KZ
KZ RU
27 маусым 2024 10:18
ЕКІНШІ ЛИГА

10-шы тур қорытындысы: AKAS қарсыластарынан ұзап барады

27 маусым 2024 10:18

25-26 маусым күндері QFL Екінші лигасының 10-шы туры аясында AKAS жеңіс сериясын жалғастырса, басты қарсыластары «Мақтаарал», «Іле-Алатау» командалары күтпеген жерден ұпай жоғалтты.

 

Қандай нәтижелер тіркелді?

- 11 ойында 22 гол соғылды;

- 55 сары қағаз көрсетіліп, 9 футболшы алаңнан қуылды;

- AKAS шабуылшысы Сергей Гридин 9 тур бойы қатарынан гол соғып келеді;

- «Жас Қыран» осы маусымда екі рет есепте алда тұрып, 3:4 есебімен жеңілді.

 

«Оңтүстік-Батыс» конференциясы

 

«Тараз Ж» - AKAS - 0:3

Голдар: Сергей Гридин, 37 минут (0:1), Мұхаммад Елеусов, 53 минут (0:2), Даниил Колядин, 65 минут (0:3)

Алаңнан қуылған: Ернұр Нұрлыбай («Тараз Ж»), 52 минут

Алматылық клуб алтыншы матч қатарынан қарсыласынан басым түсіп, көшбасындағы орынын сақтап қалды. Ұлттық құраманың экс-футболшысы Сергей Гридин кезекті мәрте қанжығасын майлап, қонақтарға сенімді жеңіске жетуге көмектесті. «Тараз Ж» екінші таймда бір ойыншыға аз ойнап, есепті теңестіру үмітінен айырылды.

 

«Оңтүстік» - «Талас» - 5:0

Голдар: Мағжан Тоқтыбай, 15 минут (1:0), Дінмұхамед Нышантай, 22 минут (2:0), Вадим Афанасенко, 29 минут (3:0), Мағжан Тоқтыбай, 45 минут (4:0), Мағжан Тоқтыбай, 85 минут (5:0)

Алаңнан қуылған: Мадияр Әбдеш («Талас»), 18 минут

Турнир кестесінің жоғарғы сатысында келе жатқан «Оңтүстік» клубы QFL Екінші лиганың дебютанты «Таласқа» еш мүмкіндік қалдырмады. Команданың сұрмергені Мағжан Тоқтыбай матчтың басында жылдам гол соғып, алға шығарды. Ал араға 3 минут салып, онсыз да аутсайдер «Таластың» футболшысы аяққа қауіпті ойнағаны үшін, қуылып кетті. Бұл алаң иелерінің ірі әрі сенімді 3 ұпайына жеңіске жетуіне көмектесті. Қонақтар 90 минутта 1 ғана тура соққы бағыттай алды.

 

«Жас Қыран» - KazAST - 3:4

Голдар: Тимур Мұхаметжанов, 2 минут (1:0), Нәдір Абай, 9 минут (1:1), Арман Алтаев, 19 минут (1:2), Абылай Жайсанбек, 32 минут (2:2), Бахтишат Абдуллаев, 36 минут (3:2), Шахдияр Ботантаев, 39 минут (3:3), Ядикар Жамахунов, 65 минут (3:4)

Алаңнан қуылғандар: Бахытжан Биманбет (KazAST), 90+1 минут, Әмір Әлихан («Жас Қыран»), 90+7 минут

«Жас Қыран» клубы қағаз жүзінде фаворит болғанымен, қорғаныс жағынан біршама сұрақтар туындатады. Неше матчта бірінші есеп ашып, басым болып тұрса да, соңғы сәтте жеңісті уысынан шығарып алуда. Оның үстіне қарсыластың деңгейі қатты жоғары да емес. Бірақ «Жас Қыран» сонда да «Қайсар-Шиелі», «Атырау Ж», енді KazAST ұжымына есе жіберді. Бірінші таймның өзінде командалар 6 гол соғып үлгерді. Екінші таймда Ядикар Жамахунов жеңіс голын соққанымен, алаң иелері соңғы минутқа дейін жанталасты. Қызу әрі тартысқа толы матч футболшылардың жүйкесіне әсерін тигізіп, 2 ойыншы мерзімінен бұрын жасыл алаңды босатуға мәжбүр болды.

