KZ
KZ RU
03 маусым 2024 10:56
OLIMPBET ПРЕМЬЕР-ЛИГА

10-шы тур қорытындысы: «Қайсар» 6 ойын қатарынан жеңілмей келеді

03 маусым 2024 10:56

1-2 маусым күндері OLIMPBET QFL Премьер-лигасының 10-шы турында Қостанайдың «Тобыл» клубы өз алаңында «Қайсарға» есе жіберді.

 

Қандай жайттар тіркелді?

- 6 ойында 16 гол соғылды;

- 22 сары қағаз көрсетілді;

- «Қайсар» 6 матч бойы жеңілмей келеді;

- «Шахтер» бірінші рет ойында 2 гол соға алды;

- «Ақтөбе» ойыншысы Жайро Жан 76-шы минутта қосалқы құрамнан шығып, 77-ші минутта жеңіс голын соқты;

- «Ақтөбе» 3 матч бойы қақпаларын аман сақтап келеді;

- «Қайраттың» жаңа бас бапкері Александр Кержаков бірінші ойынын жеңіспен бастады.

 

«Тобыл» - «Қайсар» - 1:2

Голдар: Валерий Громыко, 51 минут (0:1), Ислам Чесноков, 76 минут (1:1), Шохназар Норбеков, 90+3 минут (1:2)

Жарты ай ғана бұрын Қазақстанның барлық турнирінде жеңілмеген жалғыз ғана клуб «Тобыл» болатын. Алайда қостанайлықтар кейінгі 5 матчтың төртеуінде қарсыласқа жол берді. Маусым басында ғана чемпиондыққа үміткер клуб «Тобыл» саналса, аутсайдер – «Қайсар» еді. Бірақ осы турдан кейін қос команданың ұпайы теңесті. Алғашқы таймда қонақтар «Тобылдан» еш кем түспеді. Екінші таймда алаң қожайындары өзгеріс енгізіп, Жасұлан Жұмашевты шығарды. Бірақ Беларусь дуэті Руслан Юденков пен Валерий Громыконың дуэті есеп ашты. Бұл голдан кейін «Тобыл» алға ұмтылып, ақыры дегенде Жасұлан Жұмашевтың соққысын сәтсіз қайтарған допқа Ислам Чесноков бірінші жетті. Артынша қостанайлықтар тағы да қауіпті шабуылдар ұйымдастырған. Бірақ осы маусымда қосымша уақытта ең көп гол соққан «Қайсар» тағы да белсеніп, күтпеген жерден жеңісті жұлып алды. Өздеріңіз де көз жүгіртіңіздер: «Қайратты» соңғы секундта жеңіп кетті, сырт алаңда «Астанамен» тең түсті. Енді Қостанайдан 3 ұпай еншіледі. Маусымның басында қорғанысы әлсіз деген «Қайсар» OLIMPBET QFL Премьер-лигада кейінгі 7 кездесуде 1 голдан артық қақпаларына доп кіргізбеді.

 

«Ордабасы» - «Жетісу» - 3:1

Голдар: Артем Беседин, 21 минут (1:0), Данияр Үсенов, 26 минут (1:1), Евгений Макаренко, 32 минут (2:1), Жасурбек Яхшибоев, 35 минут (3:1)

Осы турдағы орталық матч саналғанымен, кездесудің тағдыры бірінші таймда-ақ шешіліп қойды. Шымкенттіктердің жеңіске жетуіне Бауыржан Исламханның керемет пасы, Асхат Тағыбергеннің қауіпті бұрыштамасы, дриблер Жасурбек Яхшибоевтың шеберлігі көмектесті. «Жетісу» сапынан Данияр Үсенов қақпашыны секіруге де мұрша бермей, гол соққанымен, ұпай әкеле алмады. Бұл Даниярдың осы маусымда Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда салған екінші голы. Санаулы тур бұрын ол «Тұранның» қақпасын дәл көздеп, жеңіске үлес қосқан болатын. Осылайша, талдықорғандықтар маусымда бірінші қарсылас қақпасына гол соғып, есе жіберді. Ал «Ордабасы» бір күн бойы турнир кестесінде топ бастады.

