KZ
KZ RU
28 қазан 2024 14:40
OLIMPBET ПРЕМЬЕР-ЛИГА

24-ші тур қорытындысы: «Қайрат» пен «Астана» чемпиондыққа ұмтылуда

28 қазан 2024 14:40

26-27 қазан күндері аралығында OLIMPBET QFL Премьер-лигасының 24-ші тур ойындары өтіп, чемпиондыққа үміткерлердің қатары қысқарды.

 

Қандай жайттар тіркелді?

 

- 6 матчта 12 гол соғылды.

- 20 сары қағаз көрсетіліп, 2 футболшы алаңнан қуылды.

- «Астана» клубы «Ақтөбе» ұжымын 2022 жылдан кейін ғана жеңе алды.

- «Тұран» мен «Қайсар» арасындағы ойында алғаш рет жеңімпаз анықталды.

- Елордалық «Астана» және «Жеңіс» клубтары 3 жеңіс сериясымен келеді.

 

«Жетісу» - «Қайрат» - 1:2

Голдар: Серікжан Мужиков, 3 минут (1:0), Александр Мартынович, 22 минут (1:1), Офри Арад, 90+2 минут (1:2)

24-ші турдың алғашқы ойыны Талдықорғанда басталып, көпшіліктің назарын бірден өзіне аударды. Қағаз жүзінде «Қайрат» фаворит болғанымен, алаң иелері алғашқы минуттан-ақ жалынды қарсылық танытты. «Жетісу» клубының тәжірибелі капитаны Серікжан Мужиков 3-ші минутта жылдам есеп ашты. Турнир кестесінде ешқандай мотивациясы болмаса да, Қайрат Нұрдәулетовтің шәкірттері финалда доп теуіп жатқандай әсер қалдырды. Бұндай көріністі күтпеген қонақтар тараз басын теңестіруге ұмтылып, 22-ші минутта бұрыштама арқылы қарымта гол соқты. Осы орайда алматылықтар сапынан Гиорги Зарианы тоқтата алатындай футболшы табылмады. Тиімді тұстан ашыла білу, күтпеген соққы жасауы қарсыластың құтын қашырды. Талдықорғандар лайықты қарсылық көрсете білгенімен, фавориттер ақыры дегенде өз мақсаттарына жетіп, соңғы минутта жеңісті жұлып алды. Есеп: 1:2.

 

«Атырау» - «Елімай» - 1:0

Гол: Николай Сигневич, 85 минут (1:0)

3 тур бұрын ғана «Елімай» клубы турнир кестесінде көш бастап, чемпиондыққа үміткерлердің қатарына кірген еді. Алайда кейінгі 3 матчта семейліктер бірде-бір ұпайға қол жеткізе алмай, енді жүлделі үштікке де ену мәселесін қиындатып алды. Кезекті ойын Атырау қаласында өтіп, OLIMPBET QFL Қазақстан кубогының финалистерінің пайдасына шешілді. Матч алма-кезек басымдықпен өткенімен, дәл соққылар өте аз болды. Тіпті кездесу 0:0 есебімен бітуге жақын болған. Бірақ қонақтардың қақпашысының алға шығып кетуін Николай Сигневич сәтті пайдаланып кетті. Есеп: 1:0.

 

«Ордабасы» - «Жеңіс» - 1:2

Голдар: Лукас Будински, 7 минут (0:1), Адильо, 29 минут (0:2), Всеволод Садовский, 66 минут (1:2)

Соғылмаған пенальти: Бауыржан Исламхан, 37 минут («Ордабасы»)

Көптеген командалар алғашқы айналымда жақсы ойын өрнегін көрсеткенімен, екінші айналымда күштері жетпейтін еді. Бірақ бұл «Жеңіс» клубына қатысты емес. Жазғы трансферлік ауысымда бірнеше жаңа футболшыларды қатарға қосқан елордалықтар алдымен ұшу аймағынан құтылса, артынша еш қысымсыз фавориттерден де ұпай алды. Кейінгі 4 ойында күнтізбесі қиын болса да, «Жеңіс» 10 ұпай жинады. Ал ұпай жоғалтулар чемпиондыққа үміткерлердің турнир кестесіндегі орындарына тікелей әсер етті. Көш басында тұрған «Ордабасы» командасы басты фаворит болса да, күтпеген жерден есе жіберді. Ал ойынның басты қаһарманы - пенальти мен бірнеше қауіпті соққыларды қайтарған қақпашы Мирослав Лобанцев.

