KZ
KZ RU
29 маусым 2024 13:07
1XBET БІРІНШІ ЛИГА

13-ші тур қорытындысы: SD Family сенсация жасады

29 маусым 2024 13:07

27-28 маусым күндері өтетін 1XBET QFL Бірінші лиганың 13-ші турында SD Family жеңіліссіз келе жатқан «Хан-Тәңірін» ірі есеппен жеңіп кетті. 


Қандай жайттар тіркелді?

- 7 матчта 17 гол соғылды;
- 28 сары қағаз көрсетіліп, 4 ойыншы алаңнан қуылды;
- «Оқжетпес» клубы маусым айында бірде-бір гол жібермей, 4 ойында да жеңіске жетті;
- «Ақтөбе Ж» командасының сәтсіз сериясы 8 матчқа жалғасып келе жатыр;
- «Хан-Тәңірінің» 8 серияға жалғасқан жеңіліссіз сериясы тоқтады. 


«Ақжайық» «Оқжетпес» 0:2

ГолдарДмитрий Мирошниченко, 84 минут (0:1), Батырхан Тәжібай, 89 минут (0:2)

Қағаз жүзінде анық фаворит болса да,  «Оқжетпеске» сырт алаңда 3 ұпай алу оңайға соқпады. «Каспий», «Хан-Тәңірі» сынды мықтылармен тең түскен алаң иелері көкшетаулықтардың да қақпасына тыныштық бермеді. Тек 1 сағаттан кейін ғана «Оқжетпес» алғашқы қауіпті соққысын дарыта алды. Ал бірінші гол тек 84-ші минутта бұрыштама арқылы соғылды. Артынша кезекті бұрыштама тағы да жемісін беріп, Батырхан Тәжібай қорытынды есепті қойды.


«Қайрат-Жастар» «Екібастұз»3:0

ГолдарЯн Труфанов, 50 минут (1:0), Ян Труфанов, 71 минут (2:0), Рамазан Бағдат, 79 минут (3:0)

Алаңнан қуылған: Александр Широбоков («Қайрат-Жастар»), 89 минут

Өз үйінде 3 матч бойы қарсыласын айқын жеңіп келген «Қайрат-Жастар» үшін кезекті клуб осалдардың қатарынан емес еді. Тәжірибелі футболшылардан жасақталған «Екібастұз» командасы бірнеше тур бұрын ғана турнир кестесінде 3-ші орында тұрған. Бірақ сырт алаңдағы сәтсіздіктер турнир кестесіндегі көрсеткішіне де кері әсерін тигізді. Алғашқы таймда қонақтар алаң иелерінен еш кем түспеді. Тіпті қақпашымен бірге-бір шығып, гол соғатын сәттерді де туындатты. Алыстан соққылар да бағыттады. Бірақ дәлдік жағынан «Екібастұзда» мәселе бар екендігі көрінді. «Қайрат-Жастардың» үзіліс алдында есепте алға шығатын мүмкіндігі болды. Бірақ Ян Труфановтың бос қақпаға бағыттаған соққысы қақпа бағанасынан қайтты. Көп голдарын екінші таймда соғып жүрген алматылықтар осы жолы да сол қарқындарынан таймады. Бір тайм бойы қарсыласынан кем түспеген «Екібастұз» пас беруде жиі қателікке бой алдырып, білгендерінен жаңылды. Ал керемет комбинациялық шабуылдар алаң иелеріне өз нәтижесін берді. Жауапсыз 3 гол соғудың арқасында «Қайрат-Жастар» көшбасшылардан ұпай айырмасын қысқарта алды.


«Каспий» «Түркістан»2:0

ГолдарДамир Марат, 61 минут (1:0), Арман Нүсіп, 83 минутта пенальти (2:0)

Алдын-ала кімнің жеңетіні белгілі болса да, «Түркістан» осы маусымда Жаңаөзенде бірінші таймда гол жібермеген алғашқы команда атанды. Қонақтардың айтарлықтай мүмкіндігі де болмады. Тіпті бір дәл соққы бағыттамады. Ал «Каспийдің» тынымсыз шабуылдары ақыры екінші таймда нәтижесін беріп, 2:0 есебімен жеңіске жетті.


«Тараз» «Ақтөбе Ж» 2:0

ГолдарАвтогол, 50 минут (1:0), Димаш Серікұлы, 62 минут (2:0)

Өздерінен әлдеқайда тәжірибелі қарсылас болса да, «Ақтөбе Ж» футболшылары барынша қорғаныста гол жібермеуге тырысты. Тек екінші таймның басында ғана «Тараз» футболшысының алыстан тепкен добы қорғаушы Диас Оңдасыновтың басына тиіп, автогол соғылды. Бұл гол қонақтардың ашылуына тура келді. Нәтижесінде жамбылдықтар есепті еселеді. Қонақтар тек матчтың соңында қауіп төндіргенімен, гол соғуға жеткіліксіз болды.


«Арыс» - «Ұлытау» 1:4

ГолдарМирам Сапанов, 10 минут (0:1), Асылжан Аббас, 20 минут (1:1), Абзал Таубай, 24 минут (1:2)Жасұлан Молдақараев, 53 минут (1:3), Шыңғыс Флюк, 86 минут (1:4)

Алаңнан қуылғанЕрболат Құралбаев («Арыс»), 51 минут

Өткен турда жеңіс сериясы тоқтаған «Ұлытау» қалай да осы кездесуде жеңіске жетуге тиіс еді. Өйткені тағы ұпай жоғалтса, онсыз да бәсекелестікке толы 1XBET QFL Бірінші лигадан көтерілу одан сайын қиындап кететін еді. Сондықтан қанша ыңғайсыз қарсыласпен кездессе де, қонақтар қолда бар барлық көзірін қолданып, ірі жеңіске қол жеткізді.


«Алтай» «Жетісай» 0:0

Алаңнан қуылғанАслан Жанұзақов («Алтай»), 86 минут

Осы турдағы ең басты матчтың бірі болған «Алтай» мен «Жетісайдың» теке-тіресі іш пыстырарлықтай өтті. Бас бапкер Вахид Масудовтың бірінші ойынында «Алтай» жеңіске жете алмаса да, турнир көшбасшысына еш мүмкіндік бермеді. «Жетісай» егер 3 ұпай алғанда, жеке дара көш бастайтын еді. Алайда команда бұл мүмкіндікті қолдана алмады.


SD Family – «Хан-Тәңірі» - 3:0

ГолСұлтан Шымырхан, 12 минут (1:0), Байжан Маделхан, 48 минут (2:0), Автогол, 85 минут (3:0)

Алаңнан қуылған: Дінмұхаммед Қашкен («Хан-Тәңірі»), 78 минут

8 матч бойы жеңіліссіз келген «Хан-Тәңірі» маусымда екінші рет дәл 0:3 есебімен есе жіберді. SD Family өздерінен әлдеқайда мықты қарсыласқа тап болса да, еш тайсалмай, қонақтардың қақпасын нысанаға алумен болды. Бұл өз жемісін де берді. Дәл осы ірі жеңістің арқасында астаналықтар жағдайларын дұрыстап, 8-орынға көтерілді. 


Айта кетейік, 1XBET QFL Бірінші лигасының 14-ші тур ойындары 3-5 шілде аралығында өтеді.