KZ
KZ RU
14 маусым 2024 23:09
1XBET БІРІНШІ ЛИГА

11-ші тур: «Жетісай» бірінші орынға шықты

14 маусым 2024 23:09

13-14 маусым күндері өткен 1XBET QFL Бірінші лиганың кезекті турының қорытындысы бойынша «Жетісай» клубы турнир кестесінің көш басына шықты.

 

Қандай жайттар тіркелді?

- 7 матчта 25 гол соғылды;

- 32 сары қағаз көрсетіліп, 2 футболшы алаңнан қуылды;

- Осы турда тең есеп тіркелмеді;

- «Ұлытау» шабуылшысы Бауыржан Тұрысбек алтыншы ойын қатарынан қанжығасын майлады;

- «Каспий» 3 матч қатарынан қарсыласын жеңе алмай келеді;

- «Қайсар Жас» бірінші рет өз алаңында есе жіберді;

- «Алтай» 4 тур қатарынан ұпай алды;

 

«Ақтөбе Ж» - «Ұлытау» - 0:3

Голдар: Бауыржан Тұрысбек, 33 минут (0:1), Бауыржан Тұрысбек, 57 минут (0:2), Нұрали Мамирбаев, 86 минут (0:3)

Букмекерлер әу баста қонақтарды айқын фаворит ретінде есептеді. Болжам да алдамады. «Ұлытау» қарсылас қақпасына тура 8 соққы бағыттап, 3 гол соқса, алаң қожайындары сол күйі қақпаны дәл көздей алмай кетті. Шабуылшы Бауыржан Тұрысбек 6 матч қатарынан гол сериясын жалғастырды. Осы жеңістің арқасында жезқазғандықтар турнир кестесінде тағы бір саты жоғарлап, 4-орынға тұрақтады.

 

«Жетісай» - «Қайрат-Жастар» - 6:2

Голдар: Бекнұр Рысқұл, 2 минут (1:0), Ринат Серікқұл, 24 минут (2:0), Ернар Қоспайев, 30 минут (3:0), Рамазан Абылайхан, 36 минут (4:0), Рамазан Абылайхан, 40 минут (5:0), Ринат Серікқұл, 42 минут (6:0), Глеб Валгушев, 75 минут (6:1), Мансур Биркурманов, 83 минут (6:2)

«Жетісай» өз алаңында қандай мықты команда болмасын, жеңіс үшін барын салады. Осы жолы олардың қарсыластары турнир кестесінің 3-ші орынында келе жатқан «Қайрат-Жастар» болды. Нәтижесінде бірінші минуттан алаң иелері қарсыласын қыспаққа алып, 6 соққының барлығын голға айналдырды. Бірінші таймның өзінде барлық мәселе шешіліп тасталды. Әсіресе өткен турда ойнамаған Ринат Серікқұл, Ернар Қоспайев, Рамазан Абылайханның бақтары жанды. Алматылықтар «Жетісайдан» қарағанда 2 есе көп шабуыл ұйымдастырғанымен, ірі жеңілістен құтқара алмады.

 

SD Family - «Түркістан» - 5:0

Голдар: Бауыржан Ахаев, 8 минут (1:0), Бауыржан Ахаев, 34 минут (2:0), Сұлтан Шымырхан, 36 минут (3:0), Диас Аңдырмаш, 64 минут (4:0), Виктор Грабко, 89 минут (5:0)

Осы турға дейін ұпай жоғалтып келген SD Family дер кезінде жағдайын реттеп алды. Маусымда бірінші рет 5 гол соққан астаналықтар доп саны бойынша «Қайрат-Жастардан» кейін 2-ші орында тұр. Өкінішке қарай, «Түркістан» сырт алаңдағы кейінгі 4 матчта өз қақпасына 19 гол өткізіп алды.

 

«Хан-Тәңірі» - «Екібастұз» - 2:1

Голдар: Диас Қалыбаев, 36 минут (1:0), Константин Горизанов, 60 минут (1:1), Әліби Тұзақбаев, 67 минут (2:1)

Алаңнан қуылған: Тимур Рудосельский, 87 минут («Екібастұз»)

Өткен турда басты қарсыласы «Каспийді» жеңген алматылықтар кезекті рет турнир кестесінің жоғарғы сатысындағы ұжыммен кездесті. Бабына келген «Хан-Тәңірі» бұл жолы да «Екібастұзды» тізе бүктірді. Әсіресе өткен 2 турда дубль жасаған Диас Қалыбаев тағы да белсеніп, командасының жеңіске жетуіне көмектесті. Екінші таймда қонақтар айып соққысымен тараз басын теңестіргенімен, қуаныш ұзаққа созылмады. Араға 7 минут салып, алаң қожайындары жеңіс голын соқты.

 

«Ақжайық» - «Алтай» - 0:2

Голдар: Айдын Металлов, 57 минут (0:1), Илья Лапшин, 71 минут (0:2)

Алаңнан қуылған: Жаннұр Көкеев, 39 минут («Алтай»)

Оралда өткен матчта «Ақжайық» фаворит болғанымен, кезекті рет ұпай жоғалтты. Алаң иелері осы маусымда бірінші жеңісін тіркеуге барлық мүмкіндігі болды. 40-шы минуттан бастап, бір футболшы басымдығымен ойнады. Бірақ турнир кестесінде өзімен деңгейлесті ұтпақ тұрмақ, гол да сала алмады. «Алтай» 4-ші матч қатарынан қарсыластан ұпай алып, турнир кестесінде 10-орынға көтерілді. Ал шабуылшы Илья Лапшин 2 тур қатарынан кездесудің жеңісті нүктесін қойды.

 

«Оқжетпес» - «Каспий» - 1:0

Гол: Дәурен Жұмат, 69 минут (1:0)

Маусым барысында қарсыластарын бет қаратпай ұтып, бір бас жоғары болған «Каспий» 3 кездесуде небары 1 ғана ұпай ала алды. Кесірінен турнир кестесіндегі көшбасшы статусынан айырылып, 3-орынға түсіп қалды. Бірақ өз алаңын қамалға айналдырған «Оқжетпесті» де ескеруге тиіспіз. Көкшетаулық ұжым соңғы рет 11 ай бұрын Премьер-лигада «Қайратқа» есе жіберген болатын. Бүгін де қонақтар азулы болғанымен, алаң иелері еш беріспей, қолда бар мүмкіндігін пайдаланып кетті.

 

«Қайсар Жас» - «Тараз» - 1:2

Голдар: Арсен Әшірбек, 22 минут (0:1), Еркебұлан Тойбеков, 41 минутта пенальти (0:2), Медет Маратұлы, 58 минут (1:2)

Командалардың арасын бірнеше ұпай бөліп тұрғанымен, турнир кестесінің төменгі сатысындағы қызылордалықтар матчтың фавориті ретінде есептелді. Өйткені олар бұған дейін өз алаңында 2 рет жеңіске жетіп, 3 матчта тең түскен болатын. Алайда сәттілік бұл жолы «Тараздың» жағында болды. Бірінші таймның өзінде 2 гол соғып, жеңісті алып кетті. Екінші таймда «Қайсар Жас» бірнеше шабуыл ұйымдастырғанымен, тараз басын сол күйі теңестіруге уақыттары жетпеді.

 

Айта кетейік, 1XBET QFL Бірінші лигасының 12-шы тур ойындары 20-21 маусым күндері өтеді.