 

«Қайрат» - «Шахтер» - 4:2

Голдар: Әділет Садыбеков, 22 минут (1:0), Иброхимхалил Юлдошев, 25 минут (2:0), Имеда Ашортия, 35 минут (2:1), Имеда Ашортия, 65 минут (2:2), Гиорги Зариа, 77 минутта пенальти (3:2), Элдер Сантана, 81 минут (4:2)

«Қайраттың» жаңа бас бапкері, Ресейдің аңыз футболшысы Александр Кержаков бірінші матчын жеңіспен бастады. Бірақ алматылықтар 1XBET QFL Лига кубогындағы ірі жеңісі де бұл ойынға өз әсерін тигізбей қойған жоқ. 90 минут бойы олар «Шахтерға» 23 соққы бағыттады, OLIMPBET QFL Премьер-лига аясында Алматыда ең көп гол соғылған кездесу ретінді тіркелді. Ысқырық шалынған сәттен «Қайрат» қарсылас қақпасына лап қойып, ұлттық құрамаға шақырту алған Әділет Садыбеков есеп ашса, артынша Иброхимхалил Юлдошев есепті еселеді. 2 голдан кейін алаң қожайындары сәл тізгіндерін тартты. Бұл сәтті «Шахтердің» футболшысы, «Қайраттың» түлегі Имеда Ашортия керемет пайдаланып кетті. Тіпті екінші таймда қарағандылықтар есепті де теңестірген. Бірақ пенальти және Элдер Сантана «Қайрат» сапында OLIMPBET QFL Премьер-лигадағы бірінші голын соғып, алаң иелеріне жеңіс сыйлады.

 

«Қызылжар» - «Елімай» - 1:1

Голдар: Юрий Бушман, 63 минут (1:0), Еркебұлан Нұрғалиев, 73 минут (1:1)

OLIMPBET QFL Премьер-лигада бірнеше матч бойы гол соға алмай жүрген «Қызылжар» Юрий Бушманның керемет айып соққысына қатты қуанды. Бірақ бұл алаң иелерінің жеңісі үшін жеткіліксіз болды. Себебі, 10 минуттан кейін дәл осындай айып соққысын Еркебұлан Нұрғалиев асқан шеберлікпен орындады. Матч барысында да қос команда жеңіс үшін аянып қалмады. Тіпті уақыт созу деген жайт тіркелмей, 3 ұпайды еншілеуге тырысты. Қақпашымен бірге-бір шықты, қақпа бағанасына тигізді, ұтымды шабуылдар ұйымдастырылды. Бірақ клубтар қанағаттандырарлықсыз тең нәтижемен тарқасты.

 

«Тұран» - «Ақтөбе» - 0:1

Гол: Жайро Жан, 77 минут (0:1)

«Ақтөбе» үшін бұл ойын өте қиынға соқты. Тіпті «Тұранның» жеңіске жетуге мүмкіншілігі жоғары болды. Әттеген-айы екінші таймда қақпашымен жеке дара шығып, допты қақпа бағанасына тигізді. Ал «Ақтөбе» сапынан 76-шы минутта қосалқы құрамнан шыққан Жайро Жан бірінші шабуылында-ақ қанжығасын майлап, қонақтарға 3 ұпай әперді. Нәтижесінде «Ақтөбе» үзіліс алдында турнир кестесін 1-орынмен аяқтады.

 

«Жеңіс» - «Атырау» - 0:1

Гол: Игорь Стасевич, 57 минут (0:1)

Қарағандыда өткен кездесуде футболшылар жарқын ойын көрсетпесе де, бір-бірімен допқа таласта аянып қалмады. Тек екінші таймда 38 жастағы тәжірибелі футболшы Игорь Стасевичтің голы «Атырауға» сырт алаңдағы бірінші жеңісін әкелді. «Атырау» осылайша бірінші айналымда қос Астананың ұжымын да қапы қалдырып, турнир кестесінің 6-орнына көтерілді.

 

Айта кетейік, ұлттық құраманың ойындарына байланысты OLIMPBET QFL Премьер-лига ойындары үзіліске кетеді. 11-шы тур матчтары 15-16 маусым күндері өтеді.