16-шы тур: «Елімай» жастары 10 гол соқты
6-7 тамыз күндері өткен QFL Екінші лигасының 16-шы туры аясындағы «Астана Ж» - «Ертіс» матчы көрермендерге нағыз шоу сыйлады.
Қандай нәтижелер тіркелді?
- 11 ойында 48 гол соғылды.
- 57 сары қағаз көрсетіліп, 3 ойыншы алаңнан қуылды.
- «Жас Қыран» мен «Атырау Ж» клубы ғана шілде айынан бергі барлық матчтарында 3 ұпай алып келеді.
- «Елімай Ж» Екінші лиганың осы маусымындағы ең ірі жеңісін тіркеді.
- «Мақтаарал» 2 айдан астам уақыттан кейін қарсыласынан басым түсті.
«Оңтүстік-Батыс» конференциясы
6 тамыз
«Мақтаарал» - AKAS - 1:0
Гол: Мейрамбек Серікбай, 16 минутта пенальти (1:0)
Алаңнан қуылғандар: Асхат Мукушев, 70 минут («Мақтаарал»), Рақымжан Розыбакиев, 90+4 минут (AKAS)
6 матч қатарынан жеңіске жете алмай жүрген «Мақтаарал» клубының топ басындағы AKAS-тан басым түседі деп кім ойлаған? Алайда алаң иелері бірінші таймда жылдам есеп ашып үлгерді. Қонақтар тарапынан Сергей Гридин бірнеше рет мүлт кетті. Дәл осы шабуылшының кесірінен командаға дәлдік жетіспей, қарымта голды соға алмады. Бір ерекшелігі - AKAS ең көп гол соққан ұжым болса да, тек «Мақтааралға» қарсы 2 матчта да саңылау таба алмады.
«Қайсар-Шиелі» - «Тұран Ж» - 4:1
Голдар: Диас Өтебек, 37 минут (1:0), Саят Жахмуров, 45 минут (2:0), Мақсат Жетпісбай, 58 минут (3:0), Дінмұхаммед Серікұлы, 62 минутта пенальти (3:1), Дамир Тәуірбай, 65 минут (4:1)
Екінші айналымда командалар жеңістің дәмін әлі татпаған. Бірақ «Қайсар-Шиелі» бұл ойында айқын фаворит еді. Олар матч бойы басымдықтарын танытып, алғашқы 1 сағаттың ішінде кездесу тағдырын шешіп қойды. Түркістандықтар тек жұбаныш голын соққаны болмаса, алаң иелеріне жалынды қарсылық көрсете алмады.
7 тамыз
«Тараз Ж» - KazAST - 5:0
Голдар: Ақнұр-Би Исатілла, 33 минут (1:0), Дамир Сыдық, 36 минут (2:0), Автогол, 45+1 минут (3:0), Қанағат Айдархан, 57 минут (4:0), Әли Әбіш, 90+3 минут (5:0)
Алғашқы айналымдағы командалардың ойынында есеп ашылмап еді. Осы жолы да алғашқы жарты сағатта командаларда көп мүмкіндік бола қоймады. Бірақ 33 минутта Дәурен Нұрмахановтың өкшемен берілген керемет нәтижелі пасы кездесу тағдырын өзгертті. Артынша бұрыштамадан тікелей соғылды. Ал бірінші таймның соңғы секундтарында «Тараз Ж» үшінші рет қақпа саңылауын тауып, кездесу тағдырын шешіп тастады.
