KZ
KZ RU
18 шілде 2024 08:00
ЕКІНШІ ЛИГА

13-ші тур: «Ертіс» пен «Шахтер Ж» екінші рет тең тарқасты

18 шілде 2024 08:00

16-17 шілде күндері QFL Екінші лигасының 13-ші туры аясында «Солтүстік-Шығыс» конференциясындағы көшбасшылар маусымда екінші рет өзара тең ойнады.

 

Қандай нәтижелер тіркелді?

- 12 ойында 37 гол соғылды.

- 39 сары қағаз көрсетіліп, 5 ойыншы алаңнан қуылды.

- AKAS шабуылшысы Сергей Гридин 11 тур бойы қатарынан гол соғып келеді.

- «Оңтүстіктің» сұрмергені Мағжан Тоқтыбай 9 матч қатарынан қарсылас қақпасынан саңылау тапты.

 

«Оңтүстік-Батыс» конференциясы

 

«Тараз Ж» – «Ордабасы Ж» - 1:0

Гол: Диас Өтеген, 78 минут (1:0)

Қос команда да кейінгі матчтарында сәтсіздікке ұшыраған еді. Бірақ шымкенттіктер қонақта ойнағанымен, фаворит саналған болатын. Оған командалардың арасындағы кездесулерде «Тараз Ж» ұжымының әлі жеңіске жетпегендігі, алаң иелерінің 3 ойын бойы гол соға алмағандығы, турнир кестесіндегі орындары әсер еткен еді. Матч шындығында да қонақтардың үстемдігімен өтіп, 2 есе көп соққы бағыттады. Бірақ екінші таймның соңғы жағында Диас Өтегеннің алыстан тепкен соққысына «Ордабасы Ж» қақпашысы дайын болмай, 3 ұпай тұрмақ, 1 ұпай да ала алмады.

 

KazAST – «Тұран Ж» - 3:1

Голдар: Салауат Ғабдулахмет, 17 минут (1:0), Абзал Сатыбалды, 79 минут (2:0), Даниал Босынов, 81 минут (2:1), Абзал Сатыбалды, 86 минут (3:1)

Әр матч сайын ойын сапасы бойынша қосып келе жатқан KazAST клубы «Жас Қыраннан» басым түсіп, «Іле-Алатау», «Қайсар-Шиелі» ұжымдарынан ұпай алып үлгерді. Сол себепті алаң иелері көш соңындағы түркістандықтардан ұпай алуы заңдылық еді. Солай болды да... Дебютанттар қазір 7-орында тұрақтап тұр.

 

«Атырау Ж» - «Мақтаарал» - 3:0

Голдар: Юсуф Саидалиев, 26 минут (1:0), Темірлан Жиеналиев, 37 минут (2:0), Ербұлан Қанат, 73 минут (3:0)

Маусымды өте сәтті бастап, AKAS-пен иық тірестіріп келген «Мақтаарал» клубының бапкері Руслан Эсатов өткен айда «үздік бапкер» номинациясын иеленген болатын. Бірақ бас бапкердің кетуі, клубтағы қаржылық қиындық нәтижеге де кері әсерін тигізді. Олар 3 матч бойы қарсыласты жеңбек тұрмақ, гол соға алмай келеді. Салдарынан ақырындап, турнир кестесінде төмендеуде. Керісінше, маусымды сәтсіз бастаған «Атырау Ж» 2 рет қатарынан жеңіске жетіп, турнир кестесінің ортасына жақындап қалды.

 

«Талас» - AKAS - 2:5

Голдар: Сергей Гридин, 11 минутта пенальти (0:1), Жолбарыс Шалтенов, 18 минут (1:1), Сергей Гридин, 51 минут (1:2), Байарыс Балтабай, 75 минут (1:3), Данила Васильченко, 78 минут (1:4), Валихан Тюлюпов, 82 минут (1:5), Мәди Мәдибек, 83 минут (2:5)

Алаңнан қуылған: Рысдәулет Аманбай, 67 минут («Талас»)

Өз алаңында ешкімнен сескенбейтін «Таластың» көшбасшыға қарсы ойынын көпшілік күткен еді. Себебі, дебютанттардың қаншалықты AKAS-тың қарқынын тоқтата алатыны қызық болды. Матчтың басында қонақтар пенальтимен есеп ашқанымен, «Талас» клубы жылдам лайықты жауап қайтара білді. Команданың басты сұрмергендерінің бірі – Жолбарыс Шалтенов кезекті өз алаңында көзге түсті. Тең есеп бірінші таймда сақталды. Ал екінші таймда Сергей Гридин қайта алматылықтарды алға шығарды. Қаратаулықтардың сапынан Рысдәулет Аманбайдың қуылуы кері әсері тигізді. Онсыз да фаворит саналған қонақтар одан әрі есепті еселеп, қалған уақытта тағы да 3 гол соқты. Нәтижесінде AKAS 34 ұпаймен 2-ші орындағы «Оңтүстіктен» 8 ұпайға озып келеді.

