KZ
KZ RU
31 мамыр 2024 22:01
1XBET БІРІНШІ ЛИГА

9-шы тур қорытындысы: Алматыдағы қос автогол

31 мамыр 2024 22:01

30-31 мамыр күндері 1XBET QFL Бірінші лигасы аясындағы 9-шы турда «Жетісай» клубы сырт алаңда ұпай жоғалтса, Алматыдағы матчта «Ақтөбе Ж» қорғаушысы Рүстем Габдрахманов 2 автогол соғып алды.

 

Қандай жайттар тіркелді?

— 8 ойында 29 гол соғылды;

— 41 сары қағаз көрсетіліп, 2 ойыншы алаңнан қуылды;

— «Жетісайдың» 7 жеңіліссіз сериясы тоқтады;

— «Ұлытау» шабуылшысы Бауыржан Тұрысбек 4 ойын қатарынан гол соқты;

— «Алтай» екінші мәрте жеңіске жетті;

— «Қайсар Жас» 7 турдан кейін 3 ұпай еншіледі.

 

«Қайрат-Жастар» - «Түркістан» - 5:1

Голдар: Сэйф Попов, 6 минут (1:0), Аслан Ахмедов, 42 минут (2:0), Аслан Ахмедов, 46 минут (3:0), Хасан Сабиржанов, 51 минут (3:1), Олжас Байбек, 66 минутта пенальти (4:1), Әнуар Төлепберген, 80 минут (5:1)

Алматылықтар бірінші таймда-ақ қарсыласынан қарағанда жылдам қимылдады, жедел шешім қабылдады, түрлі комбинациялар ұйымдастырды. Осылардың барлығы тез нәтижесін беріп, «Қайрат-Жастар» алғашқы таймда 2 гол соқты. Екінші таймда қонақтар өзгерістер жасап, бір доппен жауап қайтарғанымен, 66-шы минуттағы пенальти кездесудің тағдырын шешті. Үзілістен кейін алаңға шыққан «Түркістан» клубының қорғаушысы Жанболат Басымбек 77-ші минутта қайта алаңнан кетті. 2023 жылы «Қайрат-Жастар» 5:2 есебімен жеңген еді. Биыл сол нәтижесін одан әрі жақсартып, 3-орынға көтерілді.

 

«Қыран» - «Каспий» - 0:3

Голдар: Муроджон Халматов, 49 минут (0:1), Ислам Умаров, 53 минутта автогол (0:2), Бақдәулет Көңлімқос, 66 минут (0:3)

Соғылмаған пенальти: Санат Жұмаханов, 75 минутта мүлт кетті («Каспий»)

Қонақтар фаворит деген статусын алғашқы таймда дәлелдеп, 12 соққы жасағанымен, қақпаға дәл соққы бағыттаудан қиындыққа тап болды. Алайда екінші таймда «Каспий» есін жиып, 3 ғана дәл соққымен 3 гол соқты. Ал 75-ші минутта Санат Жұмаханов пенальтиді қақпадан қисық тепкенімен, ақтаулықтар сенімді түрде 3 ұпайын алды.

 

SD Family – «Алтай» - 1:2

Голдар: Артем Тетерин, 56 минут (0:1), Дархан Дюсембеков, 58 минут (1:1), Илья Лапшин, 79 минут (2:1)

Қос команда да Екінші лигадан келгенімен, SD Family ұжымы айқын фаворит саналды. Себебі, олар турнир кестесінің бас жағында тұр еді. Әрі өз үйінде ойнады. Бірақ бапкер ауыстырғалы өскемендіктер күр өзгеріп кетті. «Оқжетпестен» жеңілсе де, жақсы қарсылық көрсетті. «Екібастұзды» сырт алаңда ұта жаздады. Өз алаңында «Ақтөбе Ж» командасын талқандады. Осы матчта да «Алтай» клубы екінші мәрте қатарынан жеңіске жетіп кетті. Әсіресе екінші голда алаң иесінің қақпашысының қателігі қонақтарға жеңіс сыйлады.

 

«Екібастұз» - «Жетісай» - 2:1

Голдар: Тамерлан Агиманов, 3 минут (1:0), Тимур Рудосельский, 51 минутта автогол (1:1), Тимур Рудосельский, 90+3 минут (2:1)

Алаңнан қуылған: Диас Өмірзақ, 67 минут («Екібастұз»)

Жаңбырда өткен матчты өкінішке қарай, көгілдір экраннан тамашалай алмады. Осы турдағы басты матчта 7 кездесу бойы қарсыластарына есе жібермеген «Жетісай» ақыры соңғы минутта жол берді. Бұл ойынның басты қаһарманы - 29 жастағы қорғаушы Тимур Рудосельский. Өз қақпасына автогол кіргізген футболшы соңғы минутта жеңіс голын соғып, өз кінәсін жуды. Бұл футболшының 5 жылдан кейінгі Қазақстан жерінде соққан алғашқы голы. Бұған дейін ол Армения чемпионатында «Нораванк», «Лари» клубтарының жейдесінде белсенген еді. «Жетісай» ұпай жоғалтса да, екінші орынын сақтап қалды.

 

«Қайсар Жас» - «Ақжайық» - 1:0

Гол: Нұрдәулет Әмірбек, 53 минут (1:0)

«Ақжайық» клубы 1XBET QFL Лига кубогындағы ірі жеңілістен сол күйі арыла алмады. Сырт алаңда «Қайсар Жас» қақпасына 90 минутта 1 ғана дәл соққы жасай алды. Ал екінші таймның бел ортасында қонақтардың қақпашысы айып алаңы сыртында допты сәтсіз теуіп, Нұрдәулет Әмірбектің алдына салып берді. 22 жастағы жартылай қорғаушы бұл мүмкіндікті мүлт жібермей, 7 тур бойы жеңіс көрмеген қызылордалықтарға 3 ұпай сыйлады.

 

«Арыс» - «Тараз» - 1:2

Голдар: Еркебұлан Тойбеков, 28 минутта пенальти (1:0), Нұрдәулет Байбосынов, 83 минут (0:2), Думан Тұрсынбай, 90+5 минут (1:2)

Өткен жылдағыдай «Тараз» тағы да қонақтан 3 ұпаймен қайтты. Өткен турдың қаһарманы Еркебұлан Тойбеков пенальти қонақтарды алға шығарса, екінші таймның 79-шы минутында шыққан Нұрдәулет Байбосынов 4 минуттан кейін жеке шеберлігімен кездесу тағдырын шешті. Тіпті соңғы секундтағы «Арыстың» голы ешқандай өзгеріс бермеді.

 

«Хан-Тәңірі» - «Ақтөбе Ж» - 6:2

Голдар: Мирас Уманиязов, 4 минут (0:1), Нұрдәулет Ағзамбаев, 16 минут (1:1), Рүстем Габдрахманов, 21 минутта автогол (2:1), Мәди Жақыпбаев, 25 минут (3:1), Бейбарыс Иманқұл, 43 минутта пенальти (3:2), Диас Қалыбаев, 53 минут (4:2), Рүстем Габдрахманов, 21 минутта автогол (5:2), Диас Қалыбаев, 90+6 минут (6:2)

Алаңнан қуылған: Рустам Эмиров, 88 минут («Хан-Тәңірі»)

Жеті матч қақпаларын аман сақтаған «Хан-Тәңірі» негізгі құрамда 18 жастағы қақпашы Әбілхайыр Әлиакбарға мүмкіндік берді. Өкінішке қарай, жас қақпашы бірінші таймда 2 гол өткізіп алды. Салдарынан екінші таймда тәжірибелі Андрей Пасеченко қақпаны қорғады. Қонақтардың голдары алматылықтарды шабыттандырып, қарсылас қақпасын 6 рет дәл көздеді. Ал қонақтардың қорғаушысы Рүстем Габдрахманов қақпашымен түсінісе алмай, өз қақпасына 2 автогол соғып алды.

 

«Оқжетпес» - «Ұлытау» - 1:1

Голдар: Зикрилло Султаниязов, 36 минут (1:0), Бауыржан Тұрысбек, 75 минут (1:1)

Кездесу «Оқжетпестің» алаңында өтсе де, жезқазғандықтар 90 минут ойын тізгінін қолдарында ұстады. Қонақтар 22 мәрте шабуыл ұйымдастырды. Бірақ осы айды өте керемет өткізген Бауыржан Тұрысбек пен «Оқжетпестің» сұрмергені Зикрилло Султаниязовтың голдары тең тарқасуға әсер етті. Қос шабуылшының да еншісінде 5 голдан болғанымен, Бауыржан 4 матч бойы қарсылас қақпасынан саңылау таба білді. Нәтижесінде «Ұлытау» мамыр айындағы 5 ойынның 4-уінде жеңіске жетіп, Көкшетауда ғана 1 ұпай алуға мәжбүр болды.

 

Айта кетейік, 1XBET QFL Бірінші лигасының 10-шы тур ойындары 6-7 маусым күндері өтеді.