«Атырау Ж» - «Оңтүстік» - 3:2
Голдар: Әлфарат Біршімбай, 18 минут (1:0), Жавланбек Бабаназаров, 20 минут (1:1), Мағжан Тоқтыбай, 32 минут (1:2), Темірлан Жиеналиев, 42 минут (2:2), Қошали Измуллаев, 73 минут (3:2)
Бірінші айналымда «Оңтүстік» клубы осы қарсыласын бет қаратпай, 5:0 есебімен жеңген еді. Ол сәтте атыраулықтар көш соңында келе жатып, басты аутсайдердің бірі болған. Алайда қазір «Атырау Ж» өте жақсы өнер көрсетіп келе жатыр. Сондықтан осы матчта алаң иелері аутсайдер саналғанымен, қарсылық танытатыны белгілі болған. Солай болды да... Бірінші таймда-ақ командалар алма-кезек шабуылдап, 4 голды соғып тастады. Ал екінші таймда «Атырау Ж» өз мүмкіндігін тиімді пайдаланса, қонақтардың тепкен добын бірде қақпашы құтқарса, бірде доп қақпа маңдайшасынан қайтты. Осылайша, атыраулықтар 5-щі матч қатарынан жеңіске жетіп, 7-орынға тұрақтады.
«Жас Қыран» - «Ордабасы Ж» - 2:1
Голдар: Бахтишат Абдуллаев, 18 минутта пенальти (1:0), Маралхан Бегалы, 74 минут (1:1), Савелий Глазунов, 77 минут (2:1)
Екінші лигада тағы бір тұрақты өнер көрсетіп келе жатқан ұжымдардың бірі - «Жас Қыран». Бұл клуб 6 матч қатарынан 3 ұпай алды. Осы кездесуде де бірінші гол соғып алған алматылықтар ойын тізігінін қолдарына ұстаған. Алайда екінші таймда Маралхан Бегалы алыстан тепкен керемет соққысы голға айналып кетті. Алайда тең есеп тек 2 минутқа ғана сақталды. «Жас Қыран» дер кезінде лайықты жауап қайтарып, қайта жеңіс голын соқты. Осы жеңістің арқасында «Жас Қыран» 2-орынға көтерілді.
«Солтүстік-Шығыс» конференциясы
6 тамыз
«Оқжетпес Ж» - «Қызылжар Ж» - 0:3
Голдар: Сәкен Ибадулла, 36 минут (0:1), Алдияр Серікбай, 60 минут (0:2), Сәкен Ибадулла, 82 минут (0:3)
«Қызылжар Ж» командасы үшін бұған дейінгі Көкшетаудағы матчтар сәтсіздеу болған. Жалпы петропавлдықтарға бұл қарсылас ыңғайсыздау. Алайда осы жолы қонақтар бар күштерін салып, 9 мәрте дәл соққы жасады. Нәтижесінде оның үшеуі қақпа торынан табылып, 3 ұпайды еншіледі. Аутсайдер «Оқжетпес Ж» есе жібергенімен, матчта шабуыл ұйымдастыру жағынан кем түспей, тек гол соға алмады.
«Астана Ж» - «Ертіс» - 2:3
Голдар: Нұрали Жақсылық, 5 минут (1:0), Батыржан Мұстафин, 33 минут (2:0), Мейрамбек Еренғайып, 83 минут (2:1), Арман Смаилов, 88 минут (2:2), Александр Бовкун, 90+4 минут (2:3)
Алаңнан қуылған: Рақымжан Амангельдинов, 58 минут («Астана Ж»)
«Ертіс» клубы үшін Sydykbek Arena қолайсыз стадиондардың бірі. Бұған дейін олар осы жерде SD Family Ж-дан жеңілген болатын. Осы жолы да алғашқы таймда қарсыластың 10 соққы жасауына мүмкіндік берді. Нәтижесінде астаналықтар 2 доп басымдығымен үзіліске кетті. Екінші таймның басында қос клуб та пенальти тепкенімен, есеп өзгермеді. Тек 58-ші минутта Рақымжан Амангельдиновтың қуылуы ойын тағыдырын өзгертті. Қонақтар алға шығып, шабуылдауға мүмкіндік алды. Нәтижесінде 83-ші минуттағы Мейрамбек Еренғайыптың голы қонақтарға шабыт беріп, соңғы минутта маңызды жеңісті жұлып алды.
«Шахтер Ж» - «Алтай Ж» - 4:0
Голдар: Әбілхайырхан Бекасылов, 9 минут (1:0), Максим Комиков, 40 минут (2:0), Аңсар Алтынхан, 48 минут (3:0), Богдан Савкив, 59 минут (4:0)
Осы маусымда «Шахтер Ж» командасы бір мәрте ғана жеңілістің ащы дәмін тартты. Өскеменде «Алтай Ж» ұжымына қарсы ойында олар 1:5 есебімен ірі жеңіліске ұшыраған. Сондықтан Қарағандыдағы матчқа алаң иелері толық жауапкершілікпен қарады. 90 минут бойы тізгінді өз қолдарына ұстап, қонақтарға тек 1 ғана дәл соққы жасатты. Нәтижесі: 4:0.
«Тобыл Ж» - SD Family Ж - 2:0
Голдар: Жаслан Жұмашев, 57 минут (1:0), Әли Әбдібек, 90+3 минут (2:0)
Қос команда да 23 ұпаймен қатар тұрған әрі кейінгі 2 ойында жеңіске жете алмай келді. Сондықтан бұл кездесудегі жеңімпаз қарсыласынан озуға мүмкіндігі болып, 3-орындағы «Астана Ж» командасына жақындайтын. Ал бұл алаң иелерінің қолынан келді. Қостанайлық қарсылас қақпасын торуылдап, екінші таймда діттеген мақсаттарына жетті. Одан кейін де есепті арттыратын сәттерді голға айналдыра алмады. Абырой болғанда, қонақтар бірде-бір дәл соққы жасай алмай, заңды түрде жеңілді.
7 тамыз
«Елімай Ж» - «Жеңіс Жас» - 10:1
Голдар: Роман Муртазаев, 7 минут (1:0), Жәнібек Қорғанбек, 17 минут (1:1), Нұрсұлтан Рауанұлы, 22 минут (2:1), Нұрсұлтан Рауанұлы, 32 минут (3:1), Роман Муртазаев, 38 минут (4:1), Юрий Перцух, 45 минут (5:1), Роман Муртазаев, 53 минут (6:1), Қуаныш Шаймарданов, 60 минут (7:1), Әлижан Байғалиев, 82 минут (8:1), Владислав Левкович, 87 минут (9:1), Владислав Левкович, 90 минут (10:1)
Онсыз да фаворит саналған «Елімай Ж» командасында сапында Роман Мұртазаев пен Юрий Перцух доп тепті. Ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен қос футболшы бірінші таймда-ақ жеңімпазды анықтады. Алайда олар екінші таймда да тоқтамай, тағы 5 гол соқты. Маусымдағы ең ірі жеңіс тіркелді!
«Ақсу» - «Жетісу Ж» - 4:0
Годдар: Иса Асуханов, 22 минут (1:0), Рахат Ағыбай, 57 минут (2:0), Владислав Богданов 59 минут (3:0), Иса Асуханов, 70 минут (4:0)
Павлодар облысының командасы айқын фаворит саналды. Себебі, бұл ұжым осы кездесуге дейін 3 жеңіс, 1 тең көрсеткішпен келген еді. Алаң иелері сапынан бірінші таймда Иса Асуханов айып добын керемет орындап, есеп ашты. Кездесудің екінші бөлігінде «Ақсу» қарқынды арттырып, тағы да жауапсыз 3 гол соқты. Бұл командалардың бірінші айналымдағы ойынында павлодарлықтар 90 минут бойы шабуылдағанымен, соңғы секундтарда «Жетісу Ж» 3 ұпай алған болатын. Міне, осы матч сол кездесуге лайықты реванш болды.
Айта кетейік, «Іле-Алатау» мен «Талас» арасындағы ойын өтпейтін болды. QFL Екінші лигасының 17-ші тур ойындары 13-14 тамызға жоспарланған.