EN
KZ RU
29 September 2024 17:00
UBET LEAGUE

26-шы тур қорытындысы: «Ұлытау» жоғары көтерілді, «Каспий» Екібастұзда маңызды ұпай жоғалтты

29 September 2024 17:00

26-27 қыркүйек күндері өткен 1XBET QFL Бірінші лигасының 26-шы турында басты фавориттер өте қиын өтіп, «Каспий» жеңіліске ұшыраса, «Қайрат-Жастар» турнирдің басты аутсайдерімен тең түсті.

 

Қандай жайттар тіркелді? 

- 7 матчта 21 гол соғылды.

- 42 сары қағаз көрсетіліп, 2 футболшы алаңнан қуылды.

- «Каспий» клубының 8 матчқа жалғасқан жеңіліссіз сериясы тоқтады.

- «Түркістан» клубы кейінгі 10 командамен өткізген матчта да гол соғуда.

- «Түркістан» клубы осы маусымда бірінші рет 3 гол соғып, алғаш рет сырт алаңда 3 ұпай еншіледі.

- «Ақтөбе» жастарының 10 матчқа жалғасқан жеңіліссіз сериясына нүкте қойылды.

- «Оқжетпес» клубы өз алаңындағы кейінгі 8 матчта да 3 ұпай алды.

- «Жетісай» шамамен 4 айдан кейін сырт алаңда жеңіске жетті.

- Турнирдің аутсайдері саналған «Ақжайық» 3 ойын қатарынан басым түсіп, 2 матч қатарынан гол жібермеді.


«Алтай» - «Түркістан» - 1:3

Голдар: Рустам Темірхан, автогол 8 минутта (0:1), Сергей Хижниченко, 55 минут (1:1), Дилмурод Паччаханов, 57 минут (1:2), Бейбарыс Әбділхай, 90+2 минут (1:3)

1XBET QFL Бірінші лигасының 26-шы туры кезекті рет Өскеменде басталды. Бірақ бұл жайт ерекше болды. Қазақстан футбол федерациясының ALAÑ жобасы аясында «Восток» стадионының қосалқы алаңы қайта заманауи төсенішпен қолданысқа беріліп, қос клуб сынақтан өткізді. Осыған дейін өз жерлерінде қатарынан екі жеңіске жетіп келген «Алтай» ұжымы осы жолы сәтсіздікке душар болды. Бірақ ұшу аймағына жақын тұрған «Түркістанның» да мотивациясын ескермей қоюға болмас. Алғашқы минутта сүреңсіз басталғанымен, қонақтар 8-ші минутта есеп ашып үлгерді. Бірінші тайм бойы өскемендіктер тараз басын теңестіруге ұмтылғанымен, «Түркістандықтарға» сәттілік серік болды. Бірақ екінші таймда алаң қожайындары сапынан атақты Сергей Хижниченко допты қақпашының бойынан асырып, керемет гол соқты. Бірақ тең есеп ұзақ сақталмады. 2 минут өткенде, қақпашының алдыға ерте шығып кетуін Дилмурод Паччаханов пайдаланып кетті. Артынша «Алтай» гол соғатын сәттерін мүлт жіберіп алды. Ал қонақтар сапынан гол соқпаса да, Шерзод Примбердиев шабуыл шебінде нәтижелілігін көрсетіп, соңғы минуттарда Бейбарыс Әбділхайға оңтайлы мүмкіндік жасап берді. Бірінші айналымда «Арысқа» дәл осы қалада жеңіс әперген футболшы осы жолы да ойынның нүктесін қойды. «Түркістан» сырт алаңда бірінші мәрте жеңіске жетіп, ұшу аймағынан біршама ұзап кетті.