 

«Іле-Алатау» - «Оңтүстік» - 1:3

Голдар: Әлішер Қажығалиев, 6 минут (0:1), Диас Доңбай, 17 минут (0:2), Мағжан Тоқтыбай, 22 минут (0:3), Шейхислам Құлахметов, 36 минутта пенальти (1:3)

Турнир кестесінде қатар тұрған клубтардың бірінші айналымдағы кездесуі «Оңтүстіктің» пайдасына шешілген еді. Әйтсе де алматылықтар осы ойында жеңіске жеткенде, екінші орынға көтерілетін еді. Алайда матч бастала сала қонақтар жылдам 3 гол соғып тастады. Тіпті бірінші таймдағы пенальтидің өзі алаң иелерінің есепті теңестіруге деген ұмтылысына жеткіліксіз болды. «Оңтүстіктің» басты сұрмергені Мағжан Тоқтыбай кезекті рет қанжығасы майланып, клуб арттағы қарсыластарынан 4 ұпайға ұзап кетті.

 

«Жас Қыран» - «Қайсар-Шиелі» - 3:1

Голдар: Бахтишат Абдуллаев, 6 минут (1:0), Савелий Глазунов, 42 минут (2:0), Расул Сабирдин, 50 минут (2:1), Жандос Қыдырбек, 82 минутта автогол (3:1)

Бірінші айналымдағы ойын драмаға толы болып, қызылордалықтар 1:3 есебімен жеңіліп тұрса да, 4:3 есебімен жеңісті тартып алған болатын. Осы жолы да «Жас Қыран» жылдам есеп ашып, бірінші таймда 2 доп басымдығымен үзіліске кетті. Екінші таймда қонақтардан Расул Сабирдин есепті 1 допқа қысқартып, қайта бәсекелестікті тудырды. Бұл есеп 82-ші минутқа дейін жалғасты. Тек 82-ші минуттағы автогол «Жас Қыранның» 3 ұпаймен алатындығын аңғартты. Бұл маңызды жеңістің арқасында алаң иелері «Қайсар-Шиеліден» озып, 3-орында тұрған «Іле-Алатауды» қуып жетті.

 

«Солтүстік-Шығыс» конференциясы

 

«Астана Ж» - «Қызылжар Ж» - 3:0

Голдар: Нұрали Жақсылық, 56 минут (1:0), Санжар Ануаров, 61 минут (2:0), Өміржан Омарбек, 79 минутта пенальти (3:0)

Екінші тур қатарынан Астана қаласына бет бұрған «Қызылжар Ж» командасы өткен аптада 3 ұпаймен үйлеріне қайтқан болатын. Осы жолы да бастапқы минуттарда прессинг жасап, алыстан бірнеше рет соққы жасап көрді. Дәлдік жетіспесе де, бұл соққылар қақпаға өте жақын қалды. «Астана Ж» тек екінші таймда қысымға шыдамаған қонақтардан допты тартып алып, есепте алға шықты. Бұл гол петропавлдықтардың қорғанысын әлсіретіп, тағы да 2 гол жіберіп алуға мәжбүр болды.

 

«Тобыл Ж» - «Оқжетпес Ж» - 3:0

Голдар: Азамат Зинадин, 30 минут (1:0), Максим Кононенко, 55 минут (2:0), Әлібек Жайлаубаев, 59 минут (3:0)

Соғылмаған пенальти: Әділжан Садуақас, 85 минутта қақпашы ұстады («Тобыл Ж»)

3 матч бойы қарсыласын жеңе алмай келген «Тобыл Ж» басты қарсыластарын ұзатып алып еді. Сондықтан қостанайлықтарға қателесудің жөні жоқ боолатын. Осыны түсінген «Тобыл Ж» 90 минут бойы ойын тізгінін қолдарына ұстады. Нәтижесінде алаң иелері сенімді түрде 3 ұпай иеленді. Айта кететін жайт, командалардың өзара теке-тірестің барлығы қостанайлықтардың пайдасына шешіліп келеді.