 

«Мақтаарал» - «Ордабасы Ж» - 2:2

Гол: Әлібек Халдар, 27 минут (0:1), Рамазан Әли-Оғлы, 70 минут (1:1), Әділжан Мұсаев, 90+2 минут (2:1), Хансұлтан Айту, 90+5 минутта пенальти (2:2)

Алаңнан қуылған: Рамиль Насибов («Ордабасы Ж»)

Үш матч бойы қарсыласын жеңіп келген «Мақтаарал» күтпеген жерден өз алаңында ұпай жоғалтты. Алаң қожайындары ұзақ уақыт бойы есепті теңестіуге күш салып, қосымша минутта тіпті жеңісті жұлып алуға жақын болды. Бірақ шымкенттіктер де аянып қалмай, соңғы секундта тараз басын теңестіріп кетті. Осы турдан кейін «Мақтаарал» мен AKAS клубының арасы 5 ұпайға ұлғайды.

 

«Іле-Алатау» - «Қайсар-Шиелі» - 0:3

Гол: Диас Өтебек, 23 минут (0:1), Саят Жахмуров, 84 минут (0:2), Азат Серік, 90+3 минут (0:3)

Алаңнан қуылғандар: Халмурат Сейтбакиев, Роланд Халуев (екеуі де «Іле-Алатау»)

Алматылықтар егер жеңіске жеткенде турнир кестесінің 2-ші сатысына шығушы еді. Алайда алаң иелері бірінші таймда бірнеше мүмкіндіктерін мүлт жіберді. Қонақтар болса, әр сәтті тиімді пайдаланып, қарсыласын жазалап отырды. Есепті теңестіреміз деген «Іле-Алатау» футболшылары шектен тыс эмоцияға беріліп, 2 ойыншысына қызыл қағаз көрсетілді. Сонда да алматылықтар меселі қайтпай, қонақтар қақпасын торуылдаумен болды. Тек қосымша минутта қызылордалықтар 3 футболшымен алға ұмытлып, жалғыз қорғаушы мен қақпашыдан оңай айлаларын асырып кетті. Есеп: 0:3. Кейінгі бес матчтың төртеуінде жеңіске жеткен «Қайсар-Шиелі» турнир кестесінің 5-ші орынына жайғасты.

 

«Солтүстік-Шығыс» конференциясы

 

«Оқжетпес Ж» - SD Family Ж - 0:3

Голдар: Тимур Қуантаев, 24 минут (0:1), Тимур Қуантаев, 26 минут (0:2), Айтжан Рамазан, 49 минут (0:3)

Алаңнан қуылған: Тимур Арчаков («Оқжетпес Ж»), 87 минут

Өткен турда сырт алаңда жеңіліске ұшыраған SD Family Ж командасы осы жолы бірінші таймда-ақ мәселесін шешіп тастады. Тимур Қуантаевтың жеке шеберлігі көш соңындағы көкшетаулықтарды жеңуге жеткілікті болды. Осылайша, астаналықтар ТОП-5 команданың қатарына нық жайғасты.