 

«Шахтер» - «Қызылжар» - 1:1

Голдар: Сенин Себай, 18 минут (0:1), Айбар Абдулла, 38 минут (1:1) 

Алаңнан қуылған: Лайонел Адамс, 25 минут («Шахтер») 

«Қызылжар» бапкері Әли Әлиев өз туған күнін OLIMPBET QFL Премьер-лигасының кезекті турында қарсы алды. Кезекті қарсылас 1ХВЕТ QFL Бірінші лигаға ұшқан «Шахтер» болса да, қонақтар жеңіске жете алмады. Ойындағы есепті Сенан Себай ашып, «Қызылжарды» алға шығарды. Артынша алаң иелері сапынан Лайонел Адамс қауіпті ойнағаны үшін, қуылып кетті. Жазғы трансферлік ауысымда қосылған футболшы жарты маусымда екінші рет матчты мерзімінен бұрын аяқтады. Бірақ екінші таймда қарағандылықтар тараз басын теңестіріп кетті. Жастар құрамасының үздігі саналатын Айбар Абдулла өз мүмкіндігін мүлт жібермеді. Бұл «Шахтердің» 90 минутта жасаған бір ғана дәл соққысы. Қалған уақытта қонақтар басымдықты қолдарына алғанымен, есеп сол күйі өзгермеді.

 

«Астана» - «Ақтөбе» - 2:0 

Голдар: Усман Камара, 8 минут (1:0), Назми Грипши, 17 минут (2:0)

Барлық күшін ішкі чемпионатқа салған «Астананың» кезекті сынағы сәтті аяқталды. Чемпиондыққа үміткер қос команданың қай жеңгені алтынға фаворит болса, жеңілгені бірінші орыннан айырылу қаупі жоғары еді. Букмекерлер ойыны жүріп тұрған елордалықтарға басымдылық берді. Бірақ алғашқы ысқырық шалынған сәттен «Астана» қорғанысы өрескел қателікке жол беріп қойды. Алайда Дорни Ромеро қорғаушы мен қақпашыдан айласын асырғанымен, бос қақпаға допты бағыттай алмады. Ал алаң иелерінің шабуылдары жылдам нәтижесін беріп, 8 және 17-ші минутта 2 гол басымдығымен алға шықты. Қалған уақытта көрермендер гол көре алмады. Қонақтар есепті қысқартуға тырысса, алаң иелері қарымта шабуылға иек артты. Бірақ еш нәтиже шықпады. Есеп: 2:0.

 

«Тұран» - «Қайсар» - 0:1

Гол: Айбар Жақсылықов, 71 минутта пенальти (0:1)

Алаңнан қуылған: Горан Милойко, 59 минут («Қайсар»)

«Тұранның» Түркістан қаласындағы стадионда оңайлықпен жеңілмейтінін көрдік. Сондықтан букмекерлер аз ғана басымдықты қонақтарға берді. Матч қос тараптың да ұйымдастырған шабуылдарына толы болып, 23 соққы жасалды. Командалар жеңіс үшін барын салды. Бірақ гол соғуға жақын болғанымен, клубтар ойын барысында көзге түсе алмады. Тек екінші таймның ортасында белгіленген пенальтиден ғана Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысы Айбар Жақсылықов мергендік танытты. Соңғы минутқа жанын салған түркістандықтар кемі бір гол салуы керек еді. Бірақ соңғы минуттағы шабуылда Батыр Мұқашев оңтайлы жерден допты қақпаға бағыттай алмады.

 

Айта кетейік, 30 қазан күні, сағат 19:00-де «Астана» мен «Атырау» арасындағы OLIMPBET QFL Премьер-лигасының кейінге шегерілген 17-ші тур ойыны өтеді, ал 25-ші тур ойындары 2-3 қарашаға жоспарланған.