EN
KZ RU
13 August 2024 08:53
SECOND LEAGUE

Біздің басты мақсатымыз - Бірінші лигаға оралу – «Оңтүстік» ФК бас бапкері Андрей Ваганов

13 August 2024 08:53

QFL Екінші лигасының «Оңтүстік-Батыс» конференциясында басты фавориттердің бірі – «Оңтүстік». 16 турдың қорытындысы бойынша, бұл команда 29 ұпаймен турнир кестесінде 3-орында тұр. Осы орайда «Жас Қыран» ұжымына қарсы маңызды ойынның алдында «Оңтүстік» клубының бас бапкері Андрей Ваганов QFL.KZ сайтына сұхбат берді.

 

- Андрей Геннадьевич, «Оңтүстік» командасы OLIMPBET QFL Қазақстан кубогының 1/8 финалына дейін жетті. Алайда QFL Екінші лигасын сәтсіз бастадыңыздар. Сіздің ойыңызша, футболшыларыңызға не жетіспеді?

- OLIMPBET QFL Қазақстан кубогында сәтті өнер көрсету үшін клуб өте көп күш жұмсады. 1XBET QFL Бірінші лига ұжымдарымен тартысты матчтар өтті. Ал OLIMPBET QFL Премьер-лиганың клубымен өткен ойын ерекше есте қалды. 1/8 финалда өте мықты, былтыр мықтылардың қатарында болған «Қызылжармен» жолымыз түйісті. Алғаш болып есеп те аштық. Алайда шеберлік рөл ойнап, тәжірибеміз жетпей қалды.

 

- Сіздер жоғары дивизонның өкілдерімен кездесіп, былтыр Бірінші лигада, биыл QFL Екінші лигасында өнер көрсетудесіз. Сіздер үшін қандай ерекшеліктер байқалды?

- Футболшыларға келетін болсақ, бірінші кезекте деңгейі мен шеберліктерінде айырмашылық бар. Оған техникалық-тактикалық ойлауы, алаңда позицияны дұрыс таңдау, доппен тез қимылдап, жедел шешім қабылдауы кіреді. Тез шешім қабылдай алатын ойыншы Бірінші лигада өнер көрсете алады. Ал Екінші лигада Премьер-лига мен Бірінші лига клубтарының жастары доп тебеді. Олардың болашағы алда. Егер олар тез ойланып, жедел шешім қабылдай алатын деңгейге өссе, Бірінші лига, Жоғары дивизионға ауыса алады. Әрине, ол футболшының ниетіне де тікелей байланысты. Жоғары лигаға легионерлер шақырылады. Олар мүлдем басқа деңгейде.

 

- Дәл қазір футболшыларыңыз жинақталып, турнир кестесінің екінші орынына көтерілді. 1XBET QFL Бірінші лигасына шығуды көздейсіздер ме? Командалардың арасы жақын екендігін ескерсек, кімдерді қарсылас санайсыздар?

- Сөзсіз, басты мақсатымыз – Бірінші лигаға оралу. Діттеген мақсатымызға жету үшін, барымызды саламыз. «Оңтүстік-Батыс» конференциясында өте көп қарсылас бар. Олардың қатарына AKAS, «Іле-Алатау», «Жас Қыран», «Мақтаарал» және т.б. кіреді. Барлығы бәсекелестік танытуға қауқарлы.

 

- Осы аптада екінші орын үшін «Жас Қыран» клубымен кездесесіздер. Бұл ойынға дайындық қалай жүргізіліп жатыр?

- «Жас Қыран» атты мықты командамен кездесеміз. Бұл матч өте маңызды және турнир кестесіне тікелей әсерін тигізеді. Егер жеңіске жетсек, 2-орынға көтерілеміз. Біз бұны қатты қалаймыз. Дайындық жоспарлы түрде өтуде. Кей футболшыларымыздың кішігірім жарақаттары бар. Бірақ ойынға дейін толық қалыпқа келеді деп сенемін. Жігіттер жеңіске жетуге ниетті. Өйткені қарсыласты өз алаңымызда қабылдаймыз.

 

- QFL Екінші лигасында AKAS, «Ертіс» сынды командалар тәжірибелі ойыншыларға сенім артып, нәтиже көрсетуде. Ал сіздердің жоғары орында тұруға не себеп әсер етуде?

- Біз жергілікті Шымкент және Түркістан облысының түлектеріне басымдық береміз. Бұл жастар өзара бір-бірін жақсы түсінеді. Алдағы уақытта да өз академиямыздың шәкірттерімен жұмыс істеуді жалғастыра бермекшіміз. Өзіміздің ойыншыларды қалыптастыруға тырысамыз.

 

- «Оңтүстік» клубы QFL Екінші лигасында ең көп соққы бағыттайтын ТОП-3 ұжымның қатарында тұр. Осыған қарап, сіздерді шабуылға басымдық береді деп айтуға бола ма?

- 1XBET QFL Бірінші лигасына көтерілу үшін шабуылға басымдық беруіміз керек. Гол соғып, жеңіске жетуге тиіспіз. Сондықтан бастапқыда басшылық академияның бапкерлік штабына осындай міндет қойды. Нәтижеге қол жеткізу үшін, бірінші нөмірде ойнауымыз қажет.

 

- Шілде айында трансферлік кезең өтті. Сіздерге өткен ай қалай өтті? Белгілі бір позицияны күшейте алдыңыздар ма? Командадағы мықты ойыншыларға ұсыныс келді ме?

- Трансфер кезеңінде құрамды күшейтіп, тәжірибелі футболшыларды қатарымызға қостық. Жігіттер бейімделіп жатыр. Олардың арасында академиямыздың түлегі, былтыр Бірінші лигада өнер көрсеткен Құдайберді Нарқұлов бар. Сондай-ақ енді қосылғандардың арасында Аслан Кеңес бар. Бұл футболшылар оң нәтижеге қол жеткізу үшін, көмектері тиеді деп сенемін.

 

- QFL Екінші лигасында алғаш рет матчтар отандық телеарналардың тікелей эфирінен ұсынылып жатыр. Бапкер ретінде қарсыластың ойынын зерттеуге көмегі тиіп жатыр ма?

- Әрине, жұмысыма қатты көмектеседі. Матчтың тікелей эфирде болуы және оны жүктеп алу мүмкіндігінің болуы, статистикалық мәліметтерді, қажетті сәттерді, қарсыластың тактикалық әдістерін көріп, сараптауға өте ыңғайлы. Өз қателіктерімізден де сабақ аламыз. Осының арқасында жігіттермен бірге тактикалық, теориялық дәрістер өткізіп, алдағы қарсыластарға дайындаламыз. Енді бұрынғыдай өзге командалардан ойынның көшірмесін сұрап жатудың қажеті жоқ. Сонымен қатар кімнің қанша жүгіргені, қаншалықты белсенді ойнағаны т.б статистикалық мәліметтерді толық сақтай аламыз.

 

Айта кетейік, 14 тамыз күні QFL Екінші лигасының «Оңтүстік-Батыс» конференциясының 17-ші туры аясында «Оңтүстік» өз алаңында «Жас Қыранды» қабылдайды. Ойын кешкі 17:00-де Шымкент қаласындағы «Намыс» стадионында өтеді. Тікелей эфирді Q Arena телеарнасы, QFootball.kz, QFL.KZ сайттары және Q Football мобильді қосымшасынан көре аласыз.