 

«Ертіс» – «Шахтер Ж» - 1:1

Голдар: Алмас Төлібай, 29 минут (0:1), Бахтияр Төлеуов, 40 минут (1:1)

Алаңнан қуылған: Данил Блохин, 40 минут («Шахтер Ж»)

«Солтүстік-Шығыс» конференциясының көшбасшыларының тартысты қос тарапқа да өте маңызды болды. Егер «Ертіс» жеңіске жетсе, басты қарсыласын қуып жететін еді. Ал «Шахтер Ж» басым түссе, арақашықтықты 6 ұпайға арттыратын. Әсіресе алаң иелері өз жанкүйерлерінің алдында бастапқы минуттан басымдылығын көрсетуге тырысты. Бірақ есепті қарағандылықтар ашты. Ал 40-минутта Данил Блохин екінші мәрте өрескел ойнап, алаңды босатуына тура келді. Дәл осы сәт павлодарлықтардың пайдасына шешіліп, айып соққысы арқылы есепті теңестіріп кетті. Екінші таймда «Ертіс» қонақтарды қанша қыспаққа алғанымен, қақпашы шеберлік танытып, тең есепті сақтап қалды. Осылайша, командалар маусымда екінші рет өзара тең тарқасып, ұпайлары бәз-баяғынша қалды.

 

«Алтай Ж» - «Жетісу Ж» - 0:0

Алаңнан қуылған: Ислам Кундаков, 90+6 минут («Жетісу Ж»)

Өз алаңында сәтті ойнайтын «Алтай Ж» клубы бастапқы минуттардан басымдыққа ие болып, жеңіске жету үшін бар күшін салды. Тіпті 20-дан астам соққы жұмсады. Бірақ талдықорғандықтар 90 минут бойы алаң иелерінің қарқынына шыдас беріп, 1 ұпаймен үйіне қайтты.

 

«Жеңіс Жас» - SD Family Ж - 1:2

Голдар: Нұржан Ерланұлы, 24 минут (0:1), Нұржан Шугай, 72 минут (0:2), Әлихан Утешев, 90+2 минут (1:2)

Алаңнан қуылған: Ерасыл Серікбол, 85 минут («Жеңіс Жас»)

Бірінші айналымда SD Family Ж командасы басты аутсайдерді 2 доп басымдығымен ұтып жатса да, екінші таймда қарсыластың есеп теңестіруіне мүмкіндік беріп қойып еді. Сол сенсациялық нәтиже «Жеңіс Жастың» алғашқы ұпай алуына жол ашқан болатын. Осы жолы да фаворит саналған SD Family Ж ұжымы басымдығын пайдаланып, тағы да 2 доппен алға шықты. Тіпті 85-ші минутта «Жеңіс Жас» футболшысы Ерасыл Серікболдың алаңнан қуылуы алаң иелерінің сенімділігін арттырған секілді көрінген. Бірақ қонақтар соңғы секундқа дейін берілмей, 1 доппен жауап қайтарды. Алайда осы жолы «Жеңіс Жастың» тараз басын теңестіруге күштері жетпеді.

 

«Елімай Ж» - «Ақсу» - 1:2

Голдар: Нұрсұлтан Рауанұлы, 71 минут (1:0), Әлихан Ынтықбаев, 77 минут (1:1), Әлихан Ынтықбаев, 87 минут (1:1),

Алаңнан қуылған: Батырхан Шарипов, 74 минут («Елімай Ж»)

Бұл матчтағы басты жайттар екінші таймда тіркелді. Командалар 70 минут бойы есеп аша алмағанымен, қалған 20 минутта көрермендерге 3 гол сыйлады. Алаң иелерінің 1 ғана дәл соққысы есепті ашуға жеткілікті болды. Бірақ есептегі басымдық ұзақ сақталмады. Арада 3 минут өткен соң, «Елімай Ж» футболшысы Батырхан Шарипов алаңнан қуылып кетті. Бұл сәтті «Ақсу» клубы дер кезінде пайдаланып, Әлихан Ынтықбаевтың дублі арқасында жеңісті жұлып алды.

 

Айта кетейік, QFL Екінші лигасының 14-ші тур ойындары 23-24 шілде күндері өтеді.