талдықорғандықтарға тең есеп те жеткілікті еді. Алайда «Шахтердің» жоспары мүлдем басқа болды. Алғашқы шабуылдан-ақ қарағандылықтар жылдам гол соқты. Араға 6 минут өткенде, Абылайхан Жұмабек баспен соққы жасап, тараз басын теңестіргенімен, бірінші таймның соңында алаң иелері қайта есепте алға шықты. Екінші таймда «Жетісу» лайықты жауап беруге тырысқанымен, шешуші пастар мен дәл соққылар жетіспеді. Осылайша, «Шахтер» күтпеген жерден жеңіске жетіп, плей-офф мәселесін 3-ші турға қалдырды.

 

«Астана» - «Каспий» - 5:0

Гол: Ннамди Аханону, 18 минут (1:0), Эльхан Астанов, 36 минут (2:0), Карло Бартолец, 62 минут (3:0), Марин Томасов, 79 минут (4:0), Станислав Басманов, 82 минут (5:0)

Бірінші турдағы жеңілістен кейін «Астана» клубына плей-оффқа шығу мүмкіндігі төмендеген еді. Алайда астаналықтар үміттерін үзбей, осы кездесуге тыңғылықты дайындалып шықты. Нәтижесінде алаң иелері бірінші таймда-ақ жауапсыз 2 голмен алға шықты. Өкінішке қарай, «Каспий» 90 минут бойы өздерінен әлдеқайда тәжірибелі қарсыластарына қарсы қауқар көрсете алмай, 1 ғана дәл соққымен шектелді. Оның үстіне қонақтар 24% ғана допқа иелік етті. Екінші таймда елордалықтар есепті ұлғайтты. Нәтижесінде «Астана» доп айырмашылығымен бірінші орынға шығып, плей-оффқа таласатын басты фаворит ретінде танылды.

 

Айта кетейік, 1XBET QFL Лига Кубогының 3-ші тур ойындары 19-21 шілде аралығында өтеді.