KZ
KZ RU
22 қыркүйек 2024 16:55
1XBET БІРІНШІ ЛИГА

25-ші тур қорытындысы: Чемпиондыққа таласушылардың саны азайып барады

22 қыркүйек 2024 16:55

19-20 қыркүйек күндері 1XBET QFL Бірінші лигасының 25-ші турында «Жетісай» клубы тағы да есе жіберсе, «Каспий» мен «Хан-Тәңірі» көшбасшыға біртабан жақындады.


Қандай жайттар тіркелді? 

- 7 матчта 17 гол соғылды.

- 31 сары қағаз көрсетілді..

- «Қайрат-Жастар» командасының 8 матчқа жалғасқан жеңіс сериясы тоқтады.

- «Оқжетпес» клубының 4 жеңілісі де сырт алаңда тіркеліп, барлығында гол соқпады.

- «Алтай» бірінші мәрте «Оқжетпес» клубынан басым түсті.

- «Ақтөбе» жастарының жеңіліс сериясы 10 матчқа жетіп, 31 гол өткізіп алды.

- «Каспий» 8 матч бойы жеңіліссіз келе жатыр.

- Турнир кестесінің соңғы жағында келе жатса да, «Ақжайық» өз алаңында өткізген кейінгі 5 ойынның төртеуінде қарсыласынан басым түсті.

- «Түркістан» клубы кейінгі 9 клубпен өткізген матчта да гол соғуда.


«Алтай» - «Оқжетпес» - 1:0

Гол: Артем Тетерин, 30 минут (1:0)

Өскемен қаласынан басталған турдың алғашқы ойыны сенсациялық нәтижемен аяқталды. Турнирлік кестеде ешқандай мотивациясы жоқ «Алтай» чемпиондыққа таласып жатқан әрі гол жібере бермейтін «Оқжетпестің» кілтін тауып кетті. Алаң иелері аутсайдер болғанымен, ойын барысында қарсыласынан еш кем түспеді. Әсіресе қақпашының салқындалығы, сенімділігі айрықша көзге көрінді. Көкшетаулықтар соңғы секундқа дейін жеңілмеудің амалдарын жасағанымен, дәл соққылар аздық етті. Алайда қонақтар 3 ұпайдан қағылғанымен, басты бәсекелестері де ұпай жоғалтып, бірінші орынды сақтап қалды.


«Ақжайық» - «Қайсар Жас» - 1:0

Гол: Магомед Аджиев, 11 минут (1:0)

Терезесі теңдей қос ұжым 90 минут бойы бір-біріне басымдық бермей, алма-кезек шабуыл ұйымдастырды. Кездесудің басында Магомед Аджиев жылдам гол соқса, қонақтар өз сәттерін голға айналдыра алмады. Ұшу аймағынан ұзау үшін 3 ұпайды қажет еткен «Ақжайық» тек алдыңғы шепте ғана емес, қорғаныста да сақ ойнауға тырысты. Кей шабуылдарда қақпашы дәрменсіздік танытқан сәтте қорғаушы Тимур Реджепов доптың ұшу бағытын дәл тауып, қақпасын аман сақтап қалды. Осылайша, «Ақжайық» осы маусымда небәрі екінші рет қана қақпаларына гол жібермей, ұшу аймағынан 5 ұпайға ұзады.


«Каспий» - «Қайрат-Жастар» - 4:2

Голдар: Сағди Смайылбек, 14 минут (0:1), Рамазан Кәрімов, 17 минут (1:1),  Никита Стрижков, 43 минут (2:1),  Сұлтан Асқаров, 45 минут (2:2), Дамир Марат, 70минут (3:2), Муроджон Халматов, 90+5 минут (4:2)   

Уақыт өткен сайын «Қайрат-Жастар» командасының жағдайы қиындап барады. Турнир кестесінде сенімді түрде 2-орында тұрса да, ұлттық құрамаға шақыртулар, 19 жасқа дейінгілер арасында Чемпиондар лигасының басталуы алматылықтарға құрамды өзгертуге тура келді. Әйтсе де, қонақтар соңғы минутқа дейін намысқа тырысып бақты. 8 матч бойы жеңілістің дәмін көрмеген қос ұжым алғашқы минуттан шабуылға шықты. Осыған дейін «Каспий» есеп ашып келсе, осы жолы қонақтар көзге түсті. Бірақ алаң иелері еш саспай, уақыт өте келе, тараз басын теңестіріп қана қоймай, бірінші таймның соңында алға шықты. Бірақ «Қайрат-Жастар» командасының қорғаушысы Сұлтан Асқаров соңғы минуттарда қайта гол соғып, тең есеппен үзіліске кетті. Екінші таймның бастапқы минуттары да алматылықтардың басымдығымен өткенімен,  керемет мүмкіндіктерін қолдана алмады. Ал «Каспий» өз сәтін жібермей, 70-минутта алға шықты. Қалған уақытта қонақтар жеңілістен құтылудың жолын іздегенімен, соңғы минуттарда өрескел қателікке жол беріп, ақтаулықтардың төртінші гол соғуына жол беріп қойды. Есеп: 4:2. «Каспий» OLIMPBET QFL Премьер-лигаға жорығын жалғастырады.


«Түркістан» - SD Family - 1:1

Голдар: Бауыржан Ахаев, 29 минут (0:1), Шерзад Примбердиев, 45 минут (1:1)

«Түркістан» - SD Family жұбында алаң иелеріне ұпай қажет болғанымен, бастапқы минуттарда астаналықтар белсенділік танытты. Тіпті жоқ жерден Бауыржан Ахаев қонақтарды алға шығарды. Алаң иелері сапынан Шерзад Примбердиев қарсылас қорғанысына маза бермей, ұдайы дриблингтерімен ерекшелене білді. Осындай белсенділіктің арқасында қорғаушылар көз жазып қалып, тараз басын теңестіруге мүмкіндік беріп қойды. Ал команданың сұрмергені Артем Литош та түркістандықтарға жеңіс сыйлауға тырысқанымен, оның бағыттаған соққысы қақпаға дарымай-ақ қойды. Нәтижесінде қос клуб та 1 ұпайды қанағат етті.

«Жетісай» - «Хан-Тәңірі» - 1:3

Голдар: Диас Қалыбаев, 33 минутта пенальти (0:1), Диас Қалыбаев, 58 минут (0:2), Даниел Мауленов, 60 минут (1:2), Жақып Қожамберді, 90+3 минут (1:3)

OLIMPBET QFL Премьер-лигаға деген мүмкіншілігі төмендеген «Жетісай» өздерін тастап жібергендей әсер қалдырады. Бұл матчта жеңімпаздың тағдыры соңғы минуттарда шешілгенімен, «Жетісай» клубының алдыңғы шебінде кәдімгідей мәселе бар екендігі көрінеді. Себебі, қарсыластарына маза бермейтін алаң иелері 90 минутта 1 ғана дәл соққы бағыттай алды. Көпшілік «Каспийдің» қарқынын жоғары бағалап, OLIMPBET QFL Премьер-лигаға шығу мүмкіндігі жоғары десе де, «Хан-Тәңірі» де ақтаулықтардан көз жазбай келеді. Турнирдің үздік сұрмергендерінің бірі Диас Қалыбаевтың осы жолғы соққылары тағы нәтижесін берді. Бірақ «Жетісай» қақпашысы 2 гол барысында өрескел қателікке жол беріп қойды. Қазіргі сәтте OLIMPBET QFL Премьер-лигаға таласатын ТОП-5 клуб анықталғандай.


«Екібастұз» - «Тараз» - 1:1

Голдар: Карам Сұлтанов, 60 минут (1:0), Димаш Серікұлы, 61 минут (1:1)

OLIMPBET QFL Премьер-лигаға шығудан әлі үміт үзбеген «Екібастұз» клубына осы матчта тек қана жеңіске жетуге тиіс еді. Сондықтан алаң иелері бірінші таймда қонақтардың қақпасын нысанаға алумен болды. Нәтижесінде алғашқы таймның үздік ойыншысы бірнеше соққыны қайтарған «Тараз» қақпашысы Дәулет Затыбеков болды. Екінші таймда да «Екібастұз» алға ұмтылып, ақыры  60-минутта гол соқты. Бұл есеп ұзақ сақталмады. Араға 1 минут салып, Димаш Серікұлының алыстан тепкен жойқын соққысына «Екібастұз» қақпашысы тосқауыл бола алмады. Қос голдан командалар жеңіске жетуге тырысып, бірге-бір шыққан сәттерін пайдалана алмады. Осылайша, қарсыластарымен тең түсе бермейтін «Екібастұз» клубы осы маусымда үшінші рет ұпай бөлісуге мәжбүр болды.


«Ақтөбе Ж» - «Арыс» - 0:1

Гол: Миржалол Сайдивалиев, 80 минут (0:1)

3 ұпайдың маңызы өте жоғары кездесудің тағдырын қосалқы құрамнан шыққан Миржалол Сайдивалиевшешті. Алғашқы таймда «Ақтөбе» жастары өз алаңындағы басымдықтарын пайдаланып, алға шығуға тырысты. Оның үстіне бірінші айналымда «Ақтөбе Ж» командасы жеңіске жеткен болатын. Алайда өкінішке қарай, ақтөбеліктердің қақпаға бағыттаған 17 соққысы да голға айналмады. Салдарынан «Арыс» пен «Ақтөбе Ж» командасының арасы 5 ұпайға ұзап, алаң иелерінің QFL Екінші лигаға ұшу қаупі одан сайын артты.


Айта кетейік, 1XBET QFL Бірінші лигасының 26-шы тур ойындары 26-27 қыркүйек күндері өтеді.