EN
KZ RU
23 June 2024 14:33
OLIMPBET PREMIER LEAGUE

Асқар Әбілдаев: «Шахтер» осы күнге дейін еліміздің мықты клубы болды және бола береді

23 June 2024 14:33

«Шахтер» клубы OLIMPBET QFL Премьер-лигасының осы маусымында бірнеше рет ұшу аймағында болды. Оның себебі неде және маусымға қойған басты мақсат қандай? Осы сұрақтарға «Шахтер» ФК атқарушы директоры Асқар Әбілдаев QFL.KZ сайтына жауабын берді.

 

- Асқар Зүбайділдаұлы, OLIMPBET QFL Премьер-лигасының осы маусымы сенсациялық нәтижелерімен, турнир кестесіндегі қарбаластығымен, көп командалардың деңгейлестігімен таңғалдыруда. Биыл клубтар үшін бәсекелестігі жағынан қиынға соғып жатқан шығар?

- Осы маусымды ең қиын деп айта алмаймын. Менің есімде оңай маусым болған емес. Биыл шынымен де қызық. Кей матчтар күтпеген нәтижемен аяқталып жатыр. Бұл футбол. Барлық командалар алаңға бірдей шығады. Қорықпай шығып, барын салып ойнау қажет.

 

- OLIMPBET QFL Премьер-лигасының 11-турының қорытындысы бойынша, «Шахтер» ұшу аймағында тұр. Бұған дейін бас бапкердің міндетін атқарушы Андрей Финонченко клубтың басты мәселесі ретінде ойыншылардың психологиясы екенін айтып, трансфер кезінде құраманы күшейту қажеттігін айтып еді. Қарағандылықтардың сапынан өзгерістер күтеміз бе? Сіздің ойыңызша, «Шахтер» турнирдегі орынын сақтап қала ала ма?

- Бірден айтамын, команданың ұшып кетуі туралы ойды мүлде еске алмаймын. «Шахтер» осы күнге дейін еліміздің мықты клубы болды және бола береді. Жағдай шынымен қиын. Мен бас бапкермен келісемін. Бұл тек бір ғана себеп емес. Өзге субъективті және объективті жайттар бар. Трансфер кезеңінде жаңа футболшылардың келетіндігі сөзсіз.

 

- 1ХВЕТ QFL Лига кубогында «Шахтер» 1ХВЕТ QFL Бірінші лигасының өкілі «Каспийге» есе жіберді. Команданың жаңа турнирдегі мақсаты қандай? 1ХВЕТ QFL Лига кубогы отандық футболдың дамуына септігін тигізе ала ма?

- «Шахтер» QFL-дің отандық футболдың дамуы мен танымалдылығын арттыру мақсатындағы бастамасын қолдайды. Турнир жаңа және болғаны дұрыс деп ойлаймын. Биыл қалай өтетіндігін көрейік. Сосын болашағын талқылай жатармыз.

 

- QFL Екінші лигасында «Шахтердің» жастар құрамасы көш басында тұр. 1ХВЕТ QFL Бірінші лигасына шығу туралы жоспарларыңыз бар ма?

- «Шахтердің» біршама уақыт бұрын Бірінші және Екінші лигада командасы болды. Өкінішке қарай, қаржылық қиындыққа байланысты Бірінші лигадан бас тартуға тура келді. Жастарымыздың сәтті өнер көрсетуі маңызды. Қосалқы құрамды жасақтау да өзекті. Жас футболшыларға барынша негізгі құрам сапында уақыт беріледі. Біздің жастарымыз жауапкершілікті сезініп, әр матчта өздерінің лайық екендіктерін көрсетіп, клубтың формасын, эмблемасын бекер киіп жүрмегенін дәлелдеуі тиіс.

 

- Сіз өткен жылдың соңында «Шахтер» клубының атқарушы директоры қызметіне кірістіңіз. Қандай мақсатыңыз бар? Клубтың алдындағы міндеті мен бағытына тоқтала аласыз ба?

- «Шахтер» - 65 жылдық тарихы бар Қазақстандағы бұрыннан келе жатқан клубтың бірі ғана емес. Сонымен қатар футболдан ел чемпионатының барлық маусымына қатысқан жалғыз клуб. Ұжымның өз тарихы, көптеген футболшыларды дайындаған дәстүрі бар. Бұл ойыншылар қазақ футболының мақтаныштарына да айналған. Әрине, кезеңдер әр түрлі болады және қазір қиын шақты бастан өткерудеміз. Бірақ жанкүйерлердің, облыс басшылығының қолдауы болашаққа жақсы үмітпен қарауға мүмкіндік береді. Клуб деген үлкен ұйым. Ол жерде негізгі құрамнан бөлек, жастар командасын, 400 бала жаттығатын футбол орталығы бар. Қысқа мерзімдегі міндетіміз – жағдайды қалыпқа келтіріп, тұрақты болу. Клубтың дамуы үшін түрлі жағдайларға байланысты ұзақ жылдық жоспары мен стратегиясы да бар. Бірінші кезекте барлығы қаржыға тіреледі.

 

Айта кетейік, OLIMPBET QFL Премьер-лигасының 12-ші турында «Шахтер» сырт алаңда «Ақтөбемен» кездеседі. Турнир көшбасшысына қарсы матч бүгін Қобыланды батыр атындағы стадионда кешкі 20:00-де басталады. Тікелей эфирді QFL.KZ сайты мен Sport+ Qazaqstan телеарнасынан көре аласыз.