 

«Астана Ж» - «Ақсу» - 1:0

Гол: Батыржан Мұстафин, 55 минутта пенальти (1:0)

Алаңнан қуылған: Нұрали Жақсылық («Астана Ж»), 80 минут

Турнирдің аутсайдерлерін кезекпен жеңіп келген «Ақсу» осы ойында фаворит болмаса да, лайықты деңгейде өнер көрсетті. Соңғы минутқа дейін олар есепті теңестіруге бар күштерін салды. Ал көшбасшыдан аз ғана ұпай қалып келе жатқан «Астана Ж» командасы тек екінші таймда пенальти арқылы ғана жеңіске жетті. Кездесу барысында алаң иелерінің қақпашысы Тамерлан Абуов та бірнеше керемет соққыларды қайтарды. Нәтижесінде ол осы маусымда 4 кездесуде гол жібермей, үздіктердің қатарына қосылды.

 

«Ертіс» - «Қызылжар Ж» - 3:0

Голдар: Арман Смаилов, 34 минут (1:0), Арман Смаилов, 48 минут (2:0), Тимур Байжанов, 73 минут (3:0)

Өткен турда семейліктерге қарсы матчта жеңіліске ұшыраған «Ертіс» клубы қателіктен сабақ шығаруға тырысты. Жанкүйерлер де бір жеңіліске бола көңілдерін түсірмей, 3 500 көрермен туған қаласының клубын қолдауға келді. Нәтижесінде павлодарлықтар «Қызылжар Ж» ұжымын жарты алаңнан шығармай, 3:0 есебімен айқын ұтты.

 

«Алтай Ж» - «Елімай Ж» - 2:1

Голдар: Еламан Оспанғали, 4 минут (1:0), Әділет Сейілханов, 7 минут (1:1), Еламан Оспанғали, 16 минут (2:1)

Өз алаңында «Шахтер Ж», SD Family Ж сынды мықты ұжымдарды тізерлеткен өскемендіктер үшін кезекті қарсыласты жеңуге бір тайм жеткілікті болды. Барлық голдар бірінші таймда соғылып, «Алтай Ж» екінші рет қатарынан 3 ұпайға ие болды. Ал өткен турда Павлодарда сенсация жасаған «Елімай Ж» футболшыларының қарқыны жеңісті жұлып алуға шамасы келмеді.

 

«Тобыл Ж» - «Шахтер Ж» - 0:5

Голдар: Бекарыс Шарапиден, 6 минут (0:1), Данил Блохин, 10 минут (0:2), Максим Холод, 12 минут (0:3), Максим Комиков, 58 минут (0:4), Мансұр Ділмұрат, 88 минут (0:5)

Турнир кестесінің жоғарғы сатыларында тұрған командалардың арасында тартыс бола ма деп күтіп едік. Оның үстіне «Тобыл Ж» өз алаңында әлі ешкімге ұтылмай келе жатқан. Бірақ осы жолы топ басындағы «Шахтер Ж» ұжымына қарсы тойтарыс бере алмады. Соққы жасады. Бірақ дәлдік жетіспеді. Ал қонақтар 8 дәл соққының бесеуін голға айналдыра білдірді. Осы жеңілістен кейін қостанайлықтар 4-ші орынға сырғыды.

 

«Жеңіс Жас» - «Жетісу Ж» - 1:3

Голдар: Біржан Нагманов, 3 минут (1:0), Шыңғыс Әнуарбек, 12 минут (1:1), Шыңғыс Әнуарбек, 36 минут (1:2), Тимур Молдағалиев, 87 минут (1:3)

Алаң иелері ойын басталасымен, бұрыштамадан есеп ашып үлгерді. Бірақ сәтсіз серияны бастан өткізіп жүрген «Жетісу Ж» бұл голға сынбай, бірінші таймның өзінде алға шықты. Ал екінші таймда да қонақтар басымдықтарын ұстап, 87-ші минутта ойын нүктесін қойды. Осы жеңіс «Жетісу Ж» командасын 8-орынға көтеруге мүмкіндік берді.

 

Айта кетейік, осы турдағы «Атырау Ж» мен «Тұран Ж» командалары арасындағы ойын кейінге шегерілді. QFL Екінші лигасының 11-ші тур матчтары 2-3 шілде күндері өтеді.