«Оқжетпес» - «Тараз» - 1:0 

Гол: Виктор Зябко, 30 минут (1:0)

Маусымның соңы тақаған сайын «Оқжетпеске» әр жеңіске жету өте қиынға соғуда. Тіпті өткен турда «Алтайдан» сенсациялық жеңіліске ұшыраған еді. Алайда сапында тәжірибелі ойыншылары басым көкшетаулықтар қанша жерден ойын басымдығы қарсыласта болғанымен, өз мүмкіндіктерін қолданып кетеді. Осы жолы дәл солай болды. Көптеген мүмкіндіктерін мүлт жіберетін «Тараз» командасының сапынан Еркебұлан Тойбеков, Димаш Серікұлы сынды ойыншылардың соққылары мүлт кетті. Алаң иелерінен қарағанда 3 есе артық шабуыл жасағанымен, жамбылдықтар бірде-бір гол соға алмады. Ал өз кезегінде алаң иелері сәтті орындалған стандартты голға айналдыра білді.

 

«Екібастұз» - «Каспий» - 3:2

Голдар: Тамерлан Агиманов, 3 минут (0:1), Никита Стрижков, 18 минут (1:1), Амал Сейітов, 60 минут (2:1), Карам Сұлтанов, 75 минут (3:1), Никита Стрижков, 77 минут (3:2)

Алаңнан қуылған: Абай Касаин, 90+2 минут («Екібастұз»)

Екібастұз қаласында өткен турдың орталық ойынында 8 матч бойы жеңіліссіз келген «Каспий» клубы күтпеген жерден есе жіберді. OLIMPBET QFL Премьер-лигаға талас жүргізіп жатқан Қуаныш Қабдоловтың шәкірттері осы маусымдағы екі матчта да екібастұздықтарға шамасы жетпеді. Алғашқы небәрі 3-минутта соғылды. Бірақ қонақтар бұл голға жедел арада жауап қатуға тырысып, 18-минутта есепті теңестірді. Ал алаң иелері дәл осы Никита Стрижковты тұсап ұстауға шамалары жетпеді. Нәтижесінде ол дубль авторы атанып, қауіпті соққыларымен ерекшеленді. Әйтсе де қос гол қонақтарға тең есеппен қайтуға жеткілісіз болды. «Екібастұз» сапынан матч тағдырын Диас Орынбасар өзгертіп, 4 бірдей футболшыны керемет дриблингімен алдап өтті. Артынша Амал Сейітовке голдық пас шығарды. Бұл голдан кейін алаң қожайындары тағы да есепті арттырып, жеңісті есепті сақтап қалды. Екібастұз қаласындағы сенсация! Енді «Каспийдің» тағдыры «Ұлытауға» тікелей қатысты болмақ.

 

«Қайрат-Жастар» - «Ақтөбе Ж» - 1:1

Голдар: Аян Байдәулетов, 56 минут (0:1), Азамат Тұяқбаев, 71 минут (1:1)

Әр матчта қарсыластарына ұпай сыйлап жүрген «Ақтөбе» жастары Алматыда сенсациялық түрде 1 ұпай алып кетті. «Қайрат-Жастар» командасы айқын фаворит болғанымен, негізгі күшті 2 қазан күні өтетін УЕФА Жастар лигасының іріктеу кезеңіне сақтаған секілді. Сондықтан құрамда бірнеше мықты футболшылар алаңға шықпады. Әйтсе де Әлихан Исраилов, Глеб Валгушевтардың өздері жеңіс сыйлауға мүмкіндіктері бар еді. Қос футболшы да өз мүмкіндіктерін қақпадан биік және қисық жіберді. Алаң иелері 90 минут бойы 11 соққы бағыттағанымен, тек 2 соққы ғана нысанаға дәл бағытталды. Ал бұл жеңіс үшін жеткіліксіз еді. Екінші таймда қонақтар белсенділік танытып, көзді ашып-жұмғанша 2 өте қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Алғашқы сәтте доп тура қақпа бағанасының қасынан өтсе, екінші сәтте Аян Байдәулетов мүлт кетпеді. Есеп: 0:1. Бұл голдан кейін Азамат Тұяқбаев айып соққысын сәтті орындай алды. Бірақ екінші қабаттағы допқа таластың барлығында дерлік жеңіске жеткен алматылықтар сол күйі нысанаға дәл бағыттай алмай, 3 ұпайдан құр қалды.

 

SD Family – «Жетісай» - 1:2

Голдар: Тимур Зуфтаров, 46 минут (0:1), Байжан Мәделхан, 60 минут (1:1), Дәурен Мажитов, 90+1 минут (1:2)

Алаңнан қуылған: Бауыржан Ахаев, 70 минут (SD Family)

Осы маусымда өте маңызды екі матчта «Жетісай» айқын басымдық танытып, астаналықтарды тықсырғанымен, бәрібір де SD Family жеңіске жетіп еді. Ал үшінші кездесу турнир кестесі тұрғысынан ешқандай мотивацияға ие болмады. Алайда қонақтардың өзіндік жеке есебі бар еді. Солай болды да. Ұзақ уақыт бойы сәтсіздікке ұшырап жүрген жетісайлықтар соңғы минутта гол соғып, 3 ұпай еншіледі. Оның үстіне «Жетісай» осы маусымда 5 мәрте бір футболшыға артық ойнап, алғаш рет басымдығын пайдаланды. Осы уақытқа дейін ұтымды сәттерді мүлт жіберген «Жетісай» үшін ендігісі барлығы кеш.


«Арыс» - «Ақжайық» - 0:1 

Гол: Магомед Оджиев, 65 минут (0:1)

5 күннің ішінде екі мәрте кездескен қос ұжымның тартысы «Ақжайықтың» пайдасына шешілді. Оралдықтар өте маңызды 6 ұпайдың арқасында ұшып кету қаупінен толықтай құтылды. Бұған дейін ұпай үлестіріп келген оралдықтар 3 мәрте қатарынан басым түсті. Осы орайда Магомед Оджиевтің де 3 кездесуде де көзге түсіп, шешуші рөл атқарғанын айтып өткеніміз жөн. Бірақ сырт алаңдағы матч қонақтарға өте қиын соқты. Өз жанкүйерлерінің алдында және 3 ұпай ауадай қажет «Арыс» 90 минут бойы жеңіс үшін қолдан келгенін аянып қалмады. Ал «Ақжайық» қорғаушылары 3 мәрте 100%-дық голдан қақпаларын аман сақтады. Осылайша, ұпай алуы мүмкін маңызды матчтарда алаң иелерінің жолдары болмады.

 

«Қайсар Жас» - «Ұлытау» - 1:4

Голдар: Жасұлан Молдақараев, 4 минут (0:1), Нұрбол Әнуарбеков, 24 минут (0:2), Нұрдәулет Әмірбек, 33 минут (1:2), Нұрбол Әнуарбеков, 66 минут (1:3), Жасұлан Молдақараев, 71 минут (1:4)

Қызылорда төрінде бұған дейін тек «Тараз» клубы ғана бірінші таймда 2 гол соға алса, енді «Ұлытау» да бұл көрсеткішті қайталады. Алғашқы минуттардан-ақ алаң иелерін қыспаққа алған жезқазғандықтардың әрекеті өз жемісін берді. Ал жарты сағаттың ішінде табло 0:2 есебімен қонақтар сенімді басымдықпен алда тұрды. Қайсарлығымен ерекшелене білетін «дала қасқырлары» бір голмен жауап қайтқанымен, футболшылардың деңгейі бәрібір де үлкен рөл ойнап кетті. Әсіресе сұрмергендер тізімінде көш бастап тұрған Жасұлан Молдақараевқа кезекті рет ешкім тосқауыл бола алмады. 37 жастағы шабуылшы 5 кездесу бойы қарсылас қақпасынан саңылау тауып келеді. Нәтижесінде «Ұлытау» сегізінші рет қатарынан жеңісті тіркеп, турнир кестесінің 2-ші орынына көтеріліп кетті.

 

Айта кетейік, 1ХВЕТ QFL Бірінші лигасының 27-ші тур ойындары 3-4 қазан күндері өтеді.