KZ
KZ RU
20 маусым 2024 09:03
ЕКІНШІ ЛИГА

9-шы тур қорытындысы: «Шахтер Ж» басты қарсыласының қателігін пайдаланды

20 маусым 2024 09:03

18-19 маусым күндері QFL Екінші лигасының 9-шы туры аясында «Ертіс» күтпеген жерден ұпай жоғалтса, «Талас» клубы бірінші рет жеңістерін тойлады.

 

Қандай нәтижелер тіркелді?

- 11 ойында 38 гол соғылды;

- 49 сары қағаз көрсетіліп, 1 футболшы алаңнан қуылды;

- AKAS шабуылшысы Сергей Гридин 8 тур бойы қатарынан гол соғып келеді;

- «Талас» клубы өз тарихында бірінші рет жеңіске жетті;

- «Ақсу» футболшысы Родион Моисеев 2 тур қатарынан 88-ші минутта гол соқты.

 

«Оңтүстік-Батыс» конференциясы

 

KazAST - «Тараз Ж» - 1:5

Голдар: Тоқтар Асанбек, 2 минут (0:1), Мәди Әбіш, 10 минут (0:2), Тоқтар Асанбек, 23 минут (0:3), Бақдәулет Орынбасар, 54 минут (0:4), Қанағат Айдархан, 58 минут (0:5), Дархан Тінәлиев, 90+1 минут (1:5)

Жеңілістен көз ашпай кеткен жамбылдық футболшылардың сырт алаңдағы кейінгі 2 матчта жолдары болды. Алматыда өткен ойында алаң иесінің қақпашысы сенімсіз өнер көрсетті. Салдарынан ірі жеңіліске ұшырады. Әйтпесе KazAST командасы қарсыласынан еш кем түспеді. Қақпа бағанасына да тигізді, қауіпті соққылар жасады. Бірақ «Тараз Ж» футболшыларының дәл тепкен 7 соққысының бесеуі голға айналды.

 

«Ордабасы Ж» - «Атырау Ж» - 0:1

Гол: Болатжан Абдуллаев, 77 минут (0:1)

Турнир кестесінің жоғары сатысында келе жатса да, шымкенттіктердің «Атырау Ж» командасына қарсы қарсылық көрсете алмай келе жатыр. Бұған дейінгі Шымкенттегі 2 кездесуде де қонақтар ірі жеңіске жеткен еді. Осы жолы топырлатып гол соқпағанымен, Болатжан Абдуллаевтың бір дәл соққысы 3 ұпай алуға жеткілікті болды.

 

«Іле-Алатау» - «Жас Қыран» - 5:0

Голдар: Роман Павинич, 14 минут (1:0), Артур Пискун, 17 минутта пенальти (2:0), Роман Павинич, 20 минут (3:0), Әмір Темірғали, 70 минут (4:0), Әмір Темірғали, 83 минут (5:0)

«Іле-Алатау» клубы анық фаворит болмағанымен, өз алаңында оңайлықпен ұпай бере салатын ұжымның қатарынан емес. Осы жолы олар Бірінші лигадан келген «Жас Қыранды» аямады. Өз алаңдарында AKAS, «Мақтаралды» жеңген ұжым алматылықтарды да қарсылас құрлы көрмеді. Ірі жеңістің арқасында «Іле-Алатау» топ-3 клубтың қатарына кірді.

 

«Талас» - «Тұран Ж» - 3:1

Голдар: Арнұр Сейітқасым, 16 минут (1:0), Эльдар Мүсәлім, 63 минут (2:0), Жолбарыс Шәлтенов, 83 минут (3:0), Аслан Кеңес, 90+3 минут (3:1)

Турнир кестесінің көш соңындағы командалардың теке-тіресі дебютант «Талас» командасына ерекше қуаныш сыйлады. Өйткені 8 тур бойы жеңістің дәмін көрмеген қаратаулықтар бірінші рет 3 ұпай еншіледі. 90 минут олар қарсыласынан айқын екендіктерін дәлелдей білді. Нәтижесінде командалар орындарын алмастырды.

 

AKAS – «Оңтүстік» - 2:1

Голдар: Мағжан Тоқтыбай, 10 минутта пенальти (0:1), Сергей Гридин, 47 минут (1:1), Валихан Тюлюпов, 84 минут (2:1)

Жеңіс қос командаға да ауадай қажет еді. Өйткені қонақтар жеңілсе, көшбасшыларды ұзатып алу қаупі болды. Ал алматылықтарға көш басындағы орынын нығайтуы керек. Сондықтан футболшылар 90 минут бойы барын салды. «Оңтүстік» есепті бірінші ашқанымен, тәжірибелі Сергей Гридин секілді футболшысы бар AKAS тараз басын теңестіріп қана қоймай, жеңісті тартып алды. Ал Сергей Гридин 8 тур бойы командасын сүйреп келеді.

 

«Солтүстік-Шығыс» конференциясы

 

«Алтай Ж - SD Family Ж - 3:1

Голдар: Айтжан Рамазан, 45 минут (0:1), Бекжан Зыкырьянов, 72 минутта пенальти (1:1), Еламан Оспанғали, 88 минут (2:1), Роман Брагин, 90+6 минут (3:1)

Қонақтар фаворит болғанымен, өскемендіктердің де өз айтары бар еді. Себебі, олар бұған дейін «Шахтер Ж» командасына талқандаған болатын. Осы жолы да қонақтар алғаш болып, есеп ашқанымен, екінші таймның соңында алаң иелері тараз басын теңестіріп қана қоюмен шектелмей, жеңісті жұлып алды. SD Family бұл жеңілістің кесірінен көшбасшыларды ұзатып алды.

 

«Астана Ж» - «Жетісу Ж» - 3:0

Голдар: Андрей Березуцкий, 43 минут (1:0), Батыржан Мұстафин, 52 минут (2:0), Арман Варданян, 79 минут (3:0)

Астаналықтар өз алаңында қағаз жүзіндегі фаворит екендігін дәлелдей білді. Алайда тек бірінші таймның соңында ғана Андрей Березуцкийдің айып алаңының сыртынан тепкен добына қақпашы дайын болмай шықты. Екінші таймда «Астана Ж» есепті еселеді. Талдықорған жастары барын салғанымен, жұбаныш голын сол күйі соға алмады. Есеп: 3:0.

 

«Тобыл Ж» - «Жеңіс Жас» - 1:0

Гол: Диас Нұрқанов, 12 минут (1:0)

Өз алаңында сенімді ойнайтын қостанайлықтар кезекті турда турнирдің басты аутсайдерлерінің бірін қабылдады. Алайда таңғалдырғаны, «Тобыл Ж» бастапқы минуттарда жылдам 1 гол ғана соғып алғаннан кейін, табло өзгеріссіз қалды. 1 доп айырмашылығымен ұтса да, алаң иелері турнир кестесінің 3-орынына көтеріле білді.

 

«Ертіс» - «Елімай Ж» - 1:3

Голдар: Қуаныш Шаймарданов, 28 минут (0:1), Мейіржан Жұмаділов, 48 минут (0:2), Қуаныш Шаймарданов, 53 минут (0:3), Руслан Есімов, 66 минут (1:3)

Алаңнан қуылған: Артем Попов («Ертіс»), 59 минут

Павлодардағы матчта алаң иелері сөзсіз фаворит болғанымен, күтпеген жерден осы маусымда екінші жеңілісіне ұшырады. Расын айту керек, қонақтардың ойыны жүріп, қолда бар мүмкіндіктерін тиімді пайдаланды. Оның үстіне семейліктер тек қана сырт алаңда ғана үшінші жеңісіне қол жеткізді. «Елімай Ж» былтыр да «Ұлытауды» жеңген жалғыз клуб болып еді. Биыл да басты фаворитті сүріндіре білді.

 

«Ақсу» - «Оқжетпес Ж» - 3:0

Голдар: Әлихан Ынтықбаев, 56 минут (1:0), Ерназар Дюсеков, 84 минут (2:0), Родион Моисеев, 88 минут (3:0)

2 тур қатарынан аутсайдерлермен кездескен Павлодар облысының клубы қателікке жол бермеді. Тіпті көкшетаулықтар сол күйі қарсылас қақпасына дәл соққы бағыттай алмай кетті. Бірінші таймда алаң иелері қонақтар қақпасының кілтін таба алмағанымен, екінші таймда жауапсыз 3 гол соғып, турнир кестесінің ортасына жайғасты.

 

«Шахтер Ж» - «Қызылжар Ж» - 4:0

Голдар: Александр Мигунов, 30 минут (1:0), Роман Асылбаев, 47 минут (2:0), Максим Комиков, 72 минут (3:0), Максим Холод, 90 минут (4:0)

Басты қарсыласы 1 күн бұрын ұпай жоғалтқанын білетін қарағандылықтар қалайда «Ертістен» озып кетуге тиіс еді. Солай болды да. Матч бойы қонақтарға мұрша бермеді. «Шахтер Ж» 7 дәл соққы бағыттаса, «Қызылжар Ж» бірде-бір рет қақпашының мазасын алмады. Бұған дейінгі Қарағандыда өткен кейінгі 2 матчқа назар аударсақ, «Шахтер Ж» дәл осы командаға 14 гол тоғытқан екен.

 

Айта кетейік, «Оңтүстік-Батыс» конференциясындағы «Қайсар-Шиелі» мен «Мақтаарал» арасындағы ойын кейінге шегерілді. QFL Екінші лигасының 10-шы тур ойындары 25-26 маусым күндері